Шабандоз қыз, екпiнiңнен нар құлар,
ер үстiне жабысыпсың қармақтай.
Егер тиiп тақымыма арғымақ,
сенi қусам, жетер ме едiм шаң қаппай?
Айналайын! Жұрт отыр ғой шуласып,
ызы-шуды
естiгiсi келiп отыр мың құлақ.
Жарысумен кетейiк те қырға асып,
сырласайық, ат тiзгiнiн iркiп ап.
Бiрақ ешбiр тiлемеймiн бақты оңай,
мен үйткенi кегiмдi отқа егегем.
Армандарым — қалың өскен көк тоғай,
көп үмiттi ақтамай,
найза ұшында қайырым сұрар мен емен!
Онан дағы орамалды ала қаш,
ат дүрсiлi кетпей қойсын құлақтан!
Перде iшiнде — шаң iшiнде аралас,
қуып жетiп, иiскейiн бiр бұғақтан.
Оны азсынсаң, кеуiлiмдi ала қаш!
Кеуiлiмдi ала қашшы шоқ басқан!
Ат тұяғы атқан шаңда аралас,
қуайын да, еш қараға соқпастан,
Жiгерiмдi уысыма бүрiп ап,
жол азабын тарта-тарта жетейiн.
Кеуiлiңдi кең кеудеңнен жұлып ап,
дәл өзiмдей етейiн!
1964 жыл