Су суыр бiр таңы едi Сүмбiленiң…

Су суыр бiр таңы едi Сүмбiленiң.
Сен менi жағыма ұрып, “жынды” дедiң.
Оныңды құптағаның деп түсiнiп,
мойныма оратылып құр бiлегiң,
 

жатқанда, деп iшiмен, “кiм бiлiптi”,
көрсеттiм мен өзiңе “жындылықты”.
Айғырдай жiгiттердiң айтуынша,
деушi едi, “қызды қатты шыңғырыпты”.
 

Бiрi жоқ. Бажылдайсың тек өтiрiк.
Абырайың, айналайын, неге түрiк?
Мен қалай ақтығыңа сене аламын,
көзбенен бiр күнәңдi көре тұрып?
 

Боласың неге жорта солқылдаған?
Кәйтейiн мұрыныңды қорқылдаған?
Сен әлде алдап қолға түсiрем деп,
ойлап па ең бiр ойсызды орқылдаған?
 

Көрдiң бе әлде менi тас меңiреу,
жайыз ба ол жайында босқа еңiреу?
Ерiнiң мұзды мұхит неге сонша,
сүйдi ме әлде оныңды басқа бiреу?
 

Оныңның тапқан сонда қолайын кiм?
Таба алған оңтайыңның орайын кiм?
Сенбейтiн сұлу қыздар бiр сұмырайға
қақпанның қандыауызын неге айырдың?
 

Жол болсын ендi еңiреп жатқаныңа?
Қар түстi таудың талқан жақпарына.
Сенушi ем бiр тазайын бақ барына,
қой, неге мен түсемiн қақпаныңа?
 

Неге мен түсуге оған тиiстiмiн?
Тауып ал, алғаш күлiп сүйiстi кiм?
Жаза сал қандыауызды қолдан қыспай…
Тым сасық бетке сепкен иiссуың.
 

Шынында, мынау маған қораш қайғы,
қойшы ендi, ойсыз қылық оғаштай-ды.
Бақытты бiр адамды болу алдап,
бiлiп ал, жақсы қызға жараспайды…
 

1964 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *