Жадымда әлi баяғы…

Жадымда әлi баяғы
жауған кез жаңбыр сабалап.
Таба алмай тұрар саяны,
ауылды кездiк жағалап.
 

Үстiмiз әбден су болды,
тоңбады бiрақ жанымыз.
Көңiлге ыстық нұр қонды,
тiлекке түрлi салып iз.
 

Шыдамай ақыр сүйiстiк,
қымсындық күнә еткендей.
Жұмылған көздер түйiстi,
көретiн қызық жеткендей.
 

Арада жылдар зулады,
содан соң сенi көрмедiм.
Қинады оқпан тұрғаны,
жолыма құрып өрмегiн.
 

Сен болсаң, қыз боп, сүргiнмен
көретiн қызық аз күн деп,
өзгемен жүрдiң. Жүрдiм мен,
жаңылдым, неден жаздым деп.
 

Ақыры келдiң қайтадан,
кездестiк күңгiрт ымыртта.
Уызын жат жан шайқаған
сен ендi бiр бос жұмыртқа.
 

Салыңқы қабақ, рең боз,
құлатқан орға шулы күн,
жарқ етiп бiр кез күлер көз
жыйғандай жәһан қулығын.
 

Әр жағы — алдау, сұм талап,
әрекет ету нәқолай.
Арам қол кеткен уақалап,
сен де бiр ескi матадай.
 

Баяғы қыял, арманнан
қалмапты құйттай мысқал да.
Қалпыңды жасырып қор болған,
iздейсiң етек ұстарға.
 

Айтарың — ақша, дүние,
қулардың жақсы қызметi.
Құбылтып тұрсың мың рет
жадыша билеп жүздi екi.
 

Сезiмiң сынды қыс қатал,
сеземiн ниет бөтенiн.
Кешiргей, саған ұстатар
жоқ менiң, жаным, етегiм…
 

1964 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *