Әлемде 2500 жасар Самарқанд тәрiздi тамыры сонау тереңде жатқан шәһар кем де кем. Талай ғасырдың ұбап-шұбаған керуенiндей үзiлмейтiн легi өтсе де, айтулы қымбат, асыл мұраларын тәрк етпеген бұл шәһарда тарихи ескерткiштер орасан көп. Аты әлемге мәшһұр Бибiханым мешiтi, құрылысы мыңдаған ғұламаны бас шайқатқан Шаһи Зинда, Гур-әмир мавзолейлерi, Регистандағы Шир-Дор, Тиллә-Кәри медреселерi… Атай берсең, тауыса алмайсың. Бұлардың барлығы да көнекөз Самарқанның дидарына қан жүгiртiп, ажарына әр берiп тұрған қасиеттi дүниялар.
Мiне, менiң қарсы алдымда атақты шәһардың жаһаннама-картасы жатыр. Самарқан қаласының қақ ортасында орналасқан қасиеттi Регистан мынау тұр. Оның ортасында өзара жарасымды үйлесiм, үндестiк тапқан Шир-Дор мен Тиллә-Кәри. Ендi аталмыш медреселердiң тарихына тоқтап өтейiк.
Өзбекстан көркем өнерiнiң өмiр жолын көз алдыңа әкелетiн кiтаптардың баршасында олар аса зор мақтанышпен аталады. Талай-талай мақалалар мен ғылыми зерттеу еңбектерi ескерткiштердiң салыну жағдайын жыр ғып айтады. Тарихшылардың айтуынша, атақты Шир-Дор медресесiнiң қабырғасы 1619-ыншы жылы қалана бастаған екен. Оның тамамдалған уақыты 1635-iншi жыл. Алғашқыда алып құрылыстың ныспы айқындалмай, кейiн келе ол Шир-Дор деп аталған. Бұл қазақшаға аударғанда “Арыстанды медресе” деген сөз. Өйткенi оның порталында қиялда ғана болатын ғажайып аңдардың суреттерi бар. Ғимаратты 17 жыл бойы соққан Әбдул Жаббар дейтiн ұста.
Регистандағы екiншi ескерткiш Тиллә-Кәри Шир-Дорға қарағанда бiршама кейiндеу қолға алынған. Медресенiң аты “Алтынмен апталған” деген Ұғымды бiлдiредi. Қабырғасының тiк тұра бастаған кезi 1646-1647-iншi жылдар. Бұл да Шир-Дор тәрiздi архитектурасы жағынан өте көрнектi, порталы әсем. Әсiресе, аулақтау жерге барып тұрып қарағанда, алаңқайдағы ансамбльдiң өзара үндестiгi, нақыштылығы, қайталанбас кербез көркемдiгi кiмдi де болса қатты таңғалдырады.
Ал ендi осындай күллi әлемдегi архитектура үшiн аса зор маңызы бар ғажайып дұнияларды кiм салдырды? Ол қандай жан? Бiз Бұл сұрағымызға жауапты оп-оңай табамыз. Осы атақты екi медресенi салдырған кiсi — Самарқанның әмiрi болған Жалаңтөс баһадүр. Мұны Өзбекстан көркем өнерiне қатысты қалың-қалың кiтаптар, Самарқанд шәһары жайлы қызғылықты деректер келтiрген В.А.Шишкиннiң, туысқан өзбек халқының өнерi туралы толғамды ой-пiкiрлер айтқан Г.Пугаченкова, Л.Ремпель, И.Умняков, Ю.Алескеров, К.Михайловтардың еңбектерi толығымен дәлелдей алады. Бiз бұған да қанағаттанбай, Өзбек ССР-ның қалың тарихын ақтарып едiк, онда мынадай жолдарды кездестiрдiк: “ХVII ғасырдың бiрiншi жартысында феодалдық бытыраңқылық өзiнiң шегiне жеттi, хан дегенiң өзбек руларының көсемi-әмiрлердiң ойыншығына айналды. Әмiрлер iс жүзiнде ерiктi билеушi болды. Олар араздасқан көршiлерiне өз беттерiнше соғыс ашып, жорыққа шыға алды. Сондай әмiрлердiң бiрi, Самарқанды ұзақ жылдар бойы билеп тұрған Жалаңтөс би, Махуд би Қатаған, Аталық Рахим би жәнә басқалары өздерiнiң қарауындағы әскерлерге сүйенiп, мемлекет пен оның жеке облыстарында шешушi рөл атқарды”. Әрi қарай жылнама Жалаңтөстiң осы медреселердi қалай салдырғанын баяндап кетедi. Бiрақ аты мәшһұр әмiрдiң сүйегiнiң қайдан, қай елден. т.б. екендiгi хақында тiс жармайды. Тiпте Өзбекстан көркем өнерiнiң бүткiл тарихын қамтыған Г.Пугаченкова мен Л.Ремпельдiң кiтабтарында да Бұл турасына бiр ауыз сөз жоқ. Әлде Жалаңтөстiң тағдыр-талайы тарихта белгiсiз бе?
Жоқ, олай емес екен. Бiз iздеген жiптiң ұшы В.Шишкиннiң және И.Умняков, Ю.Алескеров, К.Михайловтардың еңбектерiнен табылды. Шығарма авторы Жалаңтөстiң ата-тегiнiң Алшын тайпасынан екендiгi жайлы айтады. Мұны Шығыс тарихының аса жетiк бiлгiрi академик В.В.Бартольд та қоштайды. Бiрақ әрi қарай сұрлеу жоқ…
Ендi бәһадүрдiң есiмi ойламаған жерден басқа бiр материалдардың арасынан кездеседi.
Қазақ халқының тарихы, Орта Азия елдерiнiң тарихы секiлдi, қалмақтардың жойын шапқыншылығымен тығыз байланысты. Қашан Қытай мемлекетi ойраттарды тас-талқан қылғанша дейiн, бұл екi елдiң жауласуы еш уақытта тынған емес. Сондай сұрапыл шапқыншылықтың бiрi 17-iншi ғасырда болған-ды. 1634-iншi жылы хонтайшы лауазымын иеленген Батур ойраттар мемлекетiнiң негiзiн күшейтiп, беркiтуге көп кеуiл бөлдi. Ол Жоңғар мемлекетiнiң қабырғасын тiктегесiн, 1640-ыншы жылы ордада құрылтай өткiзiп, өздерiнiң заңдарын қабылдағаннан кейiн, қоңсы отырған қазақтарға күш көрсете бастады. Талай рет қанды жорықтарға да аттанды. Бұл харекет әсiресе 1643-iншi жылы өрши түстi. Ақыры Қазақстанның оңтұстiк аудандарына шабуыл жасап, Жетiсудың едәуiр бөлегiн басып алды. Бұл кезде Бұхар ханымен ұрыс жұргiзiп жатқан қазақ ханы Жәңгiр тосыннан туған кәуiптi сезiп, қолдағы бар әскерiн жинақтап, бар күшiн, бар мұмкiндiгiн жоңғарларға қарсы жұмсайды. Бiрде таудың тар аңғарында Жәңгiрдiң аздаған қолы Батурдың қисапсыз сарбаздарынан қаймықпай соғыс ашады. Осы шешушi айқас хақында Сiбiрдiң шежiрешiлерi былай дейдi: “Жәңгiр қолының бiр бөлiгiне қалмақтар тар асудан асып келгенше, екi таудың арасындағы тар жылғада ор қазып, бекiнiп жатуға бұйырып, ал өзi отрядының екiншi бөлiгiмен таудың арғы бетiне барып жасырынады. Сүйтiп Жәңгiрдiң ойлағанындай болып шықты, хонтайшы ор қазып алып, ерлiкпен қорғанып жатқандарға қарсы шабуыл жасады; ал осы кезде Жәңгiр сұлтан жауға олардың ту сыртынан бас салды… Сұйтiп қалмақтардың қатты жеңiлiске ұшырағаны сонша, дұшпандар жағынан он мыңдай адам қаза тапты”. Сол уақытта қазақтарға Самарқанда әскербасы боп тұрған Жалаңтөс бәһадүр жиырма мың қолмен көмекке келiп, әлi ерi мойынына кете қоймаған дұшпандарды қуысады. Бұл уақиғаның болғаны тарихи шындық”. Бiрақ “Қазақ ССР тарихында” жәрдемге қолын созған Бұхар әскерлерi делiнген. Жалаңтөс хақында бiр жол жоқ. Ал Сәкен Сейфуллин өзiнiң “Қазақ әдебиетi” атты кiтабында жоғарыдағы уақиға жайлы бiршама әңгiмелеп, Жалаңтөс бәһадүрдiң Кiшi Жүздегi Әлiм руынан шыққандығынан мәлiмет бере кетедi. Профессор Қ.Жұмалиев та аталмыш ұрыстың өршiп тұрған шағында ұлы батырдың қисапсыз аламанмен кеп, қалмақтарды қан-жоса қылғанын растайды.
Осы арада мынадай ой өз-өзiнен туындайды: көне Самарқандағы Шир-Дор және Тиллә-Кәри медреселерiн салдырған Әмiр Жалаңтөс жоғарыдағы шешушi ұрысқа қатынасқан Жалаңтөс бәһадүр емес пе екен? Олай бола қалған күнде, өзбек тарихшыларының Жалаңтөстi Алшын руынан, ал Сәкеннiң оны Кiшi жүздегi Әлiм руынан деуi қалай?
Бұдан неше ықылым замандар Бұрын тiрлiк кешкен қазақтың жыраулары туралы қомақты монография жазған профессор Х.Сүйiншiәлиев те Жалаңтөстi қазақ, Алшын руынан едi дейдi. Бiз мұндай қызық бiр деректi “Еңсегей бойлы ер Есiм” жырынан да кездестiремiз. Ол жырда мынадай деген жолдар бар: “Сол күнде үш жүздiң баласында атақты төрт батыр болар едi. Ұлы жүзде Бөгжелi елiнен Жабайұлы Жақсығұл деген мерген едi. Қоңыраттан Алатау деген батыр едi. Кiшi жүз Алшын… Бортоғашұлы Жиембет деген едi. Үйсiннен Сүлеймен батыр…” Мұнда Алшын руы Байұлынан тарайды деп көрсетiлген. Олардың қоныстанған жерi — кәзiргi Батыс Қазақстан. Сонда Жалаңтөс қияндағы Едiл жақтан Самарқанға қалай келген?
Бiз Бұл сұрақтардың даулы жауабын уақытша кейiнге ысыра тұрайық та, сан ғасырдың құпиясын iшiне бұккен шежiрелерге ұңiле тұсейiк.
17-iншi ғасыр өзбек хандарына тосын көптеген жаңалықтар әкелген жаңа бiр дәуiрдiң, жаңа бiр заманның беташары iспеттi болды. Бұрын тақта отырған падишаның түф деген түкiрiгi жерге тұспей, айтқаны бұлжымайтын, бұзылмайтын заң боп есептелiнсе, ендi түрлi-тұрлi пайда түсер жолдардың суалмас көзiн тауып, iрiп-шiрiп байып, әбден күйзелместей қорланып алған ру басылары әмiршiнiң сөзiне құлақ аспайтынды шығарды. Тiпте кейбiрi астамшылық жасап, таққа таласуға дейiн талап қылды. Соның бiрi — бағанадан берi кейiнгiлерге жұмбақ болып көрiнiп отырған Жалаңтөс бәһадүр. Ол туралы ғұлама В.В.Бартольд: “Кейбiр аталықтардың қыруар байлыққа еге болғаны сонша, олар сән-салтанатын ханнан да асырып, тамаша құрылыстар салдырды. Сондай аталық — руы Алшын, Сырдарияның төменгi сағасындағы жерден шыққан, 12 жасынан Дiнмұхаммед ханға қызмет еткен Жалаңтөс бидiкi едi”, — дейдi. Бартольдтiң айтуынша, дәуiрлеп тұрған шағында ұлы бәһадүрдiң беделi аса зор болған. Оған сонау ит арқасы қияндағы Үндiстан, Қандағар, Хорасаннан, қырғыз, қалмақ, қазақ, қашқар хандарынан, тiпте сонау Тибеттен аса бағалы сыйлықтар, тарту-таралғылар ағылып келiп жатады екен. Бұдан түскен есебi жоқ қыруар қаржыға ол әскер ұстап, ұста жалдап, алуан тұрлi тамаша құрылыстар салдырыпты. Бiрде ол қалың қолмен барып, Ташкент пен Түркістанды да жаулап алған көрiнедi…
Дәл осы арада көлденең оқушыны тығырыққа тiрейтiн жұмбақ тәрiздi нәрсе мынау: туған жерiн, өмiрiнiң кейбiр даталарын бiлетiн В.В.Бартольд Жалаңтөстi Сыр бойынан, Алшын руынан шықты дейдi. Жоғарыда аталған кiтап авторларының бәрi де Бартольдтi қоштайды. Сонда С.Сейфулиннiң оның сүйегi Кiшi жүздiң Әлiмiнен едi дегенi кәте ме? Бәлкiм ол туысқан өзбек халқында кездесетiн Алшындардан шығар?
Бұл шытырман, тұспалы көп жәйттердi ой сарабына салғанда, маған В.В.Бартольдтың Жалаңтөстi Сыр бойынан шықты деп жазғаны мен Сәкеннiң ұлы батырдың сүйегi Кiшi жүздiң Әлiмi едi деген пiкiрi шындыққа саятындай. Өйткенi, бiрiншiден, Сыр бойының елiмен Орта Азия халықтары территорияларының бiр бiрiмен шектесiп жатқандығынан ежелден-ақ аулы аралас, қойы қоралас болып жұрген. Сондықтан бәһадүрдiң Самарқанға баруы әбден ықтимал. Екiншiден, қазақ руларының шежiресi Жалаңтөстi тарихшылардың нелiктен Алшын деп атағандықтарының құпиясын алақанға қондырғандай етiп айқара ашып бередi.
Тарихтан қазақ халқының қалыптасуының 17-iншi ғасырда аяқталғаны баршаға аян. Ал оның үш жүзге бөлiнуi, В.В.Бартольдтiң жазғанындай, 17-iншi ғасырда тамамдалды. Сол кезде көпшiлiгi Бұрын Ноғай Ордасына енген Алшын руларынан болғандықтан, алғашқыда Кiшi жүз Кiшi жүз делiнбей, Алшын деп аталып жұрген. Мiне, осы уақыт Жалаңтөс бәһадүрдiң Самарқанды билеп тұрған кезiмен дәлме дәл келедi. Менiңше, академик В.В.Бартольдтың, өзбек тарихшыларының, өнер зерттеушiлерiнiң оны Алшын руынан шықты деуi сондықтан. Менiң қолымдағы ескi шежiреге сенсек, мiне, осы Алшыннан Азамат пен Алау деген екi батыр туылады. Тарихта болған атақты Алау батырдан Құдияр тентек дөрейдi. Құдиярдан 12 ата Байұлы мен Қаракесек тарайды. Қазақ руларының шежiресiн онша жақсы бiле бермейтiн тарихшылардың Алшын мен Байұлыны шатастыратын тұсы да осы. Мiне, осы Сырдарияның төменгi сағасын қоныстанған Кiшi жүз Алшын iшiндегi Қаракесектен Әлiм, Шөмен туылады. Әлiмнен — Жаманақ, Қарамашақ, Ұланақ, Қарасақал Айнық, Кенжебай (ұрпақ жоқ), Тегiнболат (одан — Шiңгiр мен Пұсырман Қарасақалдар тарайды) дөрейдi. Ел мұны 6 ата Әлiм дейдi. Осындағы Қарамашақтан — Оразкелдi, Ораз, Жаншұқыр, Қараш деген төрт бала туылады. Олардың төртеуiнiң де түстерi қара болғандықтан ел оларды Төртқара деп атап кетедi. Осы Төртқараның Оразынан — Ақпан, Тоқпан, ал Тоқпаннан — Сейтқұл би тарайды. Ендi Сейтқұлдан 10 бала — Сейтiмбет, Телес, Ақша, Жалаңтөс бәһадүр, Матай, Түркмен, Дүйсеней, Семетей, Кенже, Қожамқұл туылады. Мұндағы Ақшадан — Бәйбек, Бәйбектен атақты Әйтеке би дөрейдi. Ал Жалаңтөстiң өз кiндiгiнен Құдайназар, Сатыпалды, Раңбай, Наурыз деген төрт бала болады. Мен атақты Сыр сүлейi Қарасақал Ерiмбет шайыр жазған осы шежiренiң растығына Жалаңтөс бәһадүрдiң баласы Наурыздан тарайтын Еркiнәлi деген кәриямен кездескенде көзiм анық жеткендей болды. Сүйтiп, мен өзiн бiрнеше жыл бойы iздеп, таба алмай жұрген Жалаңтөстiң ұрпағымен ойда-жоқта кездестiм.
…Мен маңдайына уақыт өз өрнегiн аямай-ақ салған осы бiр кәрияны бала кезiмнен бiлетiнмiн. Бiрақ оны атақты Жалаңтөс бәһадүрдiң ұрпағы деп тiпте ойлаған емеспiн. Мiне, кәрия кiсi малдасын құрып алып, өткен-кеткендi қазбалап, ұзақ-сонар әңгiменi сабақтап отыр:
— Ей, балам, бұрынғылар азу тiсiн алдырған ақсақалдардың сөзiне құлақ сал деп тегiн айтпаған ғой. Бiр кезде өздерiңдей шалықтап, ештеңе ойламай, думанмен күн кешiп ек, ендi соның кәте екендiгiн бiлiп жүрмiз. Марқұм әкем Өмiрзақ ата-бабамыз жайлы көп хикая бiлетiн едi. Соны жөндеп тыңдамағандықтан, ру жағына келгенде кiбiртiктеп қалам кейде. Сонда да бiлгенiмше айтып көрейiн. Сұрағаның дұрыс, балам. Жалаңтөс бiздiң бабамыз болады. Оның руы — Әлiм, оның iшiнде Төртқарасы. Баяғыда әкем айтушы едi, Жалаңтөс құба қалмақ кезiнде Қоқанға барып, оның Қызыл Арыстан деген ханын өлтiрiп, орнына Ақша деген ағасын хан қылыпты деп. Сол Ақша он жыл тақта отырғасын, елге қайтыпты. Сосын билiктi Жалаңтөстiң өзi алыпты. Бiрде ұлкен жиын болыпты дейдi. Той уақытында бiр жас бала бәһадүрдiң садағын сұрап ап тартқанда, оның адырнасын құлағына дейiн жеткiзiптi дейдi. Сүйтсе, ол баяғы өзi өлтiрген Қызыл Арыстанның ұғылы екен. Сол тойдан соң бәһадүр әлгi баланы шақырып алып, әкесiнiң тағын қайтып берiптi де, өзi Самарқан асыпты. Кейiннен Бұхарға барыпты. Менiң есiмде қалғаны осы, шырағым… А-а-а, басқа бiлетiн кiсi жоқ па деймiсiң? Қайдан болсын. Аралдағы Өтепберген бiлетiн едi, опат болды ғой, жарықтық. Ендi қалғаны мен…
Бұл көптi көрген, кеудесi қазынаға толы Еркiнәлi деген кәрия. Оның әлгi айтқандарының тарихта нақты болған, болмағанын анықтайық десек, Жалаңтөстiң өмiрбаяны бiзге әлi белгiсiз. Сол аудандағы ескi әңгiменi, ру шежiресiн көп бiлетiн, көзiн жұмып отырып жатқа соғатын ақсақалдар Жалаңтөстi Еркiнәлiнiң аталары дейдi. Мұны бiз тiлдескен кәрияның батырдан тараған ұрпақтарды тiзе бастағаны дәлелдей түстi. Ол бiразын ұмытыңқырап та қалған екен, қайта-қайта шатастырып ала бередi. Оның айтуынша, арғы атасы Әлiм Сейтқұлдан Жалаңтөс туылады (он баланың бiреуi), Жалаңтөстен төрт бала — Сатыпалды, Раңбай, Наурыз дөрейдi (ол Құдайназардың атын ұмытып қалған); Наурыздан бергi бес-алты ата жердегi Тоққұлдан Өмiрзақ (үш баланың бiрi), Өмiрзақтан — Бодан, Еркiнәлi, Ниетәлi, Айтмақандар туылады. Кәзiрде о дұниялық боп кеткен Боданның Айтжан, Сейтжан деген екi баласы бар. Барлығы да Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданында тұрады.
Еркiнәлi бабасының аты айдай әлемге мәшһұр Шир-Дор, Тиллә-Кәри сынды медреселердi салдырғанын бiлмейдi екен. Тек 1923-iншi жылы Өзбекстанда болғанында Бұхарға жақын жердегi Жалаңтөстiң атындағы көлдi көрiптi. Бұл деректер аты аңызға айналып кеткен батырдың Сыр бойынан шыққандығына бұлтармас куә.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздi түйiндей келгенде, туысқан өзбек халқының көркем өнерiнiң тарихында өшпес iз қалдырған, қасиеттi Регистанда екi бiрдей тамаша ғимарат салдырған, өнердiң нағыз жанашыры атақты Жалаңтөс бәһадүрдiң ұлты — қазақ, туған жерi Сырдың төменгi ағысындағы Қазалы ауданы демекпiз. Оның руы Кiшi жүз тайпасына жататын Алшыннан тарайтын, алты ата Әлiмнiң Төртқарасы. Ал әлгiндей шапағатты шаруалар тындырған, жаугершiлiкте, қазақ халқын басқыншылардан қорғауға аса зор үлес қосқан, сүйтiп құба қалмақтардың 18-iншi ғасырдағы сұмдық шабуылын 80-90 жылға керi ысырып тастаған ұлы бәһадүрдi өзбек тарихшыларының Ялангтуш деп атауы қазақ тiлiндегi “ж” дыбысының өзбек тiлiнде “я”-ға, “с” дыбысының “ш”-ға айналып кетуiнен пайда болған. Бiздiң бұл пiкiрiмiздi Шығыс тарихының аса ұздiк бiлгiрi, ғұлама алым В.В.Бартольдтың және басқа да тарихшылардың еңбектерiндегi деректер толығымен қуаттай алады.
1967 жыл, июнь.