Аз болсын сырласу да, сүйiсу де…

Аз болсын сырласу да, сүйiсу де,
өзара жақынырақ бiлiсуге.
Дәл ертең мен Шымкентке кетер күнi
кездестiк ауыл сырты — құм iшiнде.
 

Ернiңдi тiстеледiң сен қымсынып,
шашыңды желпiлдеттi жел құлшынып.
Көзiңмен қарамықтай қарап қырын,
тұрып ең, батылданып, мен де ұмсынып,
 

жақын кеп, кеуiлiңдi танығандай,
шашыңды судырлаған дамыл алмай,
сипап ем, бiр дiр етiп тұла бойым,
ерiдi шiлдедегi сары майдай.
 

Ұялып жолықпадым содан берi,
жек көрген, дедiм iштей, болар менi.
Жастық шақ кеттi уақыт қанатында,
ермек қып жүре бердiм мен әр ненi.
 

Өңiңдi ендi бүгiн көрдiм сынық,
ұялып, қарамадың сен қымсынып.
Жүзiктi саусақтағы байқап қалып,
бармадым батылдана мен де ұмсынып.
 

Аң-таң боп, бұ халыңды қойдым ұқпай,
қонғандай қабағыңа қайғы бұлттай.
Жасырмай шыныңды айтшы, қараша қыз,
кiм сүйдi ерiнiңнен қаймыжықтай?
 

Осы жәйт саған да анық, маған да анық,
жүзiк тұр деп барлығын көр аңғарып.
Жанымды шошытады қос омырау
қалғасын жат қол тиiп, арамдалып.
 

Сол едi ықыласымды көгендеген,
ендi ол жоқ. Сонда ненi демеу көрем?
…қос омырау, жапырақ-ерiн әлге дейiн
жүр қажап шыдамымда егеуменен.
 

1964 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *