Айлы түндер

Ақ сүйектi асығыс ала қашып,
жарысқанда көздi арбап жаға қашық,
жасырынбақ ойнауды сылтау етiп,
шағылдардан кеткенде талай асып,
ертектерiн ескiнiң тыңдағанда,
Ержан жырау емiренiп жырлағанда,
шапқыласып жүргенде айдау жолмен,
өзiмiздей жан жоқтай бар ғаламда,
күнде, күнде белгiлi келер iзбен,
күлiмсiреп, нұр төгiп төбемiзден,
Ай тұратын, ажарлы Ай тұратын,
жанымызды ұққандай жәй тұратын.
Соның ғана көзiнше ең құпия
сырларымыз қыздарға айтылатын.
Сонау, сонау жылдары… бала кезде
қарағанда жалтақтап қара көзге,
қызыққанда қыздардың қылығына,
телмiргенде тоқпақтай бұрымына,
қызғалдаққа қызығып таласқанда,
жымыңдаған жұлдызды санасқанда,
разъезге мектептен қайтқан шақта,
қараған көз жаныңды шаңлатқанда,
бiр ботагөз ыстық жас парлатқанда,
iшкi сырын аңлаусың аңлатқанда,
ұмтылғанда қыздарға қармақты ала,
ойњой, дүния, Сыр бойын арбап қана,
төбемiзде кермиық Ай тұратын,
Ай тұратын, жарқырап жәй тұратын.
Бұ бәндәның ең қымбат ыстық сөзi
соның ғана көзiнше айтылатын.
Оны бiрақ мен жете бағаламай,
нәр жинамай, гүл таппай бал арадай,
алдымдағы асығып мұхиттарға,
дауыл аңсап, ұшыппын шағаладай.
Сүйтсем, талай түндерiм зуылдапты,
зуылдапты, сездiрмей сыр ұрлапты.
Базарына жастықтың енгiзе сап,
балалықтан кеттiң деп сыбырлапты.
Алайда оның бiлмеппiн, байқамаппын,
талайлардың дағдырын қайталаппын.
Алаңғасар жастықтың арбауымен,
асығыстау артық сөз айта саппын.
Кейде өнбейтiн дауларға жүгiрiппiн,
кейде қажып, тiрлiктен түңiлiппiн.
Кейде ақылың жетпейтiн тереңдерге
салмай сырық, селқостау үңiлiппiн.
Ол iсiме ақыры опындым да,
жол бермедiм дегенмен нөпiр мұңға.
Таразылап барымды, кенет бүгiн
терезеге көз тастап отырдым да,
Айды көрдiм!
Баяғы Айды көрдiм!
Ақ дидарлы аялы Айды көрдiм!
Көрдiм дағы, еске алып пәк кеуiлдi,
кеудемдегi ақтарып дәптерiмдi,
көп еске алдым ұялшақ қара көздi,
жоқтай бердiм бұлағай бала кездi.
Есiме алдым алғашқы махаббатты,
айыптадым өр кеулiм — сотанақты.
Есiме алдым балларды дуылдаған,
есiме алдым жастықты шуылдаған.
Солар бүгiн…
өткенге айналыпты,
шат күндерiм дарияша қайда ағыпты?
Қызық қуған кезiмде… бәрi қашып,
көк аспанда теңгедей Ай қалыпты.
Мен, әйтеуiр, жүрiппiн тiрлiк етiп,
байқамаппын бараатқан күндi де өтiп.
Алыстағы арманға алаңдаумен,
тосқан кезде қыз ернiн үлбiретiп
сүйе алмаппын…
Заулапты бала шағым,
жоғалыпты жорғалап тамаша күн.
қаны тамған екi бет тартқан солғын,
бояуынша тұтылған алашаның.
Қандай күш бар сол кездi қайтарардай?
құлазиды кеулiм жәй таба алмай.
Тиiп қашқан қу қыздар құйқылжиды,
жан түбiнде жатқанды байқағандай.
Кейбiреуi өте сонша тамсандырып,
кейбiреуi кетедi сарсаң қылып.
Кейде ойлаймын бұ дүния ду етер деп,
қу қыздардың бiрiне салсам құрық.
Сырын сүйтiп бұ шақтың алсам бiлiп,
кәнизәкка, тыңдасам, ән салдырып,
алшаң басып, маяша, алшаң жүрiп,
нағылады тiрлiкте салсам бүлiк,
десем, бiрақ тұрақсыз Айлы түндер,
зымырайды пырақсыз Айлы түндер.
Шын сынайды сұрақсыз Айлы түндер,
соны ескермей бiрақ бiз, Айлы түндер,
қара суша тiрлiктi ағылдырып,
екi аяқты сан жаққа сабылдырып,
көк көйлекке кеулiңдi табындырып,
қызды көрсең, қалғандай жаның кiрiп,
ерсi iсiңнiң көрместен бәрiн бүлiк,
қу нәпсiнiң қалмақ боп қамын қылып,
сұм бiр сезiм ақылды жаңылдырып,
қыз етегiн тiрлiкте тәңiр қылып,
желе-жортып жүргенде, Айлы түндер
жалт етедi, тағы да сан ұрдырып.
Сенiң сонда жаныңды қайғы тiлдер,
ұға алады сол жампоз жайды кiмдер?
Сенi қаққан бақайдан, Айлы түндер,
құтқармай не қоқайдан Айлы түндер,
қайта тағы орнайды әжуалап,
айнымайтын топайдан, Айлы түндер,
ес жиғанша, тағы да зау етедi,
қолда тұрмас, о қайран, Айлы түндер!
Айлы түндер, назарлы Айлы түндер,
қызығы көп, базарлы Айлы түндер,
ала бершi мазамды, Айлы түндер,
дат баспайтын ажарлы, Айлы түндер…
 

1965 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *