— Ойпырмай, осы Адам Ата да қызық, — дедi ұзын еңкiш бойлы, ұзын бұйра шашты, сопақ бет Кәбиден есiктi ашып, орнына отырар-отыра берместен.
Кабинетте отырған редакторлар үндемедiк. Бiздер оның осы әнiне әбден қанып болғанбыз. Соны бiлгендей, Кәбиден жұқа қабағын түйiп, сәл түнерiп:
— Адам Ата, Адам Ата дегенге өзi ана “Iнжiлдегi” Адам Ата құсап, — дедi өзiнiң бұлармен сөйлескiсi келетiн ыңғайы барлығын бiлдiрiп. — Ана жолы аузымнан қағынып, айта қойып ем, ендi соным өзiме сор болмаса не еттi?
Сол арада бәрiмiзден жасы үлкендеу, жiпсiк көз, көзiлдiрiктi Құлахмет шыдамай, ыржиып:
— Не болды соншама? — деп сұрады.
— Болғаны сол, ана Тетебаевтың фамилесiн қалай өзгерткенi жайлы бiр жерде… әңгiме айтып ем, соны оған жеткiзiп барыпты.
— Тетебаевы нес? Фамилесi не?
— Ойбай-ау, сен оны бiлмейтiн бе ең? Ол өзi, — дедi бағанадан берi күйiнiп отырған Кәбиден кенет жырқ ете қап. Сосын оның терең ежiм басқан кiшкене қабағы жадырай бастады. — Ана кәдiмгi Тетебаев ше?
— Ана ұзын сорай ма?
— Дәл өзi. Мен онымен КазГУ-де бiр курста оқығанмын.
— Иә, содан, — дедi Құлахмет оны отқа қарай итермелегендей сұрақты қоя түсiп.
— Өй, оның не соданы бар? Мен онымен қатармын. Оның әуелде әкесi азан қойып шақыртып, қойған аты Созақбай болатын. Оның алғашқы бiрдемелерi сол атымен шығып жүрдi. Содан не керек, ол үшiншi курсқа келгенде қызық қылық шығара бастады. Оның лекция үстiнде оқитыны Адам Мицкевич деген поляктың бiреуi бар ғой, иә, соны оқиды. Ақыры не керек, ол бiр күнi тұрып: “Жiгiттер, бiз деген ана алпысыншы жылғыларға жалғаса шыққан ұрпақпыз. Бiздiң де олар сияқты, жаңашыл болуымыз керек. Ол үшiн мына етектен жабысып қалмай қойған ескiшiлдiктi қылышпен шауып тастағандай күрт қиып тастауымыз керек”, — дедi. Бiз оған: “Сонда қалай?” — дедiк. Сонда Созақбай тұрып: “Ол былай. Мәселен, бiз әлге дейiн неге он бiр буынды қазақы қара өлеңнiң ырғағынан қоштаса алмай жүрмiз. Он бiр буынның омыртқасын тас-талқан қылу керек”, — дедi. — “Сонда қалай?” — “Ол былай. Ана Маяковский орыстың ямбысының жамбысын шығарды ғой, дәл сондай етiп”. — Сол арада арамызда орыс әдебиетiн кiтапты көп оқыған, жастығының астына кiтапты жастанып жатпаса кеулi көншiмейтiн Темiрбек деген қызылордалық студент бар едi, сол арада ол тұрып: “Маяковский ямбыны еш уақытта бұзып көрген жоқ. Ол бар болғаны өлеңнiң жолдарын ана баспалдақ сияқты сатылап жазды“, — дедi. Сасып қалған Созақбай сұйықтау қасын қолымен сипап қойып: “Осы сен не деп тұрсың, а? Қайдағы бұзбаған? Бұзғанда ол бұзсын”, — дедi. Темiрбек қызуланып: “Оған дәлелiң қайсы?” — дедi. Созақбай оған қарап қолын сiлтеп: “Сен, бала, бар ғой, жынды келтiрме. Мен немене саған емтихан тапшыруға тиiспiн бе?” — дедi. Анау одан әрмен өжеттеп: “Айтып отырғаның өтiрiк. Сен оны қайдан бiлесiң? Сен орысша бiлмейсiң ғой”, — дедi. “Мен бе?” — “Иә, сен!” —“Онда өлеңдi мен неге баспалдақтап жазып жүрмiн?“ — “Сенiкi баспалдақ емес, бар болғаны — зәңгi.”. “Әй, мынау не дейдi, а? — дедi сол арада жалпақ мұрны жалпая түсiп, ыржиып күлген Созақбай. — Сонда мен жаңашыл емеспiн бе?” — “Жоқ”. — “Қалайша?” — “Ол солайша, — дедi Темiрбек өжеттеп. — Жаңашыл болуы үшiн, алдымен адамның өзi жаңа болуы керек. Ал сенiң тұран бойың ескiше”. — “Әй, мынау не дейдi, әй? Менiң нем есiкше?” — дедi сол арада Созақбай бәрiмiзге бiр түрлi боп қарап, бiзден көмек сұрағандай. Бiрақ оған тоқтайтын Темiрбек пе, ол одан әрi қызып: “Ескiшең сол, қарап көршi, сенiң фамилияң Тетебаев, атың Созақбай. Рас қой, — рас. Мiне, осы екеуiнде де “бай” деген сөз бар. Бай деген кәзiр ескiше ме, ескiше. Неге оның орнынан Кетеқұл, Созаққұл емес? Олай болмайтыны, сен тап жауының баласысың. Бай деген сөздi қоспасаң, арам өлетiндейсiң. Сондықтан да ескiшiлсiң. Сол себептi сен жаңашыл бола алмайсың”, — дедi. Табан астында не дерiн бiлмеген Созақбай ұзын бойы өңкиiп тұрып, қызарақтап қалды. Бiз ду күлдiк. Содан бiр апта өттi-ау дейiм. Бiр күнi ол жаңа паспортын әкеп көрсеттi. Онда Созақбай атын исi қазақққа ортақ болам деп атын Қазақбай деп өзгертiптi. Сол арада әлгi Темiрбек тұрып: “Бұл да жаңшылдық емес”, — дедi. “Неге?” — дедi Тетебаев ажырайып. — “Оның еш негесi жоқ. Сен Қазақбаев болсаң, онда атың тек қана бiр халықтың ортасына жайылады. Ал жазушы деген барша жұртқа ортақ болуы керек. Оның үстiне “қазақ” деген сөз өз руынан, тайпасынан қашып кетiп, далада қарақшы боп еркiн өмiр сүрiп жүрген кiсi деген мағынаны бiлдiредi. Сонда сен Қарақшыбай боласың. Бұл деген ұлтшылдық, интернационализмге жат нәрсе, мұныңды есiтсе, ертең ана ректор сенi оқудан шығарып жiбередi”, — дедi Темiрбай терiс қарай берiп қолын бiр сiлтеп. Соны естiген Созақбайдың түсi қуарып кеттi. Ол: “Әй, мынау өзi… қалай… былай емес пе?” — деп, қолақпандай жұдырығымен бетон қабырғаны тықылдатты. Сүйтерiн сүйтсе де, әлденеден қорыққандай боп, iрi денесiмен керi серпiлiп, бiр түрлi жылмия күлiмсiредi. Содан не болды дейсiң ғой, тағы да бiр аптадан соң, ол жаңа паспортын көрсеттi. Онда Созақбай атын “Совхозбай” деп өзгертiптi. Соны көрген Темiрбек тағы да: “Кәзiр бұл жаңалық емес. Егер бұл атты отызыншы-қырықыншы жылдары қойса, жаңалық болар едi. Кәзiр дамыған социализм тұсында бұлай қою… бiр тѕрлi артта қалғандық” — дедi Темiрбек тағы даы қолын бiр сiлтеп. Сол арада мен шыдамай сөзге кiрiсiп: “Сен сонда оған атыңды Социализмбай деп қой дейсiң бе?” — деп қалдым. Темiрбек шақ ете қап: “Неге болмасқа? Сенбесең ана Социалға қара” — дедi. Шынында, бiзбен керкулiк Социал дейтiн жiгiт бiрге оқитын. Бiз: “Ойпырмай!” — де бергенiмiзше болмады, жатақхананың бөлмесiн шалқайта ашып, курстас Жолбарыс кiрiп келдi. Бiз соны көрiп, бiр қалта алтын тауып алғандай жамырай: “Ойбай, онда Арыстан қой”, — дедiк. Темiрбек оған көнбей: “Бұ да жарамайды. Арыстан деген ана “Айман-Шолпанда” Көтiбармен бiрiгiп Маман байды шаппай ма? Оның несi жақсы?” — дедi — “Онда… осы Көтiбардың өзi-ақ жақсы емес пе? Созақбайдың одан несi кем? Бой десең, бой бар, қол десең, қол бар. Ана ақбөкеннiң танауындай мұрынының өзi талай қыздың көз құрты боп жүр. Ендеше Көтекеңнiң өзi-ақ дұрыс”, — дедiк бәрiмiз шуылдап. Соны естiген Созақбай шарт ете қап: “Сендер немене менi мазақ қыла бастадыңдар ма?” — дедi. — “Ойбай, жоға. Бiздің сенде немiз бар? Атыңды өзгерт деген бiз емеспiз, оны өзгертiп жүрген өзiң”, — деп, бiз ат-тонымызды алып қаша бастадық. Мұны естiген Жолбарыс, бiзден мән-жайды сұрады. Бiз айттық. Ол сонда алдыңғы ұзындау келген екi күрек тiсiн көрсете күлiп: “Өй, сол ма? Созақбай, Қазақбай, Арыстан, Көтiбар дегендердiң бәрi қазақтың аттары ғой. Оны басқа халық бiлмейдi. Ал бiздiң жаңашыл Созақбайдың аты-жөнiн дүние жүзi бiлу үшiн дүние жүзiне ортақ бiр ат қою керек”, — дедi. Соны естiген Созақбай жадырап: “Шынында, мынау дұрыс айтып отыр. Менiң жаңашыл өлеңдерiм әлi кiләссикә боп, дүние жүзiне тарайды. Сонда жер жүзiнiң халықтары менiң атымды дұрыс айтуға тиiстi, — дедi де, Жолбарысқа бұрылды. — Ал, бiлсең, сен айта қойшы, сонда ол қандай ат?”. Жолбарыс ыржиды: “Бiр бөтелке қой”. — “Ойбай, дұрыс болса, қоям” — дедi Созақбай. — “Ол былай… сен немене ана поляк Мицкевичтен кемсiң бе? Сенiң одан қай жерiң кем? Еш жерiң де. Демек, Сен бүгiннен бастап Адам Ата деген атты ал!” — дедi Жолбарыс оң қолын жоғары көтерiп, салтанатты дауыспен. Сол екен, Созақбай қуанып: “Әй, шынында да, мынау бiлiп айтып отыр, менiң Адам Атадан нем кем, а?” — дедi. Бiз оған: “Еш жерiң де!” — дедiк. — “Онда мен келiстiм”. — “Кәне, бөтелкеңдi әкел”, — деп, Жолбарыс оған жабыса кеттi. Содан не керек, келесi аптаның аяғына таман Созақбай атын Адам Ата деп өзгертiп кеп, паспортын көрсеттi. Бiз оған: “Азан шақырылып қойылған ескi атты құртып, мәңгi өлмейтiн жаңа ат қойдың. Кәне, жу!” — дедiк. Сонымен не керек, ол бiздi жатақхананың жанындағы кафеге шақырды. Бәрiмiз арақ-шарап iшiп, кезекпен сөйлеп, тост көтерiп, Адам Атаны мадақтап, дуылдасып отырмыз. Бiрде кезек Темiрбекке келдi. Ол осы жолы Адам Атаны мақтай кеп, сөзiнiң аяғында: “Әрине, бұл дұрыс, дегенмен бұл да жаңалық емес. Ескi еврей тiлiнде “адама” деген сөз топырақ деген мағынаны бiлдiредi. Сонда Адам Ата деген ат Топырақ Ата деген боп шығады. Сонда топырақ қалайша Ата болады? Одан да сол топырақтан жаңашылдықпен жасалған мына темiрбетон бар емес пе, иә, сол… неге оның атын Темiрбетон демеймiз? Ау, бұл деген өте жаңашылдық болмай ма?” — дедi. Сол екен, жыны кеп кеткен Адам Ата ұзын бойы серейе түрегелiп, сөлеп тұрған Темiрбектi құлашын керек, қазақшалап бiр қойды. Анау бұға қалды. Адам Атаның ұзын қолы қалбалақтап барып, оның әр жағында отырған, Қайырбек деген жындымыз бар едi, тура барып соған тидi. Ол ақиып шыға кеп, орнынан атып тұрып, Адам Атаның дәу мұрнына перiп кеп қалды. Қан сау ете түстi. Оны көрген дауяшылар шу ете қалды. Содан не керек, бәрiмiздi милиция алып кеттi. Одан бiр аптадан соң бәрiмiздi комсомол жиналысына салды. Қойшы, сүйтiп Созақбай Адам Ата болам дегенше машқарамыз шықты…
— Шын ба, әй? — дедi Құлахмет көзiлдiрiгiн қолымен қозғап қойып, Кәбиденге сенбей қарап.
— Өй, сен де бiр. Менi немене өтiрiкшi дейсiң бе?
— Жоға. Сонда… бұ не өзi? Өзi әуiм-сәуiм емес пе?
— Ояғын қайдам.
— Ау, әуiм-сәуiм болмаса, есi түзу кiсi азан шақырып қойған атын өзгерте ме?
— Әрине, өзгерте қоймайды, — дедi Кәбиден жымырая күлiп.
— Жарайды, ол өз алдына. Сонда ол туралы атылған әңгiмеден саған келетiн не зиян бар?
— Зияны сол, — дедi Кәбиден ұшы бұйраланған ұзын шашын оң қолының саусағымен бұрап-бұрап жiберiп, — бала-шағаны асырап отқан айлығызымдан қағылып қалмасақ не еттi?
— Е, неге?
— Сен немене естiмеп пе едiң? Ойбай-ау, ол мiне, мiне, Бас редактор болып келгелi жатыр.
— Солай ма? — дедi де, Құлахмет түсi қуарып, көзiлдiрiгiн үстелдiң үстiне түсiрiп ала жаздады. — Ау, оны неге ертерек айтпадың? Ойбай-ау, ол атты өзгерткенде тұрған не бар? Қайта ана Созақбай, Қазақбайыңнан осы Адам Атаның өзi дұрыс. Адам Ата? Қандай сазды, айтуға оңай, келiстi ғой, ә?!
— Оған не сөз бар? — дедiк сол арада отырған редакторлар бiздер де оны жамырай қоштап. — Ол үшiн оны жазғырудың қажетi қанша? Ана әуiм-сәуiм деген сөзiң артық. Жалпы ұлы адамдардың қайсысы жүз процент? Ешқайсысы да! Олар тоқсан тоғыз болмаса, ұлы болар ма едi? Бұ да сондай. Әуiм-сәуiм деген де осы тоқсан тоғызды бiлдiредi. Егер ол жүз немесе жүз елу болса, онда ұлылық қайда? Ойпырмай, бұл ұлы да дана кiсiлерге дауа жоқ!
Бiз сүйдегенiмiзше болмады, “Жазушы” баспасында заңқой боп қызмет iстейтiн, орыс мектебiн бiтiрген, дембелше келген, белi тұтас, шегiр көз Ағимә есiктi ашып:
— Жолдастар, директорға! Жиналыс! Жаңа бастық орнына отырады! — дедi.
Бәрiмiз орындарымыздан қалай ұшып-ұшып түрегелгенiмiздi бiлмей де қалдық. Мұны естiгенде Кәбиден жақ жүнi үрпиiп:
— Осы “адам” деген сөздiң мағынасы “топырақ” деген рас болар. Егерде аузына топырақ құйсаң, саған келетiн пәле бар ма? Соны бiлмей… менiң әңгiме айтып нем бар едi? Осы өзiмдi де ататын кiсi жоқ, — дедi.
Оның сонысы көп ұзамай расқа шықты. Адам Ата Тетебаев баспаға Бас редактор боп қызметке келгеннен кейiн Кәбиден көп ұзамай кiлең әйелдер iстейтiн корректорлар бюросына ауыстырылды. Бiз ендi оны сыртынан сықақтап:
— Отырсын қаңсыған жүн-жұрқаның iшiнде… әуiм-сәуiм, — дедiк.
1972 жыл