“Көкпарлап” дүрiлiктiрiп қырат-қырды…

“Көкпарлап” дүрiлiктiрiп қырат-қырды,
көрместен көк серкенi тымақ құрлы,
ызғытып келдi дағы той ағасы,
жастардың ортасына ылақтырды.
 

Сол екен, қаршадайдан сыры қанық
болдырмас бозын тұрған мiнiп алып,
бiр жiгiт елмен бұрын ала қашты,
серкенi тiлерсектен iлiп алып.
 

Соңынан шал да шапты ар қысқан да,
лап қойды басқалар да әр тұстан да.
Талайдың аттары аунап, ақ шаң қапты,
сом қолдар шiренiсiп тартысқанда.
 

Бiреулер демiменен тасты үйiрiп,
жұлқыса, шыңжауларды басты күйiк.
Тартардан айрылғанда, намысқойдың
кеттi лез сақалына жас құйылып.
 

Додадан, мiне, бiреу ырши ақты,
қуғандар сабалайды түксие атты.
Тастақтан тұяқ тиiп, от шыққанда,
қою шаң төгiлдi бiр сүт сияқты.
 

— Шал кеттi!
— Жiбермейiк! — дес-тi бәрi,
қамшылар ат сауырын осқылады.
қағысып үзеңгiлер тебiскенде,
дiр еттi арғымақтың қос құлағы.
 

Қалғандар таба алмастан дертке қуат,
ат басын бұрды ызадан шетке бiр-ақ!
Ал сол шал бара жатты көз ұшында,
намысын жiмлә жұрттың бөктерiп ап.
 

1965 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *