Махамбет мұрасын мазаламайық

Орта мектептiң босағасында жүргенде-ақ әбден таныс болған, өзiмiз талай өлеңдерiн жаттаған ұлы жырау Махамбеттiң жаңадан шыққан жинағын (Махамбет, өлеңдерi, 1974 жыл, құрастырған Б.Аманшин) оқыған кезде, кiсiнiң өз жағасын өзi ұстамасқа шамасы жоқ. Оның себебi жетерлiк. Ең алдымен айтары — бұрын ұлы жыраудың мұрасын зерттеген, оның бiр өлеңiн ел аузынан жазып алып жарыққа шығармаған не ол жайында бiр де бiр мақала, т.б. жазып көрмеген, әдебиетте көптен берi жүрген Б.Аманшинге “Жазушы” баспасы қалайша құрастыру шаруасын тапсыра салған? Екiншiден, Махамбеттiң мұрасын еш ойланбастан қалай болса солай былықтырған, қиған, кешкен, ботқаша араластырған (өйтуге Махамбет Б.Аманшинге рұқсат бердi ме екен?) “құрастырушының” ерсi әрекетiне кiтапқа редактор болған кiсi қалай қараған? Ертеңдерi… Б.Аманшиннiң өз жазғандарын ел iшiнен шыққан бiр әңгүдiк осылайша қиса, қиқым-сиқымын шығарса, “құрастырушы” ұнатар ма едi?
Б.Аманшиннiң осындай ерсi әрекеттерiнiң түп негiзiнде Махамбет мұрасын жинақтап, құрастырып, әлденеше рет жеке кiтап етiп шығарған, сол мұраны зерттеген академик Қ.Жұмалиевтiң бар еңбегiн жоққа шығару талабы жатқанын айдан анық көруге болады. Бұл арада “құрастырушының” бiр ескермегенi — Махамбет мұрасын Мөңкеұлы Мұрат пен Шөреқұлы Ығылманның ауыздарынан жазып ап, 1925 жылы Ташкентте “Исатай-Махамбет” деген кiтапты шығарған басқа кiсiлер екендiгi. Қ.Жұмалиев, мiне, осы кiтапта жарық көрген жыраудың өлеңдерiн ғылыми тұрғыдан қарастырып, түсiнiктеме берiп, Б.Аманшинше пышаққа iлiндiрмей, қимай-соймай, бiр-екi өлеңдi ғана жеке етiп берiп, 1939 жылы жеке жинақ етiп шығарған. Соның алдында, 1938 жылы Қ.Жұмалиев жыраудың туып-өскен жерiнде болып, кәрiқұлақ кәриялармен жүздесiп, олардың ауыз-екi айтқандарын Ташкентте шыққан кiтаппен салыстыра тексерген едi. Бұл жөнiнде ғалым: “Бұл айтушылардан Махамбет өлеңдерiн жазғанымызда 1925 жылғы басқасы қолымызда болды. Жыршыларға айтқызып, өзiмiз кiтаптан қарап отырдық. Таң қаларлық нәрсе, 17 жасынан немесе 19 жасынан бiлетiн (басылмастан талай жыл бұрын) айтушылар мен басылып шыққан өлеңдердiң арасында айырма мүлде жоқтың қасы. Мұрат, Ығылмандардың айтуларынан түсiп қалған, сондықтан баспасына еңбеген бiрен-саран жол, бiрлi-жарым шумақтар болмаса, түгелдей баспасындағысымен дәл келедi”, — деп ашық жазған-ды. (Махамбет, өлеңдерi, 1958 жыл, 202-203 б.б.). Мұндағы Қ.Жұмалиевтiң кездескен кiсiлерi — Бекқазы қәрия — 1853 жылы, Төлеұлы Қайролла — 1868 жылы туған. Ал Махамбет 1846 жылы опат болған. Ұлы жырау өлген кезде кейiннен оның мұрасын жырлаушы Мөңкеұлы Мұрат 3 жаста (ол 1843 жылы туған). Мiне, осы Мұраттан Махамбеттiң жырларын жаттаған Ығылман жырау кейiннен “Исатай-Махамбет” деген қисса шығарып, ел iшiнде жырлап жүрген. Осы екi айтушы — Мұрат пен Ығылымның аузынан жазылып алынған Махамбет жырлары 1925 жылғы кiтапқа енген. Сонда, негiзiнен, осы екi айтушыдан ел арасына тараған нұсқаны бозбала кезiнен бастап жаттаған Бекқазы мен Қайролла қариялардың алғашқы нұсқасынан еш ауытқуы мүмкiн емес. Қ.Мұжалиевтiң жоғарыда айтып отырғаны да сол. Ғалымның бұ жердегi еңбегi — осы нұсқаларды салыстырып шығып, түсiп қалған тұтарын толықтырып, әдеби текстi бiр iзге түсiргендiгiнде жатыр. Одан тыс, Қ.Жұмалиев осы сапарында жыраудың бұрын қосып, 1939 жылы Махамбеттiң өлеңдерiн жеке кiтап етiп шығарған едi. Бұл нұсқа кейiннен 1948, 1952, 1958, 1962 жылдары бiрнеше дүркiн басылып шықты. Әр басылым сайын Қ.Жұмалиев өлең сөздерiн қайта-қайта тексерiп, ала-құлалықтан тазартып отырды, жаңадан табылған бiрлi-жарым дүниелердi қосты. Бұл жерде дау шығаратын, жырау мұрасын қайтадан тексерiп, сенбестiк көрсетiп, “ревизия” жасайтындай дәнеме де жоқ. Бiрақ та Б.Аманшин бұра тартып, “пiскен асқа — тiк қасықтың” керiн келтiргендi жөн көрiптi.
Құрастырушы жаңа жинақта “текстологиялық зерттеу” жасадық деген сылтаумен бұрынғы текстiң быт-шытын шығарады. Бұл жердегi кiсi таңғаларлық нәрсе — өлең сөздерiн тексеру үшiн жыраудың бұрынғы шыққан кiтаптарының арасында үлкен айырмашылық, сәйкессiздiк, көпе-көрiнеу жөнделген жерлер, т.б. болуы немесе Махамбет мұрасын жазып алған басқа бiр қолжазбаның табылуы, т.б. керек қой. Мұның бiрi де жоқ! Соған қарамастан, Б.Аманшин былай деп жазады: “Осы 1958 жылғы кiтап 1962 жылы еш өзгерiссiз (Қ.Жұмалиевтiң кiрiспе мақаласындағы бiр абзацты айтпағанда) қайталанып басылды”. (1974 ж. 100 б.) “Махамбет өлеңдерi бұған дейiн не хронологиялық, не тақырыптық принцип сақталмай, о баста алғаш қағазға түскендегi ұмар-жұмар қалпында басылып келгенi белгiлi. Бұл жолы ақын шығармаларының бұған дейiнгi дағдылы құрамына тың көзге кейбiрi тым батыл яки орынсыз, ендi бiрi ұсақ-түйек көрiнуi ықтимал бiр сығыра өзгерiстер, түзетулер енгiздiк“. (1974 ж, 129-130 б.б.) Осы жерде құрастырушыға қойылар сұрақ көп. Неге Махамбеттiң өлеңдерi әр жылы қайтадан басылған сайын өзгертiлiп, жөнделiп отырылуға тиiс? “Хронологиялық, тақырыптық принцип” дегендi қалай түсiнуге болады? Ондай шартты ұстау үшiн жыраудың өз өлеңдерiн қай жаста шығарғандығын бiлдiретiн қолжазба болуға тиiс қой! Ондай нәрсе жоқ! Одан тыс — жырау мұрасын тақырып жағынан “тексеру” дегендi қалай ұғамыз? Оның не қажетi бар? Бұл жердегi ең сорақы нәрсе — Б.Аманшиннiң қайтадан “ревизия” жасап, жыраудың өлеңдерiне орынсыз “тым батыл яки орынсыз” өзгерiстер енгiзуiнде жатыр. Мұндай “өзгерiстер” енгiзуге сонда не себеп болған? Бәлкiм, құрастырушы тың қолжазба тапқан болар? Әлде ол тарихи архивтердi сарыла ақтарып, тың деректер тапқан шығар? Бұған Б.Аманшин былайша жауап бередi:
“Махамбеттiң белгiсiз өлеңдерi, оның өмiрi мен творчествосына тiкелей я жанама қатысты деректер ақынның өз тұсындағы, одан кейiнгi кездердегi жергiлiктi және орталық мерзiмдi баспасөзде, ертеректегi кiтап-қағаздарда, архивтерде де сақталуы мүмкiн“. (1974 ж, 130 б.) Мұндағы “мүмкiн” деген дүдәмал сөзден құрастырушының мерзiмдi баспасөздi қарамағаны, архивке басын да сұқпағаны көрiнiп-ақ тұр! Бұл жердегi таңғаларлық нәрсе — сол архивтердi көтеру, зерттеу, баспасөздi шолып шығу — оқушының емес, “зерттеушi” кiсiнiң негiзгi басты мiндетi емес пе? Соны атқармай жатып, текстке қалайша “ревизия” жасауға болады?
“…Бұл материал (Ығылманның қолжазбасы, т.б.) кiтапты құрастырушының (1925 жылғы жинақ, — Б.Алд.) әйтпесе кiтапты шығарған сол кездегi Қазақстан Мемлекет Баспасының Күншығыс бөлiмiнiң архивiнде (Ташкентте) сақталуы мүмкiн”. (131 б.) Тағы да баяғы “мүмкiн”. Өйтiп дүдәмалдық көрсеткенше, Б.Аманшин сол Ташкенке барып, әлгi өзi атап отырған архивтердi қопарып, тың деректер мен Ығылманның қолжазбасын тауып ап, неге “ревизия” жасамаған? Шынайы зерттеушiнiң бұл ең басты мiндетiнiң бiрi емес пе? Оның есесiне құрастырушы өз мiндетiн басқаға артып, неге басқа жаққа сiлтей бередi? Бұдан Б.Аманшиннiң Ташкентке бармағаны ап-анық көрiнiп тұрған жоқ па?
“Даль. Оның өлеңдерiн ұнатып, әлде бiреулерiн (тым болмаса солардың орысша мазмұнын) жазып алуы және мүмкiн. В.И.Дальдiң мол архиві Москва мен Ленинградта сақтаулы”. (131 б.) Тағы да екi ұшты әңгiме! В.Дальдiң мұрасының орыс архивтерiнде сақтаулы екендiгiн кiм бiлмейдi? Оған сiлтеудiң не қажетi бар? Оның есесiне Б.Аманшин сол қалаларға барып, әлгi архивтi неге ақтармайды? Содан кейiн барып неге әңгiме қозғамайды? Осыдан-ақ құрастырушыны Мәскеу мен Ленинградқа табанының тимегенi көрiнiп-ақ тұр!
“Қазақ ССР Мемлекеттiк Архивында “Жәңгiр ханның жеке адамдармен жазысқан хаттары” сақтаулы (бiрнеше қалың том), Мұнда да Махамбеттiң өлеңдерi я ақын өмiрiне қатысты деректер кездесуi мүмкiн”. (123 б.) Тағы да баяғы “мүмкiн”! Сонда, жырақ қалаларды айтпай-ақ қоялық, мына қол созым жерде тұрған өз мемлекетiмiздiң архивiне баруға Б.Аманшиннiң ерiнгенi қалай? Ол үшiн басқа бiреу Жәңгiрдiң “жазысқан хаттарын” тексерiп, ауызға әкеп тосуы керек пе? Мұндай ерсi әрекет шынайы зерттеушiге тән бе?
Өкiнiшке орай, Б.Аманшин ешқандай да архивтi ақтармай, басқа бiр тың қолжазба таппай тұрып, Махамбет мұрасының “канондық текстiн” жасауға тырысады. Осыдағы тiлге тиек етерi — Махамбет мұрасының “… о баста алғаш қағазға түскендегi ұмар-жұмар қалпында басылып” (Б.Аманшиннiң сөзi) келгендiгi. Бұл да даулы пiкiр. Сонда жыраудың мұрасын жастайынан жаттаған Мұрат пен Ығылман оларды жазып алушыларға “ұмар-жұмар” күйiнде айтып берген бе? Оған құрастырушының келтiрер не дәлелi бар? Мыңдаған жолды жатқа бiлетiн маман жыраулардың Махамбеттiң өлеңдерiн шатастыруы, орындарын ауыстыруы, жандарынын басқа сөз қосуы мүмкiн бе? Ол жөнiнде Қ.Жұмалиевтiң 1938 жылы салыстыра тексергенiн құрастырушы неге ескермеген?
Бiрақ Б.Аманшин қолды бiр сiлтеп, “қазаншының еркi бар” дейтiн шартты ұстанып, өз “мақсатын: “… Махамбет өлеңдерiнiң о баста ауызша, кейiн хат жүзiнде ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан жырларын ақын көкiрегiнен алғаш ұшқандағы ыстық қалпына неғұрлым жақындату, оларды бертiндегi қоспалардан, бұрмалаулардан арылту”, — деп (130 б.) түсiндiредi. Бұл жерде де айтар дау жетерлiк. Ең алдымен айтары — құрастырушы бертiндегi “қоспа, бұрмалауды” қайдан тауып отыр? Солай iстеген Қ.Жұмалиев пе? Әлде көнеқұлақ қариялар ма? Бәлкiм, Мұрат пен Ығылман шығар? Оған дәлелi қайсы? Бұ жердегi ең сорақысы — “ақын көкiрегiнен алғаш ұшқандағы ыстық қалпынан неғұрлым жақындату” деген қолайсыз талап. Махамбеттiң жырлап отырған кезiнде болмаған, одан бiр ғасырдан астам кейiн туған Б.Аманшин “алғашқы… ыстық қалыпты” қалай тап басып, дәл табады? Мұндай қолайсыз мiндеттi қалайша жүзеге асырмақ?
Осы жерде Б.Аманшин тiлге тиек ретiнде Қ.Жұмалиевтiң 1939 жылғы жинақта сол кездегi белгiлi саяси жағдайға байланысты өзгерткен бiрен-саран сөзiн келтiредi. Қ.Жұмалиев онда “мырзалар” дегендi “ерлер”, “қалмақ“ дегендi “төре”, “мұсылман“ дегендi “қара қазақ” деп өзгертiп алған-ды. Ал Махамбеттiң Баймағамбет сұлтанға айтқан атақты толғауындағы жалпы өлеңнiң табиғатына етене кiрiкпей тұрған кiшкене бiр-екi тарауды жеке өлең етiп бөлек берген-дi. Мұны осыншалықты “бұрмалау“, “қоспа“ деуге бола ма? Үйтiп айып тақпай-ақ әлгi өзгертiлген сөздердi бастапқы қалпына келтiруге, бөлек өлең ретiнде берiлгендердi атақты толғауға қайтадан қоса салуға болмаған ба? Сол үшiн Махамбет өлеңдерiнiң астаң-кестеңiн шығарудың не орны бар?
Мұндай жөн қисынға қарамастан, қайтадан “ревизия” жасардағы Б.Аманшиннiң ұстаған шарттары кiсi таңғаларлық, бәрi де әдебиет ғылымынан аулақ жатыр. Ол ең алдымен “ереулi” деген бүгiнде түрi өзгеше, мағынасы сәл-пәл түсiнiксiздеу сөзге жармасады. Рас, бұл жерде осы сөзге Қ.Жұмалиевтiң берген түсiнiгi де даулы, қате. Бiрақ Б.Аманшиннiң түсiндiруi де қазақ тiлiнiң ережесiне, жаратылысына сай келе бермейдi. Ол “ереулi“ деген сөздiң осы қалпына, пормасына дау соғып, оны “еру“ деген етiстiктiң тұйық райына әкеп телидi. Сонда “ереулiңiз“ “ерулi” боп шығады!? Құрастырушы мұны “ерулi ат” деп түсiндiрмекке тырысады. Мұнда да келеңсiздiк жетерлiк. Бiрiншiден, қазақ қосарына алған атты жетекке алады, оны iзiнен ертпейдi. Салт аттың iзiнен ит қана ередi. Сосын “ерулi” деген сөздiң өз пормасы қазақ тiлiне тән емес, ол “ерiп келе жатқан” деген ұғымды бiлдiредi. Керiсiнше ол “еру болу”, “ерулiк” дегенге қарай ойысады.
Осы өлең алған рет Ғ.Мұштақ құрастырған “Шайыр” жинағында жарық көрген едi. Онда бұл сөзге: “Мiнбей сақталған ат”, — деп түсiнiк берiлген. Гәп, мiне, осы мiнiлмей, әбден жарап тұрған атта жатыр. Ондай арғымақ жау қарасын көрiп, дүбiр шыққанда, қос құлағын қайшылап, ереуiлдемей тұра алмайды! Бұл сөздiң пормасы, бiздiң бүгiнгi тiлiмiздiң қалпына салсақ, “ереуiлдеп тұрған атқа ер салмай” боп шыға келедi. Бұл жерде тарихи грамматиканың шарттарын ескерген жөн. Бәлкiм, түбiрi “ереуiл” дегенде жатқан сөз Махамбет заманында “ереуiлдеп тұрған” болмай, “ереулi” түрiнде түрленiп қолданылған болар? Сосын араб әрпiмен басылған “Шайыр” жинағындағы бiр сөздi кезiнде мұсылманша жақсы бiлiм алған Қ.Жұмалиевке өзi араб графикасында әлiптi таяқ деп бiлмейтiн Б.Аманшиннiң әлгi сөздi “терiс оқыған, бұрмалаған” деп айып таққанын қалайша түсiнуге болады?
Мұндай өзгертiлген бiрер-саран сөзге көздi жұма қарауға да болар едi. Бұ жердегi ең қиын нәрсе — Б.Аманшиннiң әдеби “микроскоппен” үңiлiп, “қыршаңқы анатомша“ “текстологиялық жұмыс жүргiзгенiнде” жатыр. Бұл арада ол: “…тақырыбы, мазмұны, идеясы бiртұтас, ырғағы мен ұйқасы бiрыңғай бола тұрған мен (?) бұған дейiн әрқайсысы әр жерде дербес өлең болып я басқа өлеңдердiң құрамында аққа қара жамағандай оқшау жүрген (?) шумақтар мен жолдар, жеке сөздер қисынды (?) орындарына (?) қосылды“, — деп (111 б.) ешқандай да ғылыми дәйегi жоқ, адам таңғаларлық шартты басшылыққа алады. Бұл жерде де айтар дау жетерлiк. Сонда ұйқасы бiрдей боп келетiн екi немесе үш-төрт өлеңнiң жеке тұрмауы керек пе? Ұйқас үшiн оларды өз ара бiрiктiре салудың не қисыны бар? Мұндай мысал суырыпсалма жыраулардың мұраларында көп емес пе? “Аққа қара жамағандай оқшау түрген шумақтар, жолдар” дегендi қалай түсiнемiз? Неге оларды бiр өлеңнен алып, екiншi бiр өлеңнiң құрамына қоса салмақпыз?
Бұл жерде Б.Аманшиннiң айтып отырғанын түсiну қиын емес. Өлеңдi ауызша шығаруды дағды қылған жыраулардың өз өлең-толғауларында “бiрдi айтып, бiрге кетуi”, басқаша айтсақ, бiр жырда логиканың, қисынның тәртiбiнiң сақтала бермеуi, неше түрлi тақырыптың басы шалынуы, т.б. жиi кездесетiн жағдай. Оған бiрден бiр себеп — өлеңнiң ауызша шығарылуы. Кiсi ауызша сөйлегеннiң өзiнде логиканы, қисынды онша сақтай бермейдi, бiрдi айтып, бiрге кетедi. Мiне, осы жағдайды жазба поэзияға қойылатын шарттармен салыстыра тексеруге болмайды. Махамбет те, хат тани тұрса да, өз өлеңдерiн ауызша шығарған. Оның жырларындағы сырт көзге сәл-пәл “терiстеу” көрiнетiн “жүйесiздiк”, бiр тақырыпты аяғына дейiн (жазба өлеңге тән) өрбiтпеу, ауытқып отыру осы ауызша шығарылған поэзияның iшкi заңдылығынан шығып жатыр. Осындай заңды нәрсенi терiс түсiнiп, жерден жетi қоян тапқандай басқа-көзге қарамай “текстологиялық жұмыс жүргiзу” адам денесiнiң iшкi құрылысын, он екi мүшесiнiң қалай орналасқандығын бiлмей жатып, бас салып пышаққа жармасқан оташының (хирург) қалпын көзге елестетедi. Өкiнiшке орай, Б.Аманшин осындай абырой әпермес мiндеттi мойнына жүктеп, Махамбет мұрасын “қайта қарап“, бiр өлеңдi бiрнеше өлеңге бөлiп, жекелеп берген. Бiр өлеңнен жолдарды, шумақтарды “ойып ап”, екiншi бiр өлеңге әкеп қосқан, телiген. Ең сорақысы, осындай қиқалаудан қалған жолдарды, шумақтарды қайтадан жинастырып, Махамбет үшiн “жаңадан” өлең жасаған, дүзеген. Мұндай “текстологиялық жұмыстың” берген нәтижесiн тексерiп шығу үшiн тұтқа бiр ғылыми-зерттеу институты керек. Оған жеке кiсiнiң шама-шарқы жете бермейдi. Сонда да бiз осы “текстологиялық жұмыстың” басты-басты жерлерiн анықтап, сараптап, жинақтап отырып, оның, негiзiнен, төрт бағытта жүргiзiлгенiн байқадық.
Бiрiншi бағыт — өлеңнен өлеңге жол тасымалдау. Құрастырушы “Мiнкен ерге”: “Бұрынғы текстiдегi соңғы төрт жол алынып (?) қалды. Бұрынғы “Бiз не еткен ер” деп аталатын өлеңнiң басындағы сегiз жолы, “Тайманның ұлы Исатайдың” соңғы бес жол (?) қосылды“, — деп түсiнiк (122 б.) бередi. Сонда ”Мiнкен ерге” “тыңнан” 8 жол қосылған. Ал одан алынып тасталған 4 жол мынадай:

Айтып-айтпай немене,
Исатайды өлiтiрп,
Серкесiнен айрылып
Сергелдең болған бiздiң ел!

Осы шумақтың орнына “Тайманның ұлы Исатайдан”:

Тайманның ұлы Исатай
Ағайынның басы едi,
Алтын ердiң қасы едi,
Исатайды өлтiрiп,
Қырсық та шалған бiздiң ел!, —

деген 5 жолды қоса салады. Онда да осы жердегi “Қырсық та шалған бiздiң ел” деген жолды мүлдем қысқартып тастап, оның орнына “Мiнкен ердегi” соңғы:

Серкесiнен айрылып,
Сергелдең болған бiздiң ел! —

деген екi жолжы қосып кеп жiбередi!

Ендi Б.Аманшин пышаққа жағылған “Мiнкен ердiң” қалған жағына “Бiз не еткен ер” деген өлеңiнiң:

Бiз не еткен ер, не етен ер?
Сергелдеңмен өткен ер?
Едiл менен Дөңдерден,
Сағыз бенен Жемдерден,
Онан да талып өткен ер!
Арқада өлiм бар-ды деп,
Қайыспас қара нарды деп,
Оған да барып жеткен ер! —

деген 8 жолын кеседi. Сөйтiп, “Мiнкен ер” деген өлеңнiң көлемi өседi де, “Бiз не еткен ер” деген өлең мүлдем жоғалады! Мұндай тiпте Эйзенштейннiң де қолынан келе бермер “керемет монтажға” таңғалмасқа шамаң жоқ!
Осындай “өзгерiске” ұшырамаған, пышаққа жығылмаған өлең кемде-кем. “Аспандағы бозторғай“, “Пыт-пырлай ұшқан қасқалдақ”, “Тайманның ұлы Исатай”, “Мiнмен ер”, “Орай да орай қар жауса”, “Қайда бар?”, “Ерлердiң iсi бiтер ме?”. “Қаңқаулап шақырмай”, “Қарағай шаптым шандоздап”, “Туған ұлдан ен пайда” және де басқа жырлардың бастарына осындай “ақырзаман” орнаған, жолдары, шумақтары ауыстырылған, сөздерi өзгертiлген, қысқартылған.
Екiншi бағыт — бөлшектеу, қиқалау. Б.Аманшин Қ.Жұмалиев 1938 жылы Бекқазы, Хайроллалардан жазып алған “Арқаның қызыл изенi” атты жырды барынша аямай бұтарлайды. Осы iсiне: “Өлеңнiң бұрынғы текстiсiндегi “өлгенде бекеу жыламадан” кейiнгi үш жол мағынасына қарай “Қарағай шаптым шандоздапқа” (?) қосылады. Одан кейiнгi бөлiгi бөлек өлең түрiнде (?) басылды (“Көшер едi-ау бiздiң ел”), — деп (112 б.) түсiнiк бередi. Осылайша “мағынасына қарай” ыдыратылған өлеңдер жыртылып айрылады. “Толғау”, “О, Нарын”, “Махамбеттiң Баймағамбет сұлтанға айтқаны”, “Тар қамау”, “Арғымақ, сенi сақтадым”, “Нарында”, “Әдiре қалған Нарынның”, т.б. жырлар әлденешеге бөлшектенген, кейбiрi бiрiне бiрi қосыла салынған.
Үшiншi бағыт — қысқарту, жұлып тастау. Ол “Әй Махамбет, жолдасым” атты толғауға берген түсiнiгiнде: “Бұл басылымында ақынның стилiне (?) үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әрсiз, жасық (?) шумақтарды (56 жол) алып тастадық”, — дейдi. Сондағы Махаңның өз “стилiне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын“, “әрсiз, жасық” 56 жол мынау:

Сол ерлерден айрылып,
Исатай мен Махамбет
Екi арыстан ер қалды-ау!
Адыра қалған қу Нарын
Талауға түсiп, бүлiнiп,
Адамы қойдай қырылып,
Құлағызып жер қалды-ау!
Қарағай, қайың, тал, терек,
Қалың орман, ну қалды-ау?
Қиқулап құстар қонатын
Суы тұйық көл қалды-ау!
Тәрбиелеп өсiрген
Ата мен ана бұл қалды-ау!
Қатын жесiр, тұл қалды-ау!
Еңбектеп жиған мал қалды-ау!
Бұлардың жүде қимайтын
Ендi менiң нем қалды-ау?
Тек шықпаған жан қалды-ау!

Мұндай қысқартуға “Бағаналы терек”, “Толғау”, “Қақаулап шақырмай”, “Шашылу”, “Мен тауда ойнаған қарт марал”, “Желден дежелгiр ақбөкен”, “Шонты биге”, т.б. жырлар ұшыраған.
Төртiншi бағыт — ең сорақы бағыт. Әлгiндей қайшы мен пышақтан қиылып, үзiк-үзiк боп қалған бөлшектерден Б.Аманшин базардан қосалқы бөлшектерiн сатып ап, мәшине құрағандай, өзi айтқандай “мағынасына қарай”, Махамбет үшiн “жаңадан” тың өлең жасайды. Оның “Ақсұңқар құстың баласы” атты “жаңа жырға” берген түсiнiгiнде: “Жаңадан дүзiлдi. Бұрынғы басылымындағы “Қайда бардың” алғашқы 7 жолы, “Арғымаққа оқ тидiнiң” соңғы 6 жолы, “Орай да орай қар жаусаның” соңғы 6 жолы бiрiктiрiлiп, осы өлең түзiлдi”, — делiнген (124 с.). Осындай “ерекше тәсiлмен” “Менiң атым Махамбет”, “Ренiш”, “Мен қарақұстан туған қалықтан” деген “жаңа өлеңдер” жасалынған. Осындай “таңғажайып монтажды” көргеннен соң, егерде ғайыптан тайып көрдегi Махаң тiрiлiп келе қалса, өз мұрасының астаң-кестеңiн шығарған “құрастырушыға” алғыс айтар ма едi әлде қылша мойның талша деп, қаһарлана алдаспанын жоғары көтерiп алар ма едi деп ерiксiз ойға шомасың.
Б.Аманшин осы басылымда жұртшылыққа “жаңа”, “тың” нәрсе ретiнде көрсеткiсi кеп, бiрнеше өлең мен материалдарды қосыпты. Бiрақ түбiн зерттегенде, олардың бәрi де ертеден бар, таныс нәрселер. Мәселен, “Махамбет батырдың Шернияз шешенге жұмбағы” бұрынғы 1925 және 1939 жылғы жинақтарда, “Зынданда” деген өлең 1927 жылы “Жаңа мектеп” журналы мен 1955 жылы “Қазақ әдебиетi“ газетінде басылған. Ал Махамбеттiң Хиуадан жазған хаты 1967 жылы “Лениншiл жас” газетінде жарияланған едi. Мен сол кезде (осы мекемеде iстейтiнмiн) Қ.Жұмалиевке осы хат турасында телефон соққанымда, ол кiсi бұл хаттың бұрыннан бар екендiгiн, оның 1939 жылғы жинақта басылғандығын айтқан едi. Осы кiтаптағы Б.Аманшиннiң “жаңадан енгiздiм” деген “Еңiреу ұлы емшек боз“ және “Өкiнiш“ атты екi өлеңiн “Жазушы” баспасының поэзия редакциясына оралдық Қалимолда Мырзағалиев едi аузынан жазып алып, әдейi келiп тайсырған. Б.Аманшин сол дайын дүниенi кiтапқа енгiзе салған. Сонымен Махамбеттiң мұрасын жинастыруға, жазып алуға, т.б. құрастырушы түк те үлек қоспаған.
Әрине, бiз Қ.Жұмалиевтiң жинастыруында, құрастыруында, зерттеуiнде еш кемшiлiк жоқ деуден аулақпыз. Кезiнде ол жөнiнде ғалымның өзi де ашық айтқан болатын. Мәселе бұл арада көздiң қарашығындай сақтар асыл мұраны еш дәлелсiз, себепсiз, қисынсыз, “атың шықпаса, жер өртенiң” шартын ұстанып, мейлiнше, қиқалауда, бүлдiруде, тас-талқан қылуда жатыр. Қ.Жұмалиевтi жоққа шығару үшiн ұлы жырауды құрбандыққа шала салудың не жөнi бар? Махамбет мұрасы – бiр ғана Қ.Жұмалиевтiң монополиясы емес, бүкiл қазақ халқына ортақ асыл қазына. Ондай қымбат дүниемiзге қалай болса солай қол салып, жанды организмге өрескел оташының пышағын жұмсап, Гиннестiң кiтабына енем деу — ұлы жыраудың әруағын сыйламау, барып тұрған өрескелдiк, тұрпайылық. Мынадай сорақы “текстологиялық жұмысқа“, ретсiз “ревизияға“, орынсыз “отаншылдыққа“ еш уақта жол бермеуге тиiспiз. Қысқарта айтқанда, кезiнде хелың жұртшылық, әдеби қауым қол соға қабылдаған, қайтадан тексерудi, жанама жол қосуды, пышақ пен қайшыны қаламайтын Махамбеттiң асыл мұрасын бұрынғы қалпына келтiрiп, қайтадан толық түрде кiтап етiп шығарған, ол мұраны ретсiз мазаламаған абзал. Сөйткенде ғана бiз “ерулi“ емес, “Ереулi атқа ер салмай, егеулi найза қолға алмай…” (ереулi-егеулi деген ұйқастың өзi неге татиды!?) деп жөнкiле жөнелген ерекше тасқындай, бiр дәуiрдiң кескiн-келбетiн, шер-мұңы мен асқақ арманын, еркiн-жiгерiн жойқын жырға қоса бiлген ұлы жыраудың асыл мұрасын бастапқы қалпында оқи алмақпыз.

1974 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *