Далаға барсаң сағына…

Далаға барсаң сағына‚
қорымды тозған көресiң.
Бабаның өскен қанына
қызғалдақтардың белесiн‚
 

селеулер жапқан адырды‚
тақырды тартқан талай сын‚
сылаңдап аққан сағымды
жаныңа жақын санайсың.
 

Аттансаң әрi одан да‚
аптығы жатқан басылмай‚
бөленген Сырды көгәлға‚
даланың аққан жасындай
 

көзiңмен көрiп‚ лайлы
iшесiң суын мейiрмен.
өлкеге мынау шырайлы
өзiңдей жас та кейiннен
 

келедi‚ сосын кетед деп
ойлайсың. Мұның бәрi рас.
Арманы жүрген жетектеп
бiздердi олар танымас.
 

Бiрақта айтар әр адыр
болған деп мұнда бiздердi.
Бiлсiн деп ұрпақ даланы‚
дарияны‚ нуды‚ сыз жердi
 

өзгерткен жоқпыз. Кетерде
әркiмнiң етер арманы —
кейiнгiлер құтты мекенге
қожа боп жүрсе‚ — болғаны.
 

Бiз жайлы солай кезiнде
ойлаған шығар баба да.
Борышын мәңгi сезiнген
ұрпақтар құба далаға
 

келедi‚ тынбай кетедi‚
мәңгiлiк заңмен жердегi.
Шығырша мимырт өтедi
уақыттың тiзбек керуенi.
 

Бiрiмiз бiз де солардың…
Не iстедiк? Айтар өзгелер.
Пайдасын көздеп қоғамның‚
жазбасақ‚ не еттiк‚ сөздi егер?
 

Бәрiнен қиын мына сын‚
тiрлiктен күйкi безiнiп‚
далаға барсаң‚ — тұрасың
өзiңдi қазақ сезiнiп.
 

1966 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *