Сырдың жайлы жазында…

Сырдың жайлы жазында,
түндерде Айлы, жұлдызды,
жарасып бар назың да,
сүйiстiрген кiм бiздi?
 

Бұл қызыққа — пара пар,
сен шошыдың тағыдай.
Жанда тұрды — қара тал,
төбеде тұр толық Ай.
 

Мен ұмтылдым лепiлдеп,
сен қымсындың қорғалап.
Бара жатты бетiңде
бiр тамшы жас сорғалап.
 

Көрiп соны, селт еттiм,
iштей сенi қатты аяп.
Үйге қарай мен кеттiм,
сүйiлген қыз жоқтай-ақ.
 

Сен жолшыбай жабығып,
күнә, дедiң, бұл анық,
Сен қоштастың қамығып,
мен қоштастым… қуанып.
 

Жүрдiң содан сыр бермей,
болмағандай ештеме.
Жоқ жағдайым күлгендей
күндiзде де, кеште де.
 

Бола алмадым бақытты,
өттi арада қанша күн.
Тасасынан уақыттың
кенет… сенi аңсадым.
 

Мұны ұқпадым өз басым,
қалдым сасып, қайбарып.
Елестедi көз жасы,
түн мен жұлдыз, Ай жарық.
 

Ол кез ендi оралмас,
келмес артта қалған күн.
Ұқтым сонда мен алғаш,
сырын пәни жалғанның.
 

Бiздер өмiр сүремiз,
жақсы көрiп, жек көрiп,
Алдық тағы, мiне, бiз
жақсы сәттi өткерiп.
 

Жатқан жанда бұл да зiл,
жүру қиын ұмытып.
Сондай сәттер жүр кәзiр
кеулiмдi аздап жылытып…
 

13.01.1965

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *