Әй‚ зәнталақ‚ адырайып соқпа заң…

Әй‚ зәнталақ‚ адырайып соқпа заң‚
сенсiз дағы бұ тiрлiкте жоқ мазам.
Неге дейсiң? Таңдануың ғажап-ақ‚
осы негең жатыр менi мазалап.
Одан басқа сұрақтар бар көптеген‚
түссе ойыма‚ — түн ұйқымды төрт бөлем.
Қарап тұрсам‚ заманың шабысы
жатқан жортақ‚ бар ма соның мәнiсi?
Көз ұшында тұрған баққа жетем деп
неге бiздер тыншымаймыз тепеңдеп?
Жамандардың биiк неге далбайы?
Ер неге қор кере қарыс маңдайы?
Арландық па жаманға iсiң түскенге‚
отырғызған кiмдер оны үстелге?
Жиылғандай Алматыға шайтан бар‚
неге қорлап жүр жампозды сайқалдар?
Әйел тегi асылына тарта ма?
Қыздар неге көп қарайды қалтаңа?
Сонда… арман‚ саф махаббат өлген бе?
Азамат па ақшасы көп көр кеуде?
Бұ сұрақтар берiп маған азарды‚
май iшкендей бiтедi алып мазамды.
Тiршiлiктiң тиып тастап не шуын‚
тапсам деймiн сол жұмбақтың шешуiн.
Соны бiрақ жүрмiн әлi таба алмай‚
мен бiр шөлде жүрген шалыс адамдай.
Қиялым да шабан аттай тым арық‚
кiм бермекшi сол есептi шығарып?
Жебер ме екен Хорезми‚ Бируни?
Хәййәмда да болды ма екен бұл бiр күй?
Соны шешiп‚ оң жол салсам жаһанда‚
ханиф болып‚ ұжмақ дәмiн татам ба?
Айта көрме! Ұйқы көрмей‚ жазасыз‚
қызық па екен кешу тiрлiк мазасыз?
қой‚ зәнталақ‚ осы қалпым ғажап-ақ‚
жөн жүргенiм өзiмдi өзiм… мазалап.
 

1966 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *