“Әдеби вирус” әлегi

Соңғы он-он бес жылдың көлемiнде күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiмiзде жиi қолданыла бастаған компьютермен бiрге биологияда ғана кездесетiн “вирус” дейтiн термин санамызға дендеп енiп, ескi бiр көз танысымыздай сiңiстi боп кеттi. Бүгiндерi ондай “iндет” кiрiп кеткен компьютерлардың негiзгi платасы мен қатты дискiсiне жазылған бәрнама-программаларының алгоырғақтары бұзылғандықтан, олардың дұрыстап жұмыс iстей алмайтындықтарын жұрттың бәрi жақсы бiледi. Кәзiрде дәл осындай жағдайды қазақ әдебиетi де басынан кешiп отыр десе, еш артық айтқандық болмайды. Оның буынына жегi құрт боп түскен “әдеби вирус” бүгiнгi әдеби процесiмiздiң дұрыс бағытта өрбуiне, өрiстеуiне, дамуына, соның нәтижесiнде шынайы әдеби шығармалардың жаратылуына, оларды әдеби сынның жан-жақты талдап, қорытып, синтездеп, еш жаққа бұра тартпас пiкiр түйiп, әдiлетiн айтып, дұрыс бағалауына келгенде зор зиянын тигiзiп отыр. Мұның себебi баршылық. Мәселен, компьютердегi программаны бүлдiре бастаған вирусты “емдеуге”, тiпте сол бәрнама түгел, операция жасайтын жүйенi мүлдем ауыстырып жiберуге болады, ал әдебиетте үйте қою түгел, көркемделген сөзiмiздi тәнiне түскен “вирустан” айықтырып емдесек, алдын ала профилактика жасасақ деп айтудың өзi қиын боп отыр. Оған бiрден бiр себеп компьютердiң жүйесiн бұзатын антипрограмманы жасайтын хакерлар өз саласы жөнiндегi бiлiмнiң әбден майын шағып iшкен, аса бiлiктi кiсiлер болып келсе, бiздiң әлгi “әдеби вирусты” таратып отырған әдебиетшiлерiмiздiң өз шаруасының жақсы маманы емес, әр саладан аз-маз ғана хабары бар, өз жанрының құпиясын тереңiнен бiле бермейтiн шала сауатты, үстiрт ойлайтын, бiлiмсiз, дүмше бiреулер болып келетiндiгi. Ондай оңазалар жоғарыдағы қолдаушысы қуаттап тұрғанда, әдеби “ораза әлi” бiтпейтiндей көрiп, бүгiндерi бiздiң әдебиетiмiздiң бәдәнына түскен жегi құртты тап басып, қолына ұстатып көрсетсең де, оның жайын түсiнуге өресiнiң жетпей жатқандықтарын жұртшылықтан жасырып, жоқтан құрап жинаған “әдеби беделiнен” айрылып қалғысы келмей, бәрiн де бас араздыққа телiп, шуылдатып жиналыс жасап, “әдеби антивирусшыны” “жерсiбiрге айдатып, соттау керек” деп өзеуреп бағады. Сүйтiп тақтай “тақтың” қамын жеген қолайсыз қалыптың бiздiң әдебиетте әбден орнығып қалғанын жақсы сезген “әдеби вирустың” ешкiмнен де айылын жиятын түрi көрiнбейдi. Оны кәзiр бiздiң әдебиетiмiздi емiн-еркiн жайлап алды десе де болады.
 

Кәзiр бiзде ондай вирустың бiрнеше түрi бар. Оның ең бастыларының бiрi — сонау 60-ыншы жылғы ұрпақтың қазақтың өлеңсөзiнде лирика жанрын қалыптастырайық деген оңды талабының нәтижесiнде қылаң берген, кейiнiнен орыс поэзиясының ықпалынан арыла алмай қалғандықтан пайда болған жалған романтизм, жалған пафос, жалған поэтика. Бұл жерде қатты ескеретiн және мынадай бiр жәйт бар. Әдетте белгiлi бiр кезеңде әдебиеттiң жанрларының замана талабына қарай өз эстетикасын өзгертiп, бұрынғы поэтикасын мүлдем жаңартып, ескi тәсiлдердi жаңғыртып, тың тақырыптарды көтерiп, қатты өркендейтiн шағы болады. Сол кездерi әдебиетте шоқтығы биiк шығармалар жазылады‚ өрелi жазушылардың төбесi көрiнедi. Ондай кезең әдетте онша ұзаққа созыла қоймайды. Мәсәлән‚ 18-iншi ғасырда үстемдiк құрған классицизмнiң‚ үлгiшiлдiктiң қасаң құрсауынан құтылып шығу үшін туындаған романтизм аз ғана уақыттың iшiнде көркемделген поэзияға өзгерiс енгiзiп, оның классицизмнiң қатаң құрсауынан жансызданып‚ тарыла бастаған алпыс екi тамырына қайтадан ыссы қан жүгiрте бастады. Мiне‚ осы әдiстiң аз ғана уақыттың iшiнде патшалық құрған кезiнде Байронның өлең-жырлары бүткiл Европаға таныс боп‚ басқа елдердiң әдебиеттеріне қатты әсер еттi. Кезiнде оның жолын қуғандар басқа әдебиеттерде да көрiне бастады. Алғашқыда классицизм мен романтизмнiң әсерiмен бiраз дүниелерiн жазған А.С.Пушкин 1830-ыншы жылдары үлгiшiлдiк пен қиялшылдықтың‚ романтизмнiң өмiрден алшақ жатқан әдiс екендiгiн сезiп, романтизмге, тұрмыс-тiршiлiктiң шынайы өзiн бейнелеуге‚ суреттеуге қарай ойысып, атақты “Онегинiн” жазды. Ол шығармаға бұрынғы романтизмге бойы үйренiп қалған орыстардың оқушы қауымы үрке қарап, алғашқы кездерi қабылдамай қойды. Пушкиннiң бұл талабын орыс жазушылары да бiрден хош көре қойған жоқ, олар бұрынғы тоза бастаған романтизм‚ қиялшылдықтың ауазасына ерiп‚ ескi үрдіспен өлеңдерiн жаза бердi. Соның салдарынан, орыс поэзиясында Некрасов төңкерiс жасағанға дейiн, Пушкиннiң сырттай қарағанда көздi қызықтырар әлем-жәлемi, тың метафоралары мен теңеулерi аздау‚ жазық тақтайдың бетiнше бiр сыдырғы теп-тегiс боп келетiн, асқақ стильмен жазылған өлеңдерiнiң үлгiсiмен өлең жазу деген мүлдем оңай боп қалды. Сүйтiп, әдебиетте ескiнi қайталау‚ бiр орнында тұрып қалуға апаратын әдеби дағдарыс, инерциямен iлбiп жүре беру басталды.
 

Бiр заманда дәл осыған ұқсас жағдайды бiздiң әдебиетіміз да өз басынан кешiрдi. Өткен ғасырдың бас жағында қазақ өлеңсөзiнде лирика жанрын қалыптастырамыз деген Мағжан, Бернияз және Сұлтанмахмұттардың алғашқы талаптарымен бiрге Сәкеннiң Маяковскийдiң поэзиясын басқаша түсiнген, негiзiнен, үгіт-насихатты күйттеген бағыты да қатар басталды. Соңғы бағыт, үгіт-насихат өлеңдерi 30-ыншы жылдары бiздiң өлеңсөзiмiзде өте бел алып кеттi. Сол заманда Сәбит, Асқар, Тайырлардың үгітшiл өлеңдерi поэзиядағы бiрден бiр дұрыс жол деп есептелiндi. Ол кездерi, әсiресе, Сталиннiң жеке басына табынатын кезеңде, көркемделген әдебиеттiң негiзгi-негiзгi шарттары қара дүрсiнделiп, алдыңғы орынға жадағай публицистика, үгіт-насихат, уағыз, айғай-ұран, “бiз” деп гүмпiлдетiп күпсiне сөйлеу шыққан едi. Соның салдарынан өлеңсөзде жеке кiсiнiң жан дүниесi, сыры, оның не ойлап, не қоятындығы мансұқ етiлiп, оның ырқы көпшiлiктiң ырқына бағындырылды. Мұның зардабы көп тиген қазақтың өлеңсөзiнде шын мәнiндегi лирика жанры онша дамымай қалды. Осы бiр ұраншыл, үгітшiл, науқаншылығы басым сұрқай кезең атақты “жылымық” заманы басталған уақта ғана саябырсыды. Сол уақытта орыс поэзиясында С.Щипачев, Я.Смеляков, К.Симоновтардың лирикалы өлеңдерi бой көрсеттi. Бiзде де сондай қозғалыс болды. Ендi бiздiң шайырларымыз “халық ақындарының” үгіт-насихатқа, мадаққа толы жырларынан қол үзiп‚ адамның iшкi жан дүниесiне‚ оның ой-толғанысына‚ рефлексиясына үңілiп, орыстың 19-ыншы ғасырдың бас жағында ағылшын‚ француз‚ немiс әдебиеттерiне елiктеп жасаған поэзиясынан үлгi алып‚ соған ұқсастау келетiн жаңа бiр дүниелердi тудыра бастады. Оның соңы лирика жанрының 1950-iншi жылдардың соңында, 1960-ыншы жылдардың басында күрт дамуына әкелiп соқты. Әдебиетке сол 50-60-ыншы жылдары келген‚ Әбдiлдә‚ Қасым‚ Абдолла, Ғали, Сырбай, Тоқаштардың өлеңдерiн оқып өскен‚ солардан үлгi алған (бұл кездерi Мағжан мен Бернияздың лирикасы белгiсiз едi‚ — Б.А.) I.Мәмбетов, З.Шүкiров, Е.Ибраһим, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, Б.Әбдiразақов, Ә.Дүйсенбиев, Ш.Мұхамеджанов, Ә.Абайдiлдәновтар әлгi романтизм‚ қиялшылдық әдiсiн қазақтың әдеби топырағына орнықтыруға тырысты. Бiр ескерерi‚ олар бұл арада бiздiң бұрынғы қазақы әдеби үрдісiмiзден мүлдем қол үзiп‚ орыс поэзиясының ықпалымен жаңаша поэтика жасауға ұмтылды. Ендi бiздiң өлең-жырларымызда бұрын кездесе бермейтiн өзгеше теңеу, метафоралар, сөйлемдерi орысша ойлап құрылған‚ көркемдейтiн тәсiлдерi бұрынғы жырлармыздан мүлдем ат құйрығын шорт кесiскен‚ ескi қазақтың құлағына да‚ көкейiне де қона қоймайтын‚ орыс тiлiнен қазақ тiлiне сөзбе-сөз‚ жолма-жол етiп аударылғандай боп әсер ететiн‚ қазақ сөйлемiнiң конструкциясына‚ құрылымына онша жата бермейтiн‚ бiр жасанды дүниелер пайда бола бастады. Бiзге олардың шығармаларындағы алғашқы романтизм мен басы артық сезiмшiлдiк, ылжыраған сентиментализм де дәл осы кезде келдi. 60-ыншы жылғылар сол әсерден кейiн де құтыла алған жоқ. Кезiнде Батыс Европада Байрон бастаған романтизмнiң поэтикасы осы топтың шығарымпаздықтарында көп көрiнiп, әбден сол ағымның бiрден бiр белгiсi ретiнде таңбаланған нәрселер — тақырыптың ауқымының тарлығы, жеке кiсiнiң былайғы жұртқа айта қоймас, тек қана өзiне тән iшкi сырын ақтаруы, субъективизм, күнделiктi тiршiлiктен қашып, қиялдағы мұнартқан басқа бiр дүнияға құмарту, соның елесiне елту, бiр беткей романтизмге салыну, соған орай өздерiнiң лексикасын қалыптастыру, басқа елдердегi әдеби тәжiрибенi қалай болса солай көшiрiп әкеле салу бiзде де анық көрiндi. Соның әсерiнен бұрын-соңды гүл түгел шеңгелдiң қоңырауын да иiскеп көрмеген қазақ шайырлары роза, раушан, қызғалдақ, сарғалдақтарды сүйiктiлерiне “букет-букет қылып сыйлағандары” аздай, ендi қазақ даласында өсе қоймайтын Ресейдiң ақ қайыңдарына арбалатын болып алды. Бiзде де Европа романтиктерiндегiдей “жапанда тұрған жаңғыз қайық”, жұртынан қашқан ерекше мiнездi қаһармандар, мұң-қайғы, сезiм, аққу, ақша бұлт, найзағай, самал жел, “қорғасындай” қара бұлт, ақ жаңбыр, нұр, сәуле, шұғыла, “әппақ дүние”, бозторғай, қыран, дүлдiл, тұлпар, сұңқар, “өлеңсөздi ғайыптан келген бiр киедей көру”, шайырды пайғамбар тұтыну, асқан бiр шабыт, шер тарқату, т.б. дегендер өте көбейiп кеттi. Аздан соң, 60-ыншы жылдардың бас жағында-ақ, лексикасы да, интонациясы да өте жасанды, өмiрден мүлдем аулақ жатқан осындай поэзия өзiнiң күнiнiң өте бастағанын анық сездiрдi.
Мiне, осы кезде әдебиетте әлi көрiне қоймаған жас шайыр Ж.Нәжiмеденов “Балауса” дейтiн ең алғашқы жинағын шығарып, өзiнiң романтизмнiң күнi өте бастаған талап-тiлектерiмен келiсе алмайтындығын пәш еткен-дi. Содан бастап бiздiң өлеңсөзiмiзде табиғилықты орнықтыру, форма iздеу деген талап бой көтердi. Әлгiндей жалғандыққа қарсы шыққан “жаңашылдардың”, соның iшiнде кезiнде “формалист” деп айыпталып, таяқ жеген Ж.Нәжiмеденов, Ж.Қыдыровтардың өлеңдерiнде ендi метафорашылдық, поэтикадағы жасандылық, орыс тiлiнiң синтаксисiнiң заңдылығы бойынша жасалған конструкцияны қазақ тiлiне калька ретiнде қалай болса солай көшiрiп әкелушiлiк белең алды. Сол тұста осындай екi түрлi бағыттан жырылып шығып, басқаша өлең жазуға ұмтылған Т.Айбергенов пен М.Мақатаевтың әдеби тәжiрибелерi дүниеге келдi. Бiрақ олар да “әдеби вирусты” толық емдей алмады.
Кәзiр, өкiнiшке орай, поэзиямызға абайсызда енiп кеткен әлгiндей “әдеби вирустан” әдебиет әлге дейiн құтылып болған жоқ. Соның салдарына бiзде туындап, iрге теуiп үлгерген ең басты кемшiлiктердi — кешегi қазақ ауылдарынан астанаға оқысақ‚ тоқысақ деп бiлiм iздеп келген қалқан құлақ шайырларымыздың аяқ астында басқа әдебиеттерде кеңiнен етек алған әдеби‚ жалған “аристократизмнiң” ықпалында кетуi‚ жалған эстетизмге салынуы‚ тұрмыс-тiршiлiкте кездесетiн жәй ғана нәрселердi үлкен поэзияға материал бола алмайды дейтiн үстiрт түсiнiкке салынып‚ күнделiктi өмiрден қол үзiп‚ өз қиялындағы бұлыңғыр да көмескi бiр нәрселердi күйттеп жазуы, жалған романтизм‚ орыс поэзиясының шылауынан шыға алмау‚ тiптен соған ашықтан-ашық елiктеу‚ әрi сол елiктегендерiн басқалардан артық, асқан бiр қасиет көру‚ орысшалау тартып тұрмағандарды ескi деп санау‚ қазақша барынша еркiн көсiлiп ойлай алмау‚ қазақ сөзiнiң алуан қыры мен бояуын‚ оның iшкi нервiсi мен бiр-бiрiне қаншалықты дәрежеде қосыла алатындығын көрсететiн валенттiлiгiн сезбеу‚ шайырдың азамат ретiндегi бет-бейнесiн жалған‚ жадағай публицистика деп үстiрт түсiнiп‚ мүлдем қарадүрсiндiкке ұрынып‚ жалпылама сипаты жетерлiк жамиғатнамашылдыққа салыну‚ шайырдың өзiне тән “менi” мен оның өлеңiндегi әдеби кейiпкердiң ара қатынасын анық бiлмеуi‚ оның қай жерлерде өз ара тоғысып кетiп‚ қай жерлерде өз ара жiк ашатын тұстарын анық байқамау‚ өзi көтерген тақырыбын‚ сол арқылы ой-пiкiрлерi мен мәсәләләрын‚ жерiне жеткiзе зерттей келе‚ оларды шынайы көркемделген‚ қаны бар‚ жаны бар үлкен поэзияның дәрежесіне жеткiзе алмау‚ стиль мен стилистиканың арасын шатастыра беру‚ бұрынғы әдеби үрдістi ескермеу‚ тiпте оны мансұқ етуге дейiн тырысу‚ замана алдымызға тартып отырған жаңа тақырыпты жаңаша түрде зерттеп‚ көркемдеп‚ меңгере алмау, т.б. дер едiм. Бұдан кезiнде 70-iншi жылғылардың iшiнде ат құйрығын шорт кесiсiп кеткендер де өте аз болды.
 

Сүйтiп қазақтың өлеңсөзiнде 80-iншi жылдардан басталған тоқырау, өспеу, ескiнiң ыңғайынан арыла алмау, күнi өткен поэзияның шылауында кетiп қала беру, лексиканың жаңармауы әлге дейiн созылып келедi. Бiздiң соңғы 20-30 жылдың көлемiнде көзге түсер толымды бiр де бiр шайырды таба алмай жүргендiгiмiз де соған тығыз байланысты. Осы тұста нағыз маманшылдық, профессионализм кемiп, поэзияның деңгейi күрт құлдырап кеткендiктен шынайы шайырлардың орындарын ұйқас қуалап, қара сөздi бiр ырғаққа түсiрiп құрай салғыш кәсiпқойлар, “етiкшiлер” басты. Соның салдарынан салқын логикаға ғана сүйенiп, көпшiлiкке бұрыннан таныс белгiлi бiр ой-пiкiрдi ұйқастырылған өлең жолына түсiрудi ғана мақсат еткен, жансыз, қансыз, аса салқын “шығармалар” көбейiп кеттi. Олар кәзiрде де жетерлiк. Бүгiндерi сондай әдебиет дейтiн қара нарға ойда-жоқта артыла қалған “әдеби теңiнiң”, қара “қоржынның” бiр жағында — Қ.Мырза Әлi, екiншi жағында “өлең-мақалалары” не қазақша емес, не орысша емес, өте жабайы, қарадүрсiн етiп жасалынған М.Шаханов тұр. Бұл бiздегi әдеби вирустың екiншi бiр түрi. Олардан бөлек, баяғы 60-ыншы жылдардың ықпалынан арыла алмай, ескi инерциямен жүрiп келе жатқандар да баршылық. Кезiнде әдеби сын осы жағдайды дұрыстап сарапқа салмағандықтан, жоғарыда көрсетiлген олқылықтардың бiрбiрiмен ию-қию араласып, адам таңғаларлық бiр қойыртпаққа айналып кеткенiне бiз бүгiндерi толық куә болып отырмыз.

Сөз жоқ, бұл арада 60-ыншы жылғылардың өлеңдерiнде өте-мөте үстем болған жалған сезiмшiлдiктен қол үземiз деген талаптың дұрыс екендiгiн айта кеткен ләзiм. Кезiнде содан бойын аулақ салған шайырларымыз Т.Бердияров пен М.Әлiмбаев болатын. Оған кейiнiнен Ә.Мұзафардың мектебiнен “дәрiс” алып, алғашқыда балаларға арнап тақылдаған тақпақ жазып жүрген Қ.Мырза Әлi келiп қосылды. Сүйтiп поэзия көпiрген көп сөздiлiктен арылып, нақтылыққа, ұтымды детальдарды ұстауға, қысқалыққа, форманы жетiлдiре түсуге қарай көше бастады. Дегенмен де осы кезеңде жасалған өлеңдер, романтиктердiң поэзиясына тән жылы қаннан, экспрессиядан, кеңiрек айтсақ, психологизмнен айрылып қалғандықтан, ендi темiрдей логиканың арқасында конструкциясы айқын, өне бойында жылы қаны жоқ, жансыз, шалажансар шығармаларға айналып кеттi. Бертiнiректе притчашылдау болып көрiнгенiмен, негiзiнде қатаң логика жатқан, баяғы Сәкен, Тайырлардың үгіт-насихатшыл өлеңдерiнiң үрдісiн келiссiздеу түрде қайтадан жандандыруға тырысқан, сөйлемдерiнiң барлығы дерлiк орысша ойланып құрылған М.Шахановтың формасы жағынан мүлдем ажарсыз, сала құлаш “өлең-мақалалары” көбiрек бой көрсеттi. Осы шынайы әдебиетке қатысы жоқ екi бағыт әлi күнге дейiн қатарласа шаужайласып келедi.

Үлкендердiң поэзиясына келмес бұрын қабажықтай мұқабасында шелек, шәйнектiң суреттерi салынған кiтапшалар шығарған, М.Әлiмбаев басқарған “Балдырғанның” ұстаханасында әбден ысылған, жалпы өлеңсөз туралы түсiнiгi балалар әдебиетiне тән шарттардың негiзiнде қалыптасқан Қадыр 60-ыншы жылдардың ортасына таман, осы кезде дүрiлдеп көрiне бастаған Р.Ғамзатовтың егiз шумақтарын аударып, жарыққа шығара сала, кенеттен өз қағынан жерiген құланша суреттi-кiтапшадан айнып, үлкендердiң поэзиясына көшiп, оған балалар әдебиетiне тән анықтықты, нақтылықты, дидактиканы, ұтымды детальдi, сәттi штрихтарды алып келуге тырысты. Оның осы талабы сонау “Ой орманынан” әлге дейiн жалғасып келедi. Содан берi Қадырдың жазу машығы да, ойлау жүйесiнiң тәсiлдерi де, лирика жайлы түсiнiгi де, жалпы стилi де өзгерген емес. Сол себептi Қадырдың стилiнiң бiркелкiлiгi, өлеңдерiндегi композицияның бар-жоғы үш-төрт конструкцияның айналасында болып келетiндiгi, поэтикасының қара дүрсiндiгi, сөздi нақтылы түрде қолдануға тырысқандықтан сөйлемдерiнiң көп ретте аударма сықылды жасанды тартып тұратындығы бiрден көзге түседi. Оны өз қатарынан басқаша етiп көрсететiн де осы белгiлер. Бiрақ ол жеке дара стиль жасай алған жоқ. Оның өлеңдерiнен С.Маршак, Р.Ғамзатов, Қ.Кұлиев, Д.Кугульдинов, А.Кешоковтардың әсерiн, әсiресе оларға тән дидактиканы, мақалкештiктi, афоризмге құмарлықты, бұрыннан таныс әдеби тәсiлдердi, рационализмдi, т.б айқын аңдауға болады. Кейде Қадырды солардың қазақ әдебиетiнде жүрген бiр көлеңкесi ме деп те қаласың. Қадыр да олар сияқты мұп-мұздай, ақыл айтқыш. Ол өзiнiң әдеби ұстаздарының жолын ұстап, оқушы жұртшылыққа атам заманнан бермен нәрселердi алдын ала кесiп-пiшiп, солай болуға тиiстi деп, қысылып-қымтырылмастан жаза бередi:

 
Кiшiгiрiм мақсатпен
үлкен адам болмайсың!
 

Есiртiкi менен iшiмдiк —
заманның қарашылары.
 

Әзiл түбi дауға айналса, — сол жаман,
алғыр қыран шауға айналса (?),— сол жаман.
 

Ол кейде өзiнiң суреткер шайыр болуға тиiстi екендiгiн ұмытып кетiп, оқушыға тура, ашықтан-ашық жөн-жоба көрсете де сөйлейдi:

 
Түсiп қалған бастығыңның көзiнше
жаңа келген бастығыңды мақтама!
 

Оның кейде шешендiкке салынып, тiкелей жар салатын, тiлек те айтып қоятын, жұртшылықты әлденеден сақтандыратын кездерi де өте жиi:

 
Адам болып керегi не, ағайын,
алақаның (?) жұбатпаса сәбидi?!

 

Одан артық не керек,
одан артық не қажет?
 

Таусылмасын (?) әзiлдер —
допингiсi көңiлдiң.
 

Жақсылықпен тынбайды (?)
шегiнгенi қошқардың.
 

Қадырдың кейде өз жанына үңілiп, аздап сыр шерткiсi келетiн кездерi де болады. Бiрақ онысы өте сирек. Автор ондай сәттерi өзiн өзi қатал қолмен бұғаулап ұстап қала бередi:

 
Қуанта алмадық көлiкпен (?),
қуанта алмадым пәтермен (?).
 

Қадырдың шайырлық жөнiнде ең бiр көп жазған циклдарында өзiнiң өлеңсөздегi негiзгi шарттары, оған қоятын талап-тiлектерi жалпы декларацияның ыңғайпында боп келедi:
 

Жезiң емес —
өлеңге сезiм керек.
 

Зақым болып
жатсаң да басқарар ой (?),
ақын болып,
жазбаған масқара ғой, т.б.
 

Оның өлеңге керек компоненттердi осылайша жақсы бiлiп тұрғандығына қарамастан, өз жазғандарында ақыл айтып, шешендiк пен жалаң дидактикаға салынып, мақалкеш боп кете беретiндiгi кiсiнi таңғалдырады. Жоғарыда өзi “сезiм керек” деп бiлiп айтып отырса да, оның өлеңдерiне дәл осы қасиет жетiспейдi. Оған кеуiл бөлудiң орнына, “өлең жазбауды масқара” деп түсiнген шайыр алғашқы үш-төрт жинағы жарық көргеннен кейiн, шын мәнiнде, кiтап соңынан кiтап шығаратын жартылай автомат, күнi-түнi көз iлмейтiн конвейер болып алды. Бұлай жұмыс iстеу үшін әр өлеңге кiсiнiң өз жанының жылуын, қуатын құя беруi, бөлуi мүлдем мүмкiн де емес. Конвейерге дер уағында шикiзатты, шалафабрикатты жеткiзiп берiп тұратын робот қана керек. Одан әрi конвейердiң соңында әлгi шалафабрикатты басқа бiр “цехтар” сыртқы пошымын бiр қалыпқа келтiрiп, оның екi иығына екi үкі тағып, ең соңында өнiмнiң кiмдiкi екендiгiн растайтын хат-қағазға Қадырдың жеке “мөрiн” басып, шығара бередi, шығара бередi! Мiне, осындай үнемi үздiксiз жүрiп жатқан жұмыстың ақсап қалмауы үшін кiм-кiм де өз өнiмiн тез әрi орташа бiр дәрежеде көрiнетiндей етiп жасамақ боп, белгiлi бiр құйтұрқы айла-тәсiлдердi ойлап табады. Бұл салада Қадырдың жасаған тәсiлдерi жетерлiк. Ол, негiзiнен, өлеңнiң композициясына байланысты. Әрине, бұл жерде Қадырдың жасай қойған жаңалығы жоқ, оның қолданып жүрген тәсiлдерi поэзияда атам заманнан бермен бар нәрселер. Мен оның бiр-екеуiн ғана келтiре кетейiн.
Оның бiрi, Қадырдың өз өлеңдерiнде көп қолданатын үлгiсi — бiр шумдақтағы алдыңғы екi жолда айтылған информацияға соңғы екi жолдағы информацияны қарсы қою. Кейде бұл тәсiл кеңейе түсiп, екi шумақтың бiр-бiрiмен қарсы қою арқылы жасалады. Мұны Қадыр ертеректе өзi егiз шумақтарын қазақшалаған Р.Ғамзатовтан алған:

 
Топырақпен толтырмасаң (?) кезiнде,
тойымсыздың айналады (?) көзi iнге (?).
Жамандайсың (?) жамандығын басқаның,
сол жамандық табылмай ма (?) өзiңде?!
Өзiмшiл жан — қызғанышқа баспана (?),
Бойындағы (?) әдiлдiктi жасқама (?)!
Мақтанасың жақсыңды (?) айтып өзiңнiң,
сол жақсылық бiтпеген бе (?) басқаға?!
 

Осы екi шумақта таза қазақша ойланып құрылмаған тiркестер, метафоралар, өз орнында қолданылмаған сөздер, ұйқас үшін қолдан әдейi иiп әкелiнген конструкциялар бiрден көзге түседi. Мұнда қалайда негiзгi айтылатын ойды екi шумақта бiр бiрiне қарама қарсы келтiру керек деген талаптың салдарынан, екi шумақтағы алдыңғы екi жол мен соңғы үшіншi, төртiншi жолдың араларында байланыс мүлдем жоқ болып шыққан. Мәселен, “кезiнде топырақпен толтырмасаң, тойымсыздың көзi iнге айналады” деген олақ құрылған сөйлем мен келесi сөйлем мүлдем өзара байланыспай тұр. Одан әрi, осы шумақ пен келесi екiншi шумақтың арасында да еш байланыс жоқ. Сүйтiп бiр өлеңнiң бойында болуға тиiс тұтастық тәрк етiлген. Мұндай кемшiлiк Қадырдың барлық өлеңiнде дерлiк баршылық.
Мiне, осындай өте жасанды тәсiлдi жиi қолданатын оның өлеңдi жасайтын бiрнеше тәсiлi бар. Мен оның бiреуiне ғана тоқталамын. Әрине, шайырды көптен бiлетiн мен оның өлеңдi қалай жазатынын өз көзiммен көрген емеспiн, бiрақ та оның шығармаларының жазылу тәсiлiн ешқандай лупамен үңілiп жатпай-ақ аңғара алам. Жалпы оны Қадырдың өзi де жасырмайды. Қайта ол осы оқушының көзiне бiрден түсiп тұрған тәсiлiн өз жазуының ерекшелiгi ретiнде көрсетуге ықыласты сықылды. Оның барша өлеңiн сараптай келгенде, Қадырдың негiзгi айтпақ болған ойын әр шумақтың үшіншi және төртiншi жолдарына телитiнiн аңғарасың. Содан кейiн осы екi жол бiр өлеңде қанша шумақтың болатынына қарай өсiп отырады. Мәселен, мен оқушыға конструкциясын көрсеткелi отырған өлең 5 шумақтан құралған. Соған орай Қадыр алдын ала мынадай 5 рет қайталанатын 5 үшіншi және төртiншi жолды қағазға түсiрiп алады:

 
1. Самғамайды тоқ қыран,
түлкi алмайды тоқ тазы.
 

2. Жиi тезек тастайды,
жол үстiнде тоқ есек.
 

3. Есiктегi тоқ төбет
ерiнедi үруге.
 

4. Терiс қарап қорылдар
тояттаған жiгiттер.
 

5. Ыржың-ыржың күледi
той үстiнде тоқ көңiл (?).
 

Мiне, осы “тоқ” деген сөздiң бес рет қайталануы оның негiзгi айтпақшы болып отырған ойына қарай меңзейдi. Бұл әлi толық өлең емес, ендi осы 5 егiз жолға оның алдынан келетiн 5 егiз жол табу керек! Соны көздеген Қадыр қалайда “тоқ тазы”, “тоқ есек”, “үруге”, “жiгiттер”, “тоқ көңiл” деген әлгi қос жолдың ұйқасында тұрған сөздерге қолайлы ұйқас табу үшін неше түрлi құйтырқы жасап, қиыспайтын нәрсенi қиыстырып, олардың өзара iштей байланысып, байланыспай тұрғандықтарына қарамастан, қалайда әлгi 5 егiз жолды ойлап табады. Сонда олар мынадай болып шығыпты:

 
1. Сөзден артық жоқ мұрам,
сөздiң биiк Кавказы…(?)
 

2. Байтал түгiл бас қайғы
болар…
Шүкір демесек! (?)
 

3. Қасiрет, мұң жоқ дем,
дайын тұрған кiруге (?).
 

4.Көп пайдалы орындар (?),
одан да көп үмiттер (?).
 

5. Ойлы ауылдың (?) түлегi
жердегi емес —
көктегi ұл (?).
 

Ендi жоғарыда тұрған қос жолдармен iштей, өзара байланысы әлсiз, тiпте кейде ол жоқ боп келетiн осы соңғы қос жолдарды Қадыр монтаж жасап, жоғарыда нөмiрленген қос жолдардың алдарына апарып қоя салады! Сонда 5 шумақтан құралған өлең дем арасында дайын болып шыға келедi! Одан кейiн осы тәсiлмен “өлеңдi” инкубатордан шыққан балапандардай етiп, мың-мыңдап, қолдан жасай беру еш қиын емес! Тек ерiнбесең болғаны!
Әрине, бұл әдеби қарапайым технологияның бiр сыры ғана. Өлеңдi қолдан жасауда Қадырдың бұдан басқа да ойлап тапқан әдiстерi мен тәсiлдерi жетерлiк. Оның өзiнiң осы бiр жасандылығын кейде ұмыттырып жiберетiн қасиеттерi де баршылық. Қадырдың көзi өте қырағы, тұрмыс-тiршiлiктегi майда-шұйда детальдарды жақсы көредi және оларды сықпа құрттай етiп сығымдап, афоризм дәрежесiне дейiн жеткiзiп, шолақ сөйлемге түсiре бiледi. Оның үстiне көп ретте юморы, әзiлi Қадырдың кемшiлiгiн көрсетпей де жiбередi. Сонымен қатар оның көлемi өте қысқа боп келетiн өлеңдерi оқушыны онша жалықтыра қоймайды. Бiрақ мұның бәрi де шынайы шығарымпаздықтың сиқырлы бiр отынан жылу алмаған, жанданбаған, жансыз, өлi ұсталық, қарапайым мiсекерлiк қана! Оның өлеңдерiнiң үлкен поэзияның аулынан қашық жататын себебi де осыдан.
Ол бiзге әр түрлi нәрсе жайлы айтады, хабар-ошар бередi, қызық деректердi, детальдарды келтiредi, теңеулер мен метафораларды iздеп табады, сосын оларды өлеңнiң композициясына жоғарыда көрсетiлгендей тәсiлмен зорлап, қинап тыққыштайды, бiрақ мұның барлығы да қаны, жаны бар өлең болып шықпайды. Басқаша айтсақ, бұл жерде көркемделген үлкен поэзия атымен жоқ! Мұны:

 
Өлеңсiз
өмiрдiң
өзiнде жылу жоқ, —
 

деп Қадырдың өзi де ашық мойындайды. Осы сөйлемдi керiсiнше құрсақ, “өмiрсiз, тiршiлiксiз өлеңнiң өзiнде де жылу жоқ”,— болып шығады! Бұны Қадырдың өзiнiң ұзақ санын бүгiндерi ешкiм де есептеп шыға алмайтын, үйте қоюға компьютердiң де шамасы жетпейтiн, мыңдаған, қансыз, жансыз, “жылуы жоқ”, өлi туған өз өлеңдерiне берген әдiл бағасы деуге әбден болады!

 

Қазақ поэзиясында осындай мақалкештiк, дидактика өрiстеп тұрған кезде, Кеңес әдебиетiнде бiр замандары мода болған притчашылдық, мысалшылдық деген нәрсе қолайсыз бiр түрде бой көрсете бастады. Оған алғашқы кезде оқушы жұртшылық онша жатырқап қарай да қойған жоқ. Оның себебi жоқ та емес-тi. Ол кездегi оқушылар Крыловтың әр жағы Эзоп, бер жағы Лафонтеннен алған, Абай аударған мысалдарын мектеп қабырғасында жүргендiрiнде-ақ бiлетiн едi. Оған қоса өзiмiздiң осы тақылеттес аңыз-әңгiмелерiмiз, аллегориялы ертектерiмiз және бар. М.Шахановтың өте орашолақ жазылған алғашқы мысал өлеңдерiн жұртшылықтың эстрададан оқылған кезде ду қол шапалақтап қарсы алғандықтары да сондықтан болатын. Бiрақ бұл жерде шынайы мысал мен жалған мысалшылдықтың арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екендiгi ескерiлмедi. Әдетте Шығыстың “Тотынамасында”, басқа да кiтаптарда айтушы кiсi мысалдың мән-мағынасын тыңдаушыға егжей-тегжейлi түсiндiрiп жатпайды, оны қалай түсiнудi оқушының өзiне қалдырады. Ал Шаханов болса, шын мәнiнде притча, мысал деуге болмайтын, онан-мұнан естiген, әлдеқандай баспасөздiң беттерiнен көрiп қалған, бiреулер айтқан жәйттердi үнемi жолы 15 буын боп келетiн, қазақ өлеңiне онша тән емес ырғақпен жазып шығып, соны ежiктеп түсiндiрiп жатады. Бұл көбiне ақыл-есi әлi толыса қоймаған жас балаға ертек айтып, соны ұғындырып жатқандай қолайсыз бiр әсер қалдырады. Көп жерде автордың өзi әңгiме етiп айтып отырған жәйттердi шала бiлетiндiгiн, тiпте оны ұзынқұлақтан есiтiгендiгiн анық көрсетiп отырады. Мәселен, ұлы Махамбеттi Баймағамбеттiң жұмсауымен хорунжий Ықыластың өлтiргенi мектеп оқушысына да белгiлi жәйт. Мiне, осыны бiлмейтiн М.Шаханов Р.Чардабаев айтты деп, “Нарымқұм зауалы” дегенiнде Махамбеттi басқа бiреуге өлтiртедi, ал оны өз әкесi садақпен атып өлтiредi. Ал “Түсiнiсу теоремасы” дегенiнде Л.Толстойды “жә, кемпiрiм” деп сөйлетiп, қазақтың бiр шалы етiп қоя жаздаған, орыс жазушысының өз үйiнен қалай қашып кетiп, Астапово деген стансада қалай қайтыс болғандығынан мүлдем хабарсыз Шаханов ол жайында “мысал” өлең жаза бередi! Оның Ақсақ Темiр мен Хафиздың Самарқанда “кездесуi” жайлы жазғаны да шындыққа еш жанаспайды. Ол тiпте қазақ халқының тарихын да шала бiлетiндiгiне қарамастан, неше түрлi “формула”, “геометрия”, “механиканың алтын заңдарын”, т.б. тақырыпқа шығарып, оқушының аузын аша түсудi ғана көздеп, сала құлаш нәрселердi жаза бередi. Бiрақ одан туындап жатқан үлкен мазмұн мүлдем жоқ. Оның осындай орашолақ жазылған, қаны-жаны жоқ, өлi мысалдарында дидактика, шешендiк, жәй нәрсенi оқушының аузына шайнап салу, көп сөздiлiк басым.
Шаханов қит етсе болды, “рухсыз”, “рухы” жоқ, оның өз сөзiмен айтқанда, “матбайлықпен (?) (материальное богатство дегеннiң қысқарған түрi!?) айналысып кеттiңдер” деп әлдекiмдерге кiжiнiп болады. Бұл жердегi дәлсiздiк сол, — кiсiнiң бұ дүниеде өз жисмiнiң дұрыс қызмет етуi үшін қорек болатын керектi заттармен қамтамасыз етуi үшін ауызға жерге жемiн тауып жеп, дүние-мүлiк жинағаны мен оның жан дүниесiнiң арасында соншалықты жер мен көктей айырманың жоқтығын ескермей, оларды мүлдем екi бөлек нәрсе деп қарастырған баяғы затшыл философиядағы келеңсiздiктi, оның парқын түсiнбей, тереңiне бармай, Шахановтың жерден жетi қоян тауып алғандай, бостан-бос шуылдап жүргенi. Шындығына келгенде, басында мыйы мен сөйлейтiн тiлi бар Адам Сәпидiң, өзiнiң дамуы жағынан ғылым-бiлiм мен мәдениеттiң ең төменгi сатысында тұрса да, белгiлi бiр рухы болады. Рух тек сөйлей, ойлай алмайтын хайуан мен жан-жануарда ғана болмайды. Мiне, осыны түсiнбеген Шаханов күллi халықты, соның iшiнде қазақтарды, “компьютербасты жарты адамдар”, “надандар”, “жарты ұстаздар, жарты бастық, жарты қыздар, жарты ұлдар” деп, әбден жер-жебiрiне жетiп, балағаттап, сөгiп болады. Бұл жерде “орысша бiлгiш” Шаханов өзiнiң сауатының қандай екендiгiн тағы да анық көрсетiп отыр. Ол орыс тiлiндегi “получеловек”, “полуначальник”, т.б. деген сөздердi калька ретiнде тура көшiрiп алған. Мұның шын қазақшасы мүлдем басқаша. Ол өз алдына. Жалпы оның жазып жүрген “өлең-мақалаларының” барлығы да, шын мәнiнде, қазақша ойлап, қазақша жазылған нәрселер емес. Мысалға оның “Компьютербасты жарты адамдар” (Рухсыз күш формуласы) дегенiн оқып көрелiкшi. Мұның тақырыбында тұрған “Рухсыз күш формуласы” деген тiркес орыстың “формула бездуховных сил” дегенiнiң тiкелей анайы, жабайы көшiрмесi ғана. Таза қазақ өмiрi бұлай деп айтпайды әрi “күш” деген сөздi “кiсiлер”, т.б. деген мағынада қолданбайды. Мұндай келеңсiздiк осы “мақаланың” өне бойында толып жүр:

 
— Аға, неше балаңыз бар соңыңыздан самғаған? (?)
Ал, дәл (?) айтсам, үш ұлым бар зерек әрi бiлiмдi,
үшеуi де ғылым қуып, назарға ерте iлiндi (?)
Сол үш ұлдың бiрi ғана қайсар, (?) ұшқыр (?) арманын,
техникалық санаты (?) мен ғылыми өр (?) талғамын (?)
өз ұлтының сан ғасырлық рухына жалғады (?),
содан шуақ, (?) қуат алып, ғаламдық ой (?) толғады(?).
Екi ұлымның тағдырында бiр өзгерiс (?) болмады,
екеуi де жалаң бiлiм (?) шеңберiнде (?) сорлады.
Рухы, жаны аласаның (?) зорлық (?) жатыр парқында (?),
сондықтан қос перзентiмдi санаймын мен жарты ұлға (?).
 

Осы үзiндiдегi мен сұрақ белгiсiн қойған тiркестер мүлдем қазақша емес. Қай қазақ “соңынан самғаған бала”, “назарға iлiндi”, “қайсар, ұшқыр арман”, “техникалық санаты”, т.б. деп айтады? Мұндағы “ғылыми өр талғам” деген тiркестi қалай түсiнуге болады? ұлым немене кiсi талғап, iрiктеп оқитын әдеби шығарма ма? Одан да сорақысы, — “техникалық санат” пен “ғылыми өр талғамды” “өз ұлтының сан ғасырлық рухына” қалай “жалғауға” болады? “Жалаң бiлiм шеңберi” деген қандай қазақша тiркес? “Рухы, жаны аласа” деген не сөз? Мұның бәрi де баяғы КазТАГ-тың қасаң аудармасының үлгiсi емес пе? Оны айтпағанда, ғалым болып, жоғары бiлiм алған үш баласына “жалаң бiлiм шеңберiнде сорлады” деп, қарт кiсiнiң өкпелейтiнi несi? Ау, ғылым деген әлгi айтып отырған мәдениетiмiздi, техникамызды, т.б. iлгерi жылжытатын, дамытатын ең бiр қуатты нәрсе емес пе? Сонда ғылымды жақсы меңгерген оқымысты екi баланы қалайша “жарты адам” деуге болады? Жалпы қандай да елдiң болмасын өзiне тән мәдениетi мен рухани дүниелерiне тiкелей байланысы бола бермейтiн ғылым-бiлiмдi “өз ұлтының сан ғасырлық рухына жалғау” мүмкiн бе осы? Бұл барып тұрған надандық емес пе? Мәселен, Аристотельдiң атақты рисәлаларын араб тiлiнде тәфсирлеп, түсiндiрiп берген әл-Фарабидың еңбектерiнен қандай “өз ұлтының сан ғасырлық рухына жалғаған” сәттi көру мүмкiн? Жалпы белгiлi бiр ұлттың менталитетiнiң аясында қалмайтын, белгiлi бiр ұлттың сын-сипаты көрiне қоймайтын, негiзiнен, бiрыңғай логикаға сүйенетiн (сезiмге, түйсiкке т.б. емес!) ғылым мен рухани мұралардың арасындағы айырмашылық мүлдем бөлекше емес пе? Оның үстiне Шахановтың компьютерге, баяғы орта ғасырларда машинаны қиратқан тентек луддиттердей, соншама үрке, шошына қарайтыны несi? Ау, есептегiш деген адамның ақыл-ойының ең бiр дамығандығын көрсететiн тамаша техника емес пе? Бiр ғана мысал. Мәселен, калькулятор бiр секундтың iшiнде ондаған, жүздеген, мыңдаған т.б. санды қосып, көбейтiп, бөлiп, оларды процентке шағып, түбiрден шығара алады. Осыны жәй қалам, қағаздың көмегiмен есептеп шығару үшін көп уақыт керек. Сонда адамның осы жұмысын барынша жеңiлдеткен компьютер соншалықты құбыжық па? Ау, ол деген сол Адам Сәпидiң ақыл-ойының арқасында жасалған нәрсе емес пе? Одан тыс, адамның мыйы қанша дамыса да, жетiлсе де, алдын ала жасалған бәрнама-программамен жұмыс iстейтiн компьютерше өмiрi iс-әрекет ете алмайды. Ондай аса қабiлетi бар кiсiлер мың жылда бiр рет қана туылады. Сонда басының бәрi компьютерше жұмыс iстеп жүрген, “компьютербасты” боп кеткен бүгiнгi кiсiлер шеттерiнен ерекше қабiлеттi болса, онда ол таптырмайтын байлық емес пе? Керiсiнше бiздiң азаматтарымыз кәзiр сол компьютердiң техникасын Европа жұрттарына қарағанда кешеуiлдеп үйренiп жатқан жоқ па? Шахановтың көзге түсiп қалайын деп осылайша шу шығарып отырғаны, баяғы Кеңес заманында “ойбай, техника деген адамның жанын жұтатып бiттi, құрыдық, өлдiк!” деп өтiрiк айғай-шу шығарған, кейiнiнен сол Кеңес мемлекетiн құлатқандардың әзәзiл әрекетiн еске түсiрмей ме?
Осы “өлең-мақаланы” одан әрмен оқып отырып, адам таңғаларлық, өте олақ құрылған калькаларға, қолайсыз, анайы, тұрпайы метафораларға тап боламыз:

 
…мына заман ақпалы (?)
…көз аулдыңда өнеге боп жарқылдар (?)…
…iзгi үмiттi жалаң (?) бiлiм (?) өтер ме? (?)
Зұлымдық та бiлiм-қызға (?) ғашық болып сүйiстi (?),
кiм тежемек, кiм қайырмақ бұл пенделiк күйiстi? (?)
…көзсiз елiктеудiң жарқылы (?)
Қанатты ойын (?) келер күнге аққу етiп (?) оздырған (?)
Бес жүз қабат үй салу да емес бүгiн боз (?) елес (?)
Жол бар ма екен аман өтер пенде-мүдде (?) орманнан (?)
Ньютон ашқан үшіншi заң ненi (?) үндейдi (?)…
Ұқсас, тектес жебiр (?) ойлар бiр бағытта асқынса (?)
Қоғам қалай ұстамақшы әдiл ойдың (?) шылбырын (?)
Бүгiн өлу жеңiл (?) маған,
осы рухсыз (?) жеңiстердiң (?) ертеңiне сенгенше… т.б.
 

Мұндағы сұрақ белгiсi қойылған, орысшадан қалай болса солай тiкелей аударыла салынған сөздер мен сөз тiркестерiн, тұрпайы метафораларды нағыз қазақ басқаша етiп тәржiмәләйды. Бұл жерде орысша мүлдем бiлмейтiндiгiне қарамастан, “орыс тiлiнде роман жаздым” деп күллi жұртшылыққа өтiрiк айта беретiн, қазақша тiлiнiң өзi өте кедей, шалағай Шахановтың көркемделген поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мынадай қойыртпақ “өлең-мақалаларын” сөз етiп жатудың өзi артық. Турасын айтқанда, Шахановтың өзiн өзгелерге “классик” дегiзiп, асыра дәрiптетiп жүрген әлгiндей өте олақ жазылған “өлең-мақалаларының” көркемделген әдебиетке еш қатысы жоқ! Олардың жорналнамаға және қатысы жоқ. Бұл, шын мәнiнде, “әдеби вирус” әбден жұлын тұтасын кеулеген, буынына жегi құрт боп түскен, жадағай публицистиканы малданып, жұртшылықтың талғамын бұзып жүрген сауатсыз шатпақ қана! Қазақ әдебиетiнде 40 жылдан астам уақыт бойы еңбек етiп жүрген өз басым мұндай кер кетудi, мұндай сорақылықты көрген де, естiген де емеспiн.

 

Әдебиетiмiзде осындай қолайсыздау қос “бағытпен” қатар бұрынғы 60-ыншы жылдардың ыңғайынан шыға алмай, солардың тақырыбы мен лексикасын малданып, өз жандарынан поэзияға ештеме де қоса алмаған, кәзiргi өлеңсөздiң дамуына кедергi келтiрiп, оның шаужайына жармасып, алға басар қадамын керi кетiрiп жүрген үлкен бiр лек бүгiндерi қосымша артылған ауыр жүкке айналып отыр. Бұлардан басқа Есениннiң ықпалын көрген, Қадырдың жансыз нақтылығын, әр түрлi тәсiлiн үлгi еткен, француздар мен орыстардың декаденттерiнiң тәжiрибелерiне тiкелей елiктейтiн және бiр лектiң барлығы да бүгiндерi айқын сезiле бастады. Қалай дегенмен де мұның бәрi де сонау 60-ыншы жылғылар бастаған күрт қозғалыстың қалған жердегi инерциясынан шыға алмай жүр. Бұлардың тiлге тиек еткен тақырыбы да, қозғап жүрген мәселелерi де, поэтикасы да, жалпы эстетикасы да мүлдем жаңа емес. Бүгiнгi поэзиямыз, шындығын айтқанда, бар-жоғы өткенде болған нәрселердi көшiрiп ала сап, жаңа жағдайда оның өңiн өзгертiп, шаңын қағып, бет-аузына опа-далап жағып, екi иығына үкі тағып, жаңа етiп көрсетуге тырысқан көзбояу, бұрынғы бар нәстенi қайталау ғана! Мұндай жағдай әдебиеттiң өтпелi кезеңiнде бола бередi. Мiне, сол 60-ыншы жылғылар мен кейiнгi ұрпақ жасаған әдеби тәжiрибелердiң басын қосып, ерекше “коллекция” жасауға тырысып жүрген Н.Оразалиннiң “Құралайдың салқыны” және “Ғасырмен қоштасу” дейiн екi томдығы бiзге инерция заңының әдебиетте қандай болатындығын айқын көрсете алады.
Оның осы екi томдығына 350-дей өлеңi енiптi. Мен Оразалиннiң осы екi кiтабын оқып шыққаннан кейiн, қазақтың өлеңсөзiне баяғыда-ақ дендеп кiрiп, оның бүткiл организм-жисмiн жайлап ап, жалпы көркемделген өнерге тән негiзгi шартын, кодын жойып жатқан тағы да бiр “әдеби вирусқа” тап болдым. Ол iндеттiң аты — өлең жанрындағы “мен” деп айтылатын бiрiншi жақ пен жалпы қазақ қауымында болып жатқан iрi-iрi уақиғаларды, өзгерiстердi, жаңадан туындаған ой-пiкiрдi, ел тағдырын, оның уайым-қайғысын, алаңын, iстеп жатқан қам-қарекетiн, отбасындағы тұрмыс-тiршiлiгiн, ата мен баланың, еркек пен әйелдiң арасындағы қарым-қатынасты, т.б. өлең кейiпкерiнiң жан дүниесiнен өткiзiп, оны өз ойы, өз толғамы, өз күйiнiш-сүйiнiшi, т.б. ретiнде қазақ қоғамына етене тән етiп, көркемдеп, поэзиядағы жасалатын образ арқылы көрсете бiлмеу. Мұны ескерудiң орнына, бiздiң шайырларымыз азамат ретiнде өз позициясын көрсетем деп, жалаң публицистика-жамиғатнамаға, жалпыламалыққа, бос шешендiкке, дiлуарлыққа салынады, болмаса “меннiң” аясын өте тарылтып, тек қана қарақан қара басының не сезiп, не қойғанын, кiмнен таяқ жеп, кiммен дос болғанын, т.б. айтып кетедi. Бұл жерде саналы суреткер шайырдың саналы түрде өмiрдiң материалын көркемдеп, бiр тұжырымға кеп, негiзгi басты идеясына қарай бағыттап, олардың бастарын қосып, синтездеп, бiр қамытқа жегiп, бiр тертеге таңып жiберуi атымен жоқ. Демек, көркемделген поэзия да жоқ! Мен сол ойымның дұрыстығына мына екi кiтапты оқып шыққаннан кейiн әбден беки түскендей болдым.
Ең алдымен айтарым, — соңғы жинақтың атына бадырайтып шығарған “Ғасырмен қоштасу” деген сөз (негiзгi идея осы ғой!) өзiн өзi ақтап тұрған жоқ. Шын мәнiнде, осындай үлкен тақырыпқа қол созғаннан кейiн, қазақ халқының тағдырына төңкерiс, қауымдастыру, аштық, 37-iншi жылғы қан-қасап қырғын, Отан соғысы, соғыстан кейiнгi аз ғана уақытқа созылған мамыражай заман, Кеңес билiгiнiң күл-талқан болуы, жабайы капитализм арқылы адамдардың сана-сезiмiнiң күрт өзгеруiне қатты ықпал еткен қатал ғасыр бiз түгел iргелi орыс әдебиетiнiң өзiнде әлi де көркемделiп игерiлген емес. Осы үлкен тақырыптың қалай игерiлгенi жөнiнде үлгi болатын туынды бiзде де, басқа әдебиетте де әлi бой көрсете қойған жоқ. Соның орнын толтырсам деп талап қылудың орнына, Оразалин баяғыдан таныс, әбден таптаурын болған ескi iзге түсiп ап, жалаң публицистиканы қанағат тұтып, ғасыр, заман, ел, халық, қоғам, т.б. туралы сырттай толғанған болады, бiрақ мұның барлығы да мүлдем жалпылама айтылған, аяғы қазақ топырағына тимеген жалаң сөз боп қана шыққан. Оның “Ойым осы”, “Жылға тiлек”, “Оба түбiндегi ой”, “Атажұрт”, “Нәубет үнi”, “Мәңгiлiк”, “Жаңа алаңда…”, “Ғасыр”, “Мен ғаламның…”, “Теңiз-үрей”, “Тағдыр-қайғы”, “Қайыршылық”, т.б. дейтiн өлеңдерi осыған дәлел. Оларды оқып отырып, бiз өлең жолына олақ түрде түсiрiлген газет мақаласын оқығандай әсерде қаламыз. Мұндай лирика кейiпкерiнiң жан дүниесiнен өтпеген, жиналыста желпiне сөйленетiн сөздердей күпсiп, гүмпiлдеп, мүлдем жалпылама айтылған, аузы ашылған шампанша көпiршiгi жетерлiк өлеңдер мына екi жинақта 50-дан асады (“Ақпараттар кезуде”, “Келер ғасыр”, “Сызы бiр”, “Ел сүйсе”, “Түн. Азаттық алаңы”, “Кел, тағдырым”, “Асау ғасыр”, т.б.).
Осы жерде мен өзiмнiң оңаза оппоненттерiмнiң маған “өлеңнiң санын санағыш”, т.б. деп тағып жүрген бiр айыбына жауап бере кетейiн. Мен кiм көрiнгеннiң жинағындағы өлеңдердi ерiккеннен не iшiм пысқандықтан санап жүрген жоқпын. Бұл жердегi мәселе автордың өз жазғандарын қаншама дәрежеде iрiктеп, селекциядан өткерiп, өзiнiң жазған дүниелерiн белгiлi бiр жүйеге келтiре алды ма, алмады ма дегенде жатыр. Оның үстiне бұл нәрсе кез келген шайырдың жалпы шығарымпаздығына тұтастай көз салып, ол көтерген мәселелердi, тақырыптарды, ол iштей (сырттай да!) сомдаған өлең кейiпкерiн (кейiпкерлерiн де!) жан-жақты салыстыра отырып қарастыруға көмек бередi. Оған қоса бұл селекция автордың басты дүниелерi мен екiншi, үшіншi т.б. қатардағы, ертең-ақ тозып қалатын шығармаларын анықтауға өз септiгiн тигiзедi. Мiне, осы талаппен үңілгенiмде осы екi жинақта Оразалиннiң қазақ поэзиясын әбден жайлап ап, оның денсаушылғына әбден зиянын тигiзiп жатқан “әдеби вирустан” мүлдем “қоштаса” алмағанын анық көргендей болдым.
Қазақ поэзиясында жақын кiсiлерiне жыр арнау, той-думанға, юбилейге, т.б. арнап өлең жазу бүгiндерi үлкен бiр iндетке айналып отыр. Жарайды, жаз! Бiрақ ондай автордың отбасында, жолдастарының арасында ғана қалатын дүниелердi қалың оқушыға ұсынудың қажетi қанша? Мәселен, жиын-тойда, кейде оңаша отырғанда, кiм-кiм де ән айтады. Ендi вокалдың не екендiгiн бiлмейтiн, ешқандай да даусы жоқ сондай кiсiнi маман әншi деп үлкен эстрадаға шығарсақ, не болады? Маманданған жазба поэзияда да сондай! Мен бұл жерде жалпы поэзияда жиi қолданылатын тiкелей арнау формасын қолданба деп отырған жоқпын, мәселе бұл жерде осы арнаудың автордың жеке басының аясынан шыға алмай қалып жатқандығында болып отыр. Мiне, осындай “өлең” мына екi жинақта 30 шақты! Оразалин өзiнiң жолдастарына, достарына, жақын-жуығына, баласына, тiпте өз әйелiне (ол бiр цикл!) де өлең арнап жаза бередi (Эльмираға, Ризабекке, Еркебұланға, Нұрқанатқа, Әдiлбекке, Босатқанға, Б.Қыдырбекұлына, Бағланға, А.Сүлейменовке, Сағатқа, Ә.Сығаевқа, Смағұлға, әйелi Фәукенге (12 өлең!), т.б.). Мен бұған ауданның, облыстың белгiлi бiр даталарына, атақты қаламгерлердiң дуылдаған тойларына орай жазылған оннан аса құттықтауды қоспай отырмын. Бұл жағынан алғанда Оразалин “арнау жанрының алыптары” М.Шаханов пен Ұ.Есдәулетпен толық түрде иық теңестiре алады! Тек бұл жердегi аз ғана айырмашылық, — Мұхтар мен Ұлықбек лауазымды, астында — тағы, басында — бағы бар, қалтасы қалың кiсiлерге ғана өлең арнап, олардың кеуiлдерiн ауласа, Оразалин олардан дәрежесi төмендеу кiсiлермен ғана шектелген! Бұдан кейiн жiгiт ағасының жасынан баяғыда асып кеткен, әдебиет тарихында айтылатын хан мен би-болысты, алпауыт байларды мақтап өлең шығарған “кiтәби ақындардың” дәрежесiне баяғыда-ақ көтерiлiп алған осындай қаламгерлердiң қолайсыз “үлгiсiн” ұстанып, ертең кейiнгi жастардың “поэзияда “арнау” дейтiн арнаулы “жанр” ашып, оларды “социалистiк жарысқа” шақырып жүрмесiне кiм кепiл?
Бiздiң жырымыздағы етек алған ендiгi бiр вирустың түрi — өлең туралы өлең жазу. Мен осы арада қарасөзшi әңгiме туралы топылтып әңгiме жаза берсе, не болар едi деп бiр оңаза ойға батамын. Әрине, “шыжық” болар едi. Бұл жерде шайырдың өз өнерi туралы ойланып-толғанып, ой-пiкiр айтуына менiң еш қарсылығым жоқ. Бiрақ бұған көркемделген поэзияның не қатысы бар? Егер өлең жайлы ой айтқың, мәлiмдеме, декларация жасағың келiп бара жатса, — онда мақала жаз! Бұл арада қарасөз бен публицистика дамымай тұрған кезде ғылым, педагогика, этика, т.б. жөнiнде өлеңмен “мақала” жазатын орта ғасырларда әбден етек алған тозған үрдістi бiздiң заманымызда ұстана берудiң не жөнi бар? Оны қоятын уақыт жеткен жоқ па? Бiрақ бiздiң қазақтың шайырлары екi сөзiнiң бiрiнде өздерiн “мен ақынмын”, “талантпын”, “алыппын”, “қалғандарың қыртсыңдар”, т.б. деп кеуде соғып, астамси беруден еш те танар емес. Бұған Оразалин де барынша “үлес” қосыпты.
Оның мына екi жинағында өлең, өнер, т.б. туралы жазылған шығармалары 70-ке жуық (“Жыр-бата”, “Шабыт шақыру”, “Ақын болу хақтың iсi”, “Жырға түс…”(9 өлең!), “Мiнез”, “Сезiну”, “Ағыл да тегiл жыр күттiк”, “Кешiрмей, өлең”, “Өлең iздеп”, “Өтерiмдi”, т.б.). Бұған оның әр өлеңiнде дерлiк жиi кездесiп отыратын жыр, өлең шығару, ақын, т.б. жайында айтылған жолдарын, шумақтарын, қолданылған теңеулерiн қосыңыз! Сонда 600 бет келерлiк қалың екi жинақ өлең жайлы жазылған трактат не автордың ол жөнiнде айтқан ой-толғамы сықылды боп әсер етедi. Сүйтiп осы екi кiтапқа енген 350-дей шығарманың жартысынан астамын арнау, өлең туралы жазылған өлең, жадағай публицистика мен жалпылама айтылған дүниелер алып жатыр! Қалғанының 70 пайызына жуығы Оразалиннiң өз басынан не өтiп, не қойғаны, не көргенi жайлы жазылған, субъективизмi, күйректiгi басым, көзiнен жасы сорғалаған нәрселер. Бұларды шығармалардың жалпы санынан алып тастағанда, бүгiнгi поэзияға қоятын қатаң талапқа жауап берем деп дәме де қыла алмайтын не бәрi 20-30 өлең ғана қалады! Бұл осы екi жинаққа енген 20 мың жолдай өлеңнiң 1-2 мың жолы ғана деген сөз! Бұл процент-файызға шаққанда… жинақ-тың бестен бiрi ғана деген сөз! Сонда жинақтың бестен төрт бөлiгi құр далаға атылған оқ болып шығады!
Осы жинақты оқып отырып сыншы емес, өлеңнен хабары жоқ қарапайым кiсiнiң көзiне бiрден түсетiнi — белгiлi бiр композицияның, шығарма құрылысының өте жиi қайталана беретiндiгi. Оны оқушы жұртшылықтың дұрыс түсiнуi үшін мысал келтiрейiн. Оразалиннiң кiтапты алғашқы беттерiндегi бiр өлеңi былайша басталады:

 
Түнде жүдеу (?) көрдiм мен аспанда Айды,
түнедi (?) кеп қалаға қашқан қайғы (қайдан?).
Өрт тигендей (қай жерiне?) өзiмнен шошыдым мен…
Неге?
Неге?
Көзiмнен жас тамбайды? (не үшін?)
(12 б.)
 

Бұдан кейiн келетiн төрт шумақта “сезiм”, “сұп-суық ойлар”, “жыр”, “азап” туралы жалпылама айтылады да, өлең алдыңғы шумақты қайталап, бiрер сөзi өзгертiлiп:

 

Түнде жүдеу көрдiм мен аспанда Айды,
жеткiзбедi (кiмге?,) кеттi ұзап (қайда?) қашқан
қайғы (кiмнен?)…
Өрт тигендей өзiмнен шошыдым мен…
Неге?
Неге?
Көзiмнен жас тамбайды? —
 

боп бiтедi. Бұл жердегi әлгi қайғының неден, қай жерден қашып жүргендiгi, одан лирика кейiпкерiнiң не себептi шошынатындығы, оның көзiнен нелiктен жас тамбайтындығы, оған не себепшi екендiгi, оардың күгірттiгi, ашылмағандығы, т.б. жөнiнде сөз айтып жатудың өзi артық. Тек қана өлеңнiң композициясын қарастырайық. Сөз жоқ, автордың өз шығармасын неден бастап, немен аяқтауына хақысы бар. Әрi мынадай бiр шумақты бас пен аяқ жақта тоғыстырып, рама жасап, өлеңдi түйiндейтiн тәсiл бұрыннан белгiлi. Жарайды, оны автор қолдана қойсын. Бiрақ бұл тәсiлдi 3 өлеңде, 5 өлеңде, асып кетсе, 10 өлеңде қолдануға болар. Ал бүткiл осы жинақтың көлем жағынан тең жарымынан астамын алып жатқан табаны күректей 77 өлеңде қайта-қайта қолданудың не ретi бар? (“Тәңiрiм-ай”, “Түнде”, “Уақыттың”, “Ұнайды деп”, “Мен ғаламның”, “Өзгерген жер”, т.б. Мұның бәрiн тiзiп шығудың өзi қиын!). Егерде әр өлеңдi өз құрылысы, бөлекше айтар ойы, тосын кескiн-келбетi, т.б. бар бөлек тұрған дүние деп бiлсек, онда олардың барлығын бiр тәсiлмен бiр рамаға тыққыштай бергенiмiз бiркелкiлiк, бiр типтiлiк болып шықпай ма? Одан оқушы мүлдем жалығып кетпей ме? Әрi-берiден соң бұл автордың ойлау жүйесiнiң бiркелкiлiгiн, мешеулiгiн, әбден тоқырағанын, қасаңдығын көрсетпей ме? Әлде мұны да осы кiтаптың аннотациясында көптiре: “…қазақ өлеңiнiң көрнектi өкiлi (?) Н.Оразалиннiң жаңа жинағына енген”, “ала-ман (?) ойлар мен сұрапыл (?) сезiмдердi, киелi (?) ұғымдар мен дүниелiк танымдарды (?)” “асқақтата жырлаған” деп жазылған жалған сөздерге сенiп, әдеби композициядағы тосын жаңалық, ерекше оқиға деп бағалаймыз ба?
“Ғасырмен қоштасуда” да, “Құралайдың салқынында” да, ең бастысы, өткен заманмен қазақ халқының қалай қоштасқаны, одан қандай сабақ түйгенi, ол жайлы күйiнiш-сүйiнiшi, ой-толғанысы, оны қалай қабылдап, қалай ұзатып салғаны, т.б. туралы бiрде бiр сөз жоқ. Осы екi жинақтағы iлiп алар бар-жоғы 20-30-ға жуық өлеңнiң өзi бас-аяғы бар, бiртұтас дүние ретiнде әсер ететiн, төрт құбыласы сай келген кемел шығармалар емес. Оның арасында да жалпылама айтылған, публицистикасы басым нәрселер кездесе бередi. Мәселен, автор “Қан төгiлдi” дейтiн өлеңiнде қанның нақақтан төгiлгенiне ешқандай да қынжылмастан, күйзелместен, 7 шумақтың басында осы “қан төгiлдiнi” қайталап (бұл да әбден тозған тәсiл!):

 

Дүниенi айналдырған (қалай, несiн?) кiл ептi…
Өз заманым өзiме жат…(неге?)
Тауларымның қабырғасы сөгiлдi (неден?)
оқ арқалап (?) келдi керең бiр дәуiр…
орта ғасыр қайта оралып (?), тәңiрiм…
қақыратып жатқан сынды көгiмдi (көктiң несiн ?)
Ақылсыздар атқа қонды…
Өркениет! Қайда бұрдың арнаны?!—
 

деп, аса бiр үлкен жалған леппен түйiн түймек болады. Автор бұл арада қанның неге төгiлгенiн, оның кiмнiң қаны екендiгiн, бұл қылмыстың қай жерде жасалғандығын, оған өлең кейiпкерiнiң қандай қатысы барлығын, т.б. нақтылап, аяғын жерге тигiзiп айтпайды, — құр жалпыламалап жаза бередi. Ең қызығы, ол қыза келе:

 

Қан төгiлдi… Есiл боздақ алданды (неден?),
ұран үшін, “Құран” үшін (?) жалданды (кiмге?).
Мұнайына — “құдайына” сенгендер
талтаңдады, шырқ иiрiп (?) жалғанды,—
 

деп, әлдекiмдерге сырттай ызаланып бiтедi. Бұл жерде де туындайтын сұрақ көп. Сонда әулекi ұранға ерiп кетiп алданған ол боздақ кiм? Оның “Құран” үшін жалданғаны” несi? Оны жалдап жүрген кiмдер?

 
Автордың басқа бiр өлеңiнде:

 
…салауатқа жүгiнем,
адамдардың арман-мұңын түгендеп (?),
ұлы Абайға бұрыламын (?) шерменде (?).
…ағайынның аярлығын бiлгенде,
ұлы Абайдың қасiретiн кешемiн (?).
Ғарыш! Ғалам!
Кейде маған тiл қатып (?)
ұлы Абайға сапар шегем түн қатып (?)—
 

деп, өзi мен лирика кейiпкерiн Абаймен қатар қоюы қалай? Үйтердей өлең кейiпкерi, автор аса бiр пафоспен “пәш” еткендей, “ғалам”, “ғарыш” пен “ағайынның аярлығы” өз ара салыстыруға тұратын нәрселер ме? Сонда ол қандай “аярлық”? Сол үшін өлең кейiпкерi (егер ол болса?) неге өзiнше, өзiне тән болмысымен “қасiрет” шекпейдi, неге ол “ұлы Абайша” қасiрет тартады? Әлде ол өзiн “ұлы Абаймен” қатар қойып, өзiн де “ұлы” санай ма? Ондай қасиетi болса, онда оны неге оқушыға ашық айтпайды, оны неге анық етiп көрсетпейдi? Бұ жердегi кiсi түсiнбестiк бiр жағдай, — Абай неге шерменде дәрежесiне түсiп кеткен? Одан тыс, — автордың мына өлеңiнде “салауатқа жүгiнге” қалғаны қалай? Шын мағынасына келсек, “салауат” сөзi арабша “сәләт” — намаз, дұға деген сөздiң көпше түрi. Сонда жаңа ғана қасиеттi “Құранды” “қан төгiлуге” басты себепшi, сол үшін қанiшердi, киллердi “жалдайтын” әзәзiл деп отырған құдайсыз, атеист автордың… кенеттен бес уақыт намазын өмiрi қаза қылмайтын тақуа бола қалғанына, әдiлет, шындық iздеп, соған “жүгiнгенiне” оқушы сене қояр ма екен? “Құран Кәримдi” пәле басы етiп көрсетiп отырған Оразалиннiң осындай күпiршiлiгiне қарамастан, басқа бiр өлеңдерiнде:

 
Ойым — жалын (?), мұң — шала (?),
тәңiрiм-ай, не дейiн?..
 

Жаратқаннан сұраймын,— (өтiнем, тiлеймiн болар?)
сөзiм менiң өлмешi (орысша?)!
 

Кеш! Кеше гөр! Тәңiрiм!
Бәрi — сенiң әмiрiң!—
 

деп, Көк Тәңiрiсiне жалбарынатыны кiсiнi неше түрлi ойға батырады.
Ол ендi басқа бiр өлеңiнде өзiнiң “кеудесiнде тұнған”;
 

жыр-ағыс(?),
ажал менен бiр-ақ қадам тұр алыс (алыста, алыс жерде
тұр?).
Бiр-ақ сызық (?) жатыр үнсiз (?) арада,
ал ар жағы?
Көктем, сiрә? Сiрә, қыс?!
Күз бе? Жаз ба жадыраған? Беймәлiм.—
 

деп “толғанады”. Әрине, өмiр мен өлiм жайлы автордың ойланғаны жөн-ақ. Бiрақ ол тағы да (бұл басқа өлеңдерiнде де өте көп!) өз өлеңiнiң “өлмеуi, мәңгiлiгi” т.б. туралы айтады да, әлгi “екi дүниенi бөлiп тұрған сызық” жайлы еш ойланып-толғанбайды. Керiсiнше ол хақында:

 

…елеп-екшеп (ненi?) түгендейтiн (ненi?) сызық бұл,—
таразылар адамшылық (?) парқын да (?).
 

Имандылық (?) емтиханы (?) бұл сызық,
анықтайтын (?) пендесi мен арысын (?),—
 

деп, жалпылама анықтама берумен ғана шектеледi. Мұнда да дәл емес жерлер жетерлiк. Жарайды, оған да көнейiк. Ендi автордың осы өлеңiндегi:

 
Жұмағың да, тамұғың да — Алладан,
тағдырыңды Тәңiрiдей сыйлаған,-
(19 б.)
 

деген жолдарындағы “тағдырыңды Тәңiрiдей сыйлаған Алладан”, — дегендi қалай түсiнемiз? Неге Алла кiсiнiң “тағдырын тәңiрiдей сыйлауға” тиiс? Ол өз алдына. Бұл жерде менiң ең басты айтпағым, — осы өмiр мен өлiмнiң арсындағы сызық, ар-ұят, тiршiлiктiң мән-мағынасы, азаматшылық, адамшылық, т.б. туралы өлең кейiпкерiнiң өзiнше ой-толғанысының мүлдем жоқтығы, “меннiң“ жеке кiсi емес, жалпылама қасиетi басым дерексiз бiреулерге айналып кеткендiгi, басқаша айтсақ, жалпылама сипатының, абстрактылығының басымдығы. Ал екi аяғы өз ұлтының топырағына тиiп тұрмаған космополит кейiпкердi объект еткен қандай да шығарма шынайы көркемделген әдеби дүние бола алмайды. Бұған басты себепшi, — М.Шаханов құдайша көрiп, табынып жүрген космополитизм дейтiн тағы бiр вирустың қазақ поэзиясына дендеп енiп кеткендiгi. Соны ұстанған Оразалин “мен” деп сөйлеп, жеке бiр кiсiнiң ой-пiкiрiн, тағдыр-талайын, күйiнiш-сүйiнiшiн, т.б. қазақ топырағына, қазақы түсiнiк, ұғымға сай етiп, тәндестiре отырып, көркемдеп көрсете алмайды, суреттемейдi, сипаттамайды, бар болғаны өзiнiң бiр өлеңiнде: “Ақын сорлы (?) айту үшін (?) жаралған, айттым тағы…”, — деп жазғанындай, шауып алсаң, шауып ала ғой, “айттым тағы” деп, құр айтады да қояды. Бұл жерде автордың шайырды тек қана “айту үшін жаралған” (бұл айту — мәлiмдеме, декламация дегенмен пара-пар!) деп, көркемделген поэзияның эстетикадағы ең бiр негiзгi шарттарын үстiрт түсiнгендiгiн айтып жатудың қажетi де жоқ. Ол соның салдарынан мүлдем суреткер боп көрiнбеген. Бiз оның өлеңдерiн оқып отырып, аз көремiз, аз сеземiз, аз толғанамыз. Әсер алу мүлдем жоқ. Керiсiнше бiз бүгiнгi қоғамымыздың бай мен жарлыға бөлiнгенiн, “жаңа қазақтардың” шыға бастағанын, адамдардың азғанын, жаманшылық, қайыршылық, т.б. туралы газеттерде күнде жарияланып, күнде сөз етiп жатқан мақалаларды оқығандай қатал да салқын логиканың құрсауынан шыға алмаймыз. Оның өлеңдерiнде шын мәнiндегi көркемделген “меннiң” (тiпте “мен” емес, “ол” болсын!) өзi жоқ. Автор қит етсе болды, ғалам, ғасыр, дала, кеңiстiк т.б. дегендердi сансыз рет қайталап:

 

Мен ғаламның шаттығы мен мұңды әнiн
…тыңдап келем…
 

Қазақпын мен жырлаған өз ғасырын (!)
 

Мен қуансам, — ғалам үшін қуанам…
 

Кешiр, ұалам, қадiрiңдi кеш ұқтым…
Ғасырлармен жалғастырып араны…
 

Алатау мен Алтай, Орал жаңғырды…
 

Ой ырғап (?), қалам ұшын…
жыр жаздым Далам үшін.
жыр жаздым ғалам үшін…
 

Уақыт!
Жылдарым!
Замана!
 

Ақпараттар… Аспан төсiн (?) кезуде,
ғалам үнiн, Дала мұңын сезуде.
Жүйкең не еткен берiк едi, ұаламым?!
 

Париж…
Мәскеу…
Лондонды қармауда (?).
Нью-Йорк…
Пекин…
 

Орман, дала ырғалды (?)…
Тау мен дала ырғалар (?)
 

Дәуiр ұзап барады…
 

…қандай тiлде сөйлейдi(?), Кеңiстiгiм? т.б.

 
деп, жетi қат көктен жерге бiр түспей-ақ қояды. Сүйте отырып:
 

Неге керек көбiк сөз? (?) Жасыра алман (кiмнен?),
жорға тартып (?) шықпайды ғасыр алдан (сонда
ғасырдың арттан да шығатын болғаны ма?),
Бостандығым — тағдырым бәсiре алған,—
(260 б.)
 

деп, ақырында бiздiң тәуелсiздiгiмiздi жиеннiң нағашысынан алатын “бәсiресiне” әкеп теңестiредi. Бұл жердегi белгiсiздiгi, — ол бәсiренi кiмнен алып отыр? Сонда бiздi 300 жылға жуық құлданып келген басқыншы елдiң қазақтардың нағашысы болып шыққаны ма? Әлде бұл ұйқас үшін қолданыла салынған сөз тiркесi ме?
Мен бұл жерде Оразалиннiң “өзiн сатып кеткен” (39 б.), “табалаған”(74 б.), “кеше сатып кеткен бiр ағасы”(163 б.) жөнiнде оқушы жұртшылыққа “шағым” айтып жазған, “Астамсыма, бала”(243 б.), “Қаяу салды көңiлге салтың (?)бала“ (18 б.)”, “Асқақтама” (210 б.), т.б. деп, әлдекiмге дөңайбат көрсетiп, жұдырығын түйiп, ескерту жасаған, “Қасым қайсы? Досым қайсы? Ор — маңым” (85 б.), “Аттауым қиын, тор — маңым”(32 б.) деп, өз маңайына дүрбi сап, үңіле қарап, ақырында болмағасын, өз абызынан шыққысы келгендерге: “Менен ендi аулақ жүр!” (85 б.), “Ендiгәрi аулақ, аулақ жүр менен!” (74 б.) т.б. деп, қаһарлана қолын бiр сiлтеген, өз басының мұңын шаққан (“Жамандығым”, “Жаға тозды“; “Жоқпын ба”, “Кiммiн осы”, “Кiм ұтылып”, “Түсiнбей-мiн”, т.б.), қара бастың ауқымынан шыға алмаған, өзi мен өлең жөнiндегi жазылған дүниелерiне тоқталып жатпаймын. Керiсiнше 350-ден астам өлең енген осы екi жинақтан шын мәнiнде көркемделген поэзияға қояр үлкен де қатал талаппен қарастырып талдайтын, халқымыздың басындағы тағдыр-талайын, тұрмыс-тiршiлiгiн, ой-пiкiрiн, жан дүниесiн, т.б. көркемдеп, тәндестiрiп, шынайы түрде бейнелеген, көрсеткен, сипаттаған соқталы, жұлын тұтасы берiк, “мен” деп сөйлеп, “бiз” бен “олардың” барлығының бастарына ортақ мәселелердi көркемделген поэзияға айналдырған бiр де бiр дүниенi таба алмай, дал болып отырмын.
Оразалиннiң өлеңдерiнде 60-ыншы жылғылар мен Төлегенннiң жырларында жиi кездесетiн, әбден қолданыла-қолданыла тозығы жеткен теңеулер, метафоралармен бiрге “шабыт”, “сәуле”, кеуде”, мұң-қайғы”, “өрт”, “от кеуде”, “өмiр-өзен”, “үн”, “мұнар”, “жалын”, “азап”, “шық”, “көз жасы”, “ағыс”, “ағын”, “ой”, “ән”, “күй”, өлең”, “жыр”, “аяулым”, “жұлдыз”, “ай”, “нұр”, “күн” т.б. деген тәрiздi сөздер өрiп жүр. Ол екi сөзiнiң бiрiнде “өлең-жыр” мен “сезiм” деген сөздердi қалай болса солай былапыт түрде қолдана бередi. Мәселен, “өлең” деген сөз “Құралайдың салқынында” 65 рет, “Ғасырмен қоштасуда” — 90 рет ұшырасады.“Сезiм” деген сөздiң қанша рет кездесетiнiн санап шығудың өзi мүмкiн емес. Жоғарыда көрсетiлген басқа сөздердiң қолданылу жиiлiгi де осы құралыптас.
Оны ескермегенде, Оразалин кәдiмгi қазақтың қарапайым тiлiмен дұрыстап та жаза бiлмейдi. Ол қит етсе болды, жөндi, жөнсiз, қисынсыз тропқа, мағынасыз метафораға, тұрпайы теңеулерге қол созады:

 
Намыс пен ой сiлкiлеп (?) жырдың бағын (?),
аспанымды шарлады бiр мұңды ағын (?)…
Ай астында (?) мың сан үн (?) шегер егес (?)
 

Төкпей-шашпай беделiн (?), текке күшін,
бiр аспанның бөлiскен (?) оттегiсiн…
 

Күнi-түнi шыжғырып( ?) көмбеге ойын…
 

Кеуделерде мүдiрсе (?) ұйығып (?) ән…(Ән
ұйығатындай ит пе?)
 

…күрсiнсе, көкiректен тамады iрiң (?)
 

Қозғалмайды. Нелiктен жазықты үнiм (?).
 

Жанарлардан сығалап (?) түн сыздана,
ай аспанмен (?) сырғиды үнсiз ғана.
Қалғандаймын бос (?) үйдiң
Аңыраған (?) төрiнде.
 

…тауға қарай көштi үнiм (?)
 

Жылдардың тозғандай ма (?) бүршiк өңi (?)
 

Көрген сәтте таулардың қарлы басын,
көтi ұрасың (?), жырыңмен жарды ұрасың (?).
Аспан мең-зең торғайдан ала қанат…
 

Ой ырғап қалам ұшын (?)
 

Көкiрек тiлiм-тiлiм (?) өгей (?) үннен…
 

…қиялымда тарихым бұрымдалды (?).
 

Мен бұл мысалдарды, әдейi термей, осы екi томдықтың кез келген бетiн ашып қап, кез келген жерiнен алып отырмын. Мұндай жасанды, қисынсыз, ақылға сыймайтын қолапайсыз орамдар мына екi кiтапқа енген өлеңдердiң барлығында да бар. Автор сөздердi өзiнiң қарапайым, дағдылы мағынасында қолданбаса, өлеңнiң әрi кетiп қалатындай көретiн сықылды. Мұның барлығы, — осылайша сөздiң шын мағынасын бұрмалап, “ауыспалы” түрде қолдануға тырысуы, ұйқас қуалауы, кейде ұйқас үшін қисын жағынан бiр бiрiне үйлеспейтiн сөйлемдердi қолдан зорлап, тiзбектеп келтiруi, сөйлем сайын мағынасыз метафора қолдануға тырысуы жасы алпысты алқымдап қалған Оразалиннiң әлi де болса қазақ өлеңiнiң формасын барынша еркiн меңгере алмай жүргендiгiн анық көрсетедi. Оған қоса ол қазақ тiлiнiң iшкi нервiсiн, олардың бiр бiрiмен қосыла алатын валенттiгiн, ең бiр нәзiк тұстарын мүлдем сезбей, қазақ тiлiн ана сүтiмен сiңген тiлдiң дәрежесiнде емес, бар-жоғы үйреншiктi тiлдiң шамасында ғана қолданады. Қазақтардың арасында туылып-өскен Хизмәт Абдуллин ұйғыр… Оразалинге қарағанда қазақшаны әлдеқайда жақсы бiлетiн едi. Өкiнiшке орай, Шоңжыдан шыққан шенеунiк Оразалин Хизмәт әкәдан мүлдем олқы түсiп жатыр.

 

Бүгiндерi том-том болып шығып жатқан жыр жинақтарының барлығын шола қарағанда, шайырларымыздың баяғыда айтыла-айтыла әбден шиыр боп қалған ескi тақырыптарды қайтадан қозғап, бiрiнiң сөзiн бiр қайталап, бiр өлеңнен бiр өлеңдi балалатып, тек қана өлең санын көбейтуге тырысып жүргендiктерiн анық көруге болады. Бiр кездерi, сонау 60-ыншы жылдары өткен тарихымызды бiлсек деген талап күшейе бастағанда, бiздiң өлеңсөзiмiзде дала, көкпар, қыран, сұңқар, тұлпар, т.б. деген тақырыптағы өлеңдер қаптап кеткен-дi. Ендi бүгiнгi шайырларымыз баяғы Көк бөрi, Көк Тәңiрi, Көк түрiктер, Атилла, Анахарсис, Естеми, Томирис, Шыңғыс хан, Ақсақ Темiрлердiң, т.б. құлақтарын шулатып, орта ғасырларда жасаған ұлы кiсiлердiң есiмдерiне арнап бiр-бiр өлең жазып, Алтайдан Атырауға дейiн жердi шарлап, тiпте Батыс Европаны қойып, Чили асып кетiп, өз топырағымызға қайтып келе алмай жүр. Мұның бәрi автордың өзiн толғандырған, өзiнiң айтпасам болмайды дейтiн ой-пiкiрiнен, жанының толғанысынан туындап жатқан нәрселер емес, бар-жоғы әдебиетте бұрыннан бар дүниелердi қайталап, өзiнiң сол инерцияның жуан ортасына жүргендiгiн көрсетiп қана қалу. Жақында өзiнiң бiресе Төлегенге, бiресе Қадырға елiктеп, өз жолын таба алмай көп сенделiп жүрiп қалғандығы жайында Ж.Ерман жақсы айтты. Мiне, осындай елiктеу дәуiрiне бiздiң 70-80-iншi жылғы ұрпақ көп уақытын өткiзiп алды. Одан кейiнгi ұрпақтың да одан ат құйрығын шорт кесiп, жырылып шығып жатқандығы онша байқалмайды. Бұл арадағы басты “вирус” — бiреудiң жылтыраған жақсы нәрсесi жарық көре қалса болды, бiздiң шайырларымыздың сол жөнiнде жапырлай, жабыла жазып, бiрiнiң айтқанын бiрi қайталап, әлгi тақырыптың мылжа-мылжасын шығарып жiберетiндiктерi. Соның соңында… әлгi тақырыпты алғаш рет кiмнiң қозғағанын еске түсiрудiң өзi қиын боп қалады. Бүгiндерi соның кебiн көне тарихымыз киiп те отыр. Кәзiр ескi түркi заманы, Арал, кешегi Желтоқсан уақиғасы, қазақ тiлi, әр түрлi мерекелер, экология, қыз қуу, т.б. жайлы өлең жазбаған адам кемде-кем. Мәселен, Ұ.Есдәулеттiң бiр ғана “Киiз кiтабында” “Бiз — түркiлермiз”, “Түркiстан”, “Арал”, “Алматы. Желтоқсан.”, “Қараой”, “Ұлытау”, “Ақтөбе”, “Қобда”, “Күршiм”, “Ақтабан шұбырынды”, “Жезқазған”, “Сарайшық”, “Қыш құмыра”, “Едiге тауы”, “Шыңғыстай”, “Соловки-Торғай”, “Бейнеу”, “Жаңақорған”, “Түлкiбастағы той”, “Жаңғызтөбе”, “Зайсан”, “Қара Ертiс”, “Зайсан көлi”, “Алматы. Ақпан”, “Үлкен Қаратал”, “Арқа қысы”, “Астана. Қырау”, “Астана туралы ән”, “Ескi қаламен қоштасу”, “Астаналар”, “Алматы. Ақпан”, “Алматы. Өртенген аэропорт”, “Маңғыстау”, “Қараөткел”, “Қазақстан”, “Далам десең”, “Баянөлгей”, “Отаным”, “Қазақстан, сен өлсең”, “Жидебайда”, “Дүлей ғасыр”, “Медеу”, “9-мамыр”, “Қыз қуу”, “Жарлы тiл”, “Сөз”, “Қазақ тiлi”, “Тағы да туған тiлiме”, “Бродвей”, “Армысың, Америка”, “Күзгi девальвация”, “Бұлбұлсыз өлке” (Америка туралы), т.б. сықылды тарихтағы кейбiр жәйттердi, әр түрлi деректердi, жалпы жол-сапар очерктерiн еске түсетiн өлеңдер бықып жүр. Осы жинақта өлең, шайыр жайлы жазылған “Ақынның сөзi”, “Ақынға қанат бер, Құдай”, “Бiздiң ақындар”, “Ақыннан сағат сұрама”, “Өлеңiм” (Ақ перiште), “Ақын деген бiр ұлт бар”, “Бiз өткенде”, “Жаратқан”, “Ақындар мен әкiмдер”, “Бiз туралы өсектер”, “Жендет”, “Бәйтерек”, (Жұматайға) “Үстел”, “Ақынды түсiнер-сiңдер”, ““Жас ақын” (Маралтайға), “Зиян”, “Тентек ақын” (Иранбекке), “Күмiс өлең”, “Бас пайда”, “Шүкімайт”, “Сауда”, т.б. тәрiздi дүниелер де жетерлiк. Автор ендi оқушыны ескi грек, латын тiлiнен алынған әр түрлi сөздерге толы тақырыпты “құлпыртып”, оқушының аузын одан әрмен аңқайта түсудi ғана көздеген “Коррида”, “Кентавр Хирон”, “Дарвинизм”, “Голиафтың ауылы”, “Есуас заман, папуас тағдыр”, “Нострадамусқа мұң шағу”, “Амнистия”, “Антоним”, “Грамматика”, “Аукциондағы қалам”, “Иероглифтер”, “Айвазовский. Тоғызыншы вал”, “Аквариум туралы аллегория”, т.б. атты өлеңдерiн жазғанын азсынғандай, ендi адам мәселесiн қоя сап, жан-жануар, жәндiк, өсiмдiк, жемiс-жидекке, т.б. көшiп, “Мас шағалалар”, “Қауырсын”, “Бозторғай”, “Жыл құсы”, “Құспен туыстық”, “Қарлығаштар”, “Тоты құс”, “Құс жолы”, “Шырылдаса бозторғай”, “Жарғанат жыры”, “Жылан”, “Күшік”, “Өрмекшi”, “Үш апельсин”, “Аямейiз”, т.б. сықылды нәрселердi жазып кеп тастапты! Содан кейiн өзiнiң “қазақ” екендiгi есiне түсiп, “Насыбай шақша”, “Тұскиiз”, “Балға”, “Уық”, “Зiлсандық”, “Қақпа”, “Шарайна”, “Қолайна”, “Қансонар”, т.б. секiлдiлердi еске алып, ақырында дiни мифологияны да бiр шарлап өтiп, “Перiштемен тiлдесу”, “Пiсiмiллә”, “Аруақтар”, “Жынмен тiлдесу”, “Мәңкiр-Нәңкiр”, “Ақыретте”, “Ажалмен тiлдесу”, “Жазмыш. Қостанай”, “Жұмақ пен тозақ”, “Мәжнүн”, “Жаназа”, “Қылкөпiр”, “Фатализм”, “Эпитафия”, т.б. сықылды тақырыптарды “қозғайды”. Бұлардың барлығы да автордың сырттай қарап, сырттай көрiп, еш толғанбастан жаза салған нәрселерi болғандықтан, сол iшкi сыр ашылмаған, “жабулы қазаны жабық” күйiнде қалып қойған. Олардың қай-қайсысы да сұп-суық, беретiн әсерi жоқ, құр логиканың аясында ғана қалған “өлеңдер”. Бұлар бiздiң Мемлекетiмiздiң Басты сыйлығын алып отырған кiтаптың 90 процент-пайызын құрайды! Оған енбей қалған бес-алты т.б. өлең жайлы мынадай шолу мақалада табан тiреп, талдап, қорытып сөз айта қоюдың өзi қиын. Ең қиыны, олардың ешқайсысында да жаңалық жоқ. Бұл арада автордың көзiне, ойына түскен нәрсенiң бәрiн, еш толғанбастан, сұрыптамастан, өлең жолына түсiре беретiндiгi кiсiнi таңғалдырады. Мұндай жайды қазақтар баяғыда-ақ “шөп те — өлең, шөңге де — өлең, өлең де — өлең” деп тауып айтқан-ды. Соны Ұлықбек артығымен орындап шығыпты!
Жоғарыда мен тiзiмiн келтiрген өлеңдердiң бәрiн бiрдей талдап, жiлiктеп, қорытынды жасап жатудың қажетi де шамалы. Есдәулеттiң осы тақылеттес өлеңдерiнiң негiзгi түрiн көрсететiн бiр ғана “Сарайшық. Қылқалам” дегенiн толық келтiрейiн:

 
Жайық бойы —
жарлауыт (?),
жар басына (?), жолай шық. (?)
Ақ толқынға арбалып (?),
мызғып жатыр (?) Сарайшық.
 

Толқын орған (?) топырақ,
торлама (?) қыш, зер-айшық (?)…
Тарихыңды оқып ап,
толқып тұрмын, Сарайшық.
 

О, армысың, Астанам,
әруағыңа (?) берем дем (?),
Жайық құсап жасқана (?),
құшағыңа (?) енем мен (?).
 

Көне сурет көлбеңдеп (?)
көрсеткендей киесiн (?),
күн астынан керуен кеп (?),
шөгергенедй түйесiн.
 

Пайда болып ғайыптан,—
ару қыз бен жас сарбаз,
ат суарды Жайықтан…
Айтайыншы ақсарбас (?)
 

О, Сарайшық!
Расында
сиқырыңа шөлдегем (?),
тусам сол бiр ғасырда,
өлер едiм сенде мен!
 

Осы алты шумақтан тұратын өлеңiнде автордың бар айтпағы — “сол кезде болсам, сенде өлер едiм” ғана!? Бiрақ ол неге, не үшін өлетiнiн әрi қарай тереңдетiп айтпайды. Оның үстiне басқа бiр өлеңiнде “хандарын маңғұлдан сайлаған” бишара ел деп қазақтарды айыптайтын автор Шыңғыс ханның ұрпақтары салдырған, кезiнде Алтын орданың астанасы болған Сарайшықта жанын пида етем деп, өзiне өзi қарсы шығып отыр. Ең бастысы, — оның неге Сарайшықта өлгiсi келедi, сонда не үшін, автордың үйтетiндей Сарайшықтың қандай қасиетi бар, ол қазақ халқының тарихында қандай қызмет атқарды, т.б. дегендер бұл өлеңде мүлдем жоқ. Соны оқып отырған оқушы автордың атам заманда жер боп кеткен бiр шаһар үшін өле қаламын дегенiне еш сенбейдi. Ол өз алдына. Мына өлеңде автор өзiнiң қазақша қарапайым сөйлемнiң өзiн олақ құратындығын, сөздiң iшкi нервiсiн, мағынасының қолданылу аясын, стилистиканың ең бiр құйтырқы тұстарын толық түрде сезбейтiндiгiн анық көрсетедi. Бiрiншi шумақтағы “Жайық бойы — жарлауыт жар басына жолай шық” дегендегi “жарлауыт жар басы” деген тiркес мүлдем оғаш, “жар басы” мен “жарлауыт жер” деген мүлдем басқа екi мағынаны бiлдiредi, олар бұлайша бiр бiрiмен қазақ тiлiнде тiркесiп келмейдi. Одан кейiнгi “жолай шық” деген тiркес шумақ соңындағы “Сарайшық” деген сөзбен ұйқастыру үшін ғана алынған, ол бұл арада еш қызмет атқарып тұрған жоқ. Одан кейiн келетiн “Ақ толқынға арбалып, мызғып жатыр Сарайшық” деген сөйлем де дәл емес. Сонда Сарайшық “арбалып жатыр” ма, әлде “мызғып жатыр” ма? Бұл екеуi екi түрлi күй емес пе? Одан тыс, Сарайшық қаласы “ақ толқынға” неге “арбалуға” тиiс? Оның қандай сыры бар? Автор әрi қарай осының құпиясын ашудың орнына, “толқын орған топырақ”, т.б. деп санамалап кетедi. Бұл тiркес те дәл емес. Толқын өмiрi топырақты ормайды, әрi кеткенде шаяды. Одан әрi “торлама қыш” дегендi қалай түсiнуге болады? Оның соңынан келiп тұрған “зер-айшық” деген де “Сарайшыққа” ұйқастыру үшін қолдан жасалып алына салынған. Зергер өнерiнде зер мен айшықтың мағынасы мүлдем екi бөлек. Одан кейiн автор “тарихыңды оқып ап, толқып тұрмын, Сарайшық” дейдi де, ендi өзiнiң осылайша неге толқығанын, оған ненiң себеп болғандығын, т.б. мүлдем келтiрмейдi. Шындығына келгенде, бiр кездерi Алтын Орданың астанасы болған шәһарға келiп тұрғанда лирика кейiпкерiнiң негiзгi айтпағы да осы емес пе? Өлеңнiң соңындағы түйiнi де осыдан шығып жатпайды ма? Бiрақ автор ендi оған да тұрақтамай, калейдоскоптың шартыменен әрi қарай жылжып, “әруағыңа берем дем” дейдi. Сонда ол Сарайшықтың “әруағына” қалайша “дем” бермекшi? Көне қалада рух (арабшада, — әруақ көпше түр) бола ма? Одан кейiн кейiпкердiң қаланың “құшағына Жайық құсап жасқана” енем дейтiнi қалай? Сонда Жайық өзенi кiмнен, неден, не үшін жасқанып тұр? Автор бұған назар да аудармастан, әрi қарай жылжып, “көне сурет көлбеңдеп, көрсеткендей киесiн” дейдi. Мұнда да дәлсiздiк жетерлiк. Бiрiншiден, “көне сурет” ненiң суретi? Ол көне шәһардың суретi ме? Ол кiмнiң көз алдында көлбеңдеп тұр? Неге? Ол қандай “киесiн көрсетедi”!? Мына екi жолға орналасқан қысқа сөйлем осы сұрақтарға еш жауап бере алмайды. Одан кейiнгi сөйлемдегi “шөгергендей түйесiн” деген “түйесiн қайда шөгерген” деген сұраққа жауап бере алмайды. Содан кейiн “ғайыптан пайда болған ару қыз бен жас сарбаздың ат суарғанына” автордың “ақсарбас” айтамы несi? Сонда не үшін? Бұ да жатқан бiр тұман. Ендi өлеңнiң соңғы шумағында кейiпкердiң Сарайшыққа “сиқырыңа шөлдегем” деуi несi? Сөздi қаншама ауыспалы мағынасында қолданса да, неше түрлi троп, фигура, метафора жасаса да, оның ақылға сыйымды, әрi мән-мағынасы болуы тиiс емес пе? Мұндағы “сиқырға шөлдегендiк” кейiпкердiң қаланың көне тарихын бiлуге ынтық екендiгiн, т.б. анық бiлдiрiп тұр ма? Ол мағына контекстен мүлдем сезiлмейдi емес пе? Одан басқа, “сол ғасырда туыла” қалса, кейiпкердiң “онда өлер едiм” дегенi шынымен отаншылдықты бiлдiре ме? Ау, жәй өле қалу мен жат дұшпаннан шәһарды қорғап, сол үшін шәйiт болудың мағынасы жер мен көктей емес пе? Мына өлеңде осы бiр өте қарапайым ойдың өзi айтылмаған. Оны ескермегенде, мына шығармадағы бiр шумақтың алдыңғы екi жолы мен соңғы екi жолының арасындағы қисын мүлдем аз, олар бiр бiрiмен үйлеспей, қиыспай тұр. Одан әрi, — шумақ пен келесi шумақтың арасында да байланыс атымен жоқ. Мұнда әр шумақ осы өлеңнiң өн бойына әр жақтан кездейсоқ келiп қалғандай, бiрi — Алатауға, бiрi — Қаратауға қарап тұр! Соның салдарынан өлең бiр тұтас дүние болып шықпаған. Бұл — қарапайым технология жағынан қарастырғандағы кездесетiн мiн. Оны ескермегенде, автор осы өлеңiнде қандай ой-пiкiр айтқалы отыр? Сондағы бар айтпағы “сол ғасырда тусам, сенде өлер едiм” бе? Осы да жаңалық па?
Ол өзiнiң ой-пiкiр жағынан өте жұтаңдығын, кедейлiгiн, жалпы айтатын жаңа ештеңесi жоқтығын оқушы жұртшылыққа бiлдiрмеу үшін әр өлеңiнiң тақырыбын ательенiң сәнқойларынша барынша безендiрiп бағады. Оның “Аквариум тұралы аллегория” дейтiн өлеңi де дәл осындай:

 
Жұлдыз көктi (оның несiн, немен?) жамайды (не
үшін?),
түн көзiнде (?) — жарық (ненiң жарығы?) бар.
Маған аяп (неге?) қарайды, (керiсiнше бұл оларды
аямай ма?)
аквариумда (тұрған?) — балықтар.
 

Дүниенiң даңынан (?)
мылқаулығы (кiмнiң? балықтың ба?) мың артық.
Балықтарға табынам (не үшін, неге?),
көз жасына (балықтың ба?) құмартып.
 

Қайта-қайта айналып,
келе берем (кiмнiң?) қасына.
Әй, балық-ау, әй, балық,
байқас болшы басыңа! (оның басына не қауiп төнiп
тұр?)
Байқас болшы,—
кеңесiм,
сенiң басың — ерек бас (неге ол ерекше?).
Саған ғана емес бұл,
бәрiмiзге керек бас! (Бұл қандай тұспал?)
 

Осындағы курсивпен жазып, сұрақ қойған жерлердi әрi қарай тексерудi мен оқушының еншiсiне қалдырам. Жалпы оның жазуында, қарапайым ғана сөздi, троптар мен метафораларды қолданысында аяғын шалыс басып жатқан жерлерi жетерлiк. Оған мысалды кiтаптың кез келген бетiн ашып, кез келген жерiнен келтiре беруге болады:

 

Сайрандар мен ойрандардан сау (?) жеткен(?)
құмыраның кейпiндегi (?) құбылыс (?).
 

Тоғыз жолдың торабы,
саған сiңген (?) сартап сүрлеу сорабы (?)
 

…бардым, қайттым,
таңғы шықты мекендеп (?)
 

тақ дегенiм көрге (?) айналды (?)
көкiрегiме шер байланды (?)
 

Тұрса да күн көзiне тығылып (?) қар…
 

Маңдапдан жаңбыр өткенде (?),
таңдайдан (?) тағдыр өпкенде (?)…
 

Қара балшық
құлан-таза (?) дертiңнен (?) алар аршып (?)…
 

Аулақта ата-анамды аңсағанда (?),
ақ жауын алқымымды (?) айғыздаған (?).
 

…шырылдап (?) шыққан (?) шуақты
шыңғыртып (?) талай түн жұтты (?), т.б.
 

Мұның бәрi Есдәулеттiң әлi қазақ тiлiнiң iшкi сырын, құпиясын, ең нәзiк тұстарын жақсы сезбейтiндiгiн, өлеңнiң техникасын толық, еркiн түрде меңгерiп кете қоймағандығын, жалпы жазу мәдениетiнiң өте төмен екендiгiн анық көрсетедi.

Кәзiрде жер ортасынан асып, әбден болдым-толдым деп жүрген қаламгерлерiмiздiң жыр кiтаптарынан бiздiң әдебиетiмiзде сонау Кеңес заманынан бермен қарай жазылмайтын iндетке айналып кеткен тағы бiр “әдеби вирусты” идеясыздық, жаңа ой-пiкiрдiң жоқтығы деуге болады. Бұл арада мен идея дегенде, шахановшылап, күнделiктi баспасөзде әр түрлi мәселеге орай айтылып жүрген ой-пiкiрдi әдеби жақтан өңдемей, сол жадағай күйiнде ала сап, өлең жолдарына түсiре қоятын жалаңқат жамиғатнамашылдық жөнiнде айтып отырған жоқпын, керiсiнше, белгiлi бiр заманда, белгiлi бiр қауымда пайда болған идеяның, ой-пiкiрдiң сол тұста тiрлiк етiп отырған кiсiлердiң тағдыр-талайына, дүниенi бiлiп, түйсiнiп, сезуiне, т.б. қалай әсер еткенi, олардың бастарынан нендей өмiр кешкендiгi, т.б. жөнiнде айтып отырмын. Бұл басқаша қисындағанда, белгiлi бiр ой-пiкiрдiң әдебиленуi, көркемделуi деген сөз. Осы жағынан алғанда бiздiң поэзиямызда соңғы 50-60 жылдың iшiнде ешқандай да iлгерiлеу, өсу, тереңдеу деген бола қойған жоқ. Бiздiң шайырларымыз елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн де бұрынғы ескi шиырдан ұзап шыға алмай жүр. Бүгiнгi таңда көне түркi дәуiрi, Томирис, маңғұл шапқыншылығы, Шыңғыс хан, Ақсақ Темiр, Көк Тәңiрi, шаманизм, Күлтегiн, т.б. деген тақырыптар “әдеби модаға” айналып кеттi. Бұл жерде тарихилықтың — историзмнiң жетiспеуiнен халқымыздың басынан кешкен әр түрлi жағдаятына линзасы қисық салынған дүрбiмен қарау да жиi кездесетiн болып алды. Бiр мысал. Есдәулет “Ұлытау. Құрбандық. Қобыз үнi” деп құтырта ат қойып, айдар таққан, елiмiз бостандық алғаннан кейiн 1996-ыншы жылы жазған бiр өлеңiнде:

 
Қабырғам қақырайды қасiреттен (?),
қан жұтып (?), қайғы жұтып (?) ғасыр өткен.
Құдай-ау, қай дәуiрде, қай заманда
қазақтың көздерiнен жасы кепкен (?).
Қыр бар ма қазақ тәнi (?) көмiлмеген (?),
ой бар ма қазақ қаны төгiлмеген?
Қашаннан құрбандыққа қайыл халық (?)
қайғысыз (?) қара суға семiрмеген (?).
 

Қырылса қара орманым қынадайын (?),
қалайша жоқтамайын, сұрамайын? (ненi?)
Құрыған аштықтан да, қастықтан да (?),
қайда сол қыршындардың құны, ағайын?
 

Тереңге тамырларын жайған (?) шынар
балтадан көз ашпаса қайдан шыдар? (неге?)
Қара жер қанша жебiр болса дағы,
қазақтың сүйегiне тойған шығар?! —
 

деп күңiренедi. Егерде автордың сөзiне сенсек, онда қазақ халқы еш уақытта өз басының бостандығы үшін күресiп көрмеген, отаршылдардың озбырлығына қарсы әрекет ете алмай, құрбандыққа шалынатын қой сықылды мойын сұна берген, өмiрi “көзiнен жасы кеппеген” бiр бишара ел болып шығады екен!? Шынында осы “рас” па? Кезiнде бiздiң данышпан үш биiмiз елдiң басын қосып, қазақ қолының бас сардары етiп сайлаған Әбiлқайырдың қалмақты ойсырата талқандағаны өтiрiк пе? 1643-iншi жылы Самарқаннан сыңсыған 20 мың қолды бастап келiп, қалмақтың тас-талқанын шығарған атақты Жалаңтөс баһадүрдi қайда қоямыз? 1740-ыншы жылдары қалмақпен болған шайқастатарда Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай батырларымыздың еткен ерлiктерi жайлы не айта аламыз? Әлде орыс империясының отарлау саясатына қарсы қылыш көтерген Сырым батыр, Көтiбар, Исатай-Махамбет, Жанқожа, Есет, Беккет, т.б. батырлар да жерден бастарын көтере алмаған күйреуiк бiреулер ме? Оларды айтпағанда, кешегi 1916, 1930, бертiндегi 1986-ыншы жылдарғы көтерiлiстердi қайда қоямыз? Осындай қаһармандық көрсеткен халқымыздың күллi тарихын бұлайша бұрмалап, қара күйе жағудың не жөнi бар? Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн де Есдәулеттiң баяғы Кеңес заманы кезiндегi бiздiң халқымызды сорлы, бишара, т.б. етiп көрсететiн идеологияның ықпалынан арыла алмай отырғандығын не деп түсiнуге болады?
Қазақ халқы туралы аузы дуасыз әлдекiмдер айтып жүрген осындай келеңсiз бiр жақтылықты Б.Қошым-Ноғай да одан әрi былайша iлiп әкетедi:

 
Қаны бiрге (?) қарындас қайдан таппақ,
бiрiн бiрi алты алаш қас (?) көргенде?
 

Қиналғанда кәрiсiн ас (?) қылатын
қасқыр тектес қазаққа шыр бiтпедi (?).
 

Сонда, Қошым- Ноғайдың жазуынша, қасқа қазақ тағы да “алты алаш бiр бiрiн қас көргендiктен, қаны бiрге қарындас-туысқан таба алмайтын”, яғни этногенезi ала-құла, халық ретiнде бiрыңғай түркi қанынан жаратылмаған, өмiрi “шыр бiтпеген (?), кедейшiлiктен көз жазбаған, қасқыр тектес (бұл оларды бiр бiрiне қасқыр деген мағынаны да аңғартады!), қиналғанда кәрiсiн (қасқырша, кәрi-құртаңды жеп қояды!) “ас қылатын” бiр “хайуан”, тағы халық болып шыға келедi!? Басқаны қайдам, мен бұған не дерiмдi бiлмей отырмын.

Қазақ поэзиясына көптен берi кiрiп, әбден жайлап алған жегi “құрттың” екiншi бiр түрi жын шақыру, шабыттану, медитацияға, трансқа, т.с. берiлетiн сәттердi ұлықтау, аңсау, күйттеу сықылды боп келедi. Бұл, басқаша қисындасақ, спортшының өз бабына келуi, атсейiстiң аламан бәйгiге түсетiн жүйрiк атты мейiздей қатырып, әбден жаратуы деген сөз. Бiрақ мұның бәрi — бапкер мен атсейiстiң iшкi тәжiрибеханасында қалатын, былайғы сырт көз жұртшылыққа ашық айта бермейтiн құпия шаруалары ғана. Шайырдың жағдайы да сондай. Бiрақ бiздiң жазғыштарымыз қолдарына қалам ұстаған бойда-ақ, “арқалары қозып”, бiраз “жын шақырып”, әбден “шабыттанып” алғанын айтпаса тұра алмайтын халге жеттi. Кәзiрде кез келген жинақты ашып кеп қалсаң, оның алғашқы беттерiнен-ақ “бұрқыраған бiр жынға” тап боласың. Бұл да бұрынғыдан келе жатқан инерция. Сол “үрдістен” өз заманында Әбдiлдә да, Қасым да, Сырбай да ұзап шыға алмаған-ды. Бiр өлеңiнде Мұқағали да: “Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт”, —деген-дi. Кейiнгiлер осыны әрi қарай iлiп әкеттi. Жаңа ғана шөп-шалам, құрт-құмырсқа, қолаба-қоржынды, т.б. көзiнен жiпке тiзiп шыққан Ұлықбек те сол әуресiнен шаршағандай:

 
Шаң iлеспес (несiне?) шалқұйрығым әлi тың,
шалқы, шайыр, ширықсын (?) бiр шабытың…
 

Шабыт — жыным (!) бумай қойды,
өлең шiркiн тумай қойды, —
 

деп өзiн өзi қайрап, өз өзiнен күңiрене жөнеледi. Оған Оразалин де:
 

Ақ қағазым — намыс, күшім, қайратым (?),
ақ (?) сенiмiм ұмыттырар қайғы атын (?),
жер бетiнiң ылаңынан жерiген
“Иә, Пiрiм!” — деп саған қолын жайды ақын, —
 

деп қосыла кетiп, ақ қағазға қарап, екi қолын жайып, “ғайыптан” бата тiлейдi. Сол екен, Есдәулетов те өзiнiң “ақын” екендiгiн есiне алып:
 

Жыр жазып отырғанда сенi еске алам,
әр сөзiң үлкен (?) шабыт, кеңес маған…
Жыр үшін, жыр үшін мен жаратылғам,
жанарым (?) Парнас жаққа қаратылған (?).
Iлияс, Қасымдардың қалқасынан
көрiнбес көген көзге дара тұлғам (?),
бәрi бiр жыр үшін мен жаратылғам! —
 

деп, өзiнiң “ерекше боп жаратылғанын”, ешкiмнен де осал еместiгiн оқушыға қайта-қайта ескертiп өтедi. Дегенмен де ол осы арада әлденеден қуыстанып:
 

Жидебайда жарылса талай атом,
жырлап жүрген бiз соны — сарай ақын (-ы жалғауы
керек?)! —
 
деп, өзiнiң шын мәнiндегi “дәрежесiн” мойындайды.
 

Осындай “жын шақырғыштарға” қазақ поэзиясының танымал өкiлi, дарынды шайыр Сәкен Иманасовтың да кейде:
 

Апыр-ау, шабыт қайда, шабыт қайда?
Құлағын (?) бұлақ-үннiң (?) ағытпай ма?
Таңырқап осы кезде өзiме өзiм,
жабырқап жүргенiмдi жан ұқпай ма? —
 

деп, байқамай “ет қызуымен” қосыла кете салатыны бар.
 

Соңғы кездерi осылайша “аузынан ақ көбiгi бұрқыраған жындарын шақырып”, “арқалары қозып”, алыстан келген “дүбiрдi” естiп, “тұяқтары” қызып, “елiрiп” алған шайырларымыз бәңқорлар сықылды бiр түрлi трансқа енгендей боп, оңы-солдарына дұрыстап та қарамастан, анау-мынау емес… тура Абайдың шалғайына оратыла кететiндi шығарып жүр! Ұлықбек қыза келе:

 
“Өзiмнен соңғы ақын” (?) деп,
Абай да (?) айтса деймiн мен.
 

“Мен үшін Абайдайын ақынсың” (?) деп,
Тоғжан қыз құшағымда сыбырлаған.
 

Әр сөзi меруерттен соғылатын,
өзiмдi сезiнгенмiн ең ұлы ақын (?),—
 

деп, еш қысылып-қымтырылмастан, ашықтан-ашық жаза бередi. Одан әрi ол өзiне “ұлы” болуға “жөн-жоба” көрсетiп жүрген апасын есiне алып:
 

Апажан, қасиетiң артық сенiң,
мен түгiл, Абай жазған бүкiл жырдан, (?) —
 

деп, “өзi түгiл”, Абайдың “бүкiл жазған жырын” әлгi апасының оқушы әлi бiлiп болмаған “қасиетiнiң” жолына құрбандыққа шалып кеп жiбередi!
 

Мұндай өрескел ерсiлiктi Ғ.Жайлыбай да әрi қарай жалғастырып:
 

Аға сұлтанның ақын баласы,
сөзiмдi тыңда сен менiң! —
 

деп, қара шалдың жағасынан алуға шақ қала жаздап, құдды тап жауының баласын көргендей (“аға сұлтанның баласы”!), оған алара адырая қарайды.
 

Мұндай “батылдықты” көрген Б.Қошым-Ноғай да:
 

Шығармақпысың ұлы (?) ғып менi,
қисапсыз арнау жаздырып?
 

Мен дағы жаман жазбаймын (?) жырды, қарашы,
“Мақтанып тұрсың!”— демешi бiрақ ұлы Абай, —
 

деп, қара шалдың алдында бiр мақтанып алады. Осы арада әлгi жiгiттердiң, Шахановтың салтын ұстап, Абаймен бiрге суретке сарт етiп түсе қап, одан өздерi жайлы бiр-бiр пiкiрдi “жаздырып” ала қоймағандарына iштей шүкіршiлiк етесiң!
 

Әлгiндей “батыл” да “батыр” iнiлерiне қарағанда, “Абай ескерткiшiнiң алдына” именiп барған Сәкен Иманасов:
 

Бұл күнде әр ауылда бiр-бiр Абай,
қайтсiн-ау тұғырынан жыр құламай?!
Сөйлемес — өлерменi, өлеңшiсi
алдымен өз кеудесiн ұрғыламай.
 

Бұл күнде анау да “ақын”, мынау да “ақын”,
жемсауы жыбырлаған жырау да “ақын”…
Бiлмейсiң ақыны кiм, ақымағы,
былығып баяғыдан жатыр әлi,
құлқынын тығындайтын “цитат” iздеп,
Сiздiң де басыңызды қатырады, —
 

деп, әлгiндей оданы қылықты айыптап, ақсақалдың сөзiн айтуға тырысады.
 

Осындай қолайсыздықты iштей сезген Ұлықбек те:
 

Жырыңды жұртың iздеп жүрсе деймiн,
дефицит дәрiлердi iздегендей, —
 

деп орынды жазады.
 

Кәзiрде “қазақ әдебиетi тоқырау үстiнде” деген сөз көп айтылып жүр. Бiрақ та оның себептерiне үңілiп жүрген сыншы да, ғалым да кем де кем. Әрине, мұндай жағдайды қазақтың өлеңсөзi бұрындары да басынан кешiрген болатын. Сондай не бiр қысталаң кездерден халқымыздың дарынды перзенттерi көркемделген асыл сөзiмiздi аман-есен, абыроймен алып шыққан да едi. Ондай талап бүгiнде де баршылық. Өкiнiшке орай, бiзде 60-ыншы жылғы әдебиет жайлы сөз қозғала қалса, Тұманбай, Мұқағали, Төлегендердiң төңiрегiнен ұзап шыға алмайтын бiр әдет бар. Ал шындығына келгенде, екi аяқтары аспаннан салбырап түсе қалған ешкiм де жоқ. Кезiнде олардың да өнер жайлы түсiнiктерiн қалыптастыруға ықпал жасаған, оларды дайындаған, тәрбиелеген орта мен қатар олардан бұрынырақ әдебиетке келiп, әр түрлi дәрежеде өлеңсөзiмiзде лирика жанрының қалыптасуына өлшеусiз зор еңбек сiңiрген дарынды-дарынды шайырлар көптеп болды. Бүгiндерi I.Мәмбетов, З.Шүкіров, Ғ.Қайырбеков, Е.Ибраһим, Б.Әбдiразақов, Ж.Қыдыров, Ә.Абайдiлдәнов, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Нәжiмеденовтердiң шығарымпаздықтарына қайтадан оралып, олар жайлы байсалды сөз қозғайтын уақыт жеттi. Әдебиетке олардан кейiн бiр қуатты лек болып келген дарынды шайырлар С.Иманасов, Ө.Нұрғалиев, К.Мырзабеков, З.Тiлеужанұлы, С.Тұрғынбеков, Ж.Бөдешұлы, Ш.Жұбатова, Ж.Ерманов және басқалар бүгiндерi өз жазғандарын қорытындылап, бiр-бiр томдықтарын шығарып та үлгердi. Бұлар жөнiнде қазақтың әдеби сыны әлге дейiн жұмған аузын аша қойған жоқ. Осы шайырлардың қай қайсысының да “әдеби вирустан” құтылуға тырысып, өздерiнше жаңа бiр жол тапсақ деген талаптарын көрсетiп жүргендiктерi анық байқалады. Мәселен, С.Иманасовтың таңдамалы өлеңдерiнiң екi томдығы кеңiнен тоқталып әңгiме етудi әбден қалайды. Мұнда бұрынырақта аздап романтизмi басымдау шайырдың мүлдем қатты өскендiгi, бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiгiмiзде кездесетiн жағдайларды мүлдем басқаша тұрғыдан қорытып, көркемдеуге ұмтылып жүргендiгi айқын сезiледi. Мұндай жақсы бетбұрыс басқа да шайырлардың өлеңдерiнде кездеседi. Олардың қай-қайсысы да бүгiндерi тығырыққа тiрелiп қалған өлең жанрын жаңғыртуға, оның тақырып аясын кеңейтiп қана қоймай, күнделiктi тiрлiгiмiзде кездесетiн неше түрлi жағдайды, мәселелердi, т.б. мүмкiндiгiнше көркемдеп игеруге күш-қуаттарын салып жүр. Соның iшiнде жоғарыда аты аталған шынайы шайырларымыздың онсыз да шарттылығы басым өлеңсөзiмiздi барынша еркiндете түсуге тырысып жүргендiктерiн атап айтқан жөн. Бұл да бiздiң поэзиямыздың буынына түскен “әдеби вирусты” аластай алатын “антивирус” сықылды боп сезiледi. Мәселен, Иманастың Сәкенi:

 
Жанып та жанып кетердей,
тiрлiктiң құнын кем ұғып,
дауға да кiрiп бекер кей,
жүрген бiр шақта елiрiп,
ерiп-ақ досқа өжеттеу,
қызып та кетiп бiр қаным,
шаужайдан алып, тежеп те,
тоқтатып неге тұрмадың! —
 

деп, мына тiршiлiктегi неше түрлi жағдайдың мән-мағынасына көз жiберуге тырысса, қазақ әйелiнiң Кеңес заманында өзiне тән негiзгi борышы мен парызын ұмытып кетiп, шошаңдаған шолақ белсендi боп, отбасы мен азаматының кәдiрiн кетiрiп алғандығы жайлы айта кеп, шайыр Шәмшия Жұбатова:

 
Босағада иiлiп тұрғанымда,
төр жағымды кетiптi жат мекендеп,—
 

деп өкiнедi де, ер-азаматтың отбасындағы өз орынын төмендетiп алғанына күйiнiп:
 

Жаратылдың еркек болып несiне,
жөндемесең терiс кеткен iсiмдi?
Сенде қамшы, менде бұрым бар болса,
елге күлкi болар ма едiк мұншама, —
 

деп, Адам Сәпи жаратылғалы бермен Хауа Ананың бәшәрияттың өмiрiнде алып келген ерекше де қасиеттi орынын қайтадан бұрынғы қалпына келуiн көксейдi.
 

Мұндай сәттi шыққан дүниелiктер бұдан басқа да шайырларымыздың жинақтарында баршылық. Осының бәрi бiздiң өлеңсөзiмiздiң көптен берi өз тәнiне кеулей кiрiп кеткен “әдеби вирустан” әбден тазарғысы, арыл-ғысы келiп жатқандығын айқын көрсетедi. Оны ең алдымен шайырларымыздың өздерi сезiп-бiлiп отыр. Тағы да Иманастың Сәкенi бiр “өлең туралы өлеңiнде”:
 

Мәз бола беремiз бе арулардың
ажарын ай мен күнге теңегенге? —
 

деп, бүгiнгi өлеңсөзiмiздегi басты мәселенiң шет-пұшпағын қылтитып шығарады.
 

Оған Болат Шарақым-бай:
 

Өлең!
Маған не болмақ,
қашып кетсең қанымнан?
Өлең, саған не болмақ,
жарылмасам ағымнан? —
 

деп үн қосса, Ақылбек Шаяхмет одан да әрi кетiп:
 

Адамдар көп жырымды естiмеген,
елең етер тумай жүр ешбiр өлең.
Достаса алмай жүрмiн бе жаңаменен,
қоштаса алмай жүрмiн бе ескiменен? —
 

деп, өте тауып айтады.
 

Менiң де айтып жүргенiм нақ осы! Мұндағы “өлеңнен қанның қашып кетуi”, шайырдың “ағынан жарыла” сөйлей алмауы, ең бастысы, Ақылбектiң тап басып, дәл айтқанындай, бүгiн өлеңсөзiмiзде жиi кездесiп отырған “жаңамен достаса алмай”, “ескiмен қоштаса алмай жүрген” бiр екiұдай қалыптың кәзiрде жегi құртқа, “әдеби вирусқа” айналып кеткен бiр жәйтi жайлы толғану т.б. менiң соңғы кездерi жариялаған мақалаларыммен өте үндес жатыр! Бұл, басқаша айтқанда, ескi жұртты қайта-қайта шиырлау, бұрынғы инерциядан арыла алмау, жаңа ештеңе жасай бiлмеу деген сөз. Ал одан құтылуға бiздiң әдеби потенциалымыз, күш-қуатымыз әбден жетедi. Соны төгiп-шашпай, ысырапшылдыққа ұрынбай, ретiмен қолданып, әдебиеттiң алдында тұрған iрi-iрi мiндеттердi жүзеге асырамыз десек, онда, ең алдымен, “әдеби вирустың” “әлегiнен” iргенi аулақ салғанымыз мақұл. Сүйте алғанда ғана қазақ әдебиетiнде елеулi бiр уақиға болатын, әдеби процесте бетбұрыс жасаған, халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiн, ой-пiкiрiн, тағдыр-талайын, т.б. ешқандай да бұрмаламай, оның iшкi иiрiмiне қиянат жасамай, шынайы көркемдей бiлiп, бүгiнгi өмiрiмiздiң басты-басты тенденцияларын жанды бейне “мен”, тiпте “ол” арқылы бейнелей бiлген, әдебиетiмiздегi белгiлi бiр биiк, қабырғалы дүние болып қалатын, бiздiң рухани игiлiгiмiзге айнала алған шынайы әдеби шығармалар жаратылмақ. Сонда ғана бiздiң өлеңсөзiмiздiң көсегесi көгермекшi.

 

11.01.2006 жыл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *