Жыла, ақын, жанарыңнан жастар шығып…

Жыла, ақын, жанарыңнан жастар шығып,
кетсе де сол мезетте аспан сынып.
Шыда, ақын, әлдекiмдер жасап айла,
етсе де жырларыңа қастаншылық.
 
Жыла, ақын, көкiрегiңде мұз қаламай,
жаныңды шақса бiреу күзгi арадай.
Шыда, ақын, тiстенсең де, көңiлiңдегi
барыңды шашып кетсе, қыз қарамай.
 
Жыла, ақын, егескенде жолдасыңмен,
өзiңдi ата алмасаң қорғасынмен.
Шыда, ақын, арманыңды, қасiретiңдi,
сезiмдi жырламасаң өр басыңмен.
 
Жыла, ақын, қабырғаңнан тек сөгiлмей,
тiлегiң болмаса елдiң көксеуiндей.
Шыда, ақын, жаман өлең жаза қалсаң,
шоғы жоқ, қалған қурап сексеуiлдей…
 
29.12.1963

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *