“Тесiк моншақ жерде қалмас”, — мақалың
қай аузынан шыққан екен атаның?
Көргендерiн қалдырды ма кейiнге,
қара шалдар сипап қойып сақалын?
Кiм бiлiптi? Кердеңдеген, құба қыз,
көрiспедiк соңғы кезде жүдә бiз.
Неге жаның бiз сұққандай шұрық тесiк,
адалдықтың болғаны ма құр аңыз?
Тесiк шелек, тесiк кесе дұрыстап,
тұра алмайды мөлдiреген су ұстап.
Куә бол деп әрбiр жыра, әр таса,
махаббатты шашып па едiң уыстап?
Оның соңы оңды бола қойды ма?
Жерiк кеуiл желiгуден тойды ма?
Шоршып түсiп, басыңды сәл шайқайсың,
айыбыңды алмастан еш мойныңа.
Заман осы! Айыптаймын несiн мен?
қу тақырдай кербаз кеуiл көсiлген.
Шындығында кейбiреуге қардар-ау
қу моншақ та қырық жерiнен тесiлген.
Мен басқамын. Тон қолайсыз жұрт пiшкен.
Сыртқы ажарды бұзып, бүлiк шықты iштен.
Мен қалайша кәдiрлеймiн моншақты
сан тесiлген, өзегiне құрт түскен?
Қой, кетейiн. Қалды қабақ түйiлiп.
Күнәң үшiн жүрем де iштей күйiнiп.
Жерде жүрмей, жерде жатса шаң болып,
тесiк моншақ бермес опа тыйылып…
Егер тұрса ол еншiсiне бұйырып,
алар оны аңқау бiреу иiлiп.
Мен басқамын, тесiгiнен моншақтың
қарамашы, қарамашы қиылып…
1967 жыл