Сарғайған дала төсiнде…

Сарғайған дала төсiнде,
дауылдан соққан қаймықпай,
елемей жылдар көшiн де,
бағзыдан жеткен байлықтай,
 

мұнара, тұрсың — тiрi аңыз,
самарқау қалпың сыр сақтап.
Салмады саған шұбар iз,
жауса да жаңбыр бұршақтап.
 

Боран да соққан жеңiлдi,
бұрқақ та өттi долданған.
Қаусатқан құрыш темiрдi
заман да ақты жондардан.
 

Сiлкiндi жер де мың рет,
жаңғырды талай қырлар да.
Көрсеттi таулар құдiрет
от-жалын атып тұрғанда.
 

Тiрлiк те талай жаңарды,
олжа да болдық бiз жатқа.
Баспады кiмдер даламды,
келмедi кiмдер бұл жаққа?
 

Ақыры бәрi құрдымға
кеттi де, өштi елестей.
Не дерсiң уақыт, құрғырға,
қасқайып тұрсың сен өшпей.
 

Апырмау, қандай бар сырың,
шыдардай желге, нөсерге?
Қойныңда жатқан арысың кiм,
батыр ма, бай ма, есер ме?
 

Ару ма әлде ажарлы,
дана ма әлде зұлым ба?
Әлде алған сатып базарды,
тиыншыл, сараң сығыр ма?
 

Бай ма әлде надан, паңқыған,
пәш етпек болған байлығын?
Мырза ма әлде шалқыған
көрсеткен көпке қайырымын?
 

Би ме әлде сөйлер жош ұрып,
сөзiнен топас түйрелген?
Жылқының қылы қосылып,
сүтiне бие иленген?
 

Айтады ел солай аңыз ғып,
кiм бiлген оның расын?
Ескерткiш соққан кәзiргi
сендей боп жылға шыдасын?!
 

Қараймын саған таңғалып,
ой деген тасқын-телегей.
Сен тұрсың әлi паңданып,
қадалған жерге жебедей…
 

1964, Байқожа станасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *