Арқаның алтын аруы

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсында, Қазақ телеайнасының музыка редакциясында қызмет істеп жүрген кезімде, бірде «Жазушы» баспасына бара қалып ем, дарынды шайыр Бекен Әбдіразақов ағамыздың жұптысы, «Мектеп» баспасының белді бір қызметкері, сырбойылық Қазына апамыз қолымнан тас қып ұстап алды да,  зорлағандай ғып ѳз кабинетіне әкелді. Ішке кірсем, кѳзілдірігінің шынысының дѳңестігі тѳңкерілген қазандай, бір ақ сары қыз майда әріптермен терілген әлдеқандай қағазға шұқшиып отыр екен. Оның арқа жағында домбыра тұр. Апамыз орнына отырар отырмастан әлгі ақсары қыздың ән айтатанын баяндап ѳтті. Сол екен, кѳзілдірігінің әйнегі тѳңкерілген қазандай әлгі ақсары қыз алдындағы қағазды ысыра салды да, домбырасын қолға алып, Арқаның неше алуан сырлы әндерін, ал кеп, аңыратып берсін! Соны кѳріп, мынадай ѳнерлі жанның қансыз-сѳлсіз қу әріпті кеміре-кеміре қатып-семген кәрі қақсалдар ғана қызмет ететін, ѳнер атаулыдан аулақ жатқан  мынадай баспада жүргеніне қайран қалдым. Ізінше жѳн-жобасын сұрастыра келе, оның Қызылжарлық, белгілі жазушы Зейнелғаби Иманбаевтың қызы екенін, Алматыдағы ѳнер және цирк студиясын бітіргенін, амалы жоқтықтан, баспада кіші редактор боп жүргендігін білдім. Содан кѳп ұзамай бір ретін келтіріп, студияға жарты сағатқа уақыт алдым да, Алтын Иманбаеваның жеке орындауындағы телеконцертті жаздым. Алтынның ѳнердегі үлкен старты болғандай оны эфирде біраз уақыт қайталап бергіздім. Аздан кейін ол Қазақ радиосына қызметке ауысып, ѳзінің әншілік ѳнерімен қатар, қабілетті жорналшы екендігін де кѳрсете бастады.

Бүгіндері оның ѳнер мен журналистикадағы ѳткен жолын ойша шолып қарап отырсам, қабілетті жанның екі саланы да жақсы алып жүргендігін кѳргендей болам. Ең басты айта кетерлігі,  Алтын Арқа әндерінің сыршыл сазын бойына жастайынан сіңіріп ѳскен, халықтың қалың ортасынан шыққан лирик әнші. Бұл арада мына бір жағдайды ескере кеткен жѳн. Бізде Кеңес заманының салтанат құрған алғашқы кездерінде, Европа ѳнерін әсіре ұлықтаудың салдарынан, оған еш қатысы жоқ, орындау үрдісі де, мелосы да мүлдем жақындамайтын аз халықтардың вокалын сол стандартқа зорлап жақындату, басқаша айтсақ, қаймағы әлі бұзыла қоймаған ѳнердің табиғатын белден басып, оны бұзып, «европаландыру», «орыстандыру» үстем болған еді. Бұған, біріншіден, сол кездері консерватория білімін алып, маманданбаған әншілеріміздің болмағаны әсер етсе, екіншіден, қай жерде бір кѳзе алтынның тѳбесі кѳріне қалса, сол жерге тап ете қалатын, қазақ түгел, орыс халқына да еш қатысы жоқ, «интернационализмді» ѳтірік ұран етіп ұстанған, әлдеқандай келімсектердің қаптап кетуі де зор әсер еткен еді. Оған енді тілі жақындау болғанымен, мәдәни үрдісі де, салт-санасы да, тұрмыс-тіршілігінің қалпы да мүлдем алыс жатқан, тек қана «түркі» атауын жамылған әлдеқандай елдердің ѳкілдерінің үстемдік етуін қосып кѳріңіз! Қысқасы, біздің мәдәни ѳмірімізде Брусиловскийдің «басмачтары» мен Хамидидің «козактары» билік құрып, қазақ халқының мелосы мен орындау үрдісін шетқақпай ете бастады. Соның нәтижесінде не қазақ емес, не орыс емес, Еділ бойының сандуғашының сайрағанын салам деп әлекке түскен, қазақ даласының бозторғайынан хабары да жоқ, сайын сәһрамыздың самалының ыссы лебі бойларына сіңбеген әлдеқандай әулекі әншілер асқақтата дәріптелді. Кәзірде де сол. Оның есесіне халқымыздың ғасырлар бойы кѳздің қарашығындай етіп сақтап келген ән айту үрдісін ұстанған Ж.Омарова, Р.Есімжанова, Р.Қойшыбаева сияқты нағыз тума таланттар қолдан шеттетілді. Брежнев заманында олар мүлдем ұмыт болды. Тек қана ұлт саясатының бір кѳрінісі ретінде ѳз ѳзін домбырамен сүйемелдеп айтатын әншілердің үрдісі жалғастырылған болды. Ол да, кѳп жағдайда, сыртқы декорация, шырайсыз шымылдық ретінде ғана ұсталынды. Оған қоса бізге әлі де онша таныс емес эстрада ѳнерін мүлдем теріс, тайыз, дүмшелікпен түсінудің салдарынан, қазақ мелосына мүлдем жат сорақы жағдайлар сахнадан түспей қойды. Басқаша айтқанда, «шыбжыңдаған шібіштер» мен «шошаңдаған шайтандар» ұлт вокалының быт-шытын шығарды. Үлкен-үлкен ресми концерттерге халқымыздың бұрын-соңды үрдісінде болмаған, қазақ топырағында бастауы да жоқ, белькантоға еліктеп, ауыздарын дѳңгелете ашып ән салатын, бет-ѳңінен ұлтының репеті де байқалмайтын оңаза опера әншілері мен есерсоқ эстрадашылдардың дүңкілдеген дәуірі басталды. Ресми атақ та, үлкен-үлкен сыйлық пен неше түрлі шылдырмақ та соларға берілді. Сол тұстары «сәбет халқын» жасаймыз деген ѳрескел талап, одақтас басқа мемлекеттерге қарағанда, қазақ мектептері жаппай жабылып, ел ана тілін ұмытып, орыс тіліне кѳше бастаған Қазақстанда, ѳйдәй, адам айтқысыз қарқынмен салтанат құрды!  Бір сѳзбен айтқанда, сол кездері қалай орысша білмесең, үлкен қызметке тұра алмайтының сияқты, ұлт вокалының үрдісін ұстансаң, солайша шетке шығып қалатының анық бола бастаған да еді.  Міне, осындай қолайсыздау кезеңде ѳнер табалдырығынан аттағандарды, бір тараптан, онша айыптай қою да қиын. Мұндай жағдайда ретін тауып ұпай жинап қалуға тырысатын, ауыздығымен алысқан, арқырағыш азбан сияқты айғайшылдар мен ұраншылдар емес, нағыз отаншылдар керек. Ал ондай ѳрелі жандар Бағдат шәһарының кейінгі замандарға зәру болар зергерлеріндей үн-түнсіз жұмыс істейді. Алтын да сондай бола білді. Ол орындаған «Маңмаңгер», «Жалғыз арша», «Үшқара», «Әпитѳк», «Сырымбет», «Әупілдек», «Майдақоңыр», «Перуайым» және де басқа Арқа елінің әндері ѳздерінің алғашқы қаймағы бұзылмаған қалпында кѳрінді. Оның орындауында сол кездері оркестрдің сүйемелдеуіне сүйеніп, ауыздарын арандай ашып, тіл мен кѳмейін кѳрсетіп,  арылдай жѳнелтін қолайсыз нәрсе мүлдем жоқ. Жалпы қазақ халқының бұрынғы әншілеріне дыбыс шығаратын аппаратты қалың кѳпшілікке бадырайтып кѳрсететін антиэстетизм мүлдем жат болатын. Алтын да осы шартты табиғи түрде ұстанған. Оның сызылып шыққан даусында жұмсақ тембр, құлаққа жағымды үн, орнымен қолданылған мелизмдер бар. Кей-кездері қашаннан «арқалы әншінің қолғанаты» деп түсінілген қара домбыраның қызметі сәл-пәл оралымсыздау, икемсіздеу боп шығып жатқанына қарамастан, сыршыл дауыс тыңдаушыға басқаша түрде әсер етеді. Ол ѳз ата-бабаларының ән айту үлгісін кѳргендей, нағыз қазақы «қара дауысты» тыңдап отырғандай бір әдемі әсерде болады. Ал қандай да болмасын, ұлт ѳнерінің негізгі сиқыры да, ерекшелігі де дәл осында жатыр. Мен бұл арада дикция жағын айтқым да келмейді, ол Алтынның жаратылысында әзәлынан жетік, кемел. Басқаша айтқанда, оның «орыстанып» кеткен «операшылдарымыздай» боп, «і-нің» орнына «и-ді», «ѳ-нің» орнына «о-ны», «ә-нің» орнына «а-ны» аңырай созатын, Еділ бойының бұлбұлдарына бойсұнып, есіре еліктеп,  шиқылдай жѳнелетін шалағайларымыздай болмайтыны да сондықтан. Бұ жерде оны нағыз ұлт әншісі етіп кѳрсететін тек қана ѳзін ѳзі домбырамен сүйемелдеуі де немесе бұраңбел ғып керсететіндей қосетекті, бүрмелі ақ кѳйлекті киіп шығуы да емес (әрине, олардың да атқаратын ѳз қызметі бар,– Б.А.), таза, еш қоспасы, ешқандай да «синтезі» жоқ, мұнтаздай қазақы жан дүниясында жатыр. Басқаша айтқанда, ол басқа тілде емес, тек қана қазақша ойлайды, не нәрсені де шынайы қазақы жан дүниясымен ғана қабыл алады. Осындай бір тұста, кейде, менің басыма Алтын татардың «Тәфтиләуін» орындаса, не болар еді деген ой түседі. Әрине,  «Тәфтиләу» татари «тәфтиләу» болмай, нағыз қазақы «қатты илеу» боп шығар еді. Мұның түп негізі музыкалық инстинкте, руһани ген мен нәсілде жатыр. Бұған керісінше, біздегі «татарилар» қазақтың халық әндерін орындағанда,  мен олардан Сарыарқаның ыстығын емес, Қама бойының қаһарлы ызғарын сезіп, «Қара Иван» атам заманда-ақ жаулап алған аймақтарға барып қайтқандай болам. Турасын айтқанда, қанша тырысқанымен, ол орындаудың барлығы да қазақы емес. Оның есесіне Ж.Омарова мен Р.Есімжановалар орындаған әндерді тыңдай қалсам, қазақы ауылдың ажарлы қыздары сахнаға шыққандай жатырқамай қабыл алам. Алтын да сондай. Мұның екінші бір басты себебі, Арқа әндері – Алтынның ѳз жаратылысы, ѳз табиғаты,  ѳз стихиясы. Ал адам баласы әзәлдә нәсіліне берілген қасияттардан ѳмірі арыла алмайды. Ол тіпте мүмкін де емес.  Жалпы одан құтылам деп тыраштанып жатудың қажеті де жоқ. Бұны, қарапайым тілмен айтсақ, қарға бұлбұлша, бұлбұл сауысқанша сайрай алмайды. Үйтуге олардың қай қайсысының да дыбыс шығаратын аппараттары сәйкес келмейді. Егер де, ғайыптан тайып, адамизат тілін үйренген Африканың бір арыстаны біздің опера театрының сахнасына шыға сап, Тѳлегеннің ариясын айтып тұрса, не болар еді? Сѳз жоқ, Қыз Жібектің партиясын орындап тұрған әнші табан астында сеспей қатар еді! Ал біз мұндай ѳрескел жағдайдан қорықпаймыз. Шырқап салар даусымыз бар екен деп, үрдісі, салт-санасы т.б. қандай халық екендігіне қарамастан, ѳзімізді қолдан қинап, тілімізді бұрап, сол жаққа қарай икемделіп, әр түрлі елдің әнін салғанды озаттық пен жетістік кѳреміз. Осы тұрғыдан алғанда, ѳз басым Алтынның «Ах, Самара-городокты» айтпағанына іштей шүкіршілік етем. Оның «Ах, Самарасы» – Сарыарқа! Сол Сарыарқада сайран салған сал-серілердің әндері!  Бұл жағынан алғанда Алтын, әнші ретінде, басқа қатарластарынан бѳлекше тұр. Бұған оның Қазақ радиосының алтын қорында жатқан жүзден астам әні бірден бір дәлел. Әрине, бұл арада жалпы музыкада сәл-пәл бір жақтылау монодиядан гармониялық ойлауға кѳшіп отырған заманда, бір ғана домбырамен ѳзін ѳзі сүйемелдеудің кѳп жағдайда «әншінің оншалықты қолғанаты» бола бермейтінін, кей кездері оның дауысты барынша табиғи етіп, түу тереңнен шығаруға келгенде кедергі келтіретінін, кѳп ретте әншінің вокалы мен музыканттығының тең түсе қоймайтынын, жалпы замана ѳте келе вокал мен аспапта орындаудың бір бірінен енші алысқанын айта кеткен жѳн. Мұны басқаша айтсақ, жеке домбыра мен оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған халық әнінің ажары да, етер әсері де, мелодияның естілуі де мүлдем бѳлек. Осы жағдайды Алтынның ѳзі де сезетін сияқты. Ол бірнеше халық әнін оркестрдің сүйемелдеуімен де орындады. Сол екен, жаңа ғана Сарыарқаның сары алтынындай боп кѳрініп тұрған Алтын, аяқ астында Қызылжардың күміс реңкі басымдау басқаша бір гәуһарына айналып кеткендей боп байқалды. Әрине, бұл халқымыздың домбырамен сүйемелдеп ән айту үрдісін тәрк ету деген сѳз емес. Керісінше, оны жаңа заман дәстүрімен жалғастыра, ұштастыра  білу керек деп түсінген жѳн.

Алтын дәстүрлі әнші бола жүріп, музыка журналистикасы саласында да кѳп шаруа тындырды. Әсіресе, оның радиохабарлары, радиоконцерттері мен радиосұһбаттары білімдарлығын, ѳзек етіп отырған мәудууатын (объектсін) жақсы білетіндігін, баяндау мен сұрақ қоярда такт сақтай алатындығын, автор мен сѳзге тиек боп отырған кісінің арасындағы кѳзге кѳріне қоймайтын шекарадан аспайтындығын, оны кѳп ретте сездірмейтіндігін, жалпы мәдәниятының жоғарылығын тайға таңба басқандай етіп кѳрсетеді. Бұл бір. Екіншіден, осы радиохабарлардың ауқымы қандай кең десеңізші!  Мұнда не жоқ,– бәрі бар! Оларда қазақтың атақты-атақты азаматтарынан бастап бүгінгі танымал боп жүрген ѳнерпаздарымызға дейін қамтылған! Осы арада сұңғақ бойлы талдырмаш қыздың радионың салмағы бір түйеге жүк боларлық диктафонын арқалып жүріп, сонау С.Мұқанов, Ж:Елебеков, Ш.Қалдаяқов, М.Маңғытаев және басқалардың сѳйлеген сѳздерін қалай жазып үлгеріп алғанына қайран қаласың! Кеше ғана арамызда болған, бәріміз кѳріп, амандасып, тілдесіп жүрген  олар бүгіндері жанды тарих, жанды шежіре сияқты бѳлекше бір әсер етеді. Сол хабарларды қайтадан тыңдап отырып, ѳткен заманның руһын, лебін сезгендей боласың. Егерде әлдеқандай қалталы бір қырымпоз осы хабарлардың басын қосып, сыртқы түрін алтынмен аптап, күміспен күптеп, екі иығына екі үкі қадап, барынша безендіріп, осы заманғы компакт-дискілерге жазып, қызық бір сауда талабын жасаса, сѳз жоқ, бір жылда-ақ атақты Рокфеллердің қатарына жетер еді.

Бүгіндері Қазақ радиосының Алтын қор дейтін арнаулы бѳлімін басқарып отырған әрі әнші, әрі радиожорналшы Алтын Иманбаева ән айтуын азайтса да, музыканы дәріптейтін, насихаттайтын радиохабарлар жасауын азайтқан жоқ. Бұл оның табиғатына сіңген қасият. Оның орындаған қай әні де, жасаған қай радиохабары да ұзақ ѳмір жасайды. Бұ жағынан алғанда, қазақ халқының перзенті ретінде ѳз парызын әл-қадарынша атқара білген Алтынды, ѳз арамызда әзілдеп айтуымызша, «сары алтындай» Алтын Иманбаеваны, нағыз Арқаның алтын аруы бола білді деп айтуымызға әбден болады.

21.02.2012                               

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *