Медицина институты емдеу факультетiнiң үшіншi курсының шәкiртi, орташадан сәл жоғары, көзiлдiрiктi, боз беттi, арық денесiн екi жағына кезек-кезек қисаңдатып жүретiн, қушыкештеу Төлеген қысқы сессия кезiнде “Вирусология” пәнiнен емтиханды жақсы тапсырғасын, зачеткасын қалтасына салып, жатақханаға келiп едi, өзiмен бiрге жататын ұзын бойлы, сылыңғыр денелi, түрі қара қоңыр, өзiнен ит көйлектi бұрын тоздырған Екпiннiң әлi ұйықтап жатқанын көрдi. Сосын сыбысын бiлдiрмей, аяқ киiмiн шешiп, шкафтың жанына қоя салды да, керуетке кеп жата кеттi. Сол арада көзiлдiрiгiн шешiп, талған көзiн алақанымен азырақ басып, ұйықтағанды қолайлады. Бiрақ ұйқысы түспегiр пыр етiп ұшып кеткен құсша, жуық арада келе қоймады. Бұл кез февраль айының бас кезi болатын. Жатақхананың кiр-кiр терезесiнен көрiнiп тұрған, бұтақтары сидиып қалған кәрi ағаштың дiңiне қатқан жұқа мұз жылтырайды. Аспанда аздаған бұлт бар. Төлеген соған қарап жатып, iшi пысып, бiр сәт қасындағы тумбочкасына қарап едi, оның үстінде мұқабасының жұлым-жұлымы шыққан бiр қазақша кiтаптың жатқанын көрдi. Ол iшiнен: “Бұ не екен?” — деп, қолын созып алып едi, ол әңгiмелер жинағы екен. Төлеген бала кезiнде қазақ мектебiнде оқып жүргенiнде, қазақша кiтаптарды көп оқитын. Тек институтқа түскеннен соң, латынша терминдердi жаттап, орысшаны жақсылап үйренiп алам деп әуреленiп жүріп, өзiнiң қазақшаны жатырқап қалғанын аңдамаған да едi. Ендi соны оқиын деп, едi бiр түрлi қазақшаға тосырқап қалыпты. Сонда да ерiгiп жатып, кiтаптың алғашқы бетiн шолып едi, уақиға бiрден өрбiмей, көпiршiген қызыл сөз жалықтырып, онша елiге қоймады. Сосын көзiлдiрiгiн жөндеп қойып, кiтаптың келесi беттерiн парақтап көрдi, кейiпкерлердiң өзара сөйлескен жерлерiн, абзацтың қысқалау боп бiткен тұстарын шолып өттi, — бiрақ қызықпады. Ол ендi кiтапты жауып, демалайын дей берiп едi, бiр арадан екiқабат жас келiншектiң перзентханада босанып жатқаны жайлы жазылған тұсқа көзi түсіп кетiп, әлденеге қызығып, ерiксiз оқи бастады. Оны оқи келе iштей сенбедi. Жазушы: “Әйел ышқынып қап, айқайлап едi, қызыл шақа сәби шар етiп жерге түсе қалды”, — деп жазыпты. Бұл соны қайталап оқыды да: “Қызыл шақа сәби жерге қалай шар етiп түсе қалады? Ау, әуелi врач пен акушерка баланың шаранасын сылып алмайды ма, сосын оның аузынан үрлемейдi ме, содан кейiн оны екi аяғынан ұстап, басын төмен қарай салбыратып тұрып, құйрығына салып қалмайды ма? Сәби сонда ғана шар етпей ме?” — деп, ол iшiнен келiспей, жазушымен таласа түсті. Сосын Төлеген әңгiменi әрi қарай оқып едi, тiптен таңғалды. Жазушы одан кейiн қызыл шақа сәбидi суға түсірдi, жуды, үстіне глицерин жақты деп долбарлап жаза берiптi. Ең қызығы, ол сәбидiң кiндiгiн кесудi ұмытып кетiптi. Сол арада: “Мұндай да болады екен-ау! Бiлмейтiн нәрсесi туралы неге жазады? Бұл өзi кiм болды екен?” — деп, кiтаптың мұқабасына қарап едi, Нұрмақан Қоламсин деген атты оқыды. Кiтаптың iшкi бетiн ашып қарап едi, бiр жерде: “Мемлекеттiң сыйлығын алған лауреат, Москваның атақты басқаларынан орысша аудармалары талай рет жарық көрген, бүкiл Совет Одағына кеңiнен таныс талантты қаламгер, көзi тiрi классигiмiздiң жаңа шығармалары”, — деген жазуды көрдi. Сосын әлденеге қызығып, ұшы шиыршықтанып тұрған, қысқа қырқылған мөлттей қара шашын сол қолымен сипап қойып:
— Онда оқып көрелiк, — дедi.
— О не оқып көрелiк? — дедi осы кезде оянып кеткен Екпiн басын көтерiп.
— Өй, мына бiр кiтәб…
— Ә, сол ма? Оны маған кеше… ана Қабыш деген үйшiктiк жазушы ағайым бар емес, иә, сол, өзiнше сыншы ғой, үйiне барып ем, сендер медиктер мен технарьлар қазақша оқымайсыңдар, мына классиктiң кiтабына көз жүгiрт деп берiп едi.
— Ә, сен бе әкелген? Өзiң былай… оқып көрдiң бе? — дедi Төлеген қулана күлiп, әдеби кiтап түгел, институттың мiндеттi оқулығының өзiн әзер дегенде оқитын Екпiннiң тұтасқан қара бетiне көзiн тастап қойып.
— Өй, қайдағы? Ендi маған қалғаны сол ма? Оның үстіне мен орыс мектебiн бiтiргенмiн, қазақша онша түсіне де бермеймiн, — дедi Екпiн берi қарай аударылып жатып. — Оны сен оқы.
— Оқығанда бар ғой… мына классик жазушы әйелдiң қалай босанатынын көрмеген ғой деймiн…
— Өй, олар ненi көрiп жарытады? Олар роддомның қайда екенiн де бiлер ме екен?
— Бiлсiн, бiлмесiн, не туралы жазғанын зерттеу керек емес пе? Ал мынада… — дедi Төлеген келесi әңгiменiң басына көз жүгiртiп.
Екпiн үндемедi. Сосын төсегiнен тұрып, сүлгiсiн жалаңаш иығына салып, жуынайын деп сыртқа шығып кеттi.
Төлеген екiншi әңгiменi оқып отырып, одан бетер таңғалды. Жазушы бұл әңгiмесiнде бiр шопанның басынан өткен жағдай туралы жазыпты. Ауылда болған бiр той үстінде, оның көкпардан жығылып, аяғын сындырып алған баласын аудандағы ауруханада гипстеп тастайды. Жазушы соны айыптап, қазақта бұрындары болған сынықшылар мұндайды гипстемей-ақ, қолымен салатын едi, ал бүгінгi емшiлер балшық жаққаннан басқаны бiлмейдi, дептi. Содан қойшының баласы ауруханадан қашып, аулына барады. Әкесi мұның гипсiн көрiп, ызаланып, оны қолының қырымен бiр қойып сындырады. Осы жерге келгенде Төлеген: “Гипс оған сына қояр ма екен?” — деп қойды. Содан кейiн қойшы қатып қалған гипстi баласының аяғынан алып тастап, құдды аяғына түскен қақпаннан құтылғандай боп қуанады. Ақырында баланың аяғы қисайып, шор боп бiтедi. Жазушы, мiне, осының бәрi бүгінгi медицинаның халық емiн бiлмегендiгiнен деп түйедi. Сол арада Төлегеннiң есiне аулындағы бiр Қани деген сынықшы түсе кеттi. Шынында да, арнаулы оқу орнында оқымаса да, Қани адам ағзаларының қалай орналасқанын, оларды орнына қалай салудың керектiгiн, адам денесiнiң құрылысын жақсы бiлетiн едi. Шамасы, бұған оның мал сойып, оны жiлiктегенi көп пайдасын келтiрсе керек. Ал мына әңгiмеде ондай сынықшы да жоқ. Сонда баланың аяғы қисық боп бiтпей, қалай бiтедi? Оған қоса тазалығы жоқ жерде әлгi баланың қанына инфекцияның түспегенiн айт. Жазушы сонда бұл әңгiмесi арқылы бүгінгi медицинадан қашыңдар деп отыр ма? Сонда не болады?
Лауреат жазушының үшіншi әңгiмесi мүлдем сорақы екен. Онда соғыстан аман-есен қайтып келген бiр жауынгер жас жiгiт екi келiншекпен бiрге болады. Олар түн ортасы болғанша арақ iшiп, дуылдасып отырады да, аздан соң төсекке қатар-қатар жата кетедi. Содан жауынгер жiгiт таңға дейiн тыным алмай, екеуiне кезек-кезек барып, “ақ көбiктерiн” шығарады. Ол әйелдердiң мұндай ерсi қылығына “соғыс кiнәлi” деп сын айтады. Соны оқып шығып, Төлеген не күлерiн, не жыларын бiлмедi. Ол сол арада: “Ау, — дедi iшiнен, — бұ не сонда? Физиологияда адам ағзаларының қандай, қалай қызмет атқаратыны анық айтылмай ма? Қанша қуатты болса да, бұл мѕмкiн бе? Бұған мал екеш мал да шыдамайды ғой. Оның үстіне… ақ көбiгi шығу… бiр түрлi не приятно… қолайсыз емес пе?”.
Осы кезде iшке жуынып-шайынған Екпiн кiрдi. Бұл оған осы жайлы айтып едi, ол қарқ-қарқ күлiп:
— Өй, бұл жазушыларды қой, олар ойларына не келсе, соны жаза бередi? Құдай бiледi, осының өзi налево жүрмек түгел, қатынына дұрыстап барып көрген кiсi емес. Олай болмайды ғой, — дедi.
— Мен де сүйдеп ойлап отырмын.
— Оның не ойлайтыны бар? Құдай бiледi, мынауың милау бiреу. Ондайлар медицина түгел, қарапайым адамдардың қалай өмiр сүретiнiн де бiлмейдi. Бiлсе, бұлай жазбайды ғой. — Сосын ол мұның бетiне ойлана қарады. — Осы, айтпақшы сен, бiрiншi курста жүргенде мақала жазып, жастар газетiнде жариялаған жоқ па едiң?
— Иә, ондай болған.
— Ендеше бар ғой, сен мына кiтапты түгел оқып шық та, әлгiндей кемшiлiктерiн айтып мақала жаз. Оған сенiң сөз қорың жетедi.
— Өй, қойшы сен де бiр. Оған уақытым қайда? — деп, Төлеген қолын сiлтедi.
Ол сол күнi әлгi кiтапты түгел оқып шықты. Жазушы ендi бiрде темiржолшылар туралы жазыпты. Темiржолшының баласы Төлеген қазақ жұмысшыларының тұрмыс-тiршiлiгiн жастайынан көрiп өскен болатын. Әлгi лауреат жазушы бұл арада да долбарлап жаза берiптi. Оның темiр жолдың жай-жапсарын бiлмейтiндiгi, семафор мен светофорды, паровоз бен тепловозды ажырата алмайтындығы бiрден-ақ көзге шалынады. Ол тiпте разъезд бен станцияның өзiн ауыл сияқты көредi екен. Оның темiржолшылары, колхоздағы сияқты, бiрiнiң жұмысын бiрi атқарып жүре бередi. Ал бұл көрген темiр жолда ондай болмайтын. Сол мезет оның мұрнына қарамайдың исi, құлағына ауыр составтардың алыстан салдырлаған дабысы келгендей болды. Ол кездерi қара сирақ бұлар разъездге кеп тоқтаған жолаушы пойызының көк вагондарын жағалай жүгірiп жүріп, өздерiне терезеден тiлiн шығарған орыс балаларына орысша сөйлеп, балағаттап, у-шу боп жататын. Сүйтiп жүріп темiржолшының балалары, ауылда өскен қатарларына қарағанда, өздерiнiң орысшаға төселiп алғандарын аңдамай да қалатын. Оның үстіне әкелерi: “Орысша оқы. Онсыз темiр жолда жұмыс iстей аламйсың”, — дейдтi. Ол кездерi бұлардың арманы — тепловоздың алдыңғы кiшкене терезесiнен далаға самарқау қарап отыратын машинист болу едi. Бiрде разъездегi Соңғыбайдың Тiлесбайы Қазалыдағы ЖДУ-ды бiтiрiп, машинистiң көмекшiсi боп, разъезден қолын бұлғап өте шыққанда, бұл соған қатты қызыққан болатын. Ақыры бұл Қазалыдағы темiржолшылардың орта мектебiн күмiс медальға бiтiрiп, әке жолын қумай, медицинаны қолайлаған едi. Мiне, дәл өзiндей бiр қара сирақтың өмiрi туралы жазған мына жазушы өтiрiктi соға берiптi, соға берiптi. Ол сол жерде: “Мынаның өтiрiгiн басқа жазушылар, сыншылар бiлмей ме? Олар неге ашығын айтпайды? — деп ойланып аз отырды. Сосын кiтапты тумбочканың үстіне лақтырып жiберiп, тез киiнiп, қаланың шет жағында тұратын нағашы апасының үйiне барды. Ол есiктi ашып, iшке кiрiп келсе, ауылдан бiр таныс шалдар келiп отыр екен. Олармен әңгiмелесiп отырып, Төлегеннiң есiнен, әлденеге, жаңағы жазушының кiтабы шықпай қойды. Содан тамақ iшiп болғасын, Төлеген жатақханасына қайтып кеп, өмiрi iстемеген әдетiн iстеп, қолына қалам-қағаз алып, жаңағы кiтап туралы өз пiкiрiн жаза бастады. Ол үш-төрт бетке жеткенде, демiн ап тоқтап, көзiлдiрiгiн жөндеп қойып, жазғанын басынан аяқ қайта бiр оқып шықты. Былай қарағанда, жазушының медицинаны бiлмейтiндiгiн сынағаны дұрыс сияқты боп көрiндi. Содан кейiн оны Екпiн оқып шығып, шекесiн оң қолымен қасып тұрып:
— Дұрыс-с, молодец! — дедi. — Бiрақ резюме қайда? Қорытындыны айтам…
— Не қорытынды?
— Ау, мына сыннан қорытынды жасау керек емес пе?
— Сонда қалай?
— Ол былай… Мына жазушы лауреат атанып, үлкен сыйлықты алыпты. Ал өзi өмiрдi де, медицинаны да бiлмейдi. Сүйтiп ол қалың оқушының талғамына зиян келтiрiп отыр. Бұл деген, былай айтқанда, әдеби вирус. Ал вирустың қандай ауруларды қоздыратынын өзiң жақсы бiлесiң. Менiңше, мынадай кiтаптар жұрттың талғамын бұзып болған. Ендi соны емдеу керек. Ол үшін мынадай халтурщиктердi сынап, оған берiлген лауреат деген атақты қайтып алу керек! Менiң мұным қалай, а? — дедi Екпiн жiпсiк көздерiн онан әрмен сығырайта түсіп.
— Ой, ол өзi… қалай болады? Сыйлық деген ѕкiметтiң қаулысымен берiлмейтiн бе едi? Үйдеп жатсақ, ыңғайсыз болмай ма? — дедi Төлеген қауiп илеп.
— Өй, оныңды үкiмет нағылсын? Сосын сенiң мынауыңды газеттер баса қояды деп тұрсың ба?
— Апарса, неге баспайды? Басар, — дедi Төлеген дағдарып.
— Апарып көр. Басса бар ғой, менен бiр бөтелке, — дедi Екпiн бәс тiгуге ыңғайланып.
— Баспаса ше?
— Онда сенен бiр бөтелке.
— Жарайды.
Екеуi бәстестi. Төлеген сол түнi ұйықтамай, жазған сын мақаласын таза қағазға көшiрдi де, ертеңiне оны портфелiне салып ап, бiр газеттiң редакциясына барды. Ол бiреулердiң сiлтеуiмен мұндай мақаланы қарайтын бiр бөлiмге барды. Есiгiнiң сыртына “Сын бөлiмi” деп жазылған бiр бөлмеге барып едi, бiр орта бойлы, екi иығы күдiрейген, мығым денелi, шалғысын екi жағына едiрейте шығарып қойған, ақ сарылау, жасы қырықтарға тақап қалған бiр кiсi мұны қарсы алды. Сосын Төлегендi қасындағы орындыққа отырғызып қойып, мұның жазғандарын тез-тез оқи бастады. Оқып отырып ол ара-арасында:
— Дәрiгер боламыз ба? Қазақшаңыз жаман емес. Кейбiр сөйлемдерде селкеулiк бар. Ол оқа емес… Мына бiр жерлер… ендi баланың қалау туатынын сiздер бiлесiздер. Шынында да өзi, — деп қояды. Ақырында ол мақаланы түгел оқып шығып, сұйықтау сарғыш қасының астын ала жайғасқан, ботаның көзiндей сарғыш көзiмен бұған мейiрлене қарап отырып: — Мұны қалай етсек екен? Жалпы мақала жаман емес. Ал анау бар ғой… ана жазушысымақты айтам, барып тұрған даукес, мансапқор. Өзi дұрыстап жаза да алмайды, бiрақ ана жаққа — ол қолымен төбенi көрсеттi, — барғыш, өтiмдi. Кейде ондайларды осылай ауыздықтап та қойған жөн. — Әлгi жiгiт мұның мақаласын алдына қойып жатып: — Мен тағы да бiр оқып шығайын. Келесi аптада хабарласыңыз, — деп, сол арада газеттiң телефонын тез-тез жазып бердi.
Арада бiрнеше күн өттi. Келесi емтиханға дайындалам деп жүріп, Төлеген мақала жайында ұмытып та кеттi. Бiрде телефон соғып едi, баяғы кiсi жоқ боп шықты. Содан бiр күнi жатақхананың оқу залында отыр едi, Екпiн екi етегi алау-далау боп жетiп кеп, әлденеге ыржалақтай күлiп:
— Қап, бiр бөтелкеге шығындалып қалдым, — деп, мұның алдына көлдей газеттiң iшкi екi бетiн жая бердi.
Төлеген қараса, мұның мақаласының көлемi өсiп кетiптi. Ол екi беттiң астыңғы екi жағын алып жатыр! Оның бас жағына берiлген: “Әдiлiн айту — әдеби сынның ұраны!!!” — деген тақырыбының соңына бадырайтып үш леп белгiсi қойылыпты. Өзiне iштей ырза боп, аздап қуанып қалған Төлеген мақаланың бас-аяғына көз жүгіртiп едi, оның сөздерi қатты өзгерiп кетiптi. Бiрақ Екпiнге сыр бергiсi келмей:
— Өзi… былай… қалай екен? — деп қойды.
Сол күнi Екпiн бұған бiр бөтелке қойды. Оны екеуi институттың асханасының бiр бұрышында отырып, iшiп ап, әр нәрсенi әңгiме ғып, бiраз күлiстi. Төлеген аздан соң ақ арақтың өне бойын жылытып, көзiнiң алдын кiреукелендiрiп, қанға шаба бастағанын, өзiнiң көңiлденiп кеткенiн, сәл нәрсеге ыржалақтап күле бергенiн аңғарды. Сосын өзiн өзi iшiнен тежеп, Екпiнге рахмет айтып, жатақханаға қайтты.
Ол ертеңiне өзiн деканатқа шұғыл түрде шақырып жатқанын естiп, тез жуынып-шайынып, үстіне пульверизатормен француз әтiрiн барынша бұрқырата сеуiп, пальтосын кие сап, институтқа келдi. Деканатқа жете бергенiнде, түнде ағасының үйiне барам деп, сонда қонып қалған Екпiн кездесе кеттi. Оның түрі сұп-сұр:
— Бала, бәле болмаса жарар едi.
— Е-е, неге?
— Ана бар ғой, жалған классик жауларым жала жауып, мына мақаланы ұйымдастырып отыр, мединституттың студентi әдебиеттi қайдан бiледi, оған жазып берген дұшпандарым, деп, ЦеКаға телефон соғыпты. ЦеКа болса, ректорға телефон соғыпты.
— Қойшы, — дедi Төлеген тұла бойы түршiгiп.
— Оның еш қоятыны жоқ. Қап, саған мақала жаз деп нем бер едi? Осы өзiмдi де ататын адам жоқ. Әлгiндей вирустар қай жердi де бүлдiрiп болды. Оларды… осы… бiрдеңе iстейiн десең, ана жақты да… — ол қолымен иституттың қараңғылау коридорының төбесiн көрсеттi, — вирус жайлап болған. Оған дезинфекция кiм жасай қояр екен? Ендi не iстедiк, а?
— Қайдам? — Төлеген шынымен дағдарды. — Бiр мақала үшін соншама тулайтындай не бар екен?
— Оны ана вирустан сұрау керек.
— Қап, — дедi Төлеген ендi iстiң шынымен қиынға айналып бара жатқанын аңғарып. — Бұлай боларын бiлгенде… баланың туылғанында, гипстың сынғанында, сексология заңының бұзылғанында нем бар едi?
— Ойбай, үйдеп таласпа, жәй оқушы ретiнде жазған пiкiрiм дей сал. Кешiрiм сұра десе, сұрай сал. Пәледен машайық қашыпты деген. Сосын осы қорқатын не бар?
— Сонда… қалай?
— Ау, бiз үшіншi курста емеспiз бе? Бiздердi ендi оқудан шығара алмайды.
— Неге?
— Өй, сен де бiр, — дедi сол арада Екпiн кейiп. — Оны ңен негесi бар? Ертең институтқа пәленбай кадрды дайындадық деген ақпар керек емес пе? Содан соң… ректор ешкiмдi де оқудан шығармайды. Көп болса, стипендияңды қысқартар, саған шприцпен… ана вирусты егiп жiбермес.
Осы кезде бұлардың жандарынан орташа бойлы, арық денелi, еңкiштеу келген, сәл имек мұрынды, кiсiге тыжырына қарайтын, жасы қырықтардан асып қалған, езуiне сигаретiн қыстырған менмендеу, бiр қушық бет қара сұр кiсi өте бердi. Ол бұларға адам екен деп көз салған да жоқ. Сосын ол аяғын итеңдей басып барып, деканатқа кiрiп кеттi. Төлеген лауреат жазушың осы болар деп пәмледi. Содан кейiн батылдық жасап, басына киген ақ қалпағы мен үстіндегi ақ халатын жөндеп, үсті-басын тағы да бiр қағынып, деканатқа кiрдi. Секретарь келiншек бұған тез көз тастап қойып:
— Есмәмбетов сiзсiз бе? Отырыңыз, — деп көзiмен қабырғаның жанында тiзiлiп тұрған үстелдердi нұсқады да, өзi деканға кiрiп кеттi.
Төлеген орындыққа отырып жатып, жаңағы кiсiнiң хатшы қыздың бөлмесiнде жоқ екенiн, оның кабинетке кезексiз кiрiп кеткенiн байқап, iштей қобалжып қалды. Сосын өзiне өзi: “Қап, нем бар едi? Вирусым шықпаса кәйтсiн!” — деп қойды.
Осы кезде iштен секретарь келiншек шығып, бұған бажырая қарап:
— Кiрiңiз! — дедi.
Төлеген буындары дiрiлдеп, орнынан тұрды да, есiкке беттеп бара жатып, iшiнен өзiнiң: “Вирус! Вирус!” — дей бергенiн аңғармай да қалды.
1971 жыл