Тепсеңсiз қалған Темiрхан

(шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең…)

 

Неше ықылым заманнан бермен қарай мал бағып үйренген қазақтың қырағы көзiнен өз қарауындағы жылқысының қай тепсеңде жайылғаны тыс қалып көрген емес. Өкiнiшке орай, бүгiндерi шынайы көркемделген әдеби дүния жазу барысында өзiнiң маңыр өрiсiнiң‚ көтеретiн мәселелерiнiң‚ айтар ой-пiкiрi мен соны жүзеге асыратын құрал-сайманының қамын жеу‚ сол жөнiнде тереңiнен ойлану бiздiң төл әдебиетiмiзде мүлдем ұмытыла бастады деуге болады. Бұл жерде әдеби тебiннiң мал шаруашылығында қолданылатын тебiннен айырмашылығы аздау. Көркемделген әдебиеттегi “тебiндiк жер” ол жазушының негiзгi таңдап алған тақырыбын‚ сол арқылы көтерсем деген iрi-iрi мәселелерi мен айтар ой-пiкiрiн‚ тiптен соған орай қалыптастырған стилiн‚ белгiлi бiр тақырыпты көркемдеп игерсем дегендегi ұстанған шарттарын‚ жалпы ол‚ жазушының тұтастай алғандағы бет-бейнесiн‚ толық портретiн көрсететiн бiрден бiр жәйт. Мiне‚ осы тұрғыдан алып қарастырғанда, қазақ өлеңiнде 60-ыншы жылдардың орта тұсында “азаматтық пафос” дегендi мүлдем тұрпайы түсiну белең алып, жалған публицистика мен жасанды метафорашылдық дүрiлдей бастады. Осы бетбұрыс соның алдында ғана қазақ топырағына тамырын тереңдетiп сала бастаған шынайы лириканың әрi қарай өрiстеуiне, көркеюiне, мазмұн жағынан тереңiте түсуiне мүлдем зиянын тигiздi. Ол кездерi мұндай лирикаға “қарабастың қамын күйттеу”, “тақырыптың ауқымының тарлығы”, т.б. деп айып тағылып, шынайы көркемделген өлең-жырды әдебиеттен шеттете бастаған едi. Соның салдарынан әдебиетімізде өткiншi, салқын, жалпылама айтылған, жасанды қойыртпақ дүниялар көбiрек туындады. Оған форма жағынан iзденемiз деген желеу қосылып, поэзияны өзiнiң негiзгi мiндетiнен, негiзгi мәудуатынан мүлдем алшақтатып жiбердi. Мұның iшкi себебi де бар болатын. Ол жағдайды толықтау түсiну үшiн бұл арада өткен ғасырдың 65-70-iншi жылдарында әдебиеттiң табалдырығынан аттаған менiң замандастарымның ең алғашқы дүниелерiн жариялай бастаған шағында‚ сол кездерi жалпы қазақ поэзиясында орын алған әдеби хал-ахуалға азырақ болса да шолу жасап өтпесе болмайды.

Ол кездерi‚ сонау 50-60-ыншы жылдары‚ сұрапыл соғыстың ызғары әлi де елдiң санасынан толықтай шығып кете қоймаған шақта‚ қазақ әдебиетiнде де‚ сол кездегi күллi Кеңес елдерiнiң әдебиетiндегiдей‚ соғыс тұсындағы ауылдың хал-жайы‚ сол тұсқа тап келген балалық‚ ерсiз қалған жесiр келiншектер‚ жетiм өскен ұрпақтың көрген күнi, т.б. туралы тақырыптар алдыңғы орынға шыққан болатын. Одан тыс бұған керiсiнше‚ сол кездерi әбден бабына кеп‚ гүрiлдеп тұрған жадағай публицистика да‚ Ленин мен Сталиндi‚ компартияны аяқтарын жерге тигiзбей мадақтайтын‚ үстiрттеу келген үгiт-насихатқа толы “өлең-жырлар” да әбден “өркендеп” тұрған едi. Мұндай өлеңдердi бала кезiмiзде мектепте оқытылатын әдебиет сабағында ерiксiз жаттап өскен менiң замандастарым жақсы бiледi. Ондай “газет поэзиясына” жататын “өлеңдерде” жеке кiсiнiң мұң-шерi‚ жеке тағдыры‚ оның ойланыс-толғанысы, т.б. мүлдем сөз де болмайтын. Мiне‚ осыған еткен қарсы әрекет ретiнде сол 50-60-ыншы жылдардың аяғына таман‚ өздерiне дейiн Әбдiлдә‚ Қасым‚ Абдолла‚ Сырбайлар қазақ топырағында қалыптастыра бастаған лирика жанрын бiрден бiр өздерi барар өрiс‚ негiзгi тебiн деп есептеген I.Мәмбетов‚ Ғ.Қайырбеков‚ З.Шүкiров‚ Е.Ибраһим‚ С.Жиенбаев‚ Т.Молдағалиев‚ Б.Әбдiразақов‚ Ә.Абайдiлдәнов‚ Ш.Мұхамеджанов, т.б. тәрiздi шынайы шайырлар бой көрсете бастаған едi. Олардың шындап шарықтаған кезi сол 60-ыншы жылдардың тұсы болатын. Осы алпысыншы жылғы ұрпақ‚ негiзiнен‚ өздерiне дейiн жасалған өлеңнiң үлгiлерiне сүйендi‚ олардың арасында орыс әдебиетiндегi соқталы тұлғаларға‚ одан әрi ағылшын‚ немiс поэзиясындағы үлгiлi деген нұсқаларға да көз тастағандары болды. Сүйтiп қазақ поэзиясына Байрон мен алғашқы Пушкин‚ алғашқы Лермонтов‚ поляк Мицкевич пен Гейненiң романтизмiнiң әсерiнде жаратылған‚ қазақ поэзиясы үшiн соны тұрпатты жаңа лирика жанры қалыптасты. Бiр қызығы‚ бiздiң шайырлар да күнделiктi тiршiлiктiң өзi тудыртып‚ туындатып жатқан iрi-iрi мәселелерден қашып‚ Европа романтизмiне тән қасиеттердi бiрден бiр үлгi ретiнде ұстанды. Тiпте олардың поэтикасы да‚ сөз қоры да‚ таңдап алған тақырыптары да соларға өте ұқсас болды. Сүйтiп қазақ поэзиясында бiздегi романтизмнiң ен-таңбасы ретiнде саналатын басты-басты белгiлерi қалыптасты. Орыс әдебиетінің озық өкiлдерiне, соның iшiнде роматиктерге елiктеген олар ай, жұлдыз, бұлақ қайың, алғашқы махаббат‚ күйiнiш-сүйiнiш‚ достық‚ адалдық, т.б. туралы өлеңдердi топылтып жаза бастаған едi. Оларға, қыза келе осы тақырыптардан басқа нәрселердiң бәрi де өлеңге негiз бола алмайтындай боп көрiндi. Соның салдарынан өлеңсөзiмiздiң ауқымы тарылып, құдды тар бөлменiң iшiнде ән салғандай әсәр ететiн жағдайға да көштi. Көп ұзамай, 65-iншi жылдары, романтизмге тән асқақ лексика да‚ цирроз болған бауырша ылжыраған тәттi сөздер де‚ күйкi тiршiлiктiң аясынан ұзап шыға бермейтiн ауқымы тараң келген тақырыптар да өзiнiң күнiнiң өте бастағандығын сездiрген едi. Мiне, осы кезде әдеби сында “тақырыптың тарлығы” дейтiн мәселе алға шығып, шайырларымыз ендi шынайы көркемделген өлеңсөзден гөрi, не нәрсенi де тура айтатын жамиғатшылдыққа ден қоя бастады. Ендi олар үшiн өлеңге тақырып болмайтын дәнеме де қалмады. Мiне, осы бiр “жаңашыл” толқынның алғы шебiнде, солардың алғашқы қарлығаштары ретiнде Т.Бердияров, Ж.Нәжiмеденов, Ж.Қыдыровтар жүрдi. Рас‚ осы “әдеби тебiндiктiң” тоза бастағанын сол кездерi iштей сезген басқа шайырлар да болды. Бұл кездерi алғашқы өлеңдерiн жаңа-жаңа жариялай бастаған М.Мақатаев әдебиетте онша көрiне қоймаған да болатын. Мiне, дәл осындай экспериментi басымдау, жансыздау поэзия дәуiрлеп тұрған заманда тырнақалды дүнияларында Жұмекенге қатты елiктеген Т.Медетбеков кейiннен сол кездерi Одақ көлемiнде кеңiнен танымал бола бастаған даңғаза өлеңшiлердiң үлгiлерiне мүлдем бойсұнып алды. Ол ендi өлеңнiң инструментарийiн қалайда “жаңартам”, қалайда басқаға ұқсамаймын деп, орыс поэзиясында бар, бiрақ қазақ өлеңiне онша қонымды бола бермейтiн мөрленген метафора, тұрпайы теңеулердi, кәсiпкерлiкке негiзденген депо сықылды, қойдай тоғыта бастады. Сүйтiп, тақырыптың тоқпағы, метафораның машақаты, бұрынғы қазақша айтсақ, “шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең” дейтiн бiр қолайсыз шаруа басталды да кеттi. Әрине, бұл арада оны өз жазу мәнерiн, өз стилiн қалыптыстырды дей қоюға ауыз бармайды. Оның “стилi” — “стильсiздiк” қана! Жазуға назар аудара бермейтiн ол әр өлеңiнде қалайда бiр-бiр тың теңеу, тың метафора табуға барынша тырысып бағады. Кейде тiпте оны өлеңдi әлгi теңеу мен метафора үшiн ғана жазып отыр ма деп те қаласың. Оған қоса Темiрханда 20-сыншы ғасырдың поэзиясына тән жасанды “кең құлаш”, қанаты кеңге жайылып жатқан публицистиканың‚ жазба поэзия тiлiнiң әсерi көптеу көрiнедi. Мәселен‚ алпысыншы жылдарғы буынның әбден “оты тозып кеткен тебiндiгiнiң” тақырыбына мүлдем жолағысы келмеген Темiрхан:

 

…тұр антенна үйiмнiң бұрышында
қос құлағы селтиiп (?)‚ едiрейiп…

Үңiрейiп жан-дүнием тұр кәзiр
ымырттағы (?) аңғал-саңғал қыстаудай.

Сол бiр сөзден менiң қара көлеңкем
сiңiп кеттi (?) сұр қабырға — бетонға‚—

 

деп, метафора мен теңеудiң, жалпы троптың неше түрiнен қиын-қиын ассоциация жасауға ұмтылып‚ өлеңнiң әр жолының мағынасын мүмкiндiгiнше “ауырлатып”‚ оны “қоюлатып” жазуға тырысты. Бұл жерде Темiрханның‚ өз замандастарына қарағанда‚ өз стилiн қалыптастыруға тырысқан кезiнде ешкiмге барынша ұқсамау‚ жаңа жайылым‚ жаңа тепсең табу‚ соған орай бұрынғы “күйдiм-сүйдiм”‚ көктем‚ бұлт‚ самал жел‚ аққу‚ айдын‚ Алатау‚ мөлдiр махаббат‚ адал достық‚ т.б. дегендердiң құрсауында қалып қоймай‚ тақырыптың аясын барынша кеңейтудiң керектiгiн есiнде қатты ұстағандығын баса айту қажет. Оны әр кездерi Темiрхан өлең туралы өз “программасын” айқындайтын өлеңдерiнде анық көрсетедi. Ол “Бiр ақынға” деген өлеңiнде:

 

Не еткен оның тап-тар (?) едi ұғымы‚
жоқ сөзiнiң сөлi менен шырыны…
Жазатыны — майлап қойған арманы‚
жазатыны — баласы мен жан-жары.
Жазатыны — босағасы‚ шаңырағы!
Бүтiн оның төрт құбыла‚ жан-жағы!
Ерттеп мiнiп сәйгүлiгiн “шабыттың”‚
күндiз-түнi жыр жазады “ағып” бiр…
Бiр сөз айтпай ел мен жердiң атынан (?),
әлi күнге селтең-селтең (?) етедi‚ —

 

деп‚ өзiнiң поэзияда ұстанған негiзгi шарттарынан хабар берiп‚ от басы ошақ қасында қалып қойған‚ әдеби тоғышар‚ нағыз конформист шайырсымақтың тоқмейiлсiп отырған қалпына әжуалай‚ ызалана қарайды. Бұл арада ол көркемделген әдебиетте негiзiнен басты шарт ретiнде ұсталынатын нақтылық пен жамиғатнамаға, т.б. тән жалпыламалықты азаматтық деген түсiнікпен, жалпы ой-пiкiрсiздiктi тақырыптың ауқымының тарлығымен шатастырып отыр. Әдетте әдебиеттегі тақырып қаншама тар болсын, кең болсын, — ол жеке кiсiнiң тағдыр-талайынан, не көрiп, не сезгенiнен, тiршiлiктен қандай сабақ түйгенiнен, т.б. аулақ кете алмайды. Бұл арада тақырып жеке адамның жан дүниясынан өрбiп шығатын таза бiр бастау сияқты. Ал оның кейiнiнен қандай дарияға барып құятыны, қай шөлде құмға сiңiп қалатыны, қай жерде тосқауылға кездесетiнi, т.б. шығарманың барысында белгiлi болады. Өкiнiшке орай, Темiрханның бар жазғанында осы қасиет жоқ. Оған қоса, оның жазғандарына орыс синтаксисiнiң ерекшелiктерi өте-мөте тән боп келедi. Мәселен, жоғарыдағы үзiндiде “жазатыны — майлап (?) қойған арманы, жазатыны — баласы мен жан-жары” т.б. деген үзiндiнi қалай деп түсiнуге болады? “Арманы, баласы мен жан-жарын жазу” деген тiркес орысшадан калька ретiнде аударыла салынып тұр емес пе? Қай қазақ “арманын, жан-жарын”, т.б. жазам дейдi? Бұл арада “туралы”, “жайлы” деген бiр сөз керек шығар? Өкiнiшке орай, мұндай тұрпайы тiркестер Темiрханның жазғандарында аз кездеспейдi.
Ол бiрақ бұған қыңбайды. Қыза келе автор:

 

Менiң сөздерiм бейне бiр
пайдалы қазбалар сияқты
жататын жердiң астында‚ —

 

деп, орысша ойланып құрылған сөйлемiнiң сөлекеттiгiне қарамастан, өзiнiң “тереңге” қарай тартатын бiр талабынан хабар берiп те тастайды. Бiрақ бұл арада жетi қат жердiң асты мен жетi қат көктiң арасында жататын өлшемдi ұмытудың қажетi шамалы. Оны Темiрхан онша айқын сезе бермейдi. Ол қалайда баяғы әсiре қызыл романтиктерше “ақша бұлтқа” мiнiп ап‚ жерге әжуалап қарамай, және де жердiң терең қойнауына кiрiп ап‚ орта ғасырлардағы софыларша бұ дүнияның қызығынан баз да кешпей, жер бетiнде екi аяғымен тiк тұруға тырысады. Бiрақ бұл шынайы реализм емес. Оған қоса оның жазғандарында шынайы түрде “жердiң астында жататын пайдалы қазбалар” өте аз. Олар ара-тұра кездесiп қалғанымен, өңделмеген, қорытылмаған, қырналмаған, жонылмаған “шикiзат” күйiнде ғана көрiнедi. Мұндай әдеби “өңдеуден” өтпеген, басқаша айтсақ, шынайы түрде әдебиленбеген шикiзаттардың шикi дүниялардың санатынан аса алмайтындығы бесенеден белгiлi. Мұндай шикiзаттарда “жасайы табиғилық” бар болып көрiнгенiмен, оның әдеби жақтан мүлдем өңделмегенi бiрден-ақ көзге ұрады. Ол бертiнiректе жазған бiр өлеңiнде де өзiнiң өлеңдегi осындай талап-тiлегi, жалпы жүрген жолы туралы ойлана кеп:

 

Өлең деп мен келемiн‚
содан жол (?) боп таралғам.
Менiң әрбiр өлеңiм
топырақтан жаралған‚ —

 

деп өзiнше “сыр айтқан” болады. Дегенмен де бұл арада дәлсiздiк жетерлiк. Бiрiншiден, “өлең деп келе” жатса да, содан өзiнше “жол болып таралдым” деуi шындыққа сәйкес емес. Бүгiндерi қазақ поэзиясында Темiрханның салған өз жолы деген түсiнік жоқ. Екiншiден, “әр өлеңiн топырақтан жаралған” деп түсiнетiн ол әлгi заттың рухтанбағанын, жансыздығын, оның рухани дүнияға айналмай, шикiзат күйiнде ғана қалып қойғандығын ескермейдi. Бұл арада басқаша қисындасақ, әлгi әдеби материалға жан беретiн жазушының өз ыстығы, өз демi, өз жаны жоқ. Сол себепті де оның “топырақтан жаралған әр өлеңi”, шын мәнiнде, “жаралған” емес, автордың өз қолымен олпы-солпы түрде жасалған шикi дүния ретiнде ғана көрiнедi. Жалпы Темiрханның бұл жерде алып отырған топырағы белгiлi бiр жерге тән мәудуәт емес, керiсiнше ол исi, әдiрiсi, түрi-түсi, иқлымына орай болатын хәрәраты жоқ, мүлдем жалпылама, дерексiз бiрдеме. Оқушы қауым ондай дерегi жоқ “тексiз” топырақты жер бетiнiң кез келген жерiнен тауып та ала алады. Соған орай күшпенен, олпы-солпы етiп әрең құрастырылған “арық-тұрық” өлеңнiң жолдары да жансыз, дерексiз. Бұған кiнәлi — тағы да топырақ. Шындығына келгенде, өнердегi топырақ — туып-өскен жер‚ туған ауыл‚ одан әрi Отан‚ стиль жағынан алғанда — нақтылық‚ поэзиядағы реализм‚ күнделiктi тiршiлiкке тән iрi-iрi мәсәләларды қозғау‚ мұны одан да әрмен алып қарастырғанда‚ ол ежелгi пәлсәпа бойынша жер бетiндегi күллi тiршiлiктi дөреткен‚ соны дамытып‚ бекем ұстап тұрған негiзгi төрт заттың‚ төрт элементтiң бiрi болуға тиiс. Ол топырақтың өзiнше исi‚ өзiнше қасиетi бар. Оны ұмытқан атақты, атақ-дәрiп жайғыш даңғой‚ майысқақ мансапқор‚ гүмпиген космополитизмнiң қомпиған өкiлi‚ шикi де шалағай Шахновскийлердiң барар жер‚ басар тауының қандай болатындығы сәуегейлiк көрсетiп жатпастан-ақ белгiлi. Ондайларға исламның бұғанасын жаңа бекiте бастаған заманында ұлы да кемеңгер Мұхаммәд пайғамбардың өзi қолдап‚ азаншы еткен бұлбұл үндi Бiләлдiң бүгiндерi орнын баспақ боп‚ бастығының аяғында кеуiшiн кигiзiп‚ мыс легенiн тосып‚ қолына сылдырата су құйып‚ екi бетi жарықмай жаққандай жылтырап‚ жырқылдай күлiп‚ жағымпазданып жүрген бибастақтар қосылса‚ қазақ әдебиетінде ақырзаманның басталғаны демеске әлтiң де жоқ. Шын шайырды шошытатын нәрсе де дәл осы‚ — бетсiздiк‚ әдебиетте бетi жоқтық. Мiне‚ осылайша поэзияда өздерiн өзi жиi қайталап‚ өз беттерiн көмескiлеп алған алпысыншы жылғы ұрпақтың тоқырауға ұшыраған тұсында әдеби технологиясы жағынан қарастырғанда, өте орашолақтау өлеңдерiн жаза бастаған Темiрханның олардан өз iргесiн бөлектеп тiгiп‚ олардың өмiрi үш ұйықтаса түсiне де енбейтiн мұнай мен газды‚ телемұнара мен телеайнаны‚ Маңғыстаудың ала шаңы мен аптабын‚ Түркстанның базары мен қауын-қарбызын‚ телеграфтың сымы мен “қос құлағы едiрейiп тұрған” антеннаны‚ шақырымдар мен нүктелердi, қайдағы бiр темiр-терсектi, қоқсықты, т.б. негiзгi тақырыбы етiп алуы оның поэзияны бұқараландыру, демократиялау дегендi мүлдем ұшқары, сырттай, жеңiлтек түсiнетiндiгiн анық көрсетедi. Мұның кей кездерi былайғы жұрттан әдейi ерекшеленсем деп, бет-аузына жөндi-жөнсiз айғыздап, опа-далап жаға салатын келiссiз сәнқойлардың өрескел әдетiндей көрiнетiнi де бар. Оның үстiне ол жол сайын бiр-бiр метафора, бiр-бiр оғаш теңеу, бiр-бiр оғаш троп таппаса, өлең өлең болмайтындай көредi. Соның салдарынан оның жазғандары көбiне арнаулы лабораториядағы үстелдердiң үстiне наркоз берiп, он екi мүшесiн бұтарлап, мүшелеп, жiлiктеп тастаған, жансыз, әлдеқандай өлi организмдi еске түсiредi. Бұ жағынан келгенде атақты Э.Золяның бақа туралы айтқаны Темiрханның шаңына iлесе де алмайды.

 

Қалайда басқаға ұқсамауды ғана көздейтiн Темiрхан өзiнше “ойлау жүйесiнiң” “ерекшелiгiн”, метафора мен тосын теңеудi басты мақсат етiп алатындығын, қалайда “өзiмше айтам” деуге ден қоятындығын, сол үшiн өлеңнiң ең басты шарттарының өзiн құрбандыққа шалып жiберетiндiгiн тайға таңба басқандай етiп көрсетуге тырыса бередi. Мәселен, ол бiр өлеңiнде бұрынғы “айта бiлудi”‚ ұрымтал тұста “айтып қалуды” ғана мақсат тұтатын “айтқыштардың” ауазасынан аулын онша алыс салмай, аға шайырлар әбден таптаурын қылған ақ қайың туралы:

 

Өсiп тұр қара батпақта (?)
жаралған сынды жарқылдан (?).
Ақ қайың әппақ (?) соқпақтай (?)
аспанға тiп-тiк тартылған (?)‚

 

деп өзiнше жазып, өзгеше бiр теңеу тапқан болады. Ал мұнда, үңiлiп қарағанда, дәл емес, адамның қиялына да, назарына да қайшы келетiн теңеулер, эпитеттер баршылық. Бiрiншiден, қара батпақта шөп өспейдi. Одан тыс “жаралған сынды жарқылдан” деген жол мүлдем дәл емес. Бұл арада ол не жарқыл, ненiң жарқылы, — сол күңгiрт. Екiншiден, “ақ қайыңның” “әппақ соқпаққа” теңелуi, ең алдымен, бәшәрияттың түсiнiгiне мүлдем қайшы келедi. Қай кезде де адамның түсiнігi бойынша жолдың ұғымы жерге, жердiң бетiне қатысты болады. Жарайды, бұған да көнелiк. Одан әрi, — “соқпақтың әппақ” болғаны несi? “Қайыңның ақтығы” мен “соқпақтың әппақтығы” бiр-бiрiне табиғи түрде ұласа алып тұр ма? Ол неге “аспанға тiп-тiк тартылған”? Осының бәрiне үңiле қарағанда, мұндағы теңеулердiң мүлдем жасанды екендiгi бiрден-ақ көзге түседi.
Ол соған қарамастан, орыс поэзиясында бар желiнi өзiмсiне алып, кәдiмгi теректерге бар-жоғы ертеңдерi отын болар бiрдеме деп қарай, оны “жерлес теректерiм” деп iш тарта сөйлеп, бүгiндерi адамизаттың алдына шығып отырған экология мәселесi‚ оның ертеңдерi-ақ Адам Сәпидiң ұрпақтарына тигiзетiн зор зияны жайында айтқысы-ақ келедi. Бiрақ бәрi де орашолақ жасалынған:

 

Сарғайған дүздi сан жылдап (?)
ораған (?) жасыл желекке‚
желпiнiп (?) шықтың алдымнан (?)
балауса‚ жерлес (?) теректер!

 

Бұнда кiсiнiң ұғымына сыймайтын жәйттер, орысша ойланып құрылған тiркестер, мағынасы жағынан дәл қолданылмаған сөздер жетерлiк. Оны бұл арада ежiктеп жатудың өзi артық. Оған қоса мұндай теңеулер мен жолдар пәленбай ғасыр бойы көшпендi тiрлiк кешкен, бар тiрлiгi малмен байланысты болған қазақтардың соған орай қалыптасқан сана-сезiмiне‚ түйсiгiне, түсiнiгiне мүлдем түрпiдей тиедi.
Оның туған жердiң топырағы туралы жазғандары дасыртқы әсер, сыртқы бутафория сықылды ғана көрiнедi. Ол туып-өскен жерден кез келген кiсiнiң алатын қуатын, адам жанында өмiр бойы соның өшпей‚ әлсiремей жүретiн әсерiн, жалпы жағрафиясын күллi жалпақ жаһанға телiп жiберуге тырысады. Соның салдарынан оның әдеби кейiпкерлерi кәдiмгi қара жердi басып жүрген екi аяқты‚ бiр басты бәндә ретiнде көрiнбейдi. Және бiр айтары, оны қарапайым кiсiлердiң ой-толғамы‚ тiршiлiгi‚ дүниенi сезiнуi‚ оны түсiнiп бiлуi онша қызықтыра бермейдi. Темiрхан олар жайлы сырттай ғана сөз етедi. Бiрақ оның өлеңiндегi әдеби кейiпкерлердiң мағлұматы көп‚ ол бiр ғана алақандай аулының кiшкене мәселесiнен күллi әлемнiң үлкен мәселелерiне қарай ойыссам деп, жалқы мен жалпының бiр-бiрiне сары майдан қыл тартқандай етiп ұласқанындай бiр қалыпқа енгiзе алмайды. Бұл жерде және бiр айтарлығы‚ — Темiрхан не туралы жазса да‚ жадағай публицистиканың‚ жамиғатнаманың жетегiнде кете бередi.
Бiр айтары, оның көзi Жапонстанда жасалған фотоаппараттың объективiндей қырағы‚ әрi ол жылт еткен ең бiр ұсақ нәрсенiң өзiн жадына хаттай етiп жазып ала қояды. Және бiр ерекшелiгi‚ оның метафоралары мен теңеулерi‚ жалпы көркемдейтiн азбырайы қазақ өлеңiне НТР-дың нобайы‚ көлеңкесi ретiнде ғана кiрiп, қазақтың төл топырағына табан тiрей алмайды. Бұл жағынан келгенде Темiрхан, сөз жоқ‚ қазақ лирикасының орнығып‚ қалыптасуына үлкен үлес қосқан алпысыншы жылғы ұрпақтың тоқырауға ұшырап‚ тараң тақырыптың аясынан шыға алмай‚ өз тепсеңдерiн тоздыра бастаған шағында‚ соған қарсы iстелген әрекет ретiнде неше алуан тақырып пен жаңашыл поэтиканы қазақ өлеңiне алып келуге тырысушылардың бiрi ретiнде көрiнедi. Әрине‚ мұндай үлкен талаптың кейде эксперимент дәрежесiнде қалып қоятын кездерi де болады. Өкiнiшке орай, Темiрханның темiрдей метафораға толы өлеңдерiнiң одан iргесiн аулақ сала алмай жатқан жерлерi жетерлiк:

 

Глобус тұр алдымда
монтиған киiз үйiмдей (?)…
Ондағы уық‚ кереге —
бойлықтар мен ендiктер…
Төңкерiп апты шаңырақтай (?)
Солтүстiк Мұзды мұхитты…

Темiржолдар (?) созылған
пулеметтың лентасындай…

Жатқан сынды темекiсiн тұтатып‚
қайта-қайта найзағайын жағады.
Қауiптенiп тұрды үңiлiп аспанға
трубалар тiк шаншылып дүрбi сап.

 

Мұндай өрескел теңеулер мен метафоралары бар жолдарды оның дүниелерiнен көптеп таба беруге болады. Бұл жерде және бiр айта кететiн нәрсе‚ — Темiрханның бұрынғы тозған эстетикадан мүлдем бас тартып‚ поэзияны тiршiлiктегi сирек кездесер тек қана асқақ жағдайлардың қалтарысынан iздемеймiн деп, “антиэстетикашыл” бола қалуы. Ол үшiн өлеңге объект-мәдуәат болмайтын нәрсе жоқ сияқты. Оның көзi мен дүнияны түйсiнуi өлең кiтаптарына бөрене мен ағашты‚ бетон мен аэропортты‚ фотоаппарат пен байланыс торабын‚ мұнайдың құбыры мен пойыздарды, т.б. тосын тақырып ретiнде батыл түрде енгiздiре бередi. Сүйтiп, ол тiршiлiктiң қарапайым “прозасынан” үлкен “поэзияны” көре алсам деп мүлдем қарадүрсiндiкке ұрынып қала бередi. Ол үшiн өлеңдегi әдеби кейiпкердiң жан дүниясы мен жаратылыстағы кез келген заттың арасында байланыс‚ ұқсастық жоқ сықылды. Мiне‚ соны өзiне басты шарт ретiнде ұстанған Темiрхан:

 

Айтатұғын тiрлiктiң тар (?), кеңдiгiн (?)
жапырақтан… өлең көрдiм мен бүгiн‚ —

 

деп жаза берсе, оған еш те таңғалуға болмайды. Ол үшiн мына ауадағы көмiртегiн жұтып‚ құдiреттi фотосинтездiң арқасында Адам Сәпидiң әулетi үшiн ең бiр қажеттi зат — оттегiн шығарып тұрған жапырақ та өлеңге тақырып бола қалатын бiр нәсте. Және де оны “тiрлiктiң тар, кеңдiгiн айтатын” жанды бiрдемедей көредi. Сонда ол не жөнiнде айтпақшы? Сонда ол сол жапыраққа шартты түрде болса да адамүа тән қасиеттердi берiп‚ онымен шынымен сырласа бiлу‚ сол арқылы адамизаттың қауымында болып жатқан мәселелердi қозғау‚ — үйренбеген көз бен кеуiлге әдепкi кезде өзгешелеу болып көрiнсе де‚ — кәдiмгi кейiпкердiң жан сырындай боп сезiлiп кетедi дей ме? Бұл жерде және бiр айтарлығы‚ алпысыншы жылдарғы буындардың поэзиясына аса сыршылдық‚ жеке бастың “менiнен” аса алмайтын субъективизм басым болса‚ Темiрханда керiсiнше “мен” деп бiрiншi жақпен емес‚ “ол” деп үшiншi жақпен сөйлеу‚ негiзгi мәселеге сырттан көз тастау‚ басқаша айтсақ‚ объективизм басым. Кейде бұл қасиеттiң оның өлеңдерiнiң температурасын түсiрiп кете беретiн жерлерi де жетерлiк, бiрақ оның объектiнi мүлдем басқаша бiр тосын қырынан көруге тосын талпынысы әлгi олқылықтың орнын толтырып‚ кемшiн нәрсенi компенсациялап тұрған сықылды боп та көрiнедi. Бiрақ бұл автордың өз позициясы‚ ұстанған тарапы деген сөз емес‚ ол талап кейде ақыл-ойдың жәй ғана ойнағы, тең теңеу, тың метафора таба алам деген кiсiнiң қыр көрсетуi сықылды ғана сезiледi.
Ол кейiпкердiң қоғам iшiндегi белсендiлiгi дегендi де бiр жақты түсiнедi. Ондай қауымшыл кейiпкер үшiн жек бастың тұрмыс-тiршiлiгi, уайым-қайғысы, күйзелiс-толғанысы, т.б. мүлдем жоқ сықылды. Ондай жасандылау кейiпкерлер үнемi үлкен категориялармен ойлауға тырысып бағады, бiрақ оның бәрi сыртқы әлемеш, жасанды сурет тәрiздi әсер етедi. Ол адамдардың iшiндегi ең қауiптiсi не нәрсеге де өз пiкiрiн айтпайтын‚ өз позициясын көрсетпейтiн‚ қоғамда болып жатқан нәрселердi байқамайтын‚ көрмейтiн‚ тiпте үндемейтiн:

 

Бiр адамды кiнәраттап‚ айыптап‚
бiр адамды қорғап әлi көрмеген‚ —

 

жарым-жарты кiсiлер деп бiледi. Бiрақ әлгi кiсiлердiң осындай жағдайға неге, қайдан, қалай душар болғаны жайында тiс жармайды. Ендi басқа бiр өлеңдерiнде, бұған керiсiнше, кейбiр өлеңдерде кездесетiн кейiпкерлердiң жеке басын ұмытып, жалпы үшiн жаны ашымайтын‚ бiреу үшiн күйзелмейтiн тұсы кемде-кем боп келедi:

 

Жатыр едiм бей-жай мүлгiп диванда‚
тамсап сорып (?) тәттi елестi жиналған (қайда?).
Қабырғаның әр жағынан кенеттен
дауыс (?) шықты зарлы үнменен (?) қиналған.

 

Өлең кейiпкерi ол көршiсiн бiлмейдi‚ бiрақ оның жанының бiр нәрседен қатты күйзелiп жатқаны жөнiнде айтады. Оған ұлт‚ нәсiл, қауым, оған тән нәстелер деген мүлдем жәй шаруа сықылды:

 

Сол бiр әйел негр ме әлде араб па‚ —
қабырғамның (?) дәл түбiнде жылап тұр.

 

Бұл жерде әлгi жұртының кiм екенi белгiсiз әйелдiң автордың “қабырғасының дәл түбiнде жылап тұрғанына” мүлдем самарқау қарайтыны түсiнексiз. Ол неге, не үшiн, неден жылап тұр — бұл авторға бимәлiм әрi оған онша күйзелiп те жатпайды. Оған қоса жеке бiр әйелдiң жылағанын жеке кiсiнiң басында болған жағдайдан гөрi оны жалпыламалыққа салып жiберуге құмар. Сол себепті де ол мұны бiр кiсiнiң қара басында болатын жағдай деп түсiнбей‚ оның аясын одан әрмен кеңейте түсiп‚ өзiн:

 

Әйтеуiр, мен қанша қашық болса да‚
қайғысымен бүкiл осы әлемнiң
қабырғалас көршiмiн‚ —

 

деп, мүлдем жалпыламалыққа салынып кетедi. Ол мұнысын әдебиетте аса саяздықпен ұғынылып жүрген “кең ауқымдылық” деп, публицистиканың категориясында, ұшқары түрде түсiнедi. Ал көркемделген поэзияның негiзгi шарттары бұған қарсы. Осыдан-ақ онда шынайы өнер жасаудан гөрi, өлеңмен жазылған саяз мақалалар дөретiп, азамат деген атақты оңай малданып қалуға ұмтылуының қатты екендiгi көрiнедi. Әрi бұл Темiрханның қандай ыңғайда, қандай дәрежеде ойлай алатынын да анық пәш етедi:

 

Қырықыншы жылдар атқан қаншама оқ
денелерде бар әлi…
“Қырықыншы”… деген сөздiң өзiнен‚
байқайсың ба‚
оқ-дәрi исi аңқып тұр!

 

Рас, кейде ол халық басында болған ересен уақиғаларды жеке бiр кiсiнiң тағдыр-талайымен астастыруға да тырысып бағады. Бiрақ мұның бәрi сырттай бақылап тұрған автордың салқын назарынан мүлдем құтыла алмайды. “Сталин өлген күнi” дейтiн бiр өлеңiнде сол кезгi трагедияның сұсты сықпытын басқаша бiр түрде беруге тырысқан ол “халықтардың көсемi” қайтқан күнi жұртшылықтың бәрi қара жамылып жатқанда, өлеңнiң кейiпкерiне:

 

Кiм бiледi қай шайтанның түрткенiн‚
Қожан ағам iшiп апты сол күнi, —

 

деген сықылды ерсi бiр әрекет жасатады. Қожан ендi арақ iшкенi аздай:

Сталин сол өлген күнi жүрiптi
Түркстанның көшесiмен теңселiп.

Қожан ағам қолын сiлтеп‚ сөз сөйлеп‚
тiпте сонсоң ән салып та жiберген…

 

Осы саяси жүйедегi қатқан мұздың ерiгенiн сезудiң‚ адам рухының бостандыққа шыға бастағанын көрсетердей көшеде “ән салып жiберудiң” ақыры жақсылыққа соқпайды. Сол “қылмысы” үшiн:

 

… бiрер күннiң iшiнде
кеттi Қожан жиырма жылға сотталып!

 

Бар болғаны осы! Оған өзiнiң қалай қарайтыны туралы автор ләм-мим демейдi.

Бұл да бiздiң халқымыздың басында болған қиын хал. Мiне осындай қиын-қыстау жолдан өткен халқымыздың бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiгiнде де адам жаны шошитындай нәрселер жетерлiк:

 

Сол бiр адам —
күйiнем‚
сен де налып жанасың‚ —
қартайғандар үйiне
тапсырды әкеп анасын.

 

Бұл жеке бiр кiсiнiң қатыгездiгi ғана емес‚ бiздiң ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ең бiр асыл қасиеттерiмiздiң бұзылуы‚ жақсы үрдiсiмiздiң өз жалғасын таппауы‚ адам жанының темiрдей қатыгез тартуы. Оған себеп көп. Соның бiрi қандай да мемлекеттiң берiк ұстыны ретiнде саналатын отбасының бұзылуы. Осы қазақы институттың әсiре елiктегiштiктiң арқасында‚ әсiресе‚ Батыс Европадан қалай болса солай қабылдана салынған феминизацияның әсерiнiң салдарынан адамзаттың әзәлда биология мен қауымы қалыптастырған заңдарының өрескел бұзылуының нәтижесiнде қақырай бастауы — бүткiл халықтың басына түскен қиын хал. Қандай қоғам‚ қандай заман орнаса да‚ биологияның заңдарының өзгеруi мүмкiн емес. Соған орай атам заманнан бермен қарай қалыптасқан адамзат қауымының заңдары да өзгеруге тиiс емес. Бiрақ кәзiр бәрi де керiсiнше болып жатыр. Оның ең бiр басты себебi — жұптылардың өз парыздарын сезбеуi‚ соны тәрк етуi:

 

Келе жатыр‚ келе жатыр мас әйел
түрi — тұлан‚ алқам-салқам — омырау.

Сұлулыққа (?) жасалынған (?) қылмыс қой
арақ иiс шықса әйелдiң демiнен (?).

Сол әйелге бара жатқан теңселiп
қапаланып қарап тұрды Отаным (?).

Жыласа әйел‚— болады
әлем жылап тұрғандай…

 

Өкiнiшке орай, мұндаей мәселенің бәрiн Темiрхан сырттай ғана сөз етедi де, мүлдем жалпыламалыққа салынып кетедi.

Қалай десең де түптiң түбiнде адамизат әзәлда құдiретi де тылсым сырлы жаратылыстың өзiне болашақта орындауға тиiс‚ орындамаса болмайтын нәсiлiне‚ генiне биопрограмма ретiнде жазып қойған ең үлкен парызын атқаруға қайтып келуге тиiс. Адам Сәпидiң бұдан басқа барар жолы да жоқ. Оның түп негiзi жақсы отбасын құру‚ ұрпақ өсiру‚ жарасымды жұпты бола бiлу. Соны жан-тәнiмен сезген‚ тереңiнен түсiнген жұптылар ғана бiр бiрiне:

 

Екеумiзбен сәндiрек қой бұл өмiр‚
екеумiзбен мәндiрек қой бұл өмiр.

Жүдеу тартып қалар едi-ау бұл өмiр
бiз екеумiз кездеспесек егерде‚ —

 

деп ашық айта алады. Ол екеуiнiң бұлай деп айтуына негiз бар. Оның себебi ендi ол екеуiне жан да‚ мал да‚ уайым да‚ қуаныш та ортақ. Және де оларды бiр-бiрiнен алыстатпай‚ бiр бiрiне магнитше тартып тұратын үшiншi бiр нәрсе бар:

 

Не еткен ұлы жарасым! —
әлемнен сыр аулаған‚
мына бала‚ қарашы‚
екеумiзден аумаған.

Осы бала арқылы
екеумiздi табиғат
бiр адам ғып жiберген!

 

Мiне‚ осы гармония‚ осы жарастық бұзылған жерде қандай да болмасын мемлекеттiң де‚ қауымның да қабырғасы қақырайды. Ол бұзылу жәй ғана екi кiсiнiң ұрлық iстеп‚ күнәға белшесiнен батуы емес‚ ол ең алдымен табиғаттың заңына қарсы қол көтеру‚ адамзаттың өзiнiң ең бiр ұлы парызын сыйламауы‚ оның бәдәни жақтан да‚ рухани жақтанда азып-тозуы‚ құлдырауы. Бiз бүгiндерi бұған Саин көшесiнде кергiп жүрген сайқалдарды көрiп куә боп отырмыз. Олардың ой-пiкiрлерi де‚ жан дүниелерi де әлдеқашан доғалданып‚ барынша дөрекiленiп‚ жабайыланып кеткен. Олар үшiн ең бiр асыл сезiм — сүйiспеншiлiк деген атымен жат‚ оларға адам тәнi мен теңге ғана негiзгi заң. Шайырдың келесi бiр өлеңiндегi кейiпкерi осы келеңсiздiкке қарсылығын өз жан дүниесiнiң байлығы арқылы сездiредi:

 

Тұрдың сен ессiз күбiрлеп‚
ғашықтық — сол да қайғы ма? (?)
Жапырақ құсап (?) дiрiлдеп (?)‚
асылдың сонсоң мойныма…
Үнсiз бiр қалды өлең де‚
таулар да‚ көлдер‚ бақтар да.
Құшақтап тұрдың
тереңге
батып бiр бара жатқандай…

 

Мiне‚ жұптылардың бiр-бiрiне осылайша тiренiш-сүйеу бола бiлуi‚ бiр-бiрiн “тереңнен”-құрдымнан сақтай алуы‚ бiр-бiрiн қолтықтарынан демеуi бүткiл жаратылыстың заңына сәйкес нәрселер. Ол жоқ жерде‚ биожаратылыс пен адамзат қауымының тепе-теңдiгi‚ олардың өзара бiр-бiрiне қарай тартылып тұратын заңдылығы бұзылып‚ дисгармония орнайды. Ол бұзылмай‚ берiк үйлесiм тапқан жердегi жағдай бөлек:

 

Әлi есiмде сол көктемнiң сол түнi‚
нөсер шуы‚ найзағайдың жарқылы…
Мәңгi есiмде қалсын дедi-ау бұл көктем‚
екеумiзге қарап алып құрметпен‚
найзағайын жарқылдатып әр тұстан‚
аспан бiздi асығыс
түсiрген-дi суретке.

 

Солайша табиғаттың өзiнен ақ батасын алған жұптылардың жұбы еш уақытта жазылмақ емес. Үйткенi олар үшiн бiр бiрiнен жырақ жүру‚ ажырасып кету жаратылыстыңзаңына қарсы шығумен пара-пар:

 

Жүрмiн кәзiр сенсiз мен‚ азар — мұнда‚
қызығы жоқ бұл өмiр — базардың да…

Көз алдымнан жоғалып кетер болсаң‚
мен өмiрден жоғалам‚
жоқ боламын!

 

Осылай деп ашық айта алған әдеби кейiпкердiң мына тiршiлiктiң басқа да жағына назар аударатын тұстары жетерлiк. Ол‚ ең алдымен‚ өзiн өзi бiлуге‚ өзiн өзi түсiнуге‚ өзiнiң еткен iс-әрекетiне басқаның тарапынан қарай бiлуге тырысады:

 

Ойлар толғап (?) терең (?) менен әрiден‚
несiне мен‚ несiне мен желiгем?
Желiгемiн несiне мен желiгiп?
Өзiмдi өзiм түсiнбеймiн әлi мен.

 

Мiне‚ осындай өзiн өзi түсiнудiң процесiн бастан кешкен кейiпкер ғана қоғам iшiнде тiрлiк ететiн жеке кiсiлердiң арасында болатын қақтығыстан (сол арқылы iрi-iрi топтардың‚ одан әрi кең ауқымдағы мемлекеттердiң өзара қақтығысынан‚ — Б.А.) толық сақтана алады:

 

Олай деймiз‚ бұлай деймiз‚ бүй деймiз‚
сөзбен келiп қағытамыз‚ түйреймiз.
Шынымен-ақ соқтығыссақ‚ бiлiп қой‚
пойыздардай екеумiз де күйреймiз.

 

Егерде адамизат бiр-бiрiне осылайша ескертпе жасап‚ бiр-бiрiне кешiрiмшiлдiкпен қарап‚ ортақ тiл табыса алса‚ әр түрлi нәсiлге жататын қауымдар да‚ билiгiнiң құрылысы әр түрлi боп келетiн мемлекеттер де өзара тiл табысқан болар едi. Бiрақ‚ өкiнiшке орай‚ күнделiктi тiршiлiкте ондай емес. Шайыр осы келiспеушiлiктi екi кiсiнiң арасынан шарықтата алып шығып‚ өте бiр кең ауқымда қарастыруға тырысады. Кейде мұның публицистикаға соқтыратын тұстары да жоқ емес. Кейде Темiрхан екi адамның арасында ғана болатын ең бiр нәзiк нәрселердi‚ құпия сырды жәй дауыспен‚ сыбырлап айтудың орнына‚ оны ешкiмнен де жасырмай‚ оған күллi жұртты куә ете отырып айтуды онша ерсi көре де бермейдi. Сол себептi оның “менiнiң” “олға”‚ тiпте кейде “бiзге” тән жайдақтау келетiн қасиетi көп жерде бел алып кете де бередi. Бұл түптеп келгенде әрбiр таланттың табиғатына тығыз байланысты нәрселер. Одан ешкiм де қашып құтыла алмайды.

 

Темiрхан — өз кезiнiң перзентi ғана, ол өз заманымен бiрге жасасып‚ соған тән мәселелер жөнiнде дер кезiнде айта бiлдi. Бұл оның бойында күнделiктi тiршiлiктегi жылт еткен қарапайым бiр жәйттiң өзiнен өлең таба бiлетiн бiр қасиетi барлығына‚ басқаша сөзбен айтсақ‚ жетiлген журнализмiнiң барлығына куә. Ол өзiн бүгiнгi тiрлiктен‚ бүгiнгi күннiң мәселесiнен тыс жерде көре де алмайды. Оны Темiрханның өзi де бертiнде жазған “Қара жәшiк” дейтiн өлеңiнде толығымен растайды:

 

…сүңгуiр қайықтар менен
зымыран самолеттерде…
есепке ап тосын шешiмдi
жатады қара жәшiктер.
…Жазылады оған ағаттық‚
жазылады оған тәуекел…

 

Мiне, күнделiктi тiршiлiктегi болып жатқан барша жағдайды сол қалпында‚ еш өңдеместен‚ өзгертпестен жазып жатқан қара жәшiк — Темiрханның поэзиядағы ұстанған негiзгi шартына жауап беретiн нәрсе. Оны шайырдың өзi де ашық мойындайды:

 

Байлық па әлде көмбе ме?
оны өзiң көрiп‚ ашып қал!
Бiлсеңдер‚ достар‚ менде де
дәл сондай қара жәшiк бар…
Өлең мен жырлар дәптерi —
сол менiң қара жәшiгiм.

 

Бiз бұдан Темiрханның бүгiнгi тiршiлiкте кездесетiн барлық жағдайды қамтып‚ факт‚ дерек ретiнде жазып алып қалуға тырысатындығын анық көремiз. Оның мына соңғы жылдары жарық көрген таңдамалы өлеңдерiнiң бiр томдығына өзi айтқандай “қара жәшiкте” жазылып қалған бiраз дүние енiптi. Бiз оларды оқып отырып‚ ең алдымен‚ Темiрханның әр түрлi тақырыпты қозғағанын көремiз. Онда не жоқ дейсiң? Бәрi бар! Соларды шола қарағанда кей кездерi “әдеби газеттi” ерiксiз еске де алатын тұстарың болады. Әрине‚ осы арада ескерерi — өмiрде кездесетiн жәйттердiң барлығын сол қалпында‚ еш өңдемей‚ өзгертпей‚ “әдебилемей”‚ “монтаждамай” қара жәшiкке жазып ала берудiң кейде әдебиеттегi көркемдеу дейтiн шарттың талаптарына қайшы келетiн тұстарының барлығы. Мұндай жағдай кезiнде Сәкен мен Тайырдың‚ Асқар мен Қасымдардың да бастарында болған. Ондай нәрседен орыс поэзиясында кезiнде реттi-ретсiз жерде жылт етiп көрiнiп қалуға өте-мөте көп тырысқан Е.Евтушенко да құтылып кете алған жоқ. Бiз кәзiр сол Евтушенконың қазақ поэзиясындағы елеусiз елесi сықылды ерсi де есерсоқ бiр ергежейлiлердiң екi иығын жұлып жеп‚ екi қолын ербеңдете сөйлеп‚ есесi кеткен кiсiдей екi езуiнен ақ көбiгi аға екпiндеп жүрген бiр қалпына куә боп та отырмыз. Бiрақ мұның барлығы қара суша жылжып ағып жатқан тиянақсыз уақыттың сарқыраған ағысымен бiрге кейiнгi тарихқа қарай кететiн жәйттер. Ал шынайы көркемделген әдебиеттiң‚ соның iшiнде шарттылығы басымдау өнер — көркемделген поэзияның негiзгi iрi-iрi талаптары әлгi күнделiктi баянсыз деректердiң деңгейiнен өте биiкте жатыр.
Қалай десең де‚ бүгiндерi Темiрханның тебiнiнiң тозғаны, тепсеңсiз қалғаны әдеби сынға ап-анық көрiнiп тұр. Әзiрге айтарым‚ — Темiрханның өз қатарынан оқшау шығып‚ жеке-дара жайылсам деп таппақ болған тепсеңiнен тапқан “олжасы” өте аз. Ашығын айтқанда‚ оның өлеңдерi өткен заманда жасаған халықтың дүнияны сезiнуi мен ол жайында түйген ой-пiкiрiнен мүлдем алшақтау жатыр. Ол көбiне сол замандағы баспасөз бетiнде жиi айтылып, әбден жауыр болған жағдайларды жерден жетi қоян тауып алғандай көрiп, еш ойланып-толғанбастан, қағаз бетiне түсiре берген, түсiре берген! Ең қиыны — ол өте салақ жазады, өлеңдi қарапайым етем деп, мүлдем тұрпайы қарабайырлықтан арыла алмайды. Сол сәбепті де оның өлеңдерi өте сылбыр, босбелбеу, қарадүрсiн, кейде тiпте қолдан жасалған бiрдемедей аса жансыз, аса салқын боп келедi. Соның ақырында оның жазған барлық дүниясы дерлiк баяғы халық айтқан “шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең” дегеннен аса алмай қалған.

 

2005 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *