Төбедегі дүсір

— Тағы да басталды, — дедi диссертациясының соңғы беттерiн жазып отырған Ыбырайым төбеге алара қарап. — Осылар-ақ… — Сосын жазу үстелiнiң үстiнде тұрған сағатына қарады. — Он бiр жарым. Ендi осыдан түнгi екiге дейiн маза жоқ. — Ол жидiп түсе бастаған сұрғыш шашын сипап қойды. Сосын қолайнасын алып, әжiм түсе бастаған маңдайына, бозғылданған бетiне, сұйық қасына көз салды. — Осы ғылым, ғылым деп қартаяйын дегенмiн бе?
Ол сосын алдында жатқан, майда жазуға толған ақ қағазға қарап едi, аздап басы айналғандай болды. Ыбырайымның осыны қаужағанына бiраз жылдың беделi боп қалған. Ана бiр жылы кандидаттығын оп-оңай қорғап едi, докторлығына келгенде кедергi көп боп, оның соңы ұзарып кеттi. Ендi өткен жылы бiр қайымын тауып, медицина институтының ректоры ауысып, Ұшпаев деген курстасы келген бойда, докторлығын қолға алған болатын. Ол кафедраның меңгерушiсi Иосифов пен ғылыми-кеңестiң басшысы Абрамовичты айтқанына көндiрiп, алдап-сулап, мұның тақырыбын бекiтiрiп берген едi. Ол сол үшiн бiраз шығынданған да. Ендi сол диссертациясын аяқтаймын дегенде, жоғарғы қабатта тұратын, үнемi арақтан аузы кеппейтiн, баласы Владик пен әйелi Раямен төбелесiп, милиция аптасына бiр рет кеп тұратын Володя ажырасты да, үйлерiн екi бөлiп ауыстырып кеттi. Олардың орнына басқа бiреулер келдi. Бұл олардың кiм екенiн де бiлмейдi, бар бiлетiнi бұл жазуға кiрiсiп, басына тың ойлар түсе бастағанда, төбеден бiр дүсiр басталады. Әуелi мебельдiң дырылдағаны естiледi, содан кейiн диван қозғалып, бiраз жерге дейiн ысырылып барады, содан кейiн әйелдiң әлдене деп бажылдағаны, еркек кiсiнiң боқтағаны, екеуiнiң салғыласып ұрысқаны бiразға дейiн басылмай, мұның ойын бөлiп жiбередi. Сондайда бұл жасының елуден асып кеткенiн, жаңғызбастылығын, әйелiнiң осыдан үш жыл бұрын көршiмен сөздi боп, ажырасқанын, оның үш баласын ертiп апасына кеткенiн қинала отырып есiне алды. Бұл онымен оп-оңай бас қосып, оп-оңай жарысқан болатын. Ыбырайым институттың соңғы курсында оқып жүргенiнде, Қызылордаға барып, практикадан өткен-дi. Сондағы поликлиникада мұның Сейтжан дейтiн ауылдасы жұмыс iстейтiн. Жастайынан жетiм қап, балалар үйiнде өскен, ондағы қыздардың ерте бұзылғанын көрген бұл әйел алсам қиын болады-ау деп ойлайтын. Оның үстiне Ыбырайым болашақта гинеколог болып шықпақшы. Ол әйел ағзаларының оқулықтағы кескiнiмен, суретiмен таныстағымен қоса, талай рет мұрнына маскасын киiп алып, жансыз мүрделердi скальпельмен тiлгiлеп, әйелдiң ұлы мүшесiн бұтарлап, жатыр, қуық, астыңғы-үстiңгi “ерiн”, олардың жамбаста қалай орналасқанын қарап, тексерiп, зерттеп көрген болатын. Содан кейiн жастайынан кiтапқұмар боп өскен бұл орыс жазушыларының романдарында әйел үшiн бiр бiрiмен жауласып, бiр бiрiмен атысып, бастарын пәлеге шатып жататын кейiпкерлердiң iс-әрекетiн түсiнбейтiн. Ол скальпельмен спирттелiп қатырылып тасталған жансыз дененi, аналықты тiле отырып, кей бiр жерiне лупамен үңiлiп жатып: “Осы үшiн де кiсi атыса ма екен? Мұнда тұрған не қымбат нәсте бар? Осы жазушлыар да қызық, сөз етпестi сөз етiп…”, — деп iшiнен ұрысып, күңкiлдеп те қоятын. Сүйтiп жүргенiнде Сейтжан мұны үйiне қонаққа шақырды. Бұл гүл сатып ап барды. Үйде кiсi-қара бар екен. Сол күнi мұның жанына шашын қолдан қараға бояп, төбесiне шөмеледей ғып биiктетiп түйген, қыр мұрындау, қараша өңдi, талдырмаш денелi бiр қыз отырды. Оны осындағы оқу орындарының бірінде оқиды деп таныстырды. Алғашқыда бұл оған кеуiл бөлген жоқ. Содан бiр-екi рюмка өңешiнен өтiп, алкоголь қанына тарап, миына әсер еткеннен кейiн, бұл өзiнiң әдеттен тыс сөйлегiш боп бара жатқанын, әлгi қыздың әуелi мұның көйлегiнiң жеңiн жөндегенiн, содан келе қисайып кеткен галстугын дұрыстағанын, ендi бiрде рюмкасына ақ арақты құйғанын байқады. Соның соңы қызды жатақханасына шығарып салумен тынды. Сүйтiп жүрiп танысты. Оның облыс орталығында тұратын туған апасы бiр дөкейдiң әйелi екен. Бiр күнi мұны сонда сүйрегендей ғып апарды. Не керек, соның аяғы үйленумен тынды. Әуелiде мединституттың аспирантурасында қалдырылған бұлар Алматының шетiндегі совхозда пәтер жалдап тұрды. Ақыры бiр сәтi түсiп, бұл оқуға балаларды түсiрiп, аздап пұл тапты да, бiр кiсiлердiң көмегiмен кооперативке жазылып, осы екi бөлменi алған едi. Соның соңы…
Төбедегi еден темiрбетонды сындырып жiберетiндей боп тағы да дырылдай бастады. Содан кейiн әйелдiң үйреншiктi бажылы естiлдi. Сосын масаң еркектiң:
— Сен немене… менi қорлап… мазақтап, — деген даусы шықты.
— Мен сенi қашан қорладым?
— Қорламасаң, мынауың не? — деп, сол арада оны еркектiң шапалақпен салып жiбергенi естiлдi.
— Ойбай, — дедi әйел бажылдап.
— Өшiр үнiңдi, — дедi еркек гүжiлдеп.
Сол екен, әйел аяғын төбенi тесiп жiберетiндей боп басып, қаша жөнелдi. Оны еркек қуып жетiп ұстап, жерге алып ұрды. Төбенiң еденi солқ ете түстi. Сол арада Ыбырайым төбесiнде iлiнiп тұрған, шайқалақтап кеткен люстраға қорқа қарады. “Мыналар тағы да мазаны май iшкендей қылатын болды-ау”, — дегенiнше болмады, кенет төбеден екеуiнiң кiлем үстiнде алысқаны, бажылдасқаны, әлдене деп айқайласқаны естiлдi. Олардың күндегi iстейтiнi осы. Бұл ендi шыдамады. Iшiнен: “Мұндай тәртiпсiздiк те болады екен-ау? Мұны жөнге салмаса болмас. Қой барып, сөйлесiп көрейiн”, — деп, үстiне пижамасын кидi де, есiктi ашып, жоғарғы қабатқа көтерiлiп, қоңыраудың дөңгелек түймесiн басты. Арғы жақтан сыңғыр ете қалған дыбыс шықты. Бұл сырты қара дерматинмен қапталған есiкке құлағын тақап, тың тыңдап көрiп едi, ештеңе естiлмедi. Сосын қоңырауды қайта-қайта басты. Аздан соң әр жақтан аяғын ашулана басып келе жатқан еркектiң күңкiлдеген даусы естiлдi. Ол есiкте тұрған кiшкене көзшеден қарады да, есiктi ашты:
— Сiзге не керек? — Ол мойны бұқаның мойнындай күдiрейген, кәржiк танау, ала көз, жасы отыздарға жетiп қалған шойқара жiгiт екен. Үстiне асығыс киген халатының етегiнен жуан жүндi саны жартылай көрiнедi.
Ыбырайым ңығайсызданып:
— Қарағым… бiз деген ғылым адамымыз… үйде түнде жұмыс iстеймiз, — деп мiңгiрлей бастады.
— Iстеңiз. Оған кiм мешайт етiп жатыр? — дедi шойқара бұған сүзетiн бұқаша көзiнiң астымен ежiрейе қарап тұрып.
— Ендi… ол былай… бiз деген ғылым адамымыз… былай, тыныштық сүйемiз…
— Сүйе берiңiз. Онда менiң қандай шаруам бар?
— Шаруа болғанда… сiздер… түнде қолайсыз бiр дыбыс шығарасыздар… сосын…
— О қандай қолайсыз дыбыс?
— Оны байқамайсыздар ма? Күнде төбеден тасыр-тұсыр шығады, мебельдер ысырылады, сiздер былай… ұрысып, қатты, қатты сөйлейсiздер… сосын ой бөлiнiп… — Ыбырайым құдды партжиналыста тұрғандай әлденеге ыңғайсызданып бастады.
— Ну что ж… — дедi шойқара бұған тыжырына қарап.
Сол кезде әр жақтан:
— Борис, о не? Келiп тұрған кiм! — деген әйелдiң даусы шықты.
— Астыңғыдағы көршi.
— Ана әтек шал ма? Кемпiрi қашып кеткен…
— Қашып кеткен?! Ха-ха-ха-ха! — деп сол арада шойқара әлденеге ырза боп, тарқылдап күлдi. — Е, бәсе, сосын екен ғой жетiп кеп тұрғаны.
— Ол не дейдi?
— Жәй… былай…
Шамасы, оның сөзiне сенбеген болуы керек, кенет төргi бөлменiң есiгi ашылып, iштен үстiне жалаңаш денесiне судыраған халатын асығыс жамыла салған, жасы жиырма бестерге тақап қалған, шашының ебей-дебейi шыққан, әлденеге ентiге дем алып тұған қара торы әйел шыға келдi. Алакеуiмде оның көзi бiр түрлi тұманданып көрiндi. Ыбырайым мән-жайды ендi түсiнiп, ыңғайсызданып қап, керi шегiне берiп едi, шойқара жуан қолымен мұны жағасынан ұстай алды:
— Қайда барасың, а?
— Кешiрiңiз, жастар екенсiздер… бiздер кәртейдiк…. пәтерiме…
— Сен немене бiздiң шырқымызды бұзып… өзiң жас болып көрмегендей…
— Оны мен қайдан бiлейiн.
— Қайдан бiлгендi қайдан бiлесiң. Адамның бабы келе бастағанда…
— Кешiрiңiз. Бiлмей қалдым.
Сол арада қара торы келiншек бұған тақап келдi де, жылмия қарап:
— Е, бәсе-ау, сұрбойдақ екен ғой. Үйтiп бiреудiң тысырын тыңдағанша, кемпiр тауып алмайсыз ба?
— Оны ендi…
— Бiздер мазохистермiз, бiр бiрiмiздi шымшып, тiстелеп, ұрғылап, тырналап барып… жатпасақ болмайды…
— Ойбай-ау, ол деген ана iрiп-шiрiган Батыстағы нәрсе ғой, — деп сол арада гинеколог есiне әлгi терминнiң мағынасын түсiре берiп едi, шойқара жағасын ұстап тұрған қолын жiберместен, бiр аттап сыртқа шықты да, бiр жұлқып қап:
— Бар әйдә! Fалымсымақ. Өзi әтек қой деймiн, — деп, мұны итерiп кеп жiбердi.
Ыбырайым тас баспалдаққа құлап, бiрнеше аунап барып, ортадағы алаңқайға жалп ете қалды. Басы кiшкене терезе барып соғылды. Сол арада әйел мен еркектiң:
— Әтек! Әтек! — деген қосаралана шыққан даусын есiттi.
Бұлардың у-шуын естiп, төменгi қабатта тұратын, өсекшiл, арызқой, Аникина кемпiр есiгiн сығалатып ашып, орнынан төрт еңбектеп тұра берген бұған томпақ көзiлдiрiгiнiң әр жағынан бақырая қарады. Сосын мұны көрiп, құдды бұл пәтерiне кiрiп кетiп, өзiн зорлайтындай есiгiн тез жауып ала қойды.
Ыбырайым пәтерiне кеп, ваннаға кiрдi де, айнаға қарап, iсiп кеткен шекесiне суық суға малшынған дәке басып, бiраз тұрды. Сол кезде ол қоңыраудың шар-шар ете қалған даусын естiдi. Сосын аяғын тез басып барып, есiктi ашып қарас, өзiнiң астында тұратын, Шымкент жағынан былтыр көшiп келген, түрi сарт сияқты, орақ мұрынды, шегiр көздi, сирек тiстi Сәйдулла шал екен. Ол мұны көрiп, ыржиып:
— Жаңа бәрiн де көрдiм, бәрiн де естiдiм. Ендi олар деген жас қой… былай, түнде… айқасып дегендей… бiз де баяғыда сүйткенбiз… кәзiр Кәмиләжанмен мен де… оның кемпiр болғанына қарамай… кейде сүйтiп… оны төсекке сүйрелеп, қинап, зорлап дегендей… былай… кесе-аяқты салдырлатып дегендей… аһылап-уһiлеп дегендей…
Ыбырайым оның сөзiнiң аяғын тыңдамай, есiктi тарс еткiзiп жаба салды. Сосын кабинетiне барып, орындығына отыра берiп едi, төбеден диванның тынымсыз сықырлағанын, ағаштардың шиқылдағанын, әйелдiң әлдене деп айқайлағанын, еркектiң боқтағанын анық естiдi. Сол арада: “Баяғыда бiз кәйтiп едiк? Былай… қысылып-қымтырылып… балалар бiлiп қалмасын деп, үнiмiздi шығармай… Сол өзi қалай болды, ә?” — деп ойланып, үлкен қызметте iстейтiн басқа бiреуге күйеуге тиiп кеткен әйелiн, тiрi жетiм болған балаларын, өзiнiң ғылыммен айналысам деп, әйелiне онша назар аудармағанын есiне алды. Ендi төбедегi дүсiр күшейген сайын өзiн тұла бойына бiр түрлi қуат енiп келе жатқандай сезiп, әлденеге алқына дем алып, тынысы тарылғандай боп, алдындағы қағаздағы жыбырлаған екi ойлы боп жазуына қарады. Сол сәт: “Бұдан маған не пайда?” — деп қойды да, үлкен үстелiнiң үстiнде үйiлiп жатқан неше түрлi энциклопедия, анықтама, монографияларды алып, кiтап шкафына тығып, шамды сөндiрiп, киiмшең қалпы көптен берi кiсi жатпай, мұздап қалған диванға қисая кеттi. Ұйқысы келмей, екi көзi бақырайып, бiраз жатты. Қабырғада iлулi тұрған аспалы сағаттың (тiлi?) маятнигi екi жаққа кезек теңселiп, тық-тық етедi. Сырттан күздiң салқын жаңбырының тамшылары терезеге тырс-тырс тиедi. Төбедегi дүсiр күшейiп барады. Мазасы қашқан ол сол арада басқа бөлмеге барып, жамылғы көрпенi басына жауып, жата кеттi.
Сол күннен бастап Ыбырайым түнде жұмыс iстеудi қойды. Оның есесiне гинеколог-ғалымның бөлмесiнен түн ортасы ауғанша, тасыр-тұсыр, сарт-сұрт еткен, аһылап-уһiлеген, бажылдаған дыбыс шығатын боп алды. Бiрде мазалары қашып, милиция шақырған Сәйдуллә, кооперативтiң председателi, екi көзi үнемi қызарып жүретiн алаяқ Берiкжан, көршi қортық кемпiр Аникина, төбедегi қара торы келiншек пен шойқара және бiрнеше милиционер мұның есiгiн кiлтпен бiлдiрмей ашып, бөлмеге басып кiре берiп едi, олар жерден шыққан жiктi көргендей қалт етiп тоқтай қалды. Бұл кезде әйелдiң аһылаған-уһiлеген даусы жазылған магнитофонды қаттырақ қойып ап, креслоны әрлi-берлi дырылдата сүйретiп, анадан жаңа туғандай тыр жалаңаштанып шешiнiп алған Ыбырайым тақтай едендi жалаңаяғымен тепкiлеп:
— Мә, саған мазохизм! Мә, саған мазохизм! — деп, секiрiп жүр екен…

1973 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *