Қалпың-ай, құм iшiнде дызақтаған,
сапарға ертең алыс, қыз, аттанам.
Құлақта қалып мәңгi күмiс даусың,
өзiңнен… бiрте-бiрте ұзап барам.
Кеулiң бар сапарымды ұнатпаған,
бәрi бiр мен өзiңнен тұрақ табам.
Көздi арбап басыңдағы шәйi орамал,
ойымды өзге жанға құлатпаған.
Бiлмеймiн, ұят сенi тұсады ма,
арбалмай тым алысқа ұшарыңа,
ұялшақ, инабатты, қазақы қыз,
енбейсiң есiң кете құшағыма.
Бұл өзi бiз сыйлайтын қыз ары ма,
ол әлдә ескi заңның дұзағы ма?
Күн сүйген маңдайыңнан иiскетiп тек,
дейсiң бе бiр жобаны бұзады ма?
Қалпың жоқ бiрақ қатты арбасардай,
келiпсiң бет боямай, сәл жасанбай.
Әзәлда бiткен ажар алтынмен тең,
олжа емес ол таласып-тармасардай.
Жүргенде, жаным, сенен жерде шалғай,
ойлама басқа жәйттi қамдасардай.
Сенедi адалдыққа аңқау кеулiм,
барамын бiтеужара таңба салмай.
Жiгiтке болған қызық бұл да үнемi,
несiне сол үшiн жұрт дүрлiгедi?
Тұрғандай қолда кәзiр дағдыр бiздi
қоса ма, қоспайды ма, кiм бiледi?
Ол бiрақ нәпсiнi аңдыр құрғыр едi,
сол үшiн талай сырбаз сүрнiгедi.
Залал ғой асыл заттың байлау бағын,
сарымайша жөн сақтаған сырды үнемi.
Аттанам ертең, жаным, Алматыға,
айналсам деймiн жырдың солдатына.
Ыстығын Сыр бойының салған орап,
абайлап қарағайсың әр хатыма.
Қазалы қудан талай қалған тұнба,
жүргейсiң жоламай не салдақыға.
Шыдатпай өр омыраудың отты лебi,
шаланың қанбағайсың шәрбатына.
Үрлесе өзiң ұшпас үр қызындай,
болып ең бағымды ашар жұлдызымдай.
Кеулiңдi құр кеудеге бере көрме,
мәңгiлiк бол да менiң қырмызымдай.
Жарқылдап, қашанғыша жүр сызылмай,
кеулiм де сенген соған тұр бұзылмай.
Жайлаудай жат жайлаған жұтамасын,
елтiрi қара бұйра құндызымдай.
Соны ойлап, жанды жылы жыр желпедi,
құшпасын қазалының бiр тентегi.
Үрдей қыз, сонша неге қымсынасың,
тамылжып, тамаша боп, бер кел тегi!
Сарт етсе қапияда сұм келтегi,
қашады кеуiлдерден мүлде ертегi.
Тең деген қалған кеуiл шыққан жанмен,
кеулiмдi менiң сонда кiм серпедi?
Бетi әрмән! Ойла тiрлiк жақсы жағын,
жарайды, бола қалсам хас қыраның.
Ар-ұят әзәлында — Алла сыйы,
сол менiң бұ тiрлiкте басты ұраным.
Қоймайды алмай кейде қасқыр аңын,
ойлама ондайлардың ылас тұрағын.
Жүрсең де қай жанабта, аман болғай,
мен сенi тығдырыңа тапсырамын…
10.06.1965