Құбақай дала‚ сен не еткен
өлке едiң қатал тағдырлы?
Көресiң сирек селдеткен
сәуiрде қара жаңбырды.
Азынаған аптап келгенде
кепiрген талай аңқаны.
Күз болса‚ қаңбақ шерменде
шарлайды жонды‚ арқаны.
Бабам да солай түйесiн
мiнiп ап‚ көше берiптi.
Тартпаған шөлдiң иесiн
өлкелер өзге көрiктi.
Соларды көрген‚ сары далам‚
жатырсың жым-жырт‚ бұйығы.
Төсiңде кiмдер болмаған‚
болмаған кiмнiң жиыны?
Шыңғыс та‚ Ақсақ Темiр де
таптаған‚ еткен табасын.
Кейiнiнен жау да елiрген
қорлаған Алаш баласын.
Бәрi де өттi. Баянсыз
тiрлiкте кiм бар мәңгiлiк?
Тек жаулар саған талайсыз
таңбасын кеттi қалдырып.
Кейiннен түзеп бойыңды‚
жаңғырып келе жатқанда‚
шошытып түз бен ойыңды‚
қалмақтар құба шапқанда‚
тағы да қанға боялдың.
Ортаға түстi шаңырағың.
Тiлiне ерiп аярдың‚
билiктiң қолда болғанын
аңсаған хандар халықты
аямай сатты дұшпанға.
Жаттығын тағы танытты‚
шынжырлап берiп мыстанға.
Содан соң болып жұбатпақ‚
тiккен боп отау үйлерiн‚
ойланпас үшiн пыраққа
мiнгiзiп мылжың билерiн‚
бала деп бiлiп бұқара‚
сайратты‚ тiлмен алдады.
Малының әр бiр бұтада‚
шаруа болмай қалғаны‚
ел көзi жетпей арғыға‚
өз ара ашып ұрлығын‚
жауларды жою орнына‚
талады итше бiр бiрiн.
Соларды көрген‚ Далам-ай‚
мүмкiн бе ед солып‚ сарғаймау?
Өкiнбей iске шалағай‚
деместен ұрпақ қарғайды-ау‚
бөлiне көшкен ессiз ел
кiмдердiң шашын ағартпас?
Қалмаған бойда еш жiгер‚
талаппен алға қаратпас‚
билер мен хандар бас бағып‚
талаған жұртты жатындай.
Сен көрдiң құшақ ашқанын
қонаққа келген шақырмай.
Қорлады олар сенi де‚
сары жұртта қалған саңлағы.
Апатқа төнген елiңе
тас қорған бола алмадың.
Сол жайлы кiм жүр ойланып?
Өкiнсең‚ — өткен оңа ма?
Ерлерiң кеттi айналып
көпекке жатқан қорада.
Бүгiнде соның бәрi ұмыт‚
құбақай Дала‚ өзгердiң.
Ағыңнан жатқа жарылып‚
қойныңнан алтын‚ жез бердiң.
Ал кеше кәтер төнгенде
алыста жатқан орманға‚
сен‚ болған бiр кез шерменде‚
айнала бiлдiң қорғанға.
Бүгiнде‚ шыным‚ сол үшiн
мүйiздей шыққан — мерейiм.
Жаралы‚ құтты қонысым‚
күмiске толы көмейiң‚
бiргесiң қайда барсақ та.
Сен гiзе жайлау‚ қорымдай.
Демей жүр елдi тар шақта‚
бабаның болып қолындай…
1968 жыл