Ойда–жоқта шыққан ән

Сыр бойы жырауларының бір ұрпағы мен бала кезімнен бастап домбыра, баян, аккордеон, мандолина т.б. сияқты аспаптарды тартып ѳскен едім. Бозбала кезде кѳркемѳнерпаздар үйірмесінің сапында боп, аудан, облыс кѳлемінде селкілдеп жүрген кезім де кѳп болды. Со кезден бастап ән де шығара бастадым. Олардың біразы кезінде мерзімді баспасѳзде жарық кѳрді. Содан 1960 жылы профессор И.Способиннің «Элементарная теория музыки» деген атақты оқулығы қолыма түсіп, ѳз бетімше музыкадан сауат аштым. Одан кейін де музыка ғылымын тереңдете меңгермек боп, «Гармония», «Полифония», «Музыкалық шығармаларды анализ жасау», «Музыка формасы», «Музыка шығармаларының құрылысы», «Музыка жанрлары», «Әлем музыкасының тарихы» т.б. деген салаларды оқып–зерттеп жүрдім. Әр кезде шығарған әндерімді нотаға түсіріп, оларды ішінара баспасѳзде жариялағаным болмаса, денін сандыққа салып тастай бердім. Әлі де сол. Ақыры музыкалық сауатымның барлығы  1986 жылдың аяғында Қазақ телеайнасының музыка редакциясына қызметке тұруыма септігін тигізді.

1987 жылдың жазында, Қазақ телеайнасының музыка редакциясында қызмет істеп жүргенімде, семейлік құрдасым Дауыл Хайруллин деген әншінің концертін жазбақ боп,  студияға уақыт алып қойған едім. Аздан соң оның дайындығының қандай екендігін білу үшін ол қызмет істеп жүрген Қазақ филармониясына бардым. Ол бір концертмейстермен дайындалып жатыр екен. Оның алдында Дауыл менің бір әнімді айтпақ боп, оның нотасын алып кеткен еді. Мен барғанда, екі кѳзі тостағандай, орташа бойлы, толықшалау келген, бет әлпетінде шығыс қыздарына тән әлдеқандай нышандар бар бір концертмейстер келіншек менің әнімді тартып отыр екен. Ол мені кѳре сала:

— Аға, маған да арнап мынадай ән шығарып беріңізші, — деді орысшалап.

Мен оған:

— Ол… ѳзі… қиындау ғой. Сізді кѳріп тұрғаным осы дегендей,  — дедім «білмеймін» деп айтуға ыңғайсызданып.

— Мен Павлодардың қожасының қызымын. Атым Гүлнара. Сізді де, — деп сол арада ѳзімнің бір кездескенде Дауыл түспегірге байқамай айтып салған бір жәйтімнен хабардар екендігін аңғартып ѳтті.

Соны ести сала құрдасым, менің консерваторияның музыка тарихы және теориясы факультетінде оқып, маманданбағаныма меңзегендей түрмен, гүжілдеген баритон даусымен тарқылдап кеп күлді. Оның әр жағында не жатқаны, әрине, маған белгілі еді…

Содан сол түні пианиноға отырып, ойламаған жерде осы әнді шығардым да, нотаға түсіріп, сѳзін жазып, ертеңіне Гүлнараға алып барып кѳрсеттім. (Оның кәзір қайда екенінен де, қайда жүргенінен де бихабармын. Тіпте фамилиясы да есімде қалмапты).

Сол кездері бұл әнді айтсақ деген әншілер де болды. Бірақ ѳзін ѳзі дабыралауға, қыбын тауып кѳрініп қалуға, жалпы пысықайлыққа келгенде қашанда ебі жоқ мен ол мүмкіндікті пайдалана алмадым. Сол екі арада қызметтен кетуге тура келді. Сосын қол босағаннан соң, «Гүлнараның» фортепьянодағы сүйемелін жаздым да, қашанғы дағдым бойынша, сандыққа салып тастадым.

Енді пәленбай жыл ѳткеннен кейін, оқушы жұртшылыққа осы әнді ұсынғанды жѳн кѳріп отырмын.

 

Ұжымақтың ұшырасқандай ғажабына,

қарайлап қайта–қайта ажарыңа,

мен қалам бір кѳргенде бір жасарып,

барғандай Бағдаттың гүл базарына.

Қайырмасы:

Ой, Гүлнара, Гүлнара,

сенсің асыл дүрдана.

Ой, Гүлнара, Гүлнара,

жүрші жайнап, нұрлана,

Гүлнара!

Қасың бар қарлығаштың қанатындай,

жәуһарша қос жанарың жанатындай.

Ойнаса күйсандықта он саусағың,

тыңдаған мүлде есінен танатындай.

Қайырмасы.

Тарнауда тап болғандай таң нұрына,

ырзамын табыстырған дағдырыма.

Шіркін–ай, сендей болып туа берсе,

қазаққа біткен қыздың барлығы да!

1987 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *