Сарғайған жадау жапанда,
шаңдатып сорды кебiртек,
таба алмай тамшы татарға,
таңдайы кеуiп, шөлiркеп,
шұбырта ертiп баласын,
даланың жүйрiк еренi,
бетке алып Сырдың жағасын,
киiктер құлап келедi.
Алдында — теке марғасқа,
айбары, топтың көсемi.
Шаңырақтай мүйiз — нән баста,
астаудай жоны — бес елi,
алтынша түгi жылтылдап,
барады жортып жолменен.
Артында шаңы бұрқылдап,
үйiрi шаршап, шөлдеген
тұқыртып алып бастарын,
жұлдыздай ағып келедi.
Шаршаған жолдан жас лағын
ерткен көп көрсең ененi!
Тоқтауға бiрақ жоқ амал,
қайсар-ақ дүздiң тағысы!
Қалмайды топтан балалар,
өзiнше мықты шабысы!
Сарт еттi кенет бiрдеме, —
құлады теке гүрс етiп.
Аяқта қақпан — сұм неме,
жабысты қаһар көрсетiп.
Қалғаны шошып шегiндi,
бiлмедi мұның не екенiн.
Жанардан жасы төгiлдi,
домалап жатқан текенiң.
Ұмтылды ол, мiндi аяққа,
шабардай шырқап жоқ қарым,
айналмай сәурiк, саяққа,
сүйретiп жеңiл тоқпағын,
келедi басып ақсаңдай.
қара тер саулап төгiлдi.
Жеткiзер емес жер шалғай,
көзiне жаны көрiндi.
Болғанда тұрды ол бiр шама,
құрыды бойдан мажалы.
Қаншама қайрат қылса да,
қу қақпан бердi жазаны.
Қажыды, тынды сұр теке,
борпаста жатты солықтап.
Алмады мүлдем тырп ете,
жазмышқа ол ендi жолықпақ.
Ендi үйiр беттi қайда ұстар?
Келуге жақын қаймығып,
көсемсiз қалған байғұстар
тұрды ұза-а-қ кетпей, қайрылып…
1964 жыл