Шiлде жоқ. Сезiлетiн сызды лебi…

Шiлде жоқ. Сезiлетiн сызды лебi,
кәдiмгi бiр қоңырқай күз күнi едi.
Кездесiп қалғанда Сыр жағасында,
демедiк, ертең ел-жұрт, бiз бiледi.
 

Жанымыз өлiп-өшiп үздiгедi,
қиялды қиян жаққа жүздiредi.
Жұлдыздай түн түбiнен жарқыраған
жанарың жан дүниямды сүзгiледi.
 

Сол сәтте ала алмадым мүлдем бiр дем,
демеймiн шын қорғанып үлгердiм мен.
Қарасың қара суша күңгiрт тартып,
кеулiмдi еткеннен соң тiлкем-тiлкем,
 

ересек жiгiттерге елiктеп мен,
айдындай құшағыңа перiп кеткем.
Қадалып қаймыжықтай ерiнiңе,
сұқтанып сұқсырсынған келiмiңе,
қыздарды жүрген жандай көрiп көптен,
темiр пеш сияқтанған құшағыңда,
сәлден соң… сары майша ерiп кеткем.
 

Өттi ол кез. Болдың қылық ашқан өңге,
пеш суық. Тек еркiңдi жасқа берме!
Ерiнiң қаймыжықтай ерте тозған…
әлде оны…көп сүйдi ме басқа пенде?
 

Үнсiзсiң. қоштаспастан кеттiм дедiң,
қағылған қазығым бар деп бiлмедiң.
Кеулiмдi бытыраша тесе бердi,
шашылған бетiңдегi сепкiлдерiң.
 

Зар салар емес кәзiр оған ешкiм.
Ойыммен оңашада төбелестiм.
…Тоңдырып жүрсiң әлi бiр бибақты,
үйткенi ол мен емеспiн, мен емеспiн.
 

1964 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *