Отарба. Түстiң әлетi…

Отарба. Түстiң әлетi.
Отырмыз дүзбен танысып.
Бiр дала болып дала екi‚
барады кейiн жарысып.
 

Жалт еттi қызғалдақтар да,
бұлғалап қызыл қолдарын.
Көрiндi қыздар қаптаған,
көрiндi шағыл орма құм.
 

Анадай жерде апсиған
дарақтар құж-құж балтыры‚
жыңғылдар жоны сып-сидам‚
еңсегей емен әр түрi‚
 

шайқайды шуда бастарын‚
ғажабын ғұмыр сезгендей.
Кередi дала қастарын‚
құмарлық буып‚ көз көрмей.
 

Жүзедi алыс ақ сағым‚
жыртығын жердiң көктеген.
Дүние-ай‚ жұлып шаштарын‚
кiм‚ сiрә‚ пәниден өтпеген?
 

Кiм‚ сiрә‚ мынау мап-маңғаз
құлымын деген қолаттың?
Қанатын қомдай қаққан қаз
аңлап па сырын алаптың?
 

Бегiм-ау‚ соны ескер де‚
қамықсаң‚қара далаға!
Гүмпiлдек‚ кердi хош көрме‚
сөйлегей шақтап шамаға.
 

1969 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *