Дайрабай! Қобызыңды еңiретшi…

Дайрабай! Қобызыңды еңiретшi,
зарына, зардабына менi де ертшi!
Қобызыңнын шанағын ожау етiп,
жаныма ләззәт деген егiн екшi!
 

Екi iшектен күй деген ыршып ағып
саулап кеттi.
Уа, күйлер!
Неге менi шымшыладың?
Естiп тұрмын мен қылдан өзге отауға
ұзатылған қыздардың сыңсығанын.
 

Той кеттi. Серiлер жүр қалжың ала,
нар жығылды.
Ата-ана қызығынан мал жыра ма?
Кенет шықты сатырлап сойыл үнi,
ару кеттi-ау,
ару кеттi-ау олжа боп қанжығада.
 

Мына күй…
мөлтiлдедi сарттардың жүзiмiндей,
желпiлдедi ақ үйдiң үзiгiндей.
Толқыны домбыраның шабысындай,
шолпы үнi сыңқ-сыңқ еттi қыз үнiндей.
 

Мына күй не деп кеттi, не деп кеттi?
Дайрабайдың саусағын дедектеттi.
Күйшiнiң тұла бойын от-қан тептi,
сұм қылдар ыса-ыса көнек беттi.
 

Саздарға тоймайтындай сiрi құлақ,
шал отыр қыл iшекке жыны құлап.
Мен отырмын
көк шанағын қобыздың ожау етiп,
өткеннiң шежiресiн сiмiрiп ап…
 

1964 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *