Теңiз мас боп жатты‚
тымырсып‚ кең көсiлiп.
Таңданды аспан қатты‚
ұлы iсiн пендеше ұғып.
Дауыл жоқ дабыл қағып‚
кезетiн дала белiн.
Көзiммен бәрiн бағып‚
дүнияға қарап едiм:
шолп етiп шабақ келiп‚
шығанды төтелейдi.
Көзiңе қанат берiп‚
шексiздiк жетелейдi.
Сыйлардай Айға көркiн
айдындар жатады әппақ.
Жортады майда толқын
кеменi шапалақтап.
Шағала шулайды кеп‚
жабырқап қалды алап бар.
Бүрс етiп құлайды кеп
тоңмойын жарқабақтар.
Жетыр деп желдi жетпей
құстар жүр айыпты ғып.
Теңiздi көк жiбектей
барады қайық тiлiп.
Тұр‚ әне‚ аспандап тал‚
зеңгiрге құда түсiп.
қонады қасқалдақтар
толқынды ұнатысып.
Тым-тырыс жатыр әлi
сықылды дала лаулар.
Кеуiлдi шақырады
көгiлдiр жағалаулар.
Бәрiне қарай бердiм
қызыл тiл кесiлгендей.
Айдыннан арай көрдiм
ақ Шолпан шешiнгендей.
қалды көз шағылысып‚
күн нұрын ылақтырды.
Кеуiлiм алып-ұшып‚
жан дүния жылап тұрды.
Жасымды ала қашты‚
жас толқын күткен өлiп.
Сездiм мен‚ — аяқ асты
қалыппын нүкет болып.
Сол сәтте түнерумен
қиянға кеткiм келдi.
Мамыражай мына өмiрден
теңiз боп өткiм келдi.
Толқындар шулағасын‚
жаға боп жатқым келдi.
Арал боп тумағасын‚
өзiмдi атқым келдi.
Ақыры тiлегiмдi
қайратқа қанат қылып‚
түсiндiм бұл өмiрдi‚
теңiзге қарап тұрып.
Ұлы озған топтан iсi
мыңқ етпес‚ — бақандасаң.
Тiрлiктiң жоқ мәнiсi
Арал боп жата алмасаң.
Көр оның оты‚ лебiн де‚
кеңдiгiн ұстана қал.
…Сол сәтте көкiрегiмде
жатты орнап кiшкене Арал.
1969 жыл