Махаббаттың жоқ кiшiсi‚ үлкенi…

Махаббаттың жоқ кiшiсi‚ үлкенi‚
адамдарды қинап бiттi бұл тегi.
Әртiс құсап өлiп-өшiп жатқандар
махаббаттың шын үлкенiн тапқан ба?
Бiр бiрiне үнсiз тiлек ұсынып
жатқан жандар көрсеткен бе кiшiлiк?
Мен осыған өмiр-бақи сене алман‚ —
адам сырты iшке жау боп жаралған.
Жұрт көзiнше өлiп-өшiп талайлар‚
зина жасау — бар арманы қалайда.
Ондайлардың жарын салып түрлi отқа‚
жеңсiк асын татып-ақ жүр курортта.
Қылмысты ашпай кабинетте мелшиген
не сылқымның жамбастары жер сүйген.
Күнә жасау аспен бiрге түстегi —
байды алдайтын сылқымдардың iстерi.
Көзiң болса анық соны көруге‚
махаббатты жөн бе жiкке бөлуге?
Бар ма үлкенi не кiшiсi күнәнiң‚
махаббат па таппай жүрген тұрағын?
Махаббаттың ортасы артық онан да‚
алтын орта бiзге бақыт болар ма?
Бiрақ‚ бiрақ… сылқымдар көп желiккен‚
күйеуiнiң көзiн шөппен кемiткен.
Одан бетер ойқастап жүр ерлер де‚
барлығы мәз жерден күнә тергенге.
Бола тұрып махаббаттың жауызы‚
оны айтуға бармақ қалай ауызы?
Бiле алмадым. Сезiм жаппас сiрә тон‚
сынай қарап‚ тұр мұңланып Платон…
 

1966 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *