Айнала у-шу. Шетiнен
ақымақтанған жұрт ессiз.
Ұяты шығып бетiнен,
бiр жақта отыр үркек қыз.
Қасындағы оның қап-қара
дөрекi, даукес, дөй жiгiт
қояды сөйлеп мақтана,
қарсыластарды дөй қылып.
Ал қара терге малынған
аусарда екi ой бөлек.
Оларға мақсат дәл ұрған,
уақыт па кәзiр сөйлемек?
Бiр бiрiн қатты аңдиды,
аңдиды осал тұстарын,
барысша кенет қарғиды,
жайратпақ үшiн дұшпанын.
Кей кезде жаққа, шықшытқа
былғары қолғап сарт етсе,
соғылған допқа үш пұттай
саспастан анау жалт етсе,
өрекпи ұмтылады кеп,
өзiнен бөтен түк көрмей.
Қарсылас бұлқынады кеп,
кешiксе, шаруа бiткендей.
Әнеки, тағы шабуыл
екi жақтан да басталды.
Қапысын аңдып, тауып ұр,
қимылда ойлы, жоспарлы!
Әйтсе де мұны рингте
есiңде сақтау тым қиын.
Боксерлер жаны желiкпе,
сiлтедi жұдырық — бiр құйын!
Қарашы, қара қап, әне
қаһарлы қолғап сарт еттi.
Кездескен жандай бәлеге
қарсылас сол сәт жалп еттi.
Шу ете қалды халайық,
төрешi айтты кесiмiн…
Сынардай, қаныма қарайып,
мен де аңдап дүния есiгiн,
тұрмын ғой өмiр-рингте
қарсыласымды соқпақ боп.
О, шiркiн, соған құдiреттей
жұдырығым тисе шоқпар боп!
Бәлкiм, мен алғаш жеңiлiп,
бармағым тiстеп қалармын.
Қайтадан арнайы жолығып,
есемдi кеткен алардың…
Әлi тұрмын күтiп алаңда,
кiрпiктi бiр сәт iлмеймiн.
қарсыласым кiм? Адам ба?
Кiм өзi? Тiпте бiлмеймiн.
1964 жыл