Ескiнiң өнерiне жүгiнiсiп,
жұрт отыр сан заманның сырын iшiп.
Балалар тыңдай-тыңдай қалғып кеткен,
артына әжесiнiң тығылысып.
Күйшi отыр қиялымен құшып көктi,
тiрiлттi ол саумал сазды ысып iшектi.
Әнеки, қыз арманы сияқтанып,
iшектен қос бұлдырық ұшып кеттi.
Қан жуған қара шашын даланың да,
қауқарсыз қыран жатыр қарақұмда.
Қылпыған қылыш жүзi жарқылдайды,
перненiң дауылдатқан жанарында.
Шанақтан ерке, кербез күй аққасын,
қозғады жыңғыл бүрiн, қияқ қасын.
Сылқым Сыр манаураумен маңғазсынып,
шағылға жата кеттi сүйеп басын.
Әуеннен сырғауылдар ырғақтайды,
үкiсi бидайықтың бұлғақтайды.
Төрдегi шал-шауқандар тына қалған,
мылқауша барлығы да тiл қатпайды.
Жүгiрген саусақтарда өшi қалып,
жұрт отыр топан күймен қосыла ағып.
Күйшi отыр пышақсыз-ақ екi iшекпен
талайдың тарлан тiлiн кесiп алып…
1965 жыл