Қандай да бұрыннан бимәлiм боп келген дүниенiң сырына дендеп бойлау үшiн ғылымда ең алдымен сол мәселенi шешуге тиек болар бiрден-бiр кiлт iзделедi. Өз алдына өмiр сүрiп тұрған, өзiнше сыры мен сымбаты жыртылып айрылар көркемделген шығарманың табиғатын тереңiнен бiлу үшiн де, сөз жоқ, сондай кiлт керек. Әсiресе, белгiлi бiр әдеби туындыны басқа тiлге аударған кезде, онсыз болмайды. Бiзде сол кiлттi көбiне көп қаламгердiң стилiне ғана сайған ұшқары түсiнiк осы кезге дейiн етек алып келедi. Рас, стиль белгiлi бiр халықтың рухын көрсетер ұлт тiлiнiң аясында жазатын шайырдың өзiне тән тұрпатының даралығын, ешкiмге ұқсамайтындығын, көркемдеп ойлау ерекшелiгiн, көркемдеушi құралдарының өзгешелiгiн, оның суреткер ретiндегi бүткiл болмысын көрсететiн бiрден бiр белгi, критерий. Ондай саңлақ таланттың қолынан шыққан шығарманың әр шаршы сантиметрiнде сол соны әлемнiң таңбасы тәрiздi бөлекшсе келген бiр iз сайрап жатады. Дегенмен мұндай стильдегi ерекшелiк тек қана белгiлi бiр ұлт тiлiнiң аясында ғана өмiр сүретiндiктен, сол дүниенi басқа тiлге аударған кезде ол екiншi орынға ысырылады. Ол стильдiң өз ана тiлiндегi ерекшелiгiн, т.б. басқа тiлде iске асыру, соны басқа жұрттың тiлiнде жеткiзу кейде мүлдем мүмкiн еместей де боп көрiнедi. Мұндайда көбiне көп автордың ерекше тiлi өзге тiлде сол қалпын, сол тұрпатын сақтау үшiн аудармашының өзi тәржiмәлап отырған жазушының талантына табиғаты сай, жазу мәнерi жағынан өзара туыстасар тұстарының болуы шарт. Әрине, шын талантты аударма жасау үшiн бұл да аздық етедi. Осы арада шынайы аудармашы-суреткердiң ең басты ұстанар шарты бiр ғана стиль емес, ең алдымен, сол халықтың рухын, рухани болмысын бейнелеген сара суреткердiң өз әлемiне тән рухын тап басып ұстап, оны тереңiнен сезе бiлуiнде жатыр. Сол рух арқылы өзге тiлде жазылған түпнұсқада бой көрсеткен стильдiң ерекшелiктерiн басқа тiлде оны көшiрiп, белгiлi бiр дәрежеде көрсете бiлуге болады. Бiз мұны А.С.Пушкиннiң қазақ тiлiне аударылған шығармаларын оның түпнұсқасымен салыстыра отырып мөрсетуге тырысамыз.
Орыс шайыры А.Пушкиннiң қазақ оқушыларына тартқан шеруi 19-ыншы ғасырдың аяқ жағында басталды. Оның өлеңдерiн кезiнде Айбай еркiндетiп аударды. Кеңес заманы кезiнде I.Жансүгiров, Ә.Тәжiбаев, Қ.Аманжолов, Т.Жароков, Қ.Бекхожин, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Жармағамбетовтер осы шаруаны әрi қарай жалғастырды. Соңғы елу жылдың iшiнде А.Пушкиннiң шығармалары қазақ тiлiнде төрт рет жеке-жеке кiтап болып басылып шықты. Сөз жоқ, мұның орыс шайырының шығармаларын қазақ жұртшылығына жеткiзуде, онымен таныстыруда атқарған елеулi қызметi де бар. Оның үстiне орыс әдебиетiнiң көш басында тұрған, оның бастауы деп есептелетiн поэзияны қазақ тiлiне аударудың бiздiң шайырларымызға етер ықпалының баршылығын айтпағанның өзiнде, оның бiздiң жалпы әдебиет жанрының iшiнде ең бiр шартылығы басым өлең өнерi жайлы түсiнiгiмiздiң белгiлi бiр дәрежеде қалыптасуына етер әсерi де баршылық. Бұл арада ең басты мәселе орыс ұлтының рухының жарқын көрiнiсi деп есептелетiн (?) Пушкин поэзиясының қазақтың оқушы қауымына өзiнiң барша сыр-сипатымен, ерекше болмысымен, озық қасиетiмен толық жете алған, жете алмағанында жатыр. Өкiнiшке орай, осы тұсқа келгенде бiз амалсыз iркiле беремiз. Рас, бүгiнгi таңда аға ұрпақ өкiлдерiнiң шайырдың шығармаларын аудару iсiнде бiраз еңбек сiңiргенiн ешкiм де мансұқтай алмайды. Осы арада жиналған тәжiрибе де қыруар. Бiр өлеңнiң бiрнеше рет, қайтадан аударылған нұсқалары да баршылық. Соның бәрiн қарап, тексерiп, қорыта келгенде, аудармашы шайырларымыздың әдебиетiмiздiң тарихында бiр кезде үстемдiк еткен екi шарт, екi принцип, сол кездегi әдеби қауым ұстанған екi тенденцияның ортасында, оның не о жағына, не бұ жағына шыға алмай, әрлi-берлi ауытқып, әуре-сарсаңға түсiп жүргендiктерiн айдан анық көремiз. Сол екi бағыттың бiреуi — Пушкиннiң өлеңдерiнiң негiзгi мазмұнын алып, оны қазақ тiлiнде өзiнше еркiн сөйлетсем деу, яғни, оның шығармаларын стилiн, жазу мәнерiн, т.б. еш сақтамай, өте еркiн түрде аудару. Кезiнде бiздiң шайырларымыз осы үлгiнi ұстанып бақты. Бұл тiпте кейде Шығыс поэзиясында атам заманнан бермен қарай бар белгiлi бiр сюжеттi қайтадан жаңғырта жазатын нәзирәға да ұқсап кетiп жүрдi. Әрi бұл шарт әр шайырдың Пушкиннiң поэзиясын аудару емес, оны өзiнiң қалай қабылдағанын ғана көрсететiндiктен, көбiне-көп олар Пушкиннiң өзiне тән әлемiнен мүлдем алшақ жатты. Ал бұған қарама-қарсы тұрған екiншi бағыт — Пушкинге жақындайық, Пушкин әлемiнiң орбитасынан ұзап шығып кетпей, шайырдың стилiн сақтайық, т.б. деген ұранның әсерiнен пайда болды, соның нәтижесiнде Пушкиннiң сыңғыраған өлеңдерiнiң iшкi мазмұны, мағынасы емес, сыртқы формасы ғана сақталып, оның әрпi ғана аударылды, шумақ пен шумақты, жол мен жолды дәл сақтаймыз деген оңаза талаптың нәтижесiнде қазақ тiлiнiң синтаксисi орыс тiлiнiң синтаксисiне қолдан зорлап бағындырылды. Соның салдарынан қазақша аударма қазақ өлеңiнiң жарқ-жұрқ етiп көзге ұрып тұратын озық қасиеттерiнен ауыз сипап қала бердi. Бiз мұнан қазақ шайыларының Пушкиннiң шығармаларын қазақ топырағына “көшiрiп” әкелерде ұстанар ең басты шартты, басқаша айтсақ, оның рухының құпиясын ашатын сиқырлы бiр кiлттi таба алмағандығын айқын аңдаймыз. Ол кiлт — тек қана стильде емес, негiзiнен, ол шайыр рухында, шайырдың болмысында жатыр. Ал ол рух шайырдың сөйлеген ана тiлiнде, туылып-өскен топырағының ерекшелiгiнде, жалпы заманы мен өзi жасаған қоғамында, өз халқының тұтынған үрдiсiнде, сол кездерi үстемдiк еткен әдеби үрдiсте, бағытта, ең бастысы, осының бәрiн ескере келiп, сол шайырдың өз шығарымпаздығында ұстанған негiзгi тұжырымында, өткеннен түйген сабағы мен өз кезiнде ұстанған сара жолында жатыр. Бұл арада шынайы шайыр тек қана қарақан қара басының қамын күйттеп қоймайды, ол “мен” деп сөйлей отырып, өз халқының, өз қауымының, өз заманының рухын, оның жан дүниясын, ой-пiкiрiн, т.б. шынайы түрде поэзияның талабы мен оның жанр ретiндегi мүмкiншiлiгiне орай бейнелеп суреттейдi. Кезiнде Батыс Европа елдерiнiң әдебиеттерiне болған классицизм, романтизм мектебiнен өтiп, ақырында реализмге кеп ат басын тiреген Пушкиннiң өз дәуiрiнде жасаған поэзиясының ең құнды, ең құпия бiр қасиетi де, мiне, осында жатыр. Әрi бұл оның өлеңдерiн аударар кезде қатты ескерiлетiн сиқырлы бiр кiлт! Осы бiр нәрсенi шайырдың өзi де онша ашық болмаса да, ерекше бiр емеурiнмен айта да алған:
И долго буду тем любезен я народу,
что чувства добрые я лирой пробуждал,
что в мой жестокий век восславил я свободу
и милость к падшим призывал, —
деген жолдарынан кезiнде шайырдың ұстанған жолы, азамат ретiндегi кескiн-келбетi, бiтiм-болмысы, дүния, адам, қоғам, замана туралы түсiнiгi, одан түйген ой-пiкiрi анық аңғарылады. Кейде бұл оның мына тiршiлiкте ғана емес, жалпы әдебиетте берiк ұстанған программасы, iс-жоспары ретiнде де анық көрiнедi. Әрi бұдан шайырдың өз болмысы мен жасаған поэзиясының бағыт-бағдары, жалпы рухы тайға таңба басқандай боп айқын сезiледi. Бiздiңше, Пушкиннiң әдеби әлемiн айқара ашуға апаратын бiрден бiр жол, оның берiк жабулы тұрған қақпасының құлпын ашатын бiрден бiр кiлт нақ осы арада жатыр. Бұл мәселенiң бiр ұштығын Абайдың кезiнде жасаған еркiн аудармасынан көруге де болады. Рас, Абайдың кезiнде көркем аударма теориясы жасалмақ түгел, жалпы ол туралы түсiнiк те болған емес. Ол кездерi тәржiмә жайлы түсiнiк бүгiнгiге қарағанда мүлдем басқаша болатын. Соған қарамастан, тiлi де, дiнi де, жалпы рухы да қазақ халқына мүлдем жат Пушкиннiң өлеңдерiн қолдан иiп әкеп, барынша “қазақшалай” отырып, кейде оны “қазақынамайландырып” та жiберiп, орыс өлеңiн қазақтың түсiнiгiне қарай икемдей отырып, өзiнiң еркiн аудармаларын жасады. Сол себептi қазақтар Пушкиндi онша жатырқаған жоқ. Абай осы әдiстi Крылов, Лермонтов, Полонскийлардың, т.б. өлеңдерiн аударғанда да берiк ұстанды. Ал бұл бүгiнгi бiздiң көркемделген аударма туралы түсiнiгiмiздiң аясына онша сыя да бермейдi. Кезiнде дәл осындай еркiн аударманы қазақтың шығысшыл шайырлары да фарсы поэзиясында бар сюжеттердi қайтадан жаңғырта жырлағанда емiн-еркiн жасаған-ды. Бұл негiзiнен аударма емес, нәзирә ғана! Абай осы жәйттi ескерiп, орыстың өлеңдерiнiң қазақтың түсiнiгi мен құлағына жат естiлмеуiне, керiсiнше оның бұрыннан таныс үлгi сияқты боп, етене бауыр басып кетуiне аса назар аударды. Мiне, ол жасаған осындай әдеби тәжiрибелердiң арасында Лермонтовтың орысшаға аударған И.Гетенiң “Түн қатқан жолаушының жыры” атты кезiнде бүткiл Европаға мәшһүр болған лирика үлгiсiнiң қазақша тәржiмәсы басқаларға қарағанда ерекше көзге түседi. Орыс әдбиетшiлерiнiң пiкiрiнше, Лермонтовтың аудармасын қасаң қағидаға сүйенiп, осы өлеңнiң түпнұсқасымен салыстыра тексергенде, олардың арасында алшақтық баршылық. Орысшадағы нұсқада түпнұсқадағы бар сөздердiң көбi түсiп те қалған, кейбiр орамдар еркiн аударылған. Онда орыс шайырының өз жанынан қосқан сөздерi де жетерлiк. Соған қарамастан, орыс әдебиетшiлерi Лермонтовтың осы аудармасында Гетенiң рухы, болмысы, т.б. бар деп бiледi. Үлкен шайыр А.Твардовский де осы пiкiрдi қолдайды. Ол бiр мақаласында Пушкиннiң Хафиздан, Мицкевичтен жасаған аудармаларын поэзияның шыққан үлкен биiгi деп те бағалаған-ды. Бұндай жәйт Пушкин заманында да болған едi. Сол кездiң өзiнде-ақ Пушкин орыс әдебиетшiлерi мен сыншылары әрпi мен әрпiн салыстырып, жолма-жол аударманың шартын ұстанып, екi арадағы бар алшақтықты тiлге тиек етiп, терiс баға берiп жатқанда, Гнедич пен Жуковскийдiң Гомерден жасаған аудармаларына аса жоғары баға берген-дi. Ал, Кеңес билiгi кезiнде С.Маршактың ағылшын тiлiнен тәржiмәлаған Шекспирдiң атақты сонеттерi де, оны тұпнұсқамен сөзбе-сөз етiп салыстырғанда, көп ретте осы екi нұсқа бiр бiрiне дәл келе бермейдi, бiрақ бұл аудармада Шекспирдiң рухы берiк ұсталынғандықтан, оларды орыс әдебиетшiлерi тәржiмә жасау iсiндегi көпке үлгi боларлық нәрселер деп бiледi. Мiне, осы шартты ұстанған В.Жуковский‚ Гнедич‚ Н.А.Холодковский, С.Я.Маршак‚ М.Лозинский, Н.Заболоцкий, К.Чуковский‚ Б.Пастернак, Н.Тихонов, Н.Гребнев, Я.Козловский, М.Петровых, В.Звягинцева, С.Липкин, т.б. сықылды аударма iсiнiң ұсталары басқа әдебиетте бар жәуһарларды орыс оқушысымен етене етiп таныстыра бiлдi. Олардың да осы шаруа үстiнде жасаған “еркiндiгi”, “бетiмен кеткен жерлерi” баршылық. Ал бұл еркiндiң бастауында Пушкин, Жуковский, Гнедичтар тұр! Мiне, Абай осы шартты ұстана отырып, Пушкиннiң өз өлеңдерiмен қоса Гетенiң жаңағы өлеңiн аударды:
Горные вершины
спят во тьме ночной.
Тихие долины
полны свежей мглы.
Қараңғы түнде тау қалғып,
ұйқыға кетер (?) балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
түн басады (?) салбырап (?).
Бұл арада жiтi қараған көзге Абайдың аудармасында жанынан қосылған сөз, үстеме бояу, өлең ырғағының, оның буын санының түпнұсқадан сәл-пәл болса да ұзарыңқырап кеткен бiр жайы анық аңғарылады. Ол Лермонтовтың 6-5 дейтiн буын ретiмен аударған өлеңiн қазақтың кәдiмгi 8-7 буынды боп келетiн жыр үлгiсiмен тәржiмалаған, яғни бұны басқаша айтсақ, аудармадағы өлеңнiң ырғағы орысшадағы буын санынан 2 буынға артық түсiп отыр. Бұл, бiр жағынан алып қарастырғанда, флекциялы тiлге жататын орыс тiлiндегi мағынаны толығырақ жеткiзудiң бiр орайын келтiредi. Бұл бiр. Абай бұл арада өлеңдi сөзбе-сөз етiп аударуды көздемеген, оған керiсiнше, ол Гетенiң рухын тап басып ұстап, оның осы қысқа өлеңiндегi кеуiл-күйдi, жалпы рухани атмосфераны жеткiзудi мақсат тұтқан, сүйтiп оны ашардағы кiлт ретiнде жалпы өлеңнiң әуезiн (тональность) дәл берудi көздеген. Мiне, осының арқасында Гетенiң өлеңi қазақтың түсiнiгi мен ұғымына онша жат болып көрiнбейдi. Егерде осы жерде Абайдың орнында “дәл”, “сөзбе-сөз етiп” аударғыш басқа бiреу болса, онда ол “қараңғы түнде тау қалғыпты”, “тау шыңдары түнгi түнекте ұйықтап жатыр”, т.б. деп аудара салған болар едi. Абай осы “ұйықтап” деген көсемше сөзден бүткiл өлеңнiң құлақ күйiн, оның өзiне тән әуезiн дәл басып ұстап, тауды “түнде қалғып балбырап” жатыр, түн даланы “дел-сал” қылды дейдi. Бiз бұдан таудың “балбырап қалғығанын”, даланың “дел-сал” болып жатқанын бүткiл болмысымызбен сеземiз, көремiз. Және де Абайдың өз жанынан қосқан осы “артықбас сөздер” бiрiнiң үстiне бiрi үстелеп мағына қосып, бiр бiрiнiң сыр-сипатын аша түсумен қатар, олар бүткiл өлеңнiң айтар ой-пiкiрiн толығымен аша түсуге қызмет етiп те тұр. Осы өлеңдегi Гете рухының тайға таңба басқандай боп сезiлiп жататыны соншалық, осы төрт жолдан Гетенiң тынысы, Гетенiң мақамы, Гетенiң әуенi бiрден-ақ аңқи есiп қоя бередi. Осы нағыз шайырға, нағыз суреткерге тән қасиет, талғам тiптен “полны свежей мглы” деген жолдың аударылмай түсiп қалғанын да ұмыттырып жiбередi. Соған қарамастан, бiздiң көз алдымызда өз топырағынан ажырамаған, қазақ топырағына етене жақын боп кеткен, бiрақ қазақыланбаған Гетенiң алып тұлғасы ап-анық боп елестейдi. Бұл тағы да көркемделген аударма жасаудағы басты кiлт — шайырдың рухын тап басып ұстай бiлудiң қажеттiгiн артығымен дәлелдейдi. Егерде тәржiмәда автордың рухы, болмысы, т.б. дәл ұсталынса, онда стиль, тональность-әуез, жазудағы ерекшелiк, ырғақ, формадағы өзгешелiк, т.б. дегендердiң өздерi-ақ келедi. Әрине, мұны бұл жерде бiржақты басты принцип ретiнде ұстанып, қатып қалуға болмайды, қалай дегенмен де аудармашының өзi аударып отырған автордың ана тiлi мен қазақ тiлiнiң өзара ерекшелiктерiн, сол автор жасаған заманның жағдайын, сол кездегi әдеби үрдiстi, т.б. өте жақсы бiлуi бiрден бiр шарт. Онсыз шайырдың рухын қаншама тап ұстағаныңмен, түпнұсқадан алшақ кету деген сөз де емес. Мiне, осындай шарттардың үдесiнен шықпағандықтан, бiздiң аудармашыларымыз тегiс жердiң өзiнде сүрiнiп жатады. Мұндай жағдай орыс аудармашыларында да баршылық. Мәселен, Гетенiң “Фаустын” аударған Холодковскийде немiс шайырының рухы бiрден-ақ сезiледi, ал осы шығарманы кейiнiнен Кеңес заманында тәржiмалаған Б.Пастернактың аудармасында ол рух… өте аз сезiледi! Холодковскийдiң аудармасындағы Гетеге тән жылы леп, сыр шерте отырып ойлану, толғану, т.б. Пастернакта мүлдем жоқ, керiсiнше, мұнда салқындық, рационализм өте-мөте басым боп шыққан.
Habe nun, ach Philosohie, — (8 буын)
juriterei und medizin — (8 буын)
und leider auch Theologie — (8 буын)
durchaus studiert, mit heisen Bemuhn. (9 буын)
Я богословьем овладел‚ (8 буын)
над философией корпел‚ (8 буын)
юриспруденцию долбил‚ (8 буын)
и медицину изучил. (8 буын)
“Фаусттың” басқы жағында келетiн осы бiр шумақтың өзiнен-ақ Пастернактың түпнұсқаға қалай қарағандығын анық көруге болады. Мұнда түпнұсқадағы өлеңнiң буын саны толық сақталғанымен, интонацияда аздап айырмашылық бар. Бұл бiр. Екiншiден‚ түпнұсқадағы шумақтың төртiншi жолы 9 буыннан тұрады‚ ал аудармада бәрi бiр сыдырғы 8 буын боп кеткен. Оған қоса түпнұсқадағы шумақ а—б—а—б кескiнiде боп‚ шалыстырылып ұйқастырылған‚ ал бұл аудармада а—а‚ б—б түрiнде‚ егiз етiп ұйқастырылған. Мұндай “еркiншiлiк” бұл аудармада жетерлiк. Әрине‚ оны салыстырып жату қазақ әдебиетшiсiнiң мiндетi емес‚ бұл жердегi менiң айтпағым‚ — қандай да жазушыны аударған кезде‚ аудармашының сол түпнұсқаның тiлiнде еркiн сөйлемесе де‚ тым құрығанда‚ сол тiлден “төбесi тесiк” болуға‚ автордың дауыс ырғағын‚ өлеңiнiң үлгiсiн, т.б. жақсы түсiне бiлуге тиiстi. Және бiр айтарым‚ аудармашы түпнұсқаның тiлiнде қаншама еркiн сөйлесе де‚ сол тiлдi жақсы бiлсе де‚ ол‚ ең алдымен‚ көркемдеп ойлай алатын тәржiмәшi болуға тиiс. Онсыз жақсы аударма жасай қою оңайлыққа түспейдi. Мәселен‚ бұл шығарманы немiс тiлiнiң маманы М.Құрманов немiсшеден қазақшаға тiкелей аударды‚ бiрақ оның жасаған қазақша нұсқасы‚ Гетенiң рухын айтпағанның өзiнде, өлең өнерiнiң технологиясы‚ кәдiмгi қарапайым техниканың тұрғысынан қарастырғанда, түпнұсқадан да‚ орысша аудармасынан да өте кем түсiп жатыр. Егерде ол “Фаустты” сөзбе-сөз етiпаударғанда, одан басқа бiр маман шайыр көркемделген аударма жасағанда, онда шаруа мүлдем басқаша болар ма едi, — кiм бiлсiн!? Жалпы бiзде осылайша шетел тiлiнен тiкелей аудару жағы мүлдем жетiспей жатыр. Мәселен, бiзде Бальзак, Флобер, Мопассан, Дюмалардың, т.б. шығармалары француз тiлiнен емес, олардың орысшадағы көркемделген аудармаларынан жасалды. Сүйтiп “көркемделген” аудармадан тағы да “көркемделген” аударма жасағаннан кейiн, олардың түпнұсқаларының бiр бiрiмен сәйкес келуi туралы сөз айтудың өзi де қиын, жалпы ол жайлы бас қатырып жатудың қажетi де шамалы. Бiр ғана мысал келтiрейiн. Мен кезiнде, “Жазушы” баспасының аударма редакциясында қызмет iстеп жүргенiмде, Ш.Руставелидiң “Жолбарыс тонын жамылған батыр” дейтiн дастанының қазақша аудармасына редактор болған едiм. Оған алғысөздi мақтап, мадақтап Ғ.Мүсiрепов жазыпты. Бұл кiтаптың қалайда шыуы керек деген сөз. Оның үстiне осы дастанды аударған Х.Абдуллин кешегi сұрапыл соғыста немiстердiң қолында тұтқын боп, бiраз қиыншылық көрген кiсi. Және бiр қиыны, ол грузин тiлiн бiлмейдi, жалпы ол елдiң тарихынан, т.б. бейхабар. Мен осының бәрiн ескере отырып, аздап жұмсақтық жасай отырып, қолжазбаны редакциялауға кiрiстiм, сол жұмыстың үстiнде аудармашы осыдан аудардым деп берген Н.Заболоцкийдiң атақты аудармасымен қазақша нұсқаны салыстырып көрiп ем, — екеуi өзара мүлдем жақындамайды, алшақтық өте көп, жалпы мына қазақша нұсқаны Заболоцкийдiң аудармасынан жасалған тәржiмә деуге мүлдем болмайды. Менi және таңғалдырған бiр жәйт, — Х.Абдулиннiң осы дастанды соғыс басталмастан бұрын аудардым дегендiгi едi. Ал ол кездерi, 1937 жылдары М.Әуезов осы дастанды аудару қазақтың белгiлi үш шайырына тапсырылды деп жазады, бiрақ олардың аты-жөндерiн келтiрмейдi. Ол кезде Х.Абдуллиннiң есiмi белгiсiз. Оның үстiне дастанның қандай нұсқадан аударылғаны жәнә беймәлiм. Шотаның бұл дастанын Н.Заболоцкий соғыс бiткеннен кейiн, 1948-iншi жылдары ғана аударып, сол арқылы бостандыққа шығып, Мәскеуге келiп, оны жеке кiтап етiп бастырған болатын. Ал бұл кезде Х.Абдуллин Сiбiрде, түрмеде жүр. Ол өз алдына. Мен осы аударманы редакциялау кезiнде қазақша тәржiмадағы автордың жазу мәнерiн Х.Абдуллиннiң өзiнiң жазған өлеңдерiмен (осы кезде оның бiр-екi өлеңдер жинағы шыққан болатын, — Б.А.) өзара салыстырып көрдiм. Екеуi мүлдем ұқсамайды, құдды осы екi дүнияны басқа бiр екi кiсi жазғандай әсер қалдырады. Бiрақ ол кездерi менiң айтқан қисынды сөзiмдi, келтiрген нақты дәлелiмдi ешкiм де тыңдаған жоқ, жұрттың бәрi алғысөз жазған Ғ.Мүсiреповтың ыңғайына жығыла кеттi. Әрине, бұл арада ол аударманың шын авторының кiм екендiгiн тексерiп жату менiң мiндетiм еместiгiн тағы да айта кеткiм бар, мәселе бұл арада грузин тiлiн бiлмей тұрып, сол елдiң әдебиетiнен қалайша аударма жасауға болады дегенде жатыр. Мiне, осы бiлместiктiң салдарынан Ш.Руставелидiң атақты дастаны қазақша сөйлеп кете алған жоқ. Оны аударған кезде қолданылған қазақша өлеңнiң ырғағы 16 буынды боп келедi, әр ол бiр жолда жазылады, ал мұны аяғына дейiн оқып шығуға дем жетпейдi. Одан тыс, бұл жәйт қазақша өлеңнiң ырғағына үйренiп қалған кiсiге мүлдем жат боп сезiледi және де қазақша аудармада сыртқы жылтырақ, әдемi сөздердi еш талғамсыз қолдана беру, бояуды қалыңдап жаға беру, т.б. өте көп. Бұл жердегi ең басты кемшiлiк, — аудармашының грузин тiлiн, сол елдiң тарихын, үрдiсiн, салт-санасын, оның поэзиясының ерекшелiгiн, т.б. жақсы бiлмеуi, оның орысшадағы көркемделген аудармадан екiншi бiр көшiрме нұсқа жасауы. Осындай жағдай, яғни басқаша айтсақ, аударма iсiнде орыс тiлiн көпiр ретiнде пайдалану бiзде әлге дейiн жалғасып келедi. Мәселен‚ Шекспирдiң сонеттерiн 1949-ыншы жылы жастау кезiнде Кембриджде оқыған‚ жалпы герман елдерiнiң мәдениетi мен әдебиетiн жақсы бiлетiн йәһуди С.Маршак ешқандай да жолма-жол аударма жасатпай-ақ‚ ағылшын тiлiнен тiкелей аударып‚ жеке кiтап етiп бастырды. Мiне‚ бiзде осы Маршактың көркемделген аудармасынан Х.Ерғалиев 154 сонеттi түгелдей аударып жеке кiтап етiп шығарса (1978 жыл)‚ М.Мақатаев оның 34-iн ғана аударып бастырды. Мен бұл жерде осы екi аударма мен түпнұсқаны түгелдей салыстырып жатудан аулақпын‚ тек оның алғашқы‚ бiрiншi сонетiнiң бiрiншi шумағын салыстырғанды жөн көрiп отырмын:
From fairest creatures we desire increase,
that thereby beaty’s rose might never die,
but as the riper should by time decease,
his tender heir might bear his memory;
(Шекспир‚ түпнұсқа)
Мы урожая ждем от лучших лоз‚
чтоб красота жила‚ не увядая‚
пусть вянут лепестки созревших роз‚
хранит их память роза молодая.
(С.Маршактың аудармасы)
Әсем шыбық өссiн деймiз желкiлдеп‚(?)
сұлулықты сақтау үшiн жүдетпей.
Раушанның солғын бiрiн соңғысы (?)
жасартады (?) екi арада жыл өтпей… (?)
(Х.Ерғалиевтiң аудармасы)
Әсемдiктiң солмауы үшiн әдетте (?)
жақсы ұрықтан (?) жақсы гүл бiз дәметкен‚ (?)
семгенiмен солған гүлдер жапырағын
жас раушан сақтап оны‚ сәнi еткен. (?)
(М.Мақатаевтың аудармасы)
Бұл үш аударманы салыстыра отырып қарағанда‚ соңғы екi қазақша нұсқаның орысшадағы көркемделген аудармадан мүлдем алшақ жатқандығын ап-анық көруге болады. Орысшада ағылшын тiлiндегi өлеңнiң ұйқастырылуының а—б—а—б деген үлгiсi сақталынса‚ ол Хамит пен Мұқағалидың аудармаларында сақталынбаған. Ал оларды ағылшыншамен салыстыра қарастырудың өзi артық. Егерде осы сонеттердi ағылшын тiлiнен қазақшаға сөзбе-сөз аударып алып барып оны көркемдеп тәржiмә жасаса кәйтер едi? Үйтуге кәзiр бiзде ағылшын тiлiнiң мамандары жеткiлiктi емес пе?
Бiз бұдан түпнұсқаның тiлiн бiлмей тұрып‚ жақсы аударма жасай қоюдың қиындығын анық аңғарамыз. Жалпы белгiлi бiр елдiң тiлiн‚ үрдiсiн‚ тарихын, т.б. жақсы бiлмей тұрып‚ сол елдiң жазушысының шығармасын екiншi бiр тiл арқылы аудара қою онша баянды шаруа бола қоймайды. Мысалы, М.Мақатаев Дантенiң “Кәрәмәт комедиясын” М.Лозинскийдiң орысша аударған нұсқасынан “Құдiреттi комедия” деп қазақшаға аударды. Бұл поэманың түпнұсқадағы аты “Divina comedia”. Мұндағы алдыңғы анықтауыш эпитеттi Дантенiң өзi жазбаған‚ ол кейiнiректе қосылған. Осы орта ғасырларда берiк үрдiс болған о дүниеге сапар шегу дейтiн жанрдың үлгiсiнде жазылған поэмада шартты түрде символ‚ Иса дiнiне тән ұғымдар‚ атаулар өте көп. Оның көбiсiнiң бүгiнгi қазақтың ұғымына дәл келе бермеуi де мүмкiн. Оған қоса Данте қолданған өлеңнiң терцина — үштiк дейтiн үлгiсi де‚ ондағы ұйқастың қуаланып‚ а—б—а—б—в—б—в, т.б. боп бiрiн бiрi қуалап кете беретiн формасы да үрдiсiмiздегi өлеңге үйренiп қалған қазақтың көзiне де‚ құлағына да онша қона бермейдi. Оның үстiне қазақшада түпнұсқадағы 11 буынды боп келетiн өлеңнiң ырғағы 15 буын етiлiп артық алынған‚ әре терцина сақталмай‚ өлең үш жол-үш жолдан бiр тегiс етiп ұйқастырылған. Ендi соны орысша нұсқасымен салыстырып көрелiк:
Земную жизнь пройдя до половины‚ (а)
я очутился в сумрачном лесу‚ (б)
утратив правый путь во тьме долины‚(а)
каков он был‚ о‚ как произнесу‚ (б)
тот дикий лес‚ дремучий и грозящий‚ (в)
чей давний ужас в памяти несу! (б)
Так горек он‚ что смерть‚ едва ль не слаще‚ (в)
но‚ благо в нем обретши навсегда‚ (г)
сакажу про все‚ что видел в этой чаще.(в)
(М.Лозинскийдiң аудармасы)
Бұл фәниде жарты өмiрдi (?) жасадым да‚ әрi астым (?)‚ (а)
әрi астым да (?)‚ қара орманға қапелiмде (?) жанастым (?)‚(а)
ойпаттағы (?) опа көрген (?) оң жолымнан адастым. (а)
Ежелгi (?) оның қорқынышын (?) есте тұтып (?) келемiн‚ (а)
үрей бұққан (?) тағы (?) орманды тажалдайын (?) көремiн‚
қандай едi ол‚ пәруардигер‚ қалай айтып беремiн?
Сұрқай (?) едi-ау‚ өлiм одан әлдеқайда сұлу-ды (?)‚
бiрақ онда бiр игiлiк (?) мәңгi-бақи бұғулы (?)‚
бәрiн де айтам‚ нелер көрдiм‚ нен көңiл ұғынды (?).
(М.Мақатаевтың аудармасы)
Осы үзiндiнiң өзiнен-ақ қазақша нұсқаның орысшасына қарағанда еркiндеу кеткенiн анық көруге болады. Оның үстiне түпнұсқадағы “vexilla regis prodeunt inferni”, “Pape Satan, pape Satan aleppe” деген 11 буынды ырғақпен келетiн өлеңнiң өлшемi қазақшадағы нұсқада 15 буынды боп‚ 4 буынға артып түскен. Ал бұл 11 буынды өлең өлшемi қазақта екi түрде жиi кездеседi. Оның үстiне өлеңнiң терцина үлгiсi қазақтың көзi мен құлағына сәйкес келетiндей етiлiп‚ аздап болса да өзгертiлiп алынбаған. Бұларды айтпағанда орысша аудармадағы бiраз сөз өз мағынасында алынбай‚ көп жерде ауытқып түскен. Әрине‚ мен мұның үлкен поэманы аударма жасау iсiндегi алғашқы тәжiрибе екендiгiн жақсы түсiнемiн‚ мұндай сәтсiздiктi шайырдың кiнәсi деуден де аулақпын. Бұл жердегi басты айтпағым‚ — қандай аударма болмасын‚ сол елдiң тұтынатын‚ сөйлейтiн‚ жазбаша әдебиетте қолданатын тiлiнен қазақшаға тiкелей аударылуға тиiс. Өкiнiшке орай‚ бұл бiзде әліге дейiн сақталмай отыр. Мәселен‚ өткен жылы үкiметтiң деңгейiнде мәдени программа деген қабылданып‚ дүние жүзi елдерiнiң ең озық деген 100 шығармасы қазақ тiлiне аударылатын болды. Бұл‚ әрине‚ жақсы бастама-ақ! Бiрақ бiздiң аудармашыларымыз тағы да оларды (орыс әдебиетiнен басқасын‚ — Б.А.) орыс тiлiнде жасалған‚ көркемделген екiншi бiр көркемделген аударма жасап‚ екi араға “саты” салып аудармақшы болып отыр. Ал мұның сәттi де дәл болып шыға қоюы неғайбыл. Бұлайша науқаншылыққа‚ асығыстыққа салынбай-ақ‚ әуелi бiрiншi кезекте ағылшын‚ француз‚ немiс‚ итальян‚ испан, т.б. тiлдерiнен сөзбе-сөз аударма жасап алған соң барып‚ олардан көркемделген аударма жасауға сонда бiзге не кедергi болып отыр? Жалпы бiздiң орыс тiлiнiң өзiн өте жақсы‚ терең бiле бермейтiн әдебиетшiлерiмiз осы үлкен шаруаға бiрден бел шешiп кiрiсiп кете қоюға қай жағынан алып қарағанда‚ шынымен‚ дайын ба?
Мәселенi осы тұрғысынан алып қарастырғанда‚ Пушкиннiң жайы мүлдем бөлек, — бiздiң бүгiнгi аудармашыларымыз орыс тiлiн өте жақсы болмаса да, бiршама бiледi. Тiптен кейбiр көбiкауыз мықтыларымыз, нан сұрап жейтiн орысшасының өзi оңып тұрмағанына қарамастан, орыс тiлiнде “өлеңмен жазылған романды” “жазып” шығарып та жүр! Осыларды ескергенде, бiзде орыс әдебиетiнен жақсы аудармалардың жасалуы керек деп талап етуiмiз ешқандай да әбестiк емес. Демек, бұл арада бiздiң Пушкинге келгенде онша қиналатын ретiмiз де жоқ. Оның себебi, ол бiзде қазақшаға өте көп аударылған шайыр, оның шығармаларын жаңадан тәржiмә етерде ескеретiн тәжiрибе де жетерлiк. Екiншiден, бүгiндерi орыс әдебиетнамасында ағылшын, немiс, француз, испан, т.б. тiлдерiнен аудару шаруасында жинақталған тәжiрибелердiң негiзiнде аударма теориясы жасалып та үлгердi. Бiздің соны тереңiнен зерттеп, ол тәжiрибенi орыс және қазақ тiлдерiнiң грамматикасына қарай үйлестiрiп, олардың араларындағы айырмашылықтарды бiлiп, аударма iсiнде қолдануымызға әбден болады. Үшiншiден, осыларды ескере отырып, Пушкиннiң шығармаларын қазақшалар кезде оның шайыр ретiндегi рухын тап басып ұстай алуда бар гәптiң бiр ұштығы жатыр. Мiне, сол рух ұсталынып, көркемдiк тұрғыдан түсiнiлген “дәлдiк” шарты сақталынса, яғни өлеңнiң сөзiн емес сөлiн, әрпiн емес, мағынасын аударса, ең бастысы, аудармашының өз рухы, жан дүниясы, дүнияны түйсiнiп сезуi Пушкиннiң рухымен дәл келсе, тiпте соған бiраз дәрежеде ұқсас болып шықса, әсiресе, оның Пушкиннiң жазу мәнеренiне ыңғайлана бiлуi, соның ықпалынан шыға алмай отыруы, керек болса сол Пушкиннiң жазуына қаншалықты дәрежеде елiктей бiлуi, соны қазақ тiлiне көшiрiп әкеле алуы iске асса, басқаша айтқанда орыс шайырының стилi мен аудармашының стилi бiте қайнасып, бiрiгiп кетсе, онда Пушкиннiң шынымен қазақшалап сөйлеп кетуi әбден мүмкiн. Бiзде бүгiндерi ондай, бiрлi-жарым болса да, жақсы аудармалар баршылық:
Толтыра құй ыдыстары! Ханымдар,
дәл түбiне түсiре,
қою шарап iшiне
қасиеттi жүзiктердi салыңдар!
(Қ.Аманжоловтың аудармасы)
Толқынданған тұманнан
Ай бұлқынып шығады.
Төңiрекке мұңайған
мұңлы сәуле құяды.
(Ғ.Ормановтың аудармасы)
Кешкi боран көктi жапты,
қарлы құйын қуалай.
Кейде ұлиды аң сияқты,
кейде өксидi баладай.
(Т.Жароковтың аудармасы)
Асау мұхит бұрқанса,
ойнақтаса толқындар,
нажағайын бұлт атса,
сақта менi, бойтұмар.
(С.Мәуленовтiң аудармасы)
Сақтармын ба тағдырға,
өштiк, ыза, ерлiктi?
Өткiзген жас шағымда
сабырлықты, өрлiктi?
(Қ.Бекхожиннiң ааудармасы)
Аквилон, неге долдандың
жағада өскен қамысқа?
Ақ бұлтқа неге шамдандың,
қуалап зеңгiр алысқа?
(Қ.Жармағамбетовтiң аудармасы)
Күдiкшiл, асқақ, тәркi (?) рух
көрiп қап әзиз рухты,
қасына келiп шарқ ұрып,
қызыға бiраз тұрыпты.
(Қ.Шаңғытбаевтың аудармасы)
Еркесi айдын шалқардың
шырқай бер теңiiз төрiнде!
Бiр саған үмiт артармын,
есен жүр шалғай өрiңде!
(Ғ.Қайырбековтiң аудармасы)
Былай қарағанда, осы шумақтарды бiр кiсiнiң қолынан шыққандай көресiң. Ал оларды аударған шайырлардың барлығы да өз шығарымпаздықтарында мүлдем басқа-басқа жолды ұстанғандар, олардың жазу мәнерi, қолтаңбалары бiр бiрiне мүлдем ұқсамайды, соған қарамастан, мына жерде олардың барлығы да бiр кiсiге айналып кеткендей боп сезiледi. Тiптен барлық өлең шумақтары бiр қолдан шыққандай боп көрiнедi. Бұл жерде ырғақ та, интонация да, тональность-әуез де, ең аяғы лексикаға дейiн бiрдей. Осы жерде жәй тiршiлiкте бiр бiрiмен бастары онша пiсе қоймайтын осы әр түрлi шайырлардың бастарын бiр жерде бiрiктiрiп тұрған құдiреттi бiр күш — ол Пушкиннiң рухы! Олардың соны бiр кiсiдей боп жан-тәндерiмен сезiне, түйсiне алуы! Мiне, осындай талаппен қарастырғаанда, бiзде Пушкиннiң төрт рет том-том боп басылып шыққан кiтаптарының iшiнен осы ыңғайда, осы деңгейде аударылған өлеңдердi сирек болса да тауып алуға болады. Сондай сәттi аудармалар бiзде баршылық. Мәселен, шайыр ретiнде өздерiнiң жаратылыстары әр түрлi болса да, Қ.Аманжолов “Тұтқын” мен “Дастархан жырын”, Т.Жароков “Қысқы кештi”, “Цыгандарды”, Ғ.Орманов “Өмiр арбасы” мен “Қысқы жолды”, Қ.Бекхожин “Сезiктi”, С.Мәуленов “Бойтұмар” мен “Грузия қырында түн түнегендi”, Қ.Жармағамбетов “Анчар”, “Аквилон”, “Арионды”, I.Мәмбетов “Чаадаевқа”, “Жырлама, сұлуды”, Қ.Шаңғытбаев “Әзәзiл”, “Тұмар”, “Стансыды”, Ғ.Қайырбеков “Кеменi”, Қ.Жұмағалиев “Жеңгетай салғырт, көңiлсiздi” сәттi аударды. Бiрақ осы шайырлардың Пушкиннен жасаған басқа аудармалары осы дәрежеде шыға қоймаған, тiпте олардың кейбiреулерi бүгiнгi жетiлген өлең техникасының шамасынан қарастырғанда, дәрежесі мүлдем төмен түсiп жатады. Мұның iшкi себебi жоқ та емес. Бұл арада ең алдымен айтарым, — жоғарыда аты аталған шайырлардың көбiнiң жазу мәнерi, жалпы стилi мен рухы Пушкинмен жете қабыса бермейдi, сол себептi олардың жасаған бiрлi-жарым аудармасы кездейсоқ туыла қалғандай боп әсер етедi. Осы арада Пушкинге жазу мәнерi жағынан да, жалпы рухы жағынан да өзгелерге қарағанда ең жақынырақ тұрғаны — Қ.Жармағамбетов пен Қ.Шаңғытбаев қана. Сол себептi олардың аудармаларын оқып отырып, оларды бiр кiсiнiң қолынан шыққан ба деп те қаласың. Жалпы осы екi шайырда өзара ұқсас нәрселер көп. Ол қасиеттер екеуiнiң Пушкиннiң өлеңдерiн аударған кездерiнде барынша анық көрiне түстi. Мысалдар келтiрейiн.
Қ.Жармағамбетов өткен ғасырдың елуiншi жылдары Пушкиннiң “Анчар”, “Аквилон” және “Арионын” жақсы аударып, оларды орыс шайырының 1949-ыншы жылы жарық көрген үлкен бiр томдығында жариялады. Бұл аудармалардан Пушкиннiң шынымен “қазақша сөйлей” бастағанын анық сезуге болады:
Сарылған, сараң далаңда,
аңызақ құмын өртеген,
сақшыдай сұсты жаһанға
анчар тұр жалғыз ертеден.
(“Анчар”)
Дауылмен шықтым жиекке,
бұрынғы шырқап гимндi.
Кептiрiп қойдым киiмiмдi,
күншуақ тас түбекке.
(“Арион”)
Мұндай таза қазақша боп қағаз бетiне бiр демде құйылып түскен, есiлген сазды, әуездi жолдарды оқи отырып, Пушкиннiң орыс тiлiнде жазған сазды да назды өлеңдерi ерiксiз еске түседi, мұны кейде аударма деп те ойламайсың. Ал бұл қасиет аудармашының нағыз ұсталығынан хабар бередi.
Осындай жақсы жасалған аудармалар Қ.Шаңғытбаевта да баршылық.
Шығыстың абат зейнетiн
әпермес, сенi кенде ғып,
нәбидiң байтақ үмбетiн
бермейдi саған пенде ғып.
(“Тұмар”)
Алтын ай тұр аспанда,
тоқта… шертiп гитарын,
испан қызы балконға
асты жайлап шынтағын.
(“Түнгi зефир”)
Осы шумақтарда кейбiр өзiнiң дәл мағынасында қолданылмаған сөздердiң барлығына қарамастан, бұл дүниелердi сәттi жасалған аудармалардың қатарына жатқызуға болады. Дегенмен де мұндай дүниелер өте аз. Мәселен, Қ.Жармағамбетов “Гүл”, “Қолбасы”, Қ.Шаңғытбаев “Кернге”, “Сiбiрге хат” деген өлеңдердi аударған кезде, жаңағы шыққан биiктерiнен мүлдем төмен түсiп кетiп, әлгi өлеңдердi аудармада осы кезге дейiн үстемдiк етiп келген сөзбе сөз, жолма-жол етiп тәржiмалау керек дейтiн солақай шарттың ықпалынан шыға алмай қалған. Сондықтан да олардың аудармалары көп ретте сөзбе-сөз аударма (подстрочник) шамасында қалып қойған. Мәселен, Қ.Шаңғытбаев атақты “Кернге” дейтiн өлеңдi былай тәржiмалайды:
Я помню чудное мгновенье:
передо мной явилась ты,
как мимолетное виденье,
как гений чистой красоты.
Шiркiн-ай, (?) өткен (?) со бiр сәт:
ғайыптан (?) маған жолықтың,
көрiнiп кеткен түске (?) ұқсап,
тәңiрiндей (?) әзiз көрiктiң (?).
Бұл жерде аудармашы орыс тiлiндегi өлеңнiң сыртқы түрiн сақтаймын, түпнұсқаға барынша жақындаймын деп, өз-өзiнен, ерiксiз одан мүлдем алыстап кеткендiгiн аңғармай да қалған. Мәселен, “шiркiн-ай” деген сөз түпнұсқада жоқ, әрi ол сағыныш сезiмiн бiлдiрмейдi. “Ғайыптан” деген сөз де түпнұсқадағы “мимолетноенiң” мағынасын бермейдi, мұнда, қазақшада мистика басымдау түсiп жатыр. Ал “как гений чистой красоты” деген жол орысшадан сөзбе-сөз “тәңiрiндей әзiз көрiктiң” боп аударылғандықтан, қазаққа мүлдем түсiнiксiз, бұл тiркестiң шын қазақшасы “дүрдана” деген сөзде жатыр. Оны айтпағанда, жалпы осы шумақ орысша ойланып “аударылған”, басқаша айтсақ, мұндағы сөйлемнiң құрылысы мүлдем қазақша емес. Бұл тағы да өлеңдi жолма жол, сөзбе-сөз аудару керек деген қолапайсыз талапты сақтаймын дегеннен шығып жатыр. Ал орыс тiлi мен қазақ тiлiнiң синтаксисi бұл жерде бiрдей боп келмейдi, олар керiсiнше басқа бiр екi полюста жатады. Демек, орыс тiлiнде жазылған өлеңдегi стилистикаға тән ерекшелiктердi дәл сол қалпында сақтау кей жағдайда мүмкiн де болмайды. Соны дәлелдеу үшiн Пушкиннiң жаңағы өлеңiнiң алғашқы шумағын қазақшаға, оның мағынасын, сөйлемнiң құрылысын сақтай отырып, жолма-жол (подстрочник) аударып көрейiкшi. Ол сонда, сөйлемнiң конструкциясы “терiс төңкерiлiп” түсiп (мен мұны мiнсiз жолма-жол жасалған аударма деп отырған жоқпын, бұл жердегi мақсатым оны мысал ретiнде келтiру ғана — Б.А.), былай боп шығады:
Сенiң менiң алдыма (маған)
жалт ете қалған елестей боп,
әзиз сұлулықтың (асқан) дүрданасындай боп келген (көрiнген)
(сол бiр) таңғажайып сәт әлге дейiн менiң есiмде.
Ендi осы “жолма-жол” аударманы нағыз қазақша ойланып жасалған сөйлемдермен өлеңге айналдыру керек! Кәзiрде орыс әдебиетiнде басқа елдiң шайырларының өлеңдерi дәл осындай шартпенен әуелi жолма жолы аудармасы жасалынып барып тәржiмаланады. Олардың бұл салада жинақтаған тәжiрибесi жетерлiк. Бiзде бұл нәрсе әлге дейiн жоқ. Осы арада және бiр айта кетер нәрсе, — ол орыс өлеңiнiң ырғағы мен оның әр жолындағы буындардың санын ескерудiң керектiгi. Мұның бiр шумақтағы негiзгi мағынаны жеткiзуге келгенде тигiзетiн әсерi жетерлiк. Бұл жерде Пушкин өз өлеңiнде 9-8 буынды боп келетiн екi жолды қайталап, оларды шалыс түрде ұйқастырып, бiр шумақ жасап отыр. Мұны сол күйiнде қазақ өлеңiнiң ырғағына көшiре салуға мүлдем болмайды, ол құлаққа мүлдем қолайсыз боп естiледi. Бұл жердегi 8 буынды боп келетiн жол қазақтың кәдiмгi жыр түрiнде келетiн өлеңiнде бар, ал оның алғашқы 9 буынды боп келетiн жолы қазақ өлеңiнде мүлдем басқа бiр арнаға түсiп кететiндiктен, ол екiншi, өзiне қарағанда қысқа жолмен мүлдем үйлеспейдi. Мұны оқушы жұртшылыққа түсiнiктi болу үшiн жәй ғана мысал ретiнде алына салынған “керемет” және “шiркiн” деген екi сөздiң өзара өлең жолында тiркесiп келген бiр жағдайымен анық етiп көрсетейiн. Сонда 9-8 буынды боп келетiн Пушкин өлеңiнiң қазақ өлеңiндегi үлгiсi мынадай боп шығады:
Керемет, керемет, керемет (9 буын!),
керемет, керемет, шiркiн (8 буын!).
Осы екi жолдағы екi түрлi ырғақтың арасында оларды бiр-бiрiмен әуез, ырғақ жағынан тұтастырып, бiрiктiрiп тұрған ешқандай да байланыс жоқ, сол себептi бұл ырғақ қазақтың құлағына мүлдем жат боп естiледi. Осы арада басқа тiлде жазылған өлеңнiң ырғағын қазақшаға аударғанда сақтауға бола ма, жоқ па, егер оны сақтасақ, онда оны қандай мөлшерде сақтау керек, әлде бұл арада өзiмiзге ежелден белгiлi 11 және 7-8 буынды боп келетiн өлең ырғағымен аудара беруiмiз қажет пе деген үлкен бiр мәселе өз өзiнен кеп туындайды. Осы арада қазақ өлеңiнiң бiр дүлдүлi I.Жансүгiровтiң 1937-iншi жылы Пушкиннiң “Онегинiн” аударғанда жазған алғысөзiнен бiр үзiндi келтiре кеткендi жөн деп ойлаймын. Үлкен шайыр да осы дүнияны аударар кезде орыс өлеңiнiң ырғағы туралы қатты ойланған. Ол сол кездiң өзiнде-ақ орыс өлеңiнiң өлшемi туралы ойлана кеп: “Қазақ тiлiнiң өз қасиетiн сақтай (!) отырып, кейбiр iргелес келген жерлерде Пушкиннiң сөз өрнегiн, өлең жолдарының жатысын да өзiне жақындаттық. Өлең өлшеуi қазақ құлағына жат естiлмеудi (!) еске алып, Пушкиннiң сөзiне сөз еселеудi керек қылатын ұзын өлшеуден де, Пушкин сөзiн сыйдырмайтын қысқа өлшеуден де қаштық. Ақынның өз өлшеуiне ең жақын өлшеу деп осы өлшеудi алдық”, — деп жазған едi (Шығармалары, 2 том, 392 б., Алматы, 1960 жыл). Үлкен шайыр осы жерде өзiнiң қандай батыл қадам жасап отырғандығын жақсы сезiп: “Қысқасы бұл аудармада Пушкиндi бұрынғы қазақ өлеңiнiң қарапайым үлгiсiне салғанымыз жоқ, қайта қазақ өлеңiн Пушкин үлгiсiне таман тарттық,” — деп және бiр ескертiп өтедi. Сүйтiп ол “Онегиндi” былай етiп аударады:
“Мой дядя самых честных правил, (9 буын),
когда не в шутку занемог, (8 буын),
он уважать себя заставил, (9 буын),
и лучше выдумать не мог…” (8 буын), т.б.
“Таза жолға берiк ағам (8 буын),
ауырса шын төсек тартып, (8 буын),
өзiн сонда сыйлаттырған (8 буын),
ой таба алмай одан артық”… (8 буын), т.б.
Шайыр мұнда түпнұсқадағы 9-8 буынды боп келетiн өлеңнiң үлгiсiн бiр сыдырғы 8 буынмен аударған. Бұл ырғақ шынында да бұрынғы жыраулар мен шайырларымыздың өлеңдерiнде кездесе бермейтiн ырғақ едi. Мен бұл арада осы аударманың сапасы жөнiнде сөз қозғамаймын, тек айтарым, — орыс шайырының өлеңiн қазақшалар кезде, Iлиясша айтсақ, оның түпнұсқасындағы ырғақтан буын санын асырудың да, не одан кем түсiп жатудың да қажетi шамалы. Бұл жерде бiзге орыс шайырларының басқа елдердiң шайырларынан аударған мүлiктерi үлгi бола алады. Мен мұны басқа бiр мақаламда кеңiрек сөз ететiндiктен, бұл жерде о жағына тоқталып жатпаймын. Тек айтарым, қалай дегенде де орыс шайырының шығармаларын аударған кезде, өлеңнiң ырғағын оған жақындатамыз деп, қазақ өлеңiнiң қалыпты ырғағына нұқсан келтiруге болмайды. Мәселе бұл арада түпнұсқадағы мағынаны басқа тiлде толық етiп жеткiзе бiлуде жатыр. Әрине, мұның аударма iсiнде бiрден-бiр негiзгi, шешушi нәрсе емес екендiгiн ескеру де қажет. Мұның сыртында аударылатын шайырдың дүниясы мен аудармашының iшкi үндестiгi, жазу мәнерiнiң ұқсастығы, терең бiлiмi, сол тiлдi жерiне жете жақсы бiлуi, оның актер ретiнде басқа шайырдың рөлiне кiрiпкете алуы (перевоплощение), оның сол шайырдай боп ойлап, сол шайырдай боп дүнияны сезе алуы, т.б. өте-мөте қажет. Онсыз жақсы аударма жасай қою қиын. Бiз мұны бiр ғана Пушкиннiң қазақ тiлiне аударылған шығармаларын тексере отырып өте анық көремiз. Мәселен, Пушкиннiң романтизм дәуiрiнен шыға алмай жүрген кезiнде жазған өлеңдерiн өз шығарымпаздықтарында азды-көптi романтизмнiң әсерi бар Қ.Шаңғытбаев, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбековтер сәттi аударды. Ал олар Пушкиннiң таза реализмге көшкен кезiнде жазған дүниелерiн онша аудара алмады. Бұл, әсiресе, Қ.Шаңғытбаев аударған “Онегиннiң” қазақша нұсқасына өте-мөте қатысты. Ол негiзiнен Фет, Майковтар, т.б. сықылды формаға, сөздi неше түрлi етiп құбылтып қолдануға, оның iшкi мағынасынан гөрi сыртқы жылтырағына баса назар аударатын, өз өлеңдерiнде реализм әдiсiн барынша қолдана бiлмеген шайыр болғандықтан, оған “Онегин” стилi, жалпы табиғаты жағынан мүлдем жат болатын. Соған қарамастан, Қ.Шаңғытбаев осы шығарманы екi рет аударды, бiрақ екеуi де онша сәттi шыға қойған жоқ. Ал бұған керiсiнше ол Омар Хәййәмның өзiне болмысы жағынан, әсiресе, шарап, кеуiл көтеру, т.б. туралы жазылған рубаиларын өте жатық етiп тәржiмәләды. Бұл тағы да, театрдағы актерлердiң оң қырына, жалпы оның амплуасына қолай келетiн рөлдердiң болатыны сықылды, аударма саласында да аудармашының оң жамбасына келетiн шайырлардың болатындығын айқын дәлелдейдi. Өкiнiшке орай, бiзде аударманы тек қана ақша, пұл, дүние табу деп бiлетiн жазғыштар бұл жағдайды мүлдем ескере бермейдi. Мәселен, жазуы да, жаратылысы да өзара мүлдем жақын келмейтiн Қ.Мырзалиев кезiнде О.Сүлейменовтiң өлеңдерiн аударды, бiрақ ол аударма емес, Қадырдың Олжастың өлеңдерiнiң тақырыбын қайталап, соған вариация жасаған, оны қайтадан басқа бiр тұрғыдан жазып шыққан дүниесi болды да қойды. Кәзiр бiзде мұндай ақша тапқыш “аудармашылар” жыртылып айрылады. Осы жағдай Пушкиннiң өлеңдерiн тәржiмалған кезде де жиi болды. Бүгiндерi орыс шайырының қазақшаға аударылып шыққан кiтаптарын қайтадан қарап отырсаң, оларды аударғандардың iшiнде бүткiл тiрлiгiнде қазақша оңдырып бiр де бiр өлең жаза алмаған кiсiлердiң де, жәй тұүжым жорналшы мен қарасөзшiлердiң де жүргендiгiн көруге болады. Әрине, мұның аударма өнерiне мүлдем жат екендiгi өз өзiнен белгiлi.
Бұл жерде тағы да қайталап айтатын нәрсе, — өлеңдегi ырғақтың әу баста қалай таңдалып алынуының жәй нәрсе еместiгi, соған орай шайырдың не туралы, оны қалай, қандай кеуiл-күйде отырып жағандығының анықталатыны. Бұл арада шайыр кейбiр тұста өз кеуiл-күйiне орай ырғақ, саз iздеген композиторға ұқсап кетедi. Ол рас та. Поэзияны шынайы өнер деп түсiнген шайыр өзi қозғайын деп отырған тақырыбындағы материалдың жаратылысына орай оны қандай үнмен, қандай леппен, т.б. айтсам деп әуез, интонация, соған лайқат ырғақ, лексика, т.б. iздейдi. Бiз мұны Пушкиннiң өлеңдерiнен анық көремiз. Мәселен, оның романтизм әсерiмен жазған шығармаларында асқақ лексика, асқақ сөздер, барынша ширыққан ырғақ, нақтылы, күнделiктi тiршiлiктен жерiнген, бiрбеткей кейiпкердiң экспрессиясы, ширыққан кеуiл-күйi, кейде патетика, өмiрi жүзеге аспас аспанда қалықтап жүрген қиялға шому, т.б. тәрiздi нәрселер жиi кездеседi. Ал оның реализмге ат басын тiреген тұсында жазған өлеңдерiне асқан қарапайымдылық, кәдiмгi қарапайым лексика, асығып-аптықпайтын ырғақ, жалпы сабырлылық, кейде прозаизм, таңдалынып алынған қарапайым материалға орай қарапайым бояу, теңеу, т.б. өте тән. Мiне, осындай классицизм мен романтизмнен өтiп кеп, реализмге бой ұрған Пушкиннiң әдеби мұрасы, шын мәнiнде, стиль, т.б. жағынан алып қарастырғанда, бiркелкi емес. Ол 1830-ыншы жылдары бар жазғанын қайта қарап, жастау кезiнде жазған өлеңдерiн түбегейлi қопара жөндеген кезiнде де өз дүниелерiн стиль жағынан бiрегей ете алмады, — соны сезген ол ақыры болмағасын:
Я думал уж о форме плана,
и как героя назову;
покамест моего романа
я кончил первую главу;
пересмотрел (!) все это строго:
противоречий очень много, —
деп, стильдiң бытыраңқы шығып жатқандығына қолын бiр-ақ сiлтедi. Орыс шайырының, мiне, осындай ерекшелiктерiн бiздiң шайырларымыз қазақшаға аударған кезде мүлдем ескермедi десек те болады. Әсiресе, осы арада жадтан шығып кете берген бiр жәйт, — Пушкиннiң қандай өлеңiнде болмасын әуез бен лексиканың, ырғақ пен интонацияның бiрлiгiн қатты сақтайтыны. Соның нәтижесiнде оның өлеңдерi бiр демде қағаз бетiне сом алтынша түсе қалғандай боп көрiнедi, бiрақ бұл бергi жақтағы алдамшы көрiнiс қана, оның әр жағында жатқан кәдiмгi маңдайдан қара тердi шұбыртқан “қара жұмысты” оқушы жұртшылық көре де бермейдi, — бұған Пушкиннiң бiр өлеңiн қайта-қайта жазғанын дәлелдейтiн қолжазбалары бiрден бiр куә. Мiне, осындай ересен еңбектiң нәтижесiнде ғана (әрине, бұл бiздегi “бейнеткеш кейбiреушiлеп”, өзiн өзi зорлап, шамасы жетпес шыңды құлатам деп күшенiп-тышану емес! — Б.А.) ол орыс әдебиетiнде кейiнге үлгi боларлық дүнияларды жарата алды. Сүйтiп ол өзiне дейiнгi поэзияның жеткен жетiсiгiн ала отырып, оларды қорытып, олардың бәрiн қайтадан домна пешiне салып жiберiп, оларды шикiзат ретiндегi руда сықылды қайтадан балқытып, түрi жағынан бұрынғы үлгiге аздап болса да ұқсайтын, бiрақ мазмұны жағынан жаңа, кескiн-келбетi өткендi де, жаңа заманды да еске салатын, тосын бiр әдеби дүнияны жасай алды, яғни басқаша айтсақ, ол үлкен синтез жасады! Ол бұл арада өзiне дейiнгi поэзияда болған, әр шайырдың шығарымпаздығында бар, соларға тән неше түрлi қасиеттiң бастарын бiр жерге табиғи түрде қоса бiлдi. Ал мұны жүзеге асыру оңай нәрсе емес. Пушкин осы арада әдебиетке бiр ғана шығарымпаздық тұрғыдан емес, кәдiмгi ғылыми тұрғыдан да үңiлiп, әлгi қасиеттердiң поэзияның тақырыбымен, жалпы мазмұнмен өзара жымдаса бiрiгiп, кiрiгiп кеткен жағдайында ғана, басқаша айтсақ, физикадағы диффузияның қаншалықты табиғи түрде болғаны сықылды, тақырып пен форманың өзара жымы бiлiнбестен кiрiгiп, астасып кеткен кезiнде ғана шынайы әдеби дүнияның дүзiлетiнiн анық сездi, анық бiлдi. Ол осы нәрсенiң өз шығармаларында қалай жүзеге асқандығын көрсете бiлдi, сол себептi оның бiрегей туындыларын басқа тiлге аударған кезде, оның түпнұсқасындағы көп қасиет ерiксiз түсiп қала бередi. Бұл, бiр жағынан алып қарағанда, заңды да. Мәселен, орыс тiлiнде жазатын жазушының әбден кемелiне келген стилистикасын қазақ тiлiнде жеткiзу еш мүмкiн де емес, ондай нәрсе тек қана белгiлi бiр тiлдiң аясында ғана жүзеге асатындықтан, оны басқа тiлге аударған кезде амалсыздан имитация ғана жасалынады да қойылады. Бұл жалпы лингвистикаға тән нәрселер. Дегенмен де соны тәржiмә кезiнде аздап болса да жеткiзуге тырысқан мақұл. Бұл шаруа поэзияда ең алдымен түпнұсқаға сәйкес етiлiп қандай ырғақты таңдап алудан басталады. Соған байланысты әуез, интонация, лексика, стилистика өз-өзiнен келедi. Мiне, осы жерде бiздiң ойланатын тұстарымыз баршылық. Бұл арадағы ең басты айтатын нәрсе, — бiзде орыс әдебиетiндегiдей бiрыңғай аудармамен айналысатын, белгiлi бiр шетелдiң әдебиетiмен шұғылданатын, сол елдiң тiлiн, т.б. жақсы бiлетiн маман шайырлардың мүлдем жоқтығы. Рас, кезiнде Қ.Тоғұзақов қана бiрыңғай аударма жасады, бiрақ осы үрдiс кейiнiнен үзiлiп қалды. Оны жалғастырудың орнына бiзде шайыр ретiнде өзiнiң кескiн-келбетi, жазу мәнерi, т.б. бар жазушыларымыздың, өз жаратылысына келсiн, келмесiн, баспалар ұсынған басқа елдiң шайырларының шығармаларын аудара беретiн бiр жағдайы көп уақыт бойы жалғасып келдi. Мұның соңы әр кезде де науқаншылыққа ұрынып та отырды. Мәселен, мен “Жазушы” баспасының аударма редакциясында қызмет iстеп жүрген кезiмде дәл әлгiндей бiр науқанның тұсында, жоғары жақтан “қалайда мереке өтетiн кезге дейiн кiтап боп басылып шығуы керек” деген әмiр-тәртiп болғаннан кейiн Ғ.Қайырбековтiң Р.Ғамзатовтың “Менiң Дағыстаным” атты қалыңдығы екi елiге жуық келетiн кiтабын… бар-жоғы екi аптаға жеткiзбей аударып тастаған бiр жағдайын жақсы бiлемiн. Оған “пәледен машайық қашыптыны” ұстанған сол кездегi “Жазушы” баспасының басшылары да, сол кездегi кiтап шығару iсiнiң құдiреттi құдайы боп тұрған Ш.Елеукенов те (ол осы жағдай туралы тамсана жазып та жүр! — Б.А.) бөрiктерiн аспанға ата қуанды! Оның себебi белгiлi: жоспар орындалды, кiтап дер кезiнде шықты, оған жоғарғы жақ та, төменгi жақ та ырза! Мiне, осындай жағдай Пушкиннiң шығармаларын қазақшалаған кезде де болды. Бүгiндерi қарап отырсаң, Пушкиннiң өлеңдерi тек қана оның белгiлi бiр жасқа толған кезiне қарай орайластырылып, баяғы бiзге таныс науқаншылыққа салынып, тездете аударылып, тездете кiтап болып шығыпты! Мен 1973-iншi жылы Пушкиннiң белгiлi бiр мүшел жасқа толуына орай шығарылған сондай кезектi бiр екi томдығына редактор болған да едiм. Сол кезде менiң осы асығыстықтың соңыра неге апарып соқтыратынына көзiм әбден жеткен-дi. Шынында да, науқаншылық кезiнде асығыс-үсiгiс түрде жасалған мұндай аударманың сапасы жайлы сөз қозғай қоюдың өзi де қиын. Бiрақ амал жоқ, сондай тәржiмаларды негiз ете отырып, сөз қозғауға ерiксiз тура келедi.
Кезiнде Пушкиннiң шығармаларын қазақшалауға ат салысқан шайырлардың бiрi С.Мәуленов болатын. Сөз жоқ, ол қазақ поэзиясында өзiнiң бетi, ұстанған бағыт-бағдары, өзiнше қалыптасқан жазу мәнерi бар үлкен шайыр. Сол себептi оның Пушкиннiң поэзиясымен тоғыса бермейтiн тұстары да жетерлiк. Сырағаң, әсiресе, интонация жағынан Пушкиннен қашықтау жатыр. Бұл жерде қазақ шайырының даусындағы қатқылдықтың (ол нәрсе Қ.Аманжоловқа да тән, — Б.А.) Пушкинге тән жылы үн, жылы леппен онша астаса бермейтiндiгiн ашық айта кеткен жөн. Сол себептi де Пушкиннiң Сырағаң аударған кейбiр өлеңдерi орысшадағы нұсқаға қарағанда бiраз салқындау боп шыққан. Әрине, бұл Сырағаңның кiнәсi емес, бұған кiнәлi екi шайырдың екi түрлi боп жаратылған бiр жағдайы! Бiз мұны Сырғаңның Пушкиннен жасаған аудармаларын зерттеп, тексере қарағанда, анық көремiз:
Что в имени тебе моем? (8 буын)
Оно умрет, как шум печальный (9 буын)
волны, плеснувшей в берег дальний, (9 буын)
как звук ночной в лесу глухом. (8 буын).
Атымның саған сонша керегi не? (?) (11 буын)
Қайғылы тудай (?) тынып (?) өледi де (?).
Тебiренген (?) тас (?) орманда түнгi үндей,
толқындай соққан жардың (?) кемерiне (?)
Бұл жерде бiрден көзге түсетiнi, — аудармадағы өлең жолының буын саны түпнұсқадағыдан 2-3 буынға артып кеткен және де шумақтағы а-б-б-а түрiнде келген ұйқастың ретi сақталынбай, ол бiрыңғай өзiмiздiң кәдiмгi қара өлеңнiң үлгiсiне көшiрiле салынған. Бұл сыртқы форма жағы ғана. Ендiгi айтатын нәрсе, осы шумақтағы негiзгi айтар нәрсенiң, мағынаның қазақша нұсқасында толық жетпей тұрғандығы, оның аздап болса да бұрмаланып кеткендiгi. Мәселен, “что в имени тебе моем” — “атымның саған сонша керегi не”( Ғ.Орманов мұны “Атымнан саған не пайда?” деп аударған-ды, — Б.А.), “глухой лес” — “тас орман”, “плеснувшая (волна, — Б.А.) в берег дальний” — “толқындай соққан жардың (?) кемерiне (?)”, “оно (имя, — Б.А.) умрет” — “қайғылы (?) тудай(?) тынып (?) өледi (?) де” деген сөз емес. Бұл жерде Сырағаңның өз жанынан қосқан, контекстке тән емес “қайғылы тудай”, “жардың кемерi”, т.б. дейтiн сөздерiне, “глухой лестi” — “тас орман”, “умреттi” — “өледi”, т.б. деп туралай калька жасау шартымен тәржiмалағанына тiпте назар аудармай-ақ та қоялық, бұл арадағы негiзгi гәп осы шумақтағы мағынаның толық жетпей тұрғандығында жатыр. Пушкин өз өлеңiнде:
Менiң атымда тұрған соншалықты (дабырайтардай) не бар?
Ол (ертеңдерi-ақ)
түу алыста жатқан жағалауды (барып) шайған толқынның қайғылы шуындай боп,
ну орманда түн iшiнде шыққан дыбыстай боп,
өшедi (де қалады), —
деп отыр. Мiне, осыны кәдiмгi таза қазақша ойланып жазылған өлеңге айналдыру ғана қалып тұр! Өкiнiшке орай, бiзде әлге дейiн орысшадан қазақшаға аударылатын өлеңдi алдын ала осылайша жолма-жол аударма жасап алып барып тәржiмалаудың жайы (орыс тiлiн өте жақсы бiлетiн, аударма жасауға әбден төселген кiсiге ондай подстрочниктiң қажетi де жоқ, — Б.А.) онша өрiс алмай келедi, тiпте оны жоқ деуге де болады. Бiзде “атаң өлең едi ғой” деп тiзеге басып кете беру өте-мөте басым. Әрине, бұл бiр ғана Сырағаңа тән нәрсе емес, ондай “батылдықтан” кезiнде Қ.Аманжолов та, Қ.Бекхожин да, Т.Жароков та, Қ.Жармағамбетов пен Қ.Шаңғытбаевтар да толықтай құтылып кете алмаған-ды. Әрине, мен бұл арада түпнұсқаның ыңғайына қарай, сонымен үйлесiп кететiндей етiп аудармашының өз жанынан сөз қосуына (отсебятина) тiптен қарсы емеспiн, ол аударма шаруасында өте керек, мәселе бұл жерде оның қаншалықты лайықты екендiгiн, не болмаса лайықты еместiгiн барынша айқын сезе алу мен аса бiр сезiмтал, жетiлген талғамда ғана жатыр. Мiне, бұл арада әрбiр шынайы суреткерге, оған тумысында берiлетiн, оның жан дүниясында үнемi болатын шынайы әдеби “осциллография” ғана барынша көмек бере алады.
Бұл жерде С.Мәуленовтiң еркiн аударманы мансұқтап, түпнұсқаға жақындайық дейтiн ұранның әдебиетте үстемдiк құрып тұрған кезiнде аударма жасағандығын еш те ұмытуға болмайды. Әрине, еркiн аударма шартынан, нәзирә жасаудан арылып, түпнұсқаға жақын келер тәржiмә жасайық дейтiн талаптың кезiнде аударма iсiнде алға қарай бiр қадам басқандық екендiгiн бүгiнде терiске шығарып жатудың ешқандай да қажет жоқ. Бұл арада басты айтатын нәрсе, — еркiн аударма кезiнде шайырлар түпнұсқаға қалай болса солай қарап, оған кейде мүлдем тәуелсiз болса, ендi жолма-жол аударма жасаудың шарты билiк құрған кезде, олар түпнұсқаның әрбiр әрпiне қол-аяғы, ұшқыр қиялы байланып қалған бәндә ретiнде боп, одан қияс қадам шыға алмайтын тәуелдi бiр халға түсiп қалды. Сөйтiп аударма iсiнде шығарымпаздық жағы жойылып, тек қана түпнұсқаның әрпiн қазақшаға көшiрсек деген, шынайы көркемделген аударма емес, тек қана калька жасайтын, қазақ тiлiнiң синтаксисiн, оның өзiне тән ерекшелiктерiн белден басып, оларды орыс тiлiнiң синтаксисi мен заңдылықтарына зорлап бағындырған, не қазақша, не орысша емес қоймалжың бiр “тiлдi” қалыптастыруға тырысқан тұрпайы бiр әрекет өте белең алып кеттi. Бұл салада ҚазТАГ пен Марксизм-ленинизм институты, бүгiнгi баспасөзiмiз, әсiресе “Социалистiк Қазақстан” (бүгiнгi “Егемен Қазақстан”) аса “зор еңбек” сiңiрдi. Бiздiң баспасөзiмiз мен әдебиетiмiз әлге дейiн сол “қоймалжың тiлсымақтан” арыла алмай келедi. Мiне, кезiнде, сонау 1952-60-ыншы жылдары билiк құрған осындай жалған “түпнұсқашылдық” аудармаға да зор зиянын тигiздi. Соның себебiнен бiздiң тәржiмәшыларымыз еркiн аударма кезiндегi шынайы еркiндiктен, қазақша ойлаудан, қазақ өлеңiнiң саздылығы мен сөйлемiнiң орамдылығы мен жатықтығынан мүлдем айрылып қалды. Соның салдарынан бiзде түпнұсқадан сырттай қарағанда “ауытқымаған”, бiрақ шын мағынадан алшақ жатқан, оқуға мүлдем қиын, тiпте оқу мүмкiн де емес, бойында жүгiрiп тұрған жылы қаны жоқ, көк бақа боп сiресiп қалған бiр аударманың “үлгiсi” пайда болды. Бұл нәрсе әсiресе орыс прозасын қазақ тiлiне аударғанда да өте-мөте белең алды. Одан Пушкиннiң аудармашылары да онша құтылып кете қойған жоқ. Бұл тұста да бiзде түпнұсқадан мүлдем ауытқып кету не болмаса оның әрпiн ұстап, қатып қап, сiреспе аударма жасау, Пушкинге тән еместей ғып өз жанынан сөз қосу, қазақша нұсқада орысшадағы нұсқаға жақын келер ырғақты таба алмау, т.б. тәрiздi кемшiлiк дегендер көбiрек кездестi. Мұның бәрi Пушкиндi қазақ оқушыларынан мүлдем алыстатып жiбердi. Ендi нақты мысалдарға жүгiнiп көрелiк:
Простишь ли мне ревнивые мечты, (10 буын)
моей любви безумное волненье? (11 буын, т.б.)
Ты мне верна: зачем же любишь ты
всегда пугать мое воображенье?
Кешемiсiң қызғаншақ қиялдарым (?) (11 буын)
Мазасыз (?) махаббаттан қиналамын (?)
Сен мендiксiң (?), алайда арманымды (?)
нелiктен қорқытуға (?) құмар жаның (?)
(Аударған Қ.Бекхожин)
Бурной жизнью утомленный, (8 буын)
равнодушно бури жду: (7 буын, т.б.)
может быть, еще спасенный,
снова пристань я найду…
Дауылынан (?) талып (?) өмiрдiң, (8 буын)
күттiм (?) тағы мен дауыл. (7 буын, т.б.)
Сау қалармын (?) мүмкiн мен
тауып қорған (?) әлде бiр…
(Аударған Қ.Бекхожин)
Бұл аудармадан бiрден көзге түсетiнi тәржiмашының түпнұсқадағы негiзгi мағынаны өзгертiп жiберiп, оны жобалап, шамамен айтпағың осы-ау деген талаппен қалай болса солай аударғаны. Мәселен, орыс тiлiнде “мечтыдың” қазақ тiлiнде көпше түрi болмайды, және де ол қиял емес, оның мағынасы “арман”. Екiншi жолдағы “безумное волненье” деген тiркес те толық аударылмай, жәй ғана “мазасыз” дей салынған. Ал түпнұсқадағы “ты мне верна” деген тiркестiң қазақшадағы мағынасы “сен менен айнымайсың”, ал оны аудармашы “сен мендiксiң” деп тұрпайы түрде бере салған. Үшiншi жолдағы “воображенье” деген сөз “арман” делiнiп, мүлдем терiс аунап түскен. Аудармашы осы жолдағы автордың: “Сен неге менiң қиялымды үркiтудi жақсы көресiң”, — дегенiн толық жеткiзе алмаған.
Мұндай кемшiлiктен екiншi шумақтың аудармасы да сау емес. Мұның бiрiншi жолында Пушкин: “Бурной жизнью утомленный”, — деп, “ызы-шуы көп мазасыз тiршiлiктен шаршадым”, — деп отыр. Ал оны аудармашы: “Дауылынан талып өмiрдiң”, — деп мүлдем басқаша етiп аударады. Екiншi жолдағы “равнодушно” деген сөз түсiп қалған. Ал осы шумақтың үшiншi, төртiншi жолдарында Пушкиннiң өзiнiң осы бiр мазасыз тiршiлiктен аман-есен қалсам, бас сауғалап барып паналайтын жер табармын деген дәмесiн аудармашы мүлдем жеткiзе алмаған.
Мiне, осындай аударма жасаған Қ.Бекхожин Пушкиннiң қазақ тiлiнде жарық көрген кiтаптарының бәрiне де белсене ат салысқан автор. Бiрақ ол тәржiмалаған өлеңдердiң сапасы жоғарыдағыдай боп келедi. Ол осы аудармаларының бәрiнде де өзiн өте еркiн сезiп, түпнұсқадан ауытқи бередi.
Мой путь уныл. Сулит мне труд и горе
грядущего волнуемое море.
Жолым күңгiрт (?). Толқыны келер күннiң
көрсетпек маған тағы бейнет, мұңын (?).
(Аударған Қ.Бекхожин)
Порой опять гармонией упьюсь,
над вымыслом слезами обольюсь.
И может быть — на мой закат печальный
блеснет любовь улыбкою прощальной.
Тағы да мен өмiрден ләззат (?) табам,
жас төгем ойларыма (?) толқындаған (?).
Махаббат бiр жарқ етер ақырғы рет
өмiрiм бiтер шақта, бәлкiм, маған.
(Аударған Қ.Бекхожин)
Мұнда да түпнұсқадан шалғай кеткен жерлер жетедi. Аудармашы мұндағы “келешектiң толқындаған теңiзiнiң маған бейнет пен қайғы-қасыреттен басқа берер дәнемесi де жоқ” деген жолды мүлдем жеткiзе алмаған. Ал “мой путь уныл” деген сөйлемдi “жолым күңгiрт” деп тiпте түсiнiксiз етiп аудара салған, мұндағы “унылость” деген “күңгiрт” деген мағынаны бiлдiрмейдi. Аудармашы екiншi шумақтың бiрiншi жолын да бер жағынан қалқып, мағынаның тереңiне бармай тәржiмалай салған. Ал Пушкиннiң бүгiндерi әдебиетнамада мәтелге айналып кеткен, “ойдан шығарылған нәрсеге (оны оқып отырып) көз жасымды көл етем” деген екiншi жолын мүлдем басқаша етiп аударған. Осы шумақтың соңғы жолдарында Пушкиннiң: “Қайғы-қасiретпен өткен өмiрiм бiтер шақта, мүмкiн, (менi бiр кiсi шынымен жақсы көрiп) маған да бiр махаббат жарқ ете қап, қоштасып тұрып, күле қарар”, — дегенi де қазақшаға толық, түсiнiктi етiп аударылмаған. Бұндай кемшiлiк бiр ғана Қ.Бекхожинға емес, Пушкиннiң шығармаларын аударған басқа да аудармашылардың барлығына ортақ жәйт. Оған қоса осы тәржiмәшылардың орыс әдебиетiнiң сол кездегi хал-ахуалын, жай-күйiн, жалпы әдеби атмосфераны, Пушкиннiң шайыр ретiндегi өзiне тән ерекшелiктерi, т.б. жақсы бiлмейтiндiктерi әр жер-әр жерде көрiнедi де тұрады. Оған сол кездерi бiзде орысша-қазақша сөздiктiң толық жасалып, әрбiр орыс сөзiнiң толық мағынасы түгелдей аударыла қоймағандығын, көркемделген аударма теориясы туралы түсiнiктiң қалыптасуы, жасалуы түгел, оның мүлдем жоқтығын қосыңыз! Сонда бiзде қандай көркемделген аударма бола қояды? Сонда бiзде бiр кездерi Пушкиннiң: “Переводчики — почтовые лошади просвещения” (Шығармалары, Мәскеу, 1958 ж., 7 том, 515 б.) деп жазғанындай, өздерi толық бiлiмдi емес, орыс тiлiн онша жақсы бiле бермейтiн кiсiлердiң “iлiм-бiлiмдi iлгерi сүйрейтiн пошта таситын белi мықты берiк аттардай” бола алуы, сiрә да, мүмкiн бе өзi? О жағын оқушы жұртшылықтың өздерi айта жатар, менiң бұл арада айтпағым, дәл осындай шартпенен аударма жасаған кiсiлердiң өздерiнiң оң жамбасына келе бермейтiн басқа елдердiң шайырларының шығармаларын көптеп аударғандығы. Мәселен, Қ.Бекхожин, Пушкиндi айтпағанда, фарсы Рудаки, ортағасырлық түркi Навои, грузин Руставели, орыс Лермонтов, В.Маяковский, авар Р.Ғамзатов, балқар Қ.Құлиев, белорусс М.Танктардың т.б. шығармаларын “тәржiмалаған”!? Бұдан өз заманында өтiрiк мақтауды көп естiген, соның нәтижесiнде түкiрiгi жерге түспейтiн тiрi, жалған классик атанған Қ.Мырзалиев те еш қалысқан емес, оның тек қана ақша табу үшiн асығыс-үсiгiс, қалай болса солай “аудара” салған авторларының өзi жүзден асады!? Егерде О.Асқардың жазуы рас болса, (“Қазақ әдебиетi”, 7-13.01.2005 жыл) Қадырдың осылайша оңай олжа табу ниетiмен “қатырып” аударғандарының өзi табаны күректей 15 том болады екен! Одан бiздiң басқа да шайырлармыздың еш қалысатын түрi жоқ. Мәселен, қазақ халқын “далада өрiп жүрген мал, қандала, жабайы бiрдеме”, т.б. деп әбден iреп сойған Ұ.Есдәулетов өзiнiң “аты шулы” “Киiз кiтабында” өзара ұқсамайтын орыс шайырлары М.Лермонтов, А.Блок, Д.Кедрин, Н.Рубцов, А.Твардовский, М.Дудин, Б.Слуцкийлермен қоса, украин П.Мовчан, абхаз Б.Шинкуба, саха П.Ойунский, әзiрбайжан М.Исмаил және басқаларды “қотарып” тастапты! Оның бұл арада өз жазуым аударатын шайырлардың жазу мәнерiне ұқсас келе ме, келмей ме, өзiм шынымен аударма өнерiне төселдiм бе, жоқ па деп ойланып та жатпағанын айтудың өзi артық. Бiр ғана мысал келтiрейiн. М.Лермонтовтың Кавказға кетерiнде жазған бiр өлеңi туралы орыс әдебиетнамасында әлге дейiн екiұдай пiкiр айтылып жүр. Әрине, оны бұл арада талдап, келтiрiп жатудың қажетi де шамалы. Ендi сол қысқа өлеңнiң орысшасына үңiлiп көрелiк.
Прощай, немытая Россия,
страна рабов, страна господ,
и вы, мундиры голубые,
и ты, им преданный народ.
Быть может, за стеной Кавказа
сокроюсь от твоих пашей,
от их всевидящего глаза,
от их всеслышащих ушей.
(М.Лермонтов, Шығармаларының толық жинағы, 1 том, 320 б., Мәскеу, 1953 ж.).
Бұл өлеңдi орыс мектебiнiң түлегi түгел басқа ұлт мектептерiнде оқыған шәкiрттер де жатқа бiледi десек, артық айтқандық емес. Мiне, осы бас-аяғы 8-ақ жол келетiн қысқа өлеңдi Ұ.Есдәулетов былайша “тәржiмәләйды”:
Қош бол, Ресей, кiрлеген (?),
байдың (?) елi құл менен.
Қош бол, көкшiл (?) шендер де (?),
шенқұмар жұрт (?) сендер де.
Кавказ асып, жырақ (?) мен
қашам қаңқу сөздерден (?),
бәрiн естiр құлақ пен
бәрiн көрер көздерден (?).
Мұнда бiрден көзге түсетiнi, — осы екi шумақтағы екi сөйлемнiң де қазақша емес, мүлдем орысша етiп құрылғандығы. Бұл бiр. Екiншiден, түпнұсқадағы “немытая” деген эпитеттiң мағынасы мүлдем басқаша, оны “кiрлеген” деген сөз толық жеткiзе алмай тұр. Одан тыс, “мундиры голубые” деген тiркесте автор әскери шенеунектердi айтып отыр, оны қазақ “шендiлер”, т.б. дейдi. Осыған iлесiп келетiн “преданный им народ” деген тiркес “шенқұмар жұрт” боп, мүлдем терiс аунап түскен. Ал екiншi шумақтың басындағы “за стеной Кавказа” деген тiркестi “жырақ мен” деген мүлдем жеткiзе алмай тұр. Одан кейiн келер “қашам қаңқу сөздерден” деген тiркес орысшада жоқ. Бұларды айтпағанда, бiрiншi және екiншi шумақтың аяғындағы екi жол қазақ тiлiнiң заңдылығы бойынша, өлеңдегi сөйлемнiң алдыңғы жағына барып орналасуға тиiстi. Есдәулетов түпнұсқадағы конструкцияны кәйткен күнде де сақтауға тырысып, ерiксiзден қазақ тiлiнiң синтаксисiн орыс тiлiнiң заңдылығына күштеп, зорлап бағындырып жiберген, соның салдарынан осы кiшкентай 8 жол келетiн өлең мүлдем орысша тартып тұр! Есдәулетовтiң басқа да шайырлардан жасаған аудармалары осы тақылеттес, әрi олардың көбi орыс тiлiндегi аудармалардан “аударылған”. Ал мұның шынайы көркемделген аудармаға тигiзетiн зияны жетерлiк. Бұл бiздiң басқа да аудармашы шайырларымызға тән нәрсе. Сонда бiзде көркемделген аударманың сапасы туралы қалайша сөз ете қоюға болады? Үйте қою еш мүмкiн емес. Мен ертең-ақ осы сыналған кiсiлердiң, олардың жақтастарының маған ата жауын көргендей боп өре түрегелетiнiне, тағы да боқтап, балағаттайтынына иманым кәмiл. Бiрақ әдеби сынның да, сол салада ешкiмнiң қызметi мен шен-шекпенiне, беделi мен ажарына қарамастан, сын мақала жазып жүрген сыншының да негiзгi мақсаты да сол — қаншама рет балағат, боқтық естiсе де, қаншама рет жабылған жаланы көрiп-бақса да, қаншама рет “шахановтардың” шағалдары мен “есдәулетовтердiң” есерсоқтарынан қаншама рет таяқ жесе де, қаншама рет бiреудi сыртынан қаралап‚ жалған құжат дайындағыш кебеже қарын боққаралардың батпаққа аунатқысы келгенiн көрiп-бақса да, олардың ешқайсысына да қыңбай, басын бәйгiге тiгiп, алты алаштың алдында нағыз шындықты айту, шынайы көркемделген әдебиет үшiн, бүгiндерi қаптап кеткен дүмдi, қызметi мен лауазамы зор шалағай, әдеби шенеунiктерден, ұлы Махамбетше айтсақ, “ақырып тұрып теңдiк сұрау”! Бiрақ бүгiндерi қаншама рет демократияны орнатып жатырмыз деп күпсiне сөйлеп, қаншама рет ауызға қақпақ қоймай, не сөйлесең де өз еркiң деп күнде айқайлай айтып, гүмпiлдеп жатқан мына қызық заманның өзiнде бүгiнгi қазақ әдебиетiнде әлгi соншама зарықтырған теңдiгi “түспегiрдiң” төбесiнiң жуық арада көрiне қоятын түрi де жоқ. Жалпы одан есекдәме болудың да қажет шамалы. Дегенмен де “бас кессе де тiл кеспек” жоқ деген елдiң ортасында туылып-ескен нағыз, дегдар, атақты Толыбай сыншының жолын ұстанған кiсiнiң ұлы жолдан тая қоюы еш мүмкiн де емес. Оны бұл арада Пушкиннiң обал-сауабына қарамастан, қазақшаға әбден жұлым-жұлымы шығып аударылған дүниелерi де берiк қолдайтындай әсер қалдырады.
Пушкиннiң шығармаларын аударған кiсiлердiң iшiнде оған жазу мәнерi, жалпы стилi мүлдем жақындаспайтын, өзара тоғыспайтын шайырлар да жетерлiк. Мұндай жағдайда ондай аудармашының уақытша болса да Пушкиннiң рөлiне кiрiп, сол болуға тырысып, сол болып жазуға талаптануы әбден қажет. Бiрақ бұл көп жағдайда мүмкiн болмай жатады, соның салдарынан әлгi аудармашылар өз жаратылысынан ұзап шыға алмай, тiпте үйтуге қам-қарекет те жасамай, өзiне тән нәрселердi Пушкинге зорлап таңып, алға қарай арлап тарта бередi. Мәселен, қазақ шайыры М.Әлiмбаевтың стилiне аса қысқалық, мақал-мәтелге тән кесiп айту, сөздi барынша дәл мағынасында қолданам деп оған ажар-көрiк беретiн не бiр метафора, анықтауыштарды барынша екшеп, өте сирек пайдалану, өлеңдегi сөйлемiнiң кейбiр ретте саздылығы кем түсiп, ойқы-шойқы болып шығуы, т.б. сықылды қасиеттер өте тән. Ал Пушкиннiң жазуы бұған мүлдем қарама-қарсы жақта тұр. Осыған байланысты Мұзағаңның Пушкиндi емес, керiсiнше, маған оның Шығыстың нақылға толы поэзиясын аударғаны қолай сияқты боп көрiнедi де тұрады. Шынында да, Мұзағаң Саадидың “Бустаны” мен “Гүлстанын” бiраз деңгейде жақсы аударып шықты. Ал Пушкинге келгенде… ол, неге екенi белгiсiз, аяғына жем түскен аттай кiбiртiктей бередi:
Тiл қатты сонда бiреуi (?):
— Болды дей бер тiлегiм (?),
Түбiнде талдың тап-тақыр (?)
тырайып жатыр жас батыр, (?) —
деген жолдардан Пушкиннiң қолтаңбасын айқын аңғара қою қиын. Бұл үзiндiдегi “бiреуi” және “тiлегiм” дейтiн ұйқастың түрi Маяковскийдiң поэзиясына болмаса, Пушкиннiң өлеңiне тән емес нәрселер. Ол заманда мұндай шала ұйқас атымен жоқ. Ал мұндағы “тап-тақыр” деген сөз түпнұсқадағы “голыйдың” таза калькасы. Сосын ең бастты айтары, осы бiр шумақтың өзiнде Пушкиннiң стилiне тән саздылық, ойнақылық, сөздi дәулескерше қолдану атымен жоқ.
Пушкин орыс сөзiнiң барша кәдiр-қасиетiн тереңiнен түсiнiп, оның болмысын өте жақсы бiлiп, зерттеп, бүткiл бояуын жан-жақты жарқыратып қолдана бiлген шайыр. Сырттай бiр қарағанда, аса қарапайымдау боп көрiнетiн Пушкин поэзиясының бiiр құпиясы да осында жатыр. Мұндай поэзия өзге тiлге аударылғанда, аудармашыдан тiлдi жақсы бiлу, ұсталықпен қатар стилистикадағы дәулескерлiктi, белгiлi бiр ұлт тiлiнiң сыр-сипатын, оның ең нәзiк нюанстарын жете меңгерудi барынша қажет етедi. Онсыз Пушкиндi қазақ тiлiнде сөйлете қою мүмкiн де емес. Мәселен, Ж.Өмiрбеков аударған:
Суретке қарап тұрып бiр етiкшi,
ақауын (?) тауыпты аяқ киiмiнiң.
Жөндедi қылқалам ап суретшi,
бiлгiшiсiп тағы етiкшi тапты мiнiн, —
тәрiздi жолдар түпнұсқаны қаншама сөзбе-сөз дәл етiп тәжiмәлағанмен, Брюллов айтқандай: “Бiрдеңе жетiспей” жатқандықтан, бәрi де өлi сөздердiң тiзбегi боп шыға келген. Мұнда Пушкиннiң интонациясы атымен жоқ. Ырғақ жағы да сақталынбаған. Мына аудармадағы бiр-бiрiне жәй, қалай болса солай тiркестiрiле салынған сөздер, жолдар белгiлi бiр ырғақтың аясына түсiп, қозғалып, жанданып, өзара сыңғырлай соғысып, өзгеше саздай боп естiлетiн Пушкин жырын еске сала бермейдi. Тiркес пен тiркес, сөз бен сөз өзара табиғи түрде үйлесiм тауып та тұрған жоқ. Өкiнiшке орай, Пушкин өлеңдерiнiң аударылған нұсқасында осындай бүгiнгi өлеңiмiздiң жеткен дәрежесінен мүлдем төмен жатқан нәрселер өте көп. Мәселен, прозашы Т.Әлiмқұлов Пушкиннiң өлеңдерiн аударды, бiрақ оның аудармасында тұрпайы прозаизм өте басым, қанатты поэзия көрiнетiн тұстар мүлдем жоққа тән. Мұндай нәрселер басқа аудармашыларда да жиi кездеседi. Мұның барлығы, ашығын айтқанда, әдеби жауапкершiлiктiң жетiспей жатқандығынан, бiзде ұзақ уақыт бойы аударманы тек қана ақша табудың бiр көзi деген жеңiлтек түсiнiктiң етек алып келгендiгiнен шығып жатыр. Сол ыңғай былтырғы жылы республика бойынша қабылданған “Мәдени программаға” кiретiн, қазақшаға аударылуға тиiс мұраларға келгенде де анық көрiнiп тұр. Бiздiң қалай дегенде де ағылшын, француз, орыс, немiс, испан, араб, фарсы, т.б. тiлдерден тiкелей жасалған жолма-жол аударма арқылы (подстрочник) тәржiмә жасауға көшуге тырысуымыз керек. Бүгiндерi бiзде әлгi тiлдердi жақсы бiлетiн сауатты, маман кадрлар баршылық. Соларды, алғашқы бетте бiрден қазақша аударма жасатпай-ақ, әуелi орыс тiлiне жолма-жол аударма жасатып, бiрте-бiрте қазақшалауға дағдыландырсақ (мәселен, Г.Бельгер неге “Фаустты” қазақшаға жолма-жол аудармайды? — Б.А.), онда бiздiң аударма өнерiмiздiң өрiсi кеңейiп, сапасы жақсара түсер едi. Осы арада сапа дегенде, орыс тiлiне басқа елдiң шайырларын көп аударған, орыс өлеңiнiң дәулескер, нағыз ұстасы Я.Смеляковтың Мұса Жәлилдiң өлеңдерiн орысшалаған кезiнде жазған:
Печалью дружеской согретый,
в обычной мирной тишине
перевожу стихи поэта,
погибшего на той войне.
Мне это радостно и грустно:
не пропуская ничего,
читать подстрочник безыскусный
и перекладывать его.
Я отдаю весь малый опыт:
чтоб перевод мой повторял (!)
то, что в землянках и окопах
солдат Татарии писал, —
деген жолдары еске түседi. Ол одан әрмен қарай аударманың қиын шаруа екендiгiн айта кеп:
Опять поет стихотворенье
певца, убитого давно,
как-будто право воскрешенья
в какой-то мере мне дано. (!)
Я удивлятся молча буду,
едва ли не лишаясь сил,
как-будто маленькое чудо
я в этот вечер совершил, —
деп аудармаға өз өлеңiнен бетер қарамайтындығын пәш етедi. Мiне, бiзге осы “маленькое чудо” — “кiшкентай бiр ғажайып” жасап тастау жетiсе бермейдi. Осы кемшiлiк Пушкиннiң қазақшаға аударылған өлеңдерiне де тән.
Сонымен Пушкин әлге дейiн қазақ оқушыларына өзiнiң барша қымбат қасиетiмен жете қойған жоқ. Оған ең басты себепкер — бiздiң аудармашыларымыздың шайырдың рухын тап басып ұстай алмай жүргендiктерi, стильдiң өзара қабыспауы, олардың алшақтығы, ұсталықтың жетiспей жатуы, ең бастысы, орыс тiлi мен қазақ тiлiнiң арасындағы айырмашылықтың жақсы бiле бермеу. Одан тыс, Пушкиннiң шығармаларын үнемi белгiлi бiр науқан кезiнде ғана асығыс-үсiгiс аудару да зор зиянын тигiздi. Мәселен, өткен жылдары Кеңес Одағы бойынша болған бiр науқанға байланысты арнаулы қаулы қабылданып, ресми түрде өткiзiлетiн мерекеге лайықталып шыққан Пушкиннiң екi томдығына 40-қа жуық шайыр қатысты. Мен осы 1973-iншi жылы Пушкиннiң белгiлi бiр мүшел жасқа толуына орай шығарылған сондай кезектi бiр екi томдығына редактор болған да едiм. Осы екi томдықты шығаруға “Жазушы” баспасының сол кездегi басшылығы аса назар аударды. Бұл екi томның бiрiншi кiтабына Пушкиннiң өлеңдерi, ал екiншi кiтабына оның прозасы кiретiн болып белгiлендi. Осы екi томдықтың жалпы редакциясын академик Ғ.Мүсiрепов басқарды, оның құрастырушысы боп С.Мәуленов белгiлендi, ал бұған алғысөздi академик М.Қаратаев жазатын болды. Былай қарасаң, бәрi-ақ орынды! Бiріншi кiтаптың көлемi 10 баспа табақ, яғни 7 мың жол көлемiнде боп белгiлендi. Сол екен, кәдiмгi бiздiң әдебиетшiлерiмiзге тән ызы-қиқу басталды да кеттi. Содан бiрнеше күн өтпей жатып, Т.Әлiмқұлов өзiнiң Пушкиннен аударған бiр буат қолжазбасын машинкаға бастырып (көлемi 10 мың жолдан асады!) әкеп: “Осыны кiргiз!” — деп кеттi. Мен кiтаптың көлемiнiң бар-жоғы он-ақ баспа табақ екендiгiн айтып ем, о кiсi қолын бiр сiлтедi. Содан соң Қ.Шаңғытбаев кеп: “Осыған “Онегиндi” кiргiзесiң”, — деп және бiр салмақ салып кеттi. Одан кейiн Қ.Бекхожин, т.б. келе бастады. Сүйтiп әлден-ақ қып-қызыл дауға қалатынымыз белгiлi болды. Мен сол арада Пушкиннiң 1949, 1955-iншi жылдары қазақшаға аударылып, кiтап болып шыққан нұсқаларын алып қарап, зерттеп, өзара тексерiп шықтым. Сол жұмыстың үстiнде Қ.Шаңғытбаевтың Қ.Жармағамбетов аударған “Анчар”, “Арион”, т.б. бiрнеше өлеңдi сол қалпында бiр сөзiн де өзгертпестен көшiрiп ап, өзiнiң 1967-iншi жылы жарық көрген “Аққу әнi” дейтiн кiтабына бастырғанына куә болдым. Бiр қызығы, мен осы кiтапқа жазған бiр мақалама осы аудармаларды мақтаған да едiм. Ендi шындықты өз қалпына келтiру керек болды. О кезде Қ.Жармағамбетов Мәскеуде ауруханада жатыр едi. Мен осы ұрлық жөнiнде сол кездегi аударма редакциясының меңгерушiсi М.Нұртазинге айттым, о кiсi болса, мұны жоғары жаққа жеткiздi. Осы мәселе дабыра бола бастаған кезде, Қ.Шаңғытбаев кеп, өзiн өзi ақтай алмады, сосын бiз басшылықпен келiсе отырып, оған Пушкинннiң тағы да бес-алты өлеңiн жаңадан аударуға бердiк. Аз өтпестен Қ.Шаңғытбаев сол өлеңдерi аударып әкелдi. Мен тағы да оларды бұртынғы жарық көрген кiтаптармен салыстырып ем… о кiсi Қ.Жармағамбетов аударған сол өлеңдердi сол қалпында көшiрiп әкептi! Ол қолжазба менде әлге дейiн сақтаулы тұр. Сол арада Ғ.Мүсiрепов менi үйiне шақырып ап, “Онегиндi” кiргiзбеңдер деп қатаң тапсырды. Содан бiрнеше күн өтiсiмен Қ.Бекхожин редакцияға кеп, Пушкиннiң 1949 жылғы жинақта со кiсiнiң аудармасы ретiнде берiлген бiр дастанын кiргiзгелi жатқанымызды естiп, маған толы жұрттың көзiнше: “Ол поэманы аударған Т.Жароков, 1949-ыншы жылғы жинақта кәте кеткен,” — дедi. Мен оны Т.Жароковтың аудармасы деп енгiздiм. Содан соң редакция басшысымен ақылдаса отырып, осы шағын жинаққа Пушкиннiң аударуға қатысқан барлық шайырларды қатыстыруды жөн деп таптық. Сүйтiп, бұрынғы аудармаларды қайта-қайта оқып, ешкiм ренжiмесiн деп, барынша сараптап шығып, ең жақсы деген тәржiмалардың тiзiмiн жасап, құрастырушы С.Мәуленовке ұсындым. Ол кiсi мұны бiрден құптады, содан соң аз үнсiз отырып: “Ертең мұның соңы қып-қызыл дау болады-ау,” — деп терезеге қарап бiраз ойланып қлады. Сол жерде, аңқау басым үлкен шайырдың неге бұлай дегенiн бiрден түсiне қоймадым, тек оған көзiм кейiнiнен жеттi. Сонымен қолжазба дайын боп өндiрiске тапсырылды. Аздан соң оның алғашқы терiлген нұсқасы келе бастады. Соларды қайтадан оқи отырып, мен Пушкиннiң осы екi томдығына оның шығармаларының iшiнде осы кезге дейiн аударылғандарының ең сәттiлерi дегендерi кiргiзiлгенiне қайтадан куә болдым. Бiрақ… аздан соң қызылкөз шалдар бастаған үлкен топ осы екi томдықты Одақта арнаулы жиналыс шақыртып, ал кеп талқандады! Онда айтылмаған сөз қалмады, мен Мәуленовтың “мафиясының” белсендi мүшесi боп шықтым, мен әдеби ұрлықты ашқаным үшiн “қарттарды сыйламайтын жексұрын” да болдым, мен әдебиеттiң жауы ретiнде көрiндiм. Сол жиналыста редактор ретiнде маған сөз де берiлген жоқ. Мен орнымнан тұрып, айқайлап: “Аударма жаман болса, оны аударған өздерiңiзсiздер, мұндағының бәрi ескi аудармалар, демек оған кiнәлi осы отырған бәрiңiздер!” — деп едiм, жиналысты басқарып, одырайып отырған бiр басшы менi “хулиган” деп, сол жерде милиция шақыртып қаматып жiберетiндiгiн айтып, доқ көрсеттi. Сүйтiп Пушкиннiң екi томдығына редактор болам деп аяқ астында, ойламаған жерде быт-шытым шықты. Мұндайда ең қиыны, — басшылықтың айтар сөзiңдi айтқызбай, баяғы 37-iншi жылдың үрдiсiн ұстанып, шындықты қаралап көрсететiнi екен. Соның ертесiне осы “талқандауға” шыдамаған Сырағаң қатты сырқаттанып, ауруханаға түстi. Дәл сол күнi Одақтың барына барып едiм, онда соны естiген шалдардың қалмақты қырып келгендей боп гуiлдесiп, арақ iшiп, той тойлап отырғанын көрiп‚ өз жағамды өзiм ерiксiз ұстадым. Содан менiң шалдар туралы пiкiрiм мүлдем өзгердi. Осыдан бiрер күннен соң бiр кездескенде осы екi томдыққа алғысөздi жазған М.Қаратаев басын шайқап, қап-қара боп еш үндемедi. Ал Ғ.Мүсiрепов болса бәрiне қолын бiр-ақ сiлтедi. Мiне, бiздегi Пушкин шығармаларының қазақ тiлiне аударылып шыққан бiр жәйтi осындай. Осындай науқаншылық, асығыстық кәзiрде де бар. Шынында да, әлгiндей науқаншылық кезiнде асығыс-үсiгiс түрде жасалған мұндай аударманың сапасы жайлы сөз айта қоюдың өзi де қиын. Сол жағдай ендi, мiне, тағы да қайталанып отыр. Өткен жылы Елбасының жарлығымен мәдени программа деген қабылданып, Кеңес кезiнде жарық көрген 200 томдықтың негiзiнде бiзде бiраз елдiң жазушыларының шығармалары аударылатын болды. Әрине, бұл бастаманы қолдау керек, бiрақ нағыз қазақша сөйлеген, сапалы аударма жасаймыз десек, ең алдымен, бiздiң осы көркемделген аударманың теориясын жасап алғанымыз жөн. Ал ол нәрсе бiзде әлге дейiн атымен жоқ. Рас, бiр кездерi Демесiнованың “Сопоставительная грамматика русского и казахского языков” дейтiн жақсы, терең ойлы бiр кiтабы жарық көрiп едi, өкiнiшке орай, осы бiр оңды шаруа кейiнiнен өз жалғасын таппай қойды. Ал мұндай кiтаптар орыстарда баяғыдан бермен бар. Олардағы аудармашылардың мектебiнiң сапасының өте жақсы болып отырғандығы да осыдан. Мiне, осы салада бiздiң де iске қызу кiрiсетiн уақытымыз болып қалды. Егерде бiз осы ғасырда орыс, араб, фарсы, хинди, қытай, ағылшын, немiс, француз, испан, т.б. тiлдерi мен қазақ тiлiнiң өзара салыстырылған грамматикасын, жат тiлдегi сөйлемдердi қазақшаға қалай, кәйтiп, қандай түрде аудару керектiгiн, т.б. зерттеп айтқан аударма теориясын жасай алсақ, онда бiздiң әбден ерлегенiмiз болар едi. Сонда бiз орыс тiлiндегi көркемделген аудармадан қазақшаға екiншi бiр көркемделген аударма жасаудан құтылар едiк. Оның үстiне бiздiң шынымен маманданған аудармашы шайыр, қарасөзшiлерiмiз iрi деңгейде дайындалар едi. Онсыз бiз аударма саласында iлгерi баса алмаймыз. Бұған Пушкиннiң өлеңдерiнiң қазақшаға аударылған тәжiрибесi бiрден бiр дәлел. Бұл жерде бiр шайырды көп болып, топ болып аударудан қашу қажет. Мәселен, жазуы бiр бiрлерiне мүлдем ұқсамайтын 40 кiсi аударған Пушкин шығармасының қазақ тiлiндегi нұсқасының қырық түрлi, қырық құрау болып шыққаны бiздi қатты ойландыруға тиiстi. Оның үстiне әлгi шайырлардың iштерiнде Пушкинге мүлдем жақындамайтындары да жетерлiк. Сонда сапалы аударма туралы қалайша сөз болуы мүмкiн?
Ашығын айтсақ, әдебиетте iрi, соқталы нәрселер жасаған шайырлардың шығармаларын осылайша науқандатып емес, керiсiнше, барынша асықпай, барынша жан-жақты зерттеп, тексере отырып аудару қажет. Оны айтпағанда, бiздiң белгiлi шайырларымыз өздерiнiң ғана аударатындығы жөнiнде Пушкинмен шарт жасасып қойғандай, оның өлеңдерiн басқа кiсiге аудартпауға биттерiн салып та жүр. Ал бұл аударма өнерiнiң өсуiне өте зиянын тигiзедi. Бұл жердегi таңғалатын бiр нәрсе, — неге Пушкиннiң бұрындары аударылған өлеңдерiн қайтадан аударуға болмайды? Оған не себеп? Ау, Шекспирдiң шығармаларын орыстың неше түрлi аудармашылары тәржiмалаған жоқ па? Сол үлгiнi бiздiң ұстанбайтынымыз қалай? Әлде жаман аударма жасағанымыз үшiн атақ-абыройдан айрылып қалатындай көрiп, қаралай көлеңкемiзден қорқамыз ба? Үйтетiн болса, қол көтермес шоқпарды белге байлаудың не ретi бар?
Бүгiндерi Пушкин мұрасының қазақ даласына жасаған шеруiнiң басталғанына бiр ғасырға жуық уақыт өттi. Оның мұрасын қазақ iшiнде насихаттауға бiздiң талай-талай шайырымыз тер төктi. Олардың iшiнде сәттiсi де, сәтсiзi де жетерлiк. Ендiгi мiндет — сол аудармаларды барынша қатаң талапен саралап шығып, олардың жарамдысын алып, жарамсызын әдебиет тарихына қалдырып, Пушкиннiң ең басты-басты деген дүнияларын қазақ тiлiне қайтадан аудару. Бұл шаруаны тағы да науқангершiлiкке салмай, оны ақша табудың бiр көзi деп бiлмей, оны аударуды жоғарыдағыдай 40 кiсiге емес, Пушкиннiң жазуына жазуы жақын келетiн бiр-екi шайырға ғана тапсырып, оларға аударма өнерiнiң бүгiнгi жеткен деңгейiнен қатал талап қоя отырып, барынша қазақша етiп аударту қажет. Оны жүзеге асыру үшiн тағы да шайырдың өзiне тән рухани болмысын тереңнен бiлiп, зерттеп, оның рухын тап басып ұстай бiлген жөн. Сонда ғана шын суреткер аудармашы үшiн рахаты да, мехнаты да шаш етектен келерлiк жаңа шығарымпаздыққа тән тосын айдын ашылып, соған орай, Пушкин әлемiнiң дарбазасында салынып тұрған әйдiк қара құлыпты ашатұғын сиқырлы кiлт табылып, суреткер аудармашы қазақ оқушыларына Пушкин дүниясының қақпасын кеңiнен ашып, оның небiр жәуһарларымен оларды барынша таныстыра алады. Бұл аудармашы суреткердiң көздеген мақсатының орындалғаны деген сөз. Сонда ғана Пушкин таза қазақша сөйлеп, оның шығармалары әрбiр қазақ оқушысының кеулiнен өз орнын таппақ.
1976 жыл
2004 жыл