Жақтырмадың бiр жiгiттi жар санап,
бөкен бөксе, бұлдырық төс, меңдi қыз.
Тастайтындай бар ойымды пәршәлап,
бiздiң жаққа қай өлкеден келдiңiз?
Кермек татып тұрса дағы қылығың,
дейдi кеулiм, қасына оның баршы ұдай.
Қос бөксеңдi иiскеген қос бұрымың,
намысымды сабалайды қамшыдай.
Мiнезiң де кедiр-бұдыр сексеуiл,
асау сөздi атқылаған тiл — тарпаң.
Тiкен болмақ, жолыңа егер ексе гүл,
көзiң — лазер, еритiндей мың қалқан.
Бар қылуаң ететұғын жәнә оғаш,
жолың жайдақ тәрбиятты тағыдай.
Берген гүлiн
ылақтырдың бiр жiгiттiң шала мас,
көрсiн сосын бойдақ бiткен арымай?
Бұ не сонда? Көнбейсiң бе құрыққа?
Жамандықты жеңесiң бе түнерiп?
Ел көнер ме мұндай қыңыр қылыққа?
Өсек битше етегiңде жүр өрiп.
Мен сонда да ұнатамын жек көре,
жаным Айдың екi бетi сықылды.
Көрмегейсiң менi ұқсата кеппеге,
көр емеспiн түзетердей бүкiрдi.
Қылығыма көп ұқсайды қылығың,
жүрген жаман көр кеуденi қажытпай.
Құрық болып оратылды бұрымың,
меңiң — байлап қойған менi қазықтай.
Сенi, сiрә, қамап қояр жоқ шеңбер,—
Сыр бойынан кеттiк самғап ендi бiз.
Гүл орнына әкеп тұрмын көк шеңгел,
сүй де менi,
түйре менi,
бұлдырықтай,
жұдырықтай, меңдi қыз…
1964 жыл