Бүгiндерi атақты Архимедтiң рычаг туралы теориясын жетiлдiру үстiнде: “Маған табан тiрейтiн бiр жер‚ бiр нүкте (точка опоры) тауып берiңiзшi‚ мен қара жердi орнынан бiр аунатып түсiрем‚” — деген сөзiн бiздiң азаматтарымыз жақсы бiлсе де‚ оны күнделiктi тiрлiкте онша ескере бермейдi. Бұл бiр қарағанда, Адам Сәпи тiршiлiк кешiп отырған‚ оның анасындай болған қара жер тұрғысында айтылған астамшылық сөз сықылды болып та көрiнедi. Ал шындығына келгенде, Архимедтiң ойында ондай астамшылық та‚ мақтаншылық та жоқ‚ — ол бар болғаны өзiнiң жасаған есебiнiң өмiрi iске аспайтынын ғана көрсетiп отыр. Оның себебi, ешкiм де Архимедке оның рычагының бел ортасында тiреу болып тұратын ұстынының екiншi жағы барып тиетiн оймақтай жердi де‚ кiшкене нүктенi де тауып бере алмайды. Бiрақ бұл есептiң кез келген шаруаға кiрiспес бұрын бiзге тигiзетiн пайдасы зор. Осы қисынға сайсақ‚ кез келген шаруаны бастамас бұрын бiздiң ең алдымен сол iстi жүзеге асыруға тiрек болатын‚ басқаша айтсақ‚ соны атқаратын механизмдер жағын алдын ала ойластырып‚ сайлап алуымыз қажет. Онсыз қандай да жақсы бастаманың өзi аяқсыз қалмақ. Мiне‚ осы рычагтың жағдайы бүгiндерi бiздiң елiмiзде дүрiлдетiп насихатталып жатқан “мәдени программа” жайлы сөз қозғала қалса болды‚ менiң көз алдыма ерiксiз көлбеңдеп келе бередi. Оның себебi жетерлiк. Бүгiндерi пайғамбар жасына жақындап қалған менiң тұстастарым кешегi Кеңес заманында осындай науқан дегендi мейлiнше көп көрдi. Олар осы у-шудың қалайша аяқталғанын жақсы бiледi. Ол жағдайды бүгiндерi билiктiң басында жүрген‚ күнi кеше комсомолдың қым-қуыт у-шуының бел ортасында болған кейбiр басшылар да жақсы бiледi. Бiрақ соны ескермей‚ бұрынғы Кеңес заманындағы айғай-ұранға‚ жаппай науқаншылдыққа негiзделген‚ басы — дуылдаған даңғаза шу‚ аяғы — лайытып аққан шалшық су болып бiтетiн шала-шарпы шаруаларға тән шарттарды рухани тiршiлiгiмiзге қалай болса солай қолдана салудың қолайсыздығы жөнiнде тереңiнен ойлана бермейтiнiмiз қызық. Ең бастысы‚ — бұл жерде де атақты Архимед аңсаған‚ рычагқа тiрек болар нүктенiң жоқтығы. Соның салдарынан оп-оңай iстелуге тиiс шаруаны атқаруға келгенде тiзеге салу‚ қауырт қимылдау‚ артық күш-қуат жұмсау, т.б. дегендер бiздiң елiмiздiң басында жиi болды. Мәселен‚ Кеңес заманында Қазақстанның асты-үстiнде жатқан байлығын Ресейге тасу үшiн күнi-түнi ұйқы көрмей Түрксіб темiржолын салып тастадық‚ содан кейiн әлге дейiн көшiп-қонып жүрген қазақ халқын отырықшыландырып‚ олардың мал-мүлкiн тартып алу үшiн қолдан ұран тастап‚ халықты зорлап “қалқоздастырдық”‚ ол бiте бере жалынды “бесжылдықтардың” жоспарлары пайда боп‚ оларды “уақытынан бұрын асыра” орындадық‚ Ұлы соғыстан соң ел есiн ендi жия бергенде‚ астық жинаудың жоспарын орындаймыз деп‚ “ура‚ комсомолдап” “тың” жатқан жерлердi айқыш-ұйқыш жыртып‚ бас-аяғы бес-алты жылда сайын даламызды “игере” қойдық‚ ол бiте бере Хрущевтың атақты қолдан жасаған реформалары басталып‚ қазақ жерi ту-талақай бола жаздады. Содан Брежневтiң әрлi-берлi толқи беретiн жүйенi бiр қалыпқа келтiрiп‚ күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiмiздi тұрақтандыра бастаған заманында халқымыздың саны 2 миллионнан 4 миллионға жеттi деп‚ той тойлауға кiрiсiп кеттiк. Бiрақ Брежнев “бiрәдар” да баяғы науқаншылықтан толық бас тарта алмай‚ БАМ деген болашағы жоқ бiр науқанды тағы да бастап кеп жiбердi. Оның қалай бiткенi бүгiндерi ел-жұртқа аян. Мiне‚ осының бәрi қандай да бiр iргелi шаруаны бастарда асығыстықтың‚ үстiрттiктiң‚ жалған айғай-ұранның қажетсiздiгiн‚ мейлi социализм‚ мейлi капитализм‚ мейлi социокапитализм заманы болсын‚ еш уақта да iргелi үлкен iстi бастарда тiрек болар нүктенi‚ басқаша айтсақ‚ оны жүзеге асыратын механизмдердi алдын ала сайлап алмай‚ үстiрт түрде шешуге болмайтындығын артығымен дәлелдейдi. Өкiнiшке орай соңғы жылдары сол бiр желөкпелiк‚ Архимедтiң рычагының мүмкiншiлiгiн барынша ескермеу соңғы кезде қабылдаған мәдени программа тұсында да қайтадан бой көрсеттi.
Сөз жоқ‚ қай кезде де мәдениетiмiздi күнделiктi тұрмыс-тiршiлiктiң мәселесiнен кем тұтып‚ оны оныншы‚ жиырмасыншы қатардағы нәрсе ретiнде көруге болмайды. Мұны кезiнде қызылкөз коммунашылдар да жақсы түсiнген-дi. Олардың философиясында негiзгi ой-пiкiр ретiнде қабылданған қандай да мемлекеттiң құрылымының негiзiнде экономика жатады‚ ал рухани дүниелер сол экономиканың басына кигiзiлген‚ қолдан қондырылған бiр қалпақ сияқты нәрсе (надстройка) деген тұжырымының жанды жерлерi жоқ та емес. Олар солай дей тұра‚ жiмлә жұрттың бұрыннан қалыптасқан ой-пiкiрiн‚ жалпы мемлекеттiң дүзiлiмiн‚ жалпы формацияны‚ оған тән экономиканың үлгiсiн түбегейлi өзгертуге келгенде баяғы “Iнжiлдегi” “Әзәлында СӨЗ жаратылды” дейтiн атақты ойды Архимедтiң рычагы ретiнде қолдана бiлдi. Мiне‚ осы ескi тәсiл‚ халықтың ой-пiкiрiн өзiнiң қалаған жағына қарай бағыттауға тырысатын өрескел бiр әрекет соңғы жылдары бiздiң баспасөзiмiз бен “басқа сөздерiмiзде” жиi көрiнiп жүр. Соның бiрi — рычаг ретiнде қарастырғанда‚ жалпы нобайы бар да‚ бiрақ тiрек болар нүктесi жоқ осы “мәдени программа”. Бұл арада қатты ескеретiн нәрсе‚ — осы гректiң “программа”‚ “жарнама”‚ “алда атқаратын iс-жоспар” деген мағынаны бiлдiретiн сөзiн бiздiң “бағдарлама” деп мүлдем терiс аударып алғандығымыз. Мұндағы бағдарлау деген сөз алда‚ болашақта атқарылатын iстiң жоспарын‚ ретiн‚ тәртiбiн емес‚ керiсiнше‚ оған бағыт-бағдар берiп‚ оны “қисайып” кеткен тұсында жөндеп‚ түзеп отыру, т.б. дегендi бiлдiредi. Ал бұның түбiнде бүгiнгi күнде өздiгiнен туындап отырған басты-басты мәселеден жiмлә жұрттың назарын басқа жаққа аудару‚ оны екiншi‚ оныншы қатардағы бiр шаруамен алаң етiп қою деген сықылды оңаза бiр талаптың жатқандығын көру онша қиын да емес. Мұндайда әккi саясатшылар әр уақытта рухани дүниемiздi жетiлдiрейiк‚ өсiрейiк‚ көркейтейiк‚ өркендетейiк, т.б. деген даңғаза ұранға басады. Мен соның белгiлерiн осы мәдени “бағдарлама” деп ат қойып‚ екi иығына үкi тағып‚ әлем-жәлем етiп көрсетуге тырысып жүрген‚ өте қауырт‚ асығыс түрде басталған шалағай шаруадан анық көргендей болып отырмын.
Сөз жоқ‚ асығыс-үсiгiс жасалса да‚ бұл науқанның мәдениетiмiздiң бүгiнгi жағдайына қайтадан бiр көз тастауға‚ ол жайлы сөз қозғауға түрткi болуына тигiзетiн септiгi баршылық. Дегенмен де iргелi iстi аттың үстiнде‚ атанның қомында жүрiп жасауға болмайды. Бұл арада‚ ең алдымен‚ құлашы мен аясы өте кең‚ ауқымы өте зор мәдениеттiң барша саласында атқарылуға тиiс ұлан-ғайыр шаруаны бiр программаның көлемiнде қамтуға тырысу аздай‚ оларды үш жылдың iшiнде атқарып шығамыз деудiң үлкен қара тасты рычагсыз-ақ бiр аударып тастаймыз деген астамшылдыққа толы талаппен бiрдей екендiгi ескерiлмеген. Мұны басқаша айтсақ‚ нақтылы атқарылатын iс пен iс-жоспардың арасында жатқан үлкен алшақтық бар. Мұны дәлелдеу оп-оңай. Мәселен‚ кино саласын алайық. Осы кино өнерiн өрiстетемiз‚ оны тез арада көркейтемiз, т.б. деген ұранмен Кеңес заманында талай-талай iс-шара да жасалған болатын‚ маман кадр‚ сценарийшi‚ режиссер‚ оператор, т.б. керек деп Мәскеуге бiраз жас оқуға да жiберiлген-дi. Дәл осы науқанның тұсында “Қыз Жiбек” деген кино түсiремiз деп тағы бiр айғай салынып‚ даңғыра қағылып‚ ел-елден бетiнiң ажары бар деген қыз-қырқынды Алматыға қаптай шақырып ап‚ олардың арасынан ең бiр хас “сұлуын” таңдап алғанымыз аздай‚ жұртшылықтың сандығында бұрыннан көнекөз бұйым ретiнде сақталып жатқан сақина‚ сырға‚ бiлезiктердi, т.б. жинап алдық. Ақыры ол науқанның соңы бiздiң ұлы қиссамызды Кеңес заманының идеологиясына қарай қолдан бұрмалаған‚ оның сюжетiн қалай болса солай пәршалаған‚ тiптен оны бүлдiрген‚ этнографияны көрсетуден онша аса алмаған шала-жансар бiрдеменi жасаумен ғана бiттi. Ал Мәскеуден оқып келген‚ Алматының асфальтiнде туылып-өскен‚ қазақша бiлмейтiн‚ халқымыздың рухынан мүлдем алыс жатқан желөкпе жастарымыз “Қазақфильмге” қызметке тұрып‚ айлық алғаннан басқа ештеме де бiтiрмедi. Осы жағдай бүгiн де сол қалпында тұр. Ендi сол елу жыл бойы өркендеу түгел‚ әлi iргетасы дұрыстап қалана қоймаған киномызды бас-аяғы бiр-екi жылдың iшiнде гүлдендiре қоямыз дегенiмiз тағы да Архимедтiң тиянақ табар ұстыны жоқ ұзын рычагын еске түсiре бередi. Бiрақ оны сезiп бiлетiн киношыларымыз атымен жоқ‚ — олардың бәрi де үлкен мiнберлерге шығып ап‚ бұлбұлша сайраудан бiр танбайды. Бәрiнiң де айтатыны — “қатырамыз”.
Сондай сөздi бiздiң фольклоршыларымыз да қайталаудан жалықпай-ақ келедi. Ондай қыздырма сөз Кеңес заманында да болған. Ол кездерi де бiздiң белгiлi азаматтарымыз 50 том шығарамыз‚ қолжазба баспаға дайын тұр деп гүмпiлдеген. Соның ақырында… батырлар жыры мен ертектерiмiздiң төрт-бес томы ғана жарық көрдi‚ қалғаны құрдымға сiңген суша жоқ болды. Ендi мынадай даңғаза у-шу шығып жатқан кезде әлгi азаматтарымыз 50-дi мiсе тұтпай‚ бiрден 100 томның өзiнен бiр-ақ шықты! Бiр қызығы‚ ол жайында ұран тасталып‚ науқанның басталып кеткенiне, мiне, бiр жарым жылдың жүзi болып та қалды‚ бiрақ әлгi жүз томның бiр томы түгел‚ жүз бетi жәй күнделiктi баспасөз беттерiнде әлге дейiн жарық көре қойған жоқ! Сонда қалған айналдырған бiр жарым жылда‚ яүни 2006-ыншы жылдың аяғына дейiн‚ әлгi 100 томның қаншасын шығарып үлгеруге болар екен? Оған қолжазбалар дайын ба? Ол жөнiнде сөз қозғала қалса‚ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жауапты кiсiлерi сайрай жөнеледi. Менiң бұл арада таңғалатын бiр нәрсем‚ — мыңнан астам ертек‚ аңыз-әпсаналарымызды айтпағанның өзiнде‚ 300-ден астам қиссамыздың өзiн осы үш жылдың көлемiнде оқып‚ оларды ескi қадим жазуынан бүгiнгi әлiппемiзге көшiрiп шыға қоюдың өзi мүмкiн бе? Кәзiр сол қадим жазуын оқи алатын мамандарымыз бар ма? Бiр кездерi ескi араб әрпiмен жазылған қолжазбаларды оқи алатын‚ бүткiл институт арқа сүйеген жаңғыз ғана маман кiсi Рысбек Сарғожиннiң бүгiндерi iзiн басқан жастар қайда? Ол өз алдына. Егерде осы мәдени программаның басы-қасында жүрген И.Тасмағамбетов: “Жүз томды жүз күнде шығарып берем‚ кәзiр әкелiңдер”‚ — десе‚ оған мiне деп ұсына қоятындай қолжазбаларымыз дайын ба? Әлде осы архивте шаң басып жатқан қолжазбаларды оқып‚ бүгiнгi тұтынып жүрген әлiппемiзге көшiру үшiн тағы да бiр науқанды бастап‚ тағы да бiр “әдеби программа” қабылдаймыз ба? Осы жерде менiң басыма қызық бiр ой түсе бередi. Егерде өзiнiң құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен осы институттың әдебиет тарихы жөнiндегi бөлiмiнiң қызметкерлерi бәрi жабылып‚ күнiне ескi қолжазбалардың бiр бетiн оқып шығып‚ оны машинкаға бастырып отырған болса‚ онда архивте жатқан барлық қолжазбаны өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары-ақ баспаға дайындап та шыққан болар едi. Содан кейiн “бiздерде мынадай бар‚ мынадай бар” деп жоғары жақты жағалауға болмас па едi? Өкiнiшке орай‚ бiзде мұның бәрi керiсiнше болып жатады. Ал шындығына келгенде‚ көне қолжазбаларды оқып‚ бүгiнгi әлiппемiзге көшiрiп шығу сол институт қызметкерлерiнiң бiрден бiр мiндетi емес пе? Олар сол үшiн айлық алып отырған жоқ па? Бұл шаруа әрi-берiден соң олардың ешқандай да программа қабылдамай-ақ атқаратын күнделiктi iсi емес пе?
Осы программаның екiншi бiр саласы аударма әдебиеттi қамтиды екен. Бұл жерде де ешқандай жаңалық жоқ. Бiз тағы да Кеңес заманында тасқа басылып шығарылған бүкiл дүние жүзi әдебиетiнiң 200 томдығының үлгiсiнен әрi аса алмай‚ оның жарым-жартысын ғана аударайық деп мәмiлеге келiп отырмыз. Бұл жерде ойланатын негiзгi мәселе сол жүз томға кiретiн аударма кiтаптар бiзге қажет пе әлде қажет емес пе дегенде жатыр. Шынында да олар бiзге керек пе? Қажет болса‚ сонда кiмге? Қазақ халқына ма әлде жазушыларға ма? Егерде оларды жазушыларымыз оқып үйренсiн‚ ұсталығын шыңдасын, т.б. деп аударатын болсақ‚ онда орыс тiлiн бiршама жақсы бiлетiн‚ әлгi кiтаптарды аудармасыз-ақ оқи алатын‚ бас-аяғы қырық-елуге жетпейтiн шынайы жазушыларымыз үшiн аударма жасап жатудың қажетi де жоқ. Ал егер оларды жалпы жұртшылық үшiн аударатын болсақ‚ онда ойланатын нәрсе баршылық. Бұл жерде бiз‚ ең алдымен‚ сол тiзiмге енген шығармалар қазақ халқына қажет пе‚ жоқ па деген мәселенi қатты ескеруге тиiспiз. Оған қоса бүгiндерi дәрежесi өсiп отырған аударма өнерi қандай да шығарманы ол жазылған төл тiлден тiкелей аударғанды қалайды. Орыс әдебиетшiлерi соны атқару үшiн жүз елу жылдан астам уақыт бойы тәжiрибе жинақтады‚ сүйтiп өздерiнде аударма теориясын қалыптастырды. Ал бiзде мұндай тәжiрибе де‚ теория да‚ тiптен ағылшын‚ француз‚ немiс‚ испан, т.б. тiлдерiнен тiкелей қазақ тiлiне аудара алатын маман тәржiмешi-жазушылар да атымен жоқ. Бiзде ондай маман кадрлар дайындаудың орнына‚ көп уақыт бойы шетел жазушыларының ең таңдаулы деген шығармалары орыс тiлiнде жарық көрген көркемделген аудармадан‚ басқаша айтсақ‚ екi арадағы делдал тiлден аударылып келдi. Мұндай жағдайда қандай да аударма болмасын‚ әуелгi түпнұсқадан алшақтай түседi. Бұл негiзгi түпнұсқаның ксерокөшiрмесiнен екiншi көшiрме‚ одан үшiншi бiр ксерокөшiрме жасаған жәйттi еске түсiредi. Мұндайда сапа жайлы сөз айтып жатудың өзi артық. Бiзде‚ мiне‚ осы ыңғаймен француз‚ ағылшын‚ немiс‚ испан және де басқа елдердiң ең озық деген шығармалары Кеңес заманында түпнұсқадан емес‚ екi арадағы делдал тiл — орысшадан аударылды. Бүгiндерi ондай “аудармаларды” оқып шығудың өзi қиын. Бұл арада орыс әдебиетiнде көптен берi iргетасы қаланған‚ басқа тiлден әуелi сөзбе-сөз етiп жасалған аудармадан (подстрочник) көркемделген аударма жасайтын бiр озық тәжiрибенi қатты ескергенмiз жөн. Оған бiздiң бүгiндерi шет елдердiң тiлдерiн бiлетiн сауатты мамандарымыз жетедi. Мәселен‚ Кеңес заманында Гетенiң “Фаустын” М.Құрманов немiс тiлiнен тiкелей аударды. Соңғы жылдары Қожа Ахмет Йассауидың “Хикметтерiн” жолма-жол аудармадан шайыр Е.Дүйсенбаев өте жақсы тәржiме жасап шықты. Мiне осы тәжiрибенi басқа әдебиеттегi дүниелiктердi тәржiмелерде неге кеңiнен қолданбасқа?
Ол өз алдына. Бiзде орыс тiлiн жақсы бiлетiн аудармашыларымыз бола тұра‚ 19-ыншы ғасырда жасалған орыс әдебиетiнiң ең озық деген шығармаларының өздерi де қазақ тiлiне дұрыс аударыла қойған жоқ. Оған бiрден бiр кiнәлi — бiзде көркемделген аударма теориясының жасалмауы‚ қазақ тiлi мен орыс тiлiнiң заңдылықтарының арасындағы айырмашылықтардың ғылыми тұрғыдан жерiне жете зерттелмеуi‚ сүйтiп бiрегей бiр тұжырымның жасалмауы. Бұл жағынан алғанда орыс әдебиетнамасында ағылшын‚ француз‚ немiс, т.б. тiлдерiнен орыс тiлiне қалай аударудың керектiгi жайлы жазылған кiтаптар жетерлiк. Бiзде Демесiнованың ертеректе жарық көрген “Сопоставительная грамматика русского и казахского языков” деген еңбегiнен басқа дәнеме де жоқ. Оны айтпағанда‚ бiзде орыс тiлiнен қазақ тiлiне қалай аударудың әдiс‚ тәсiлi, т.б. жайлы жазылған оқулық та жоқ. Сонда бiз ең алдымен көркемделген аударма iсiнде негiзгi iргетасымызды салып алмай жатып‚ қалайша аудармаға “қызу түрде” кiрiсiп кетпекпiз? Әлде тағы да бiр кездерi бiзде үстемдiк еткен ҚазТАГ-тың қазақ тiлiнiң синтаксисi орыс тiлiнiң синтаксисiне зорлап бағындырылған‚ қан-сөлсiз‚ сiрескен аудармасымағының әдiсiн қолданамыз ба? Оның күнi өткендiгiн әдеби практиканың өзi әлдеқашан көрсеткен жоқ па? Көрсеттi. Сол себептi де бiз бүгiндерi Кеңес заманында “қазақшаға тәржiмаланған” Пушкин‚ Гоголь‚ Лермонтов‚ Тургенев‚ Достоевский‚ Некрасов‚ Блок‚ Горький‚ Шолохов‚ Твардовскийлердiң, т.б. шығармаларын қайтадан аударуға мәжбүрмiз. Ендi бiз неге сол кәтелiктi тағы да қайталауға тиiспiз? Егерде осылайша тағы да асығыс-үсiгiс аудара салсақ‚ ол кiтаптарды да тағы бiр жиырма-отыз жылдан соң қайтадан аударуға мәжбүр болмаймыз ба? Халықтан салыққа деп жиналған қаржыны осылайша босқа ысырап еткенiмiз мақұл ма? Әлде осы шаруаны науқанға айналдырмай‚ байыппен жасағанымыз ақыл ма? Тiпте әрi-берiден соң қазақ халқына Кеңес заманында белгiлi бiр идеологияның әсерiмен жасалған‚ сол сала құлаш тiзiмге енгiзiлген шығармаларды iрiктемей‚ сараптамай‚ бiрден бас салып аудара бергенiмiз жөн бе? Мүмкiн, бiзге Кеңес заманында үлгiлi‚ классика деп сырттан зорлап таңылған‚ зорлап мойындатылған әлгi шығармалардың көбi өз елдерiнiң әдебиеттерiнде ешқандай да үлгiлi‚ классика емес‚ орташа ғана дүние деп саналатын шығар? Бiздiң оған көзiмiз анық жетiп отыр ма? Ең әуелi бiз ондай шығармаларды аудармастан бұрын олардың өздерiнiң төл әдебиеттерiнде алатын орнын‚ мән-маңызының бар-жоқтығын, т. б. неге тексерiп алмаймыз? Одан тыс‚ бiз неге ол шығармалардың қазақ халқының менталитетiне‚ наным-сенiмiне‚ ұстанып отырған дiнiне‚ үрдiсiне‚ салт-санасына‚ жалпы этикасына‚ кеңiрек айтсақ, бүгiнгi қабырғасын ендi ғана беркiте бастаған жас мемлекетiмiзде жүргiзiлiп жатқан негiзгi‚ үлкен саясатқа сәйкес келетiн‚ келмейтiндiгiне баса назар аудармаймыз? Әлде басқа елдерде үлгiлi деп есептелетiн‚ бiзде көргенсiздiк‚ әдепсiздiк деп ұғылатын шығармаларды тәржiмелей бергенiмiз жөн бе? Бiз кәзiр сондай жерiне жете ойланбағандығымыздың зардабын шегiп отырған да жоқпыз ба? Мысалға, тәуелсiздiгiмiздi жариялаған алғашқы жылдарды алайық. Сол кездерi ар-ұжданның‚ сөздiң т.б. бостандығы деген желеумен миллиондаған аудиториясы бар телеайна‚ радиомызды жат‚ тiпте қазақ халқына дұшпаншылығы басым‚ елiмiздi iштен iрiтудi көздеген басқыншы мемлекеттердiң сойылын соғатын‚ екi Отаны бар әлдекiмдердiң ырқына берiп жiбергенiмiздiң терiс әсерi бүгiндерi айқын көрiнiп те‚ сезiлiп те отыр. Ол ең алдымен халқымыздың салт-санасының‚ үрдiсiнiң‚ этикамыздың‚ ар-ұждан туралы ғасырлар бойы қалыптасқан түсiнiгiмiздiң негiзгi iргетасына қатты соққы боп тиiп жатыр. Бүгiндерi соны өзiне идеал етiп тұтқан‚ нашақорлыққа‚ жәлепшiлiкке салынуды‚ ел-жұртқа қарнын жарқыратып‚ кiндiгiн көрсетiп жүре берудi‚ ең бастысы‚ ғасырлар бойы ұлт ретiндегi қалыптасқан сана-сезiмiмiздi таптап‚ одан аттап өтiп‚ ұлы үрдiсiмiздi‚ әдет-ғұрпымызды саф қалпында ұстай алмаған көргенсiз қыздарымыздың кiм көрiнгеннiң‚ кез келген‚ бiзге қолайсыз нәсiлдiң шылауына ерiп‚ қаттырақ айтсақ‚ ақша берген әлдекiмдердiң астына сала салатын арзанқол төсегiне айналып кетiп жүргендiктерiн намыссыздық‚ ұлтымызды қорлау‚ қанның жоқтығы‚ ерсi‚ әбес нәрсе деп бiлмеуi үйреншiктi шаруаға айналып бара жатыр. Егер осы қалыппен кете беретiн болса‚ ендi бiр елу жылдан соң қазақ халқының басқа бiр түрге көшiп‚ кезiнде АҚШ-та пайда болған мулаттардың формасына‚ басқаша айтсақ‚ неше түрлi нәсiлдiң қан-жыны араласқан‚ аты — қазақ‚ заты — мазақ‚ қойыртпақ бiрдемеге айналып кетуi ғажап та емес. Ондай “жаңа нәсiл” үшiн бүгiнгi қазақ тiлiнiң керегi де болмай қалады. Ал ана тiлiнен басқа тiлге көшкен ұрпақтың ұлты жайлы сөз айтудың өзi артық. Бiз ондай кептi “бiр тұтас совет халқын жасаймыз” деген атақты ұранның кезiнде басқа елдерден бұрын киген де едiк. Ендi бiздiң жер-жаһанға өз билiгiн жүргiзiп‚ өзiнiң ықпалын тигiзудi көздеп‚ бүткiл жер-дүнияны өз уысында ұстап тұруды ғана ойлаған құдiреттi империялардың арамза талаптарынан бас тартпай‚ қайта оны өршiте түсуге талап етiп отырған заманында бiздiң өз халқымыздың нәсiлiн‚ генiн‚ оған басқа‚ бiзге өмiрi үйлеспейтiн қанды араластырмай‚ оны барынша таза сақтап қалуға тырысуымыздың керектiгiн анық сезетiн уақытымыз жеттi. Үйтпей‚ бүгiнгiше жастарымызды бетiне қоя берiп отыра берсек‚ сөз жоқ‚ ертең опық жеймiз. Менiңше, мына мәдени программаның көздейтiн ең басты мақсаты да осы болуға тиiс.
Менiң тағы бiр таңғалатыным‚ — бiздiң халқымыздың рухани жәуһарлары боп есептелетiн ең қымбат дүниелiктерiмiздi жасайтын дарынды кiсiлерге қан базардағы шартты алға ұстап‚ жеңiл-желпi қарайтындығымыз. Кәзiр қит етсе болды‚ “жазушы не жазса‚ оны жазсын‚ олар өз кiтаптарын шығаратын кiсiлердi өздерi тапсын‚ оған үкiметтiң араласуына болмайды‚ шетелде солай‚” т.б дейтiн аса ұшқары бiр түсiнiк алға тартыла беретiн болды. Бұл арада ең алдымен айтарым‚ бiздiң Батыс Европадағы көп нәрсенi қалай болса солай көшiрiп ала беруiмiзге болмайды. Оларды қабылдамас бұрын‚ ең алдымен‚ ол шарттардың бiздiң тұрмыс-тiршiлiгiмiзге, т.б. қолай келер‚ келмесi жөнiнде қатты ойланғанымыз мақұл. Осы арада нақты мысалдар келтiрейiн. Мәселен‚ О. Бальзак өмiр бойы өзi қарыз алған алпауыт кiсiлерден қашып-пысып тiрлiк еттi‚ сүйтiп осылайша қолайсыз тiрлiк кешкен оның өз шығармаларын қайтадан қарауына‚ оларды қырнап-жонуына тiпте мұршасы да келмедi. Мұндай жағдай Ф.Достоевскийдiң басында да болды. Ол алаяқ баспашы Стелловскийден алған қарызынан құтылу үшiн “Ойыншы” деген романын А.Сниткина дейтiн стенографияшы қызға (кейiнiнен әйелi болған А.Достоевская‚ — Б.А.) ауызша айтып отырып‚ 26 күнде асығыс-үсiгiс жазып бiтiрдi. Оның басқа дүниелерiнде осындай асығыстық‚ ақша үшiн шығарманың көлемiн резеңкеше соза түсу, т.б. дейтiн нәрселер баршылық. Ендi сондай қиыншылықпен жазылған дүниелердi сол елдер өздерiнiң ең қымбат мұралары көредi. Бұл арада келiспейтiн бiр жәйт‚ — әлгi мұраларды өз әдебиеттерiнiң жәуһарлары деп бiлу үшiн‚ ең алдымен‚ әлгi елдердi басқарған үкiметтiң сол асыл дүниелердi жасаған дарынды кiсiлерге аздап болса да қамқорлық жасауы керек қой! Оны жасамай‚ сол шығармаларды жазу кезiнде өз септiгiн тигiзбей тұрып‚ олар қалайша ол дүниелердi халықтың игiлiгi деп бiледi? Әрi-берiден соң мемлекеттi басқарудың неше түрлi формасының ең басты көздейтiнi де осы шаруашылық пен рухани жақты өзара үйлестiре отырып басқару емес пе? Осындай тәжiрибелердi ескермей‚ бiздiң өз жазушыларымызды қан базардың күнде құбылып тұратын шартының ортасына топ еткiзiп тастай салғанымыз соншалықты қолай бола қояр ма екен? Мұндай кезде жылмаңы да‚ қылмаңы да жоқ шын дарынды кiсiлерден гөрi пысықай‚ қалтасы қалыңдарды жағалағыш‚ ағалағыш‚ нағыз жағымпаздар алға шығып кете бермей ме? Және бiр қызығы‚ бiзде әдебиеттi зерттейтiн‚ сол зерттейтiн объектiсi болмаса‚ жабылып қалатын Әдебиет және өнер институтына жыл сайын қазынадан арнайы түрде ақша бөлiнедi де‚ ал көркемделген әдебиеттi жасайтын жазушылар көшеге лақтырылып тасталынады. Оны айтпағанда‚ бiзде баспасөз‚ театр‚ кино‚ концерт, т.б. жөнiндегi әр түрлi ұйымдарды ұстап тұру үшiн жыл сайын бiраз қаржы жұмсалады‚ ал ұлттың негiзгi рухани дүниесiн жасайтын жазушыларға мүлдем назар аударылмайды. Шын мәнiне келгенде‚ жазушылардың жазған шығармаларын дер кезiнде тасқа басып‚ кiтап етiп шығарып‚ оны тауар ретiнде сатып‚ көп пайда келтiруге болмай ма? Әрине‚ болады. Кеңес заманында бұл шаруамен Госкомиздат дейтiн министрлiк дәрежесiндегi үлкен бiр комитет айналысқан едi. Бүгiндерi сол бұрыннан бар тәжiрибенi ескерiп‚ жалпы баспасөз‚ кiтап шығару мәселесiмен айналысатын‚ жазушылармен алдын ала шарт жасасып‚ олардың жазған жақсы деген дүниелерiн дер кезiнде тасқа басып шығарып тұруға барынша көмек беретiн‚ театр‚ кино‚ музыка‚ сурет т.б., дейтiн салалармен тiкелей айналысатын Мәдениет министрлiгiнен бөлек‚ Баспасөз‚ теле-радио және кiтап шығару iсiмен шұғылданатын арнаулы министрлiктiң керектiгi айқын сезiлiп отыр. Сонда осы министрлiктер өздерiнiң күнделiктi жасайтын шаруаларымен жүйелi түрде айналысып отырса‚ онда мынадай науқаншылықтың‚ бүгiн бар да‚ ертең жоқ‚ асығыс түрде қабылдана салынған‚ бәтуасы аздау программалардың қажетi болмас та едi. Оның үстiне бұл билiк пен атқару саласындағы механизмдердiң өзара үйлесуiне бiраз жақсы ықпалын тигiзер де едi…
Бұл жерде мен өзiмнiң “жекеменшiктелген” оңаза оппоненттерiмнiң маған қарсы неше түрлi жеңiлтек қисындарын алға тартатындықтарын алдын ала көрiп те‚ бiлiп те отырмын. Ондағы олардың бар айтатындары — бұлай етсек‚ еркiн шығарымпаздыққа бұғау саламыз‚ баяғы цензураны‚ “соцзаказды” қайтадан тiрiлтемiз‚ сүйтiп сөздiң бостандығына зиян келтiремiз‚ т.б. Бұл жерде менiң айтарым‚ — қай заманда да кiм пұл төлесе‚ соның айтқаны болған. Бүгiндерi барынша “еркiн” деп жүрген баспасөзiмiз бен телеайналарымыздың өздерiне ақша берiп отырған кiсiлердiң‚ одан әрi — белгiлi бiр топтың‚ партияның сойылын соғып отырғандықтары айтпаса да белгiлi. Кешелерi Кеңес билiгiнiң қолшоқпары болған‚ “қызылкөз коммунистер” ретiнде “жарқын” түрде көрiнген ондайлар бар-жоғы бүгiндерi “заманына қарай амалы” дейтiн шартты ұстанған жалған демократтар ғана! Бұл жерде Кеңес заманы мен бүгiнгi күннiң арасындағы айырмашылық шамалы. Бүгiнгi таңда да “аузы қисық болса да‚ байдың ұлы сөйлесiн” дейтiн ескi нақылға енген өзгерiс жоқтың қасы. Кешелерi коммунашылдар ақша аямай‚ өз идеологиясының сойылын зорлап соқтырса‚ кәзiргi алпауыттар да қалтасының қалыңдығына сүйенiп‚ өз сойылдарын қаламгерлерге “қорлап” соқтырып отыр. Демек‚ осы зорлау мен қорлаудың түпкi мағынасы бiр. Мiне‚ осы арада рухани дүниелiктерiмiздi жасайтын дарынды адамдар мен билiктiң арасында туындап отырған дисгармонияны болдырмау үшiн‚ оларды өзара үйлестiру мақсатымен‚ өзiн белгiлi бiр қоғамды‚ қауымды басқарудың түрi‚ формасы ретiнде көрiп‚ сезетiн мемлекеттiң әдебиет пен мәдениеттiң шаруасына тiкелей араласпасына болмайды. Бiрақ оның мынадай асығыс жасалған программа-бәрнама‚ шығарымпаздықты өз уысында ұстап тұруды көздейтiн бағытсыз “бағдарлама”‚ әр түрлi науқан‚ ұстынына тиянақ ететiн нүктесi жоқ рычаг, т.б. түрiнде көрiнбеуi керек‚ керiсiнше ол әдебиет және мәдениеттiң iсiмен айналысатын мекемелердiң күнделiктi атқаратын қызметi‚ шаруасы болуға тиiстi. Сүйткен күнде ғана‚ пәтуасыз программалар‚ бағытсыз “бағдарламалар” жасаумен босқа әуреленбей‚ кiм көрiнгендi “құдай” тұтпай‚ басқа топырақта туындаған ерсi үлгiлердi қалай болса солай ала бермей‚ оларды әбден екшеп‚ сараласақ‚ сүйтiп нақтылы iспен айналыса бiлсек‚ бiз ең қымбат‚ ең асыл деген рухани қазыналырымызды жат‚ терiс әсерден сақтап‚ оны болашақ ұрпаққа мирас ете апара аламыз. Әрi осы тәжiрибе үстiнде ұлы Архимедтiң атақты рычагын ретiмен қолданғанымызды‚ оның ұстынына тiрек болар нүктенi таба бiлгенiмiздi‚ сүйтiп қандай ауыр жүктi де көтере алатынымызды пәш ете алмақпыз…
20.04.2005 жыл.