Қалған кезде көк тепловоз қышқырып…

Қалған кезде көк тепловоз қышқырып,
әлденеге ұмсынып, кеп ышқынып,
қысылса да ол, қалды ақшаны бiр буат,
саусағымның арасына қыстырып.
 

Шошып қалдым. Жетпек себеп үркуге‚
қалыңмалдың күнi өттi ғой бұл күнде?
Адасты ма ол менi ұқсатып басқаға,
сатып алу… күйеулердi мүмкiн бе?
 

Әлде бар ма дегiсi оның “ептедiм”,
әлде ойының осы ма едi жеткенi?
Ойбай, менi ол кәдiрлi бек деп пе едi?
Ешкiм әлi сатып алған жоқ менi!
 

Бар ма ойыңда алдап менi қатыру?
Алданғанша, кеткен жақсы татып у.
Талайларды алдап соққан қыздар көп…
Талайларды алдап соққан сатылу.
Оның түбi өкiну не атылу!
 

Бұ да сондай! Ол да бастап сол дауды,
жатыр жасап, жорта күлiп арбауды.
О жасаған‚ Қазалының вокзалы
көрдi қанша сатылу мен алдауды?!
 

Мен де соның айналам ба жемiне‚
кетсем бе екен дәруiш боп жөнiме?
қысыла-қысыла ол ақшаны керi алып,
бұрынғыша қарамады емiне.
Ұқсатты ма менi қияли перiге, —
ол қалды ендi аяқ асты керiле.
 

Керiлгендей болдым сонда мен дағы,
жерiнгендей болдым қыздан қолдағы.
Дiрдектеттi сақырлаған сары аяз,
сатылмастар бұ тiрлiкте қалай аз?
 

Мен өзiмше көрсеткен боп iзгiлiк,
жолды неге қоям бұған бұздырып?
Қушық бетiн баттастыра бояған
дәл осындай қалды ма әлде қыз құрып?
 

Десем дағы, маған жақын жоқ бұдан,
таңырқатты татқан түнде тәттi дәм.
Көзiм алды неге кәзiр көк тұман?
Мына қызға неге сонша соқтығам?
 

Жүргенiмде, өзiмше, бiр қатырып,
қалдым ба әлде шырмауыққа шатылып?
Сатылмаймын десем дағы айқайлап,
жоқпын ба осы тұрған үнсiз сатылып?
 

Пойыз жүрдi. Айпан, құрсын қалғаны…
алды алқымнан тiршiлiктiң заң жағы.
Сатыласың сен де ақыры дегендей,
қалды күлiп… Қармақшының вокзалы.
 

1966 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *