Басына Алатаудың тұрмын шығып…

Басына Алатаудың тұрмын шығып.
Тиыштық. Тына қалған бұлбұл сұлық.
Жүзедi ақ мақташа ақша бұлттар‚
төменде тұр шырша мен мың-мың шiлiк.
Қарағай тамыр салған тасқа қыңбай
тұр маңғаз қажымайтын хас батырдай.
Кең шатқал көрiнедi одан әрi‚
иiнге сiңiп шетi жоғалады.
Иектiң астындағы боз жазықта
көп жылқы жатыр жусап көк алалы.
Әр жағы — қалың тоғай қарауытқан‚
тоғайдан басталады дала құтпан.
 

Оң жақта шоқы көктi шанышқандай‚
сағым жүр дiр-дiрi етiп‚ алыс бармай.
Салқын су қатқан қардан бастау алған
етекте ақырады арыстандай.
Жыланша иректелiп‚ көбiктенiп‚
құлайды Алматыға төнiп келiп.
 

Төбеде қалықтайды қайран қыран‚
көледi көтерiлiп сайдан тұман.
Тұрғанда жан жаңарып‚ кеуде кеңiп‚
жетедi жақ ашпауға қайдан шыдам?
Таңданған шықты даусым жаңғырыға:
адамнан бәрi осының мәңгiлiк‚ ә?!
 

1968 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *