Көрсетiп iштiң тарлығын,
атақты болсын ол мейлi,
адамның жазғыш барлығын
өзiнен басқа, ноль дейдi.
Қалдырып қайран бұл менi,
айтқым бар: “Өзiң кiмсiң?” — деп.
Қыржиып оның жүргенi,
басқаға қолын бiр сiлтеп.
Қараймын сосын сұрқына,
еңкiш бой, мықыр, талтақ бұт,
сымбатты емес сұрқы да,
көрсетер көзге жалпақ қып
әжiмi қалың, жарғақ бет,
сықпыр көз, қалпы мыжырайған,
қояды шашын кейде ептеп, —
бұдан соң оңсын жүзi қайдан?
Өзi сақ, сырқат бiрдеме,
жүргенi ылғи түшкiрiп.
Қайнаған ыссы шiлдеде,
тұр, дейдi, бiр жел ысқырып.
Ақыры… мықты бiр мен деп,
айыптап, айтып елге сын,
барлығын жұрттың құр нөл деп,
қыжырта қатты бергесiн,
мен бiрде … қаздай адасқан,
оқып ем оның жазғанын,
астыма түсiп көк аспан,
құрдымға құлай жаздадым.
Мен сонда, “нольден” танбаған
көсемсiп керген зор кеуде,
келмедi бергiм нольдi оған,
бармады тiлiм ноль деуге.
Себебi… айтпай мүлде ұят-ты,
ноль болса мәнсiз, таза шын,
мың-миллион, онсыз, миллиардты,
қағазға қалай жазасың?
Ал мынау — қисық бiр түп тал,
“көсем” боп елге көрiнген.
Мың емес мұндай мыртықтар,
айналдым “мыңшыл” нөлiмнен!
1967 жыл