Балқы базар зиратында

Әссаламу әләйкүм‚ ардақтаған қарт бабам‚
қондырыпты төсiне менiң жуас ақ далам.
Ұлылығың өлшеусiз‚ нағылайын дау етiп‚
босағаңды аттадым‚ топырағыңнан тәуетiп.
Сары алтындай сөздерiң бiз шықпаған белес қой.
Ұққан соны қазақтар осал халық емес қой!
Сонау‚ сонау заманның шаңдарына көмiлген
жырларыңа мен бүгiн орын бердiм төрiмнен.
Бiрде қалам тамсанып‚ бiрде қалам ашырқап.
Жазғандайсың жырыңды таңдансын деп жас ұрпақ.
Сенiң әр бiр жолдарың мұңайғанды жебеген‚
назбедеуше шабысың‚ шалымды едiң не деген!
Мен сол шақта кеудемдi өзгеше отпен жылытып‚
жүгiремiн далаға бәндәлiктi ұмытып.
Қалам алсам‚ әрқашан дидарыңа қараймын‚
не жүйрiкпен пардалас деп өзiңдi санаймын.
Сондықтан да кейiнге аңыз қылған ел сенi.
Ал мазарың — шабыттың иiп тұрған емшегi.
Сол анардың ақ сүтiн iшiп алып бәрiмiз‚
бiр бастаудан сан жолға тарап жүрмiз әлi бiз.
Сол себептi әпаң далам белгi соқты басыңа‚
болсын дедi сөз пiрлi туған жердiң тасы да.
Неше ықылым замандар өтсе-дағы сен тұрсың‚
баяғыша тарпаңсың‚ баяғыша еркiнсiң!
Жыраулардың жүйрiгi боп әзәлдан жаралдың‚
жолбарысша жортасың тозбай бүрi табанның.
Осы күнгi биiктен қараймын да саған мың‚
ұлылығын анаңның‚ даналығын бабамның
көремiн де‚ болсын деп сенi өсiрген сау мекен‚
назбедеудiң барына мен iшiмнен тәубә етем.
 

1968 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *