Алматының бағзалында тұмардың…

Алматының бағзалында тұмардың
таққан несiн қызы жатыр сығанның!
Алақанмен жапқан сайын ол бетiн,
жабық жаққа қарауға тым… құмармын.
 

Деймiн, түрi оның қандай көлгiр ед?
қарасымен ол бойымды болды iреп.
Тұр көздерi тұнық суша мөлдiреп,
мөлдiретуге маған да көз келдi рет.
 

Мұндай кезде қиын өзi шыдамақ,
әлде шаруа жасасам ба бiр ағат?
Ол, шамасы, маған болып ұнамақ,
көп қарайды қолы астынан сығалап.
 

Қыз қараса, оны мен бе сыйламас,
мына жағдай емес пе өзi мүлде оғаш?
Болып тұр ма iш жағынан ол аң-таң,
қайдан келiп қалды, деп, бұл бұйра бас?
 

Ойлайды ма әлде: «Тұр, — деп, — нағып ит?»
Алды есiмдi шаманға тән тағы күйт.
Компас тiлiн тiлсiз өзiне тартатын
көзi құдды ми мәңгiртер магнит!
 

Тұрмын өзiм, бiлсем де оны, арбалып,
қалғым да бар қызық үшiн алданып.
Екi иықты былқылдата би билеп,
кетсем әлде скрипка қолға алып?
 

Үйту қайда? Сәл түшкiрсең, тың тыңдар
замана мен жасқаншақтау жұртым бар.
Қосамын деп жүргенде оны, жем болсам,
құнымды ертең кiмдер даулап, кiм құндар?
 

Бұл да бiзге салған тарих әуресi…
Мына қызды-ай! Менде сонша бар несi?
Тұла бойды шықты мiне тiнткiлеп,
көзi құдды рентгеннiң сәулесi!
 

Мен арбалдым! Қыз да келдi жақындап…
Бiрдеме деп, күледi, өй, бiр сақылдап!
Қолы оралды мойыныма, қойыныма…
Бар бәдәным барады от боп лапылдап…
 

Дегенiмше содан естi мен жиям,
көргендеймiн қызық түстi дермиян…
…Былай шықсам, — қалтам ада! Жоқ бопты
алған кеше лениндiк стипендиям…
 

1966 жыл, Алматының вокзалы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *