Көрместен көп кiсiнi шыбын құрлы,
биледi ол, өз құдiретiн ұғындырды.
Сәуледей жалт-жұлт еткен қағлез қимыл
көздердi топшысынан сүрiндiрдi.
Бейнелеп балғын дене дала күйiн,
жарқ етiп анда-санда қалады иiн.
Кенеттен шыр көбелек айналғанда,
тұрғандай құдды дүзде ала құйын.
Даңғаза дұшпандарша ол жұлқынбайды,
екi иық екi қол мен былқылдайды.
Дыбыссыз басқан аяқ көп бiлiнбей,
күмiсi бармақтағы сыртылдайды.
Әдептi, жоқ ешқандай ербеңдеуге,
iзеттi, болмайды он менмен деуге.
Кеткенде мың бұралып тұла бойы,
өзiнде жоқ сияқты бел мен кеуде.
Жатқандай жампоз оның сырын ұқпай,
жасайды түрлi қылық бүгiлiп, пай!
Боталап екi көзi қарағанда,
түрiнен айналасың жұдырықтай.
Арнаған ақ сезiмiн бiзге кiлең,
Шарқының шошымаған iззетiнен,
бiр күлкi кеулiмiздi қыдықтайды,
үзiлген қаразымдық қыз бетiнен.
Сол кезде серпiлдi бiр сабазың да,
жайылды менiң де алға қағазым да.
Апырмай, құлы болып мына қыздың,
кетсем бе қаңғып кәзiр қаразымға?
Аялап Шарқыда өскен гүл шыбықты,
жайылды менiң де алға қағазым да.
Хафизша мәйханада ғәзәл жазып,
кеулiмен кiм мұндайда ұмсыныпты?
Кiмдер бар мұны көрiп қуануға,
асық па ел көзiн қыздан суаруға?
Арабы әдәбынан алжаспаған,
бiр бәндә болсам ба екен бұл аруға?
Бұ да бiр болды дүния қиялдағы,
өзге ойды өзбек қызға тиям дағы.
Сол мезет гүлстанға кеттiм кiрiп,
аңсатқан басқа өмiрдей қияндағы…
1965 жыл