Шаршаған шөлдiң төсiнде…

Шаршаған шөлдiң төсiнде
шауып келеатқан сұр киiк‚
шамасы жетпей‚ бесiнде‚
шәйт кетер жүнжiп iлмиiп.
 

Тобылғы таңдар атқанда‚
таңдайын шықпен жiбiткен‚
бозторғай тағдыр — қақпанға
құлап та түсер үмiтпен.
 

Мен дағы сондап тұп-тұлдыр
мейiрiм көрмеген жан едiм.
Манар тауға өзiм шықтым бiр‚
шолсам деп аспан әлемiн.
 

Оған да бiрақ дес бермей‚
арқырай асау қашты әлiм.
Темiрлан құрған әскердей
қоқырайды бұйра шаштарым.
 

Арқамды кейде жын қысып‚
ақымақ та болып көрiндiм.
Алып тауларға тырмысып‚
қабырғамнан қақырай сөгiлдiм.
 

Әйтеуiр, тiрлiк керек қой‚
жападай жаңғыз болсам да‚
жалт ете қалсам жебеп бой‚
жақыным басар торсаңға.
 

Ол ол ма‚ дырдаң дос бiткен
алдымнан қазды қанша арық?!
Аяусыз жандар өштiккен
артымнан жүрдi жар салып.
 

Солардың бәрiн байқамас‚
не етерсiң жарау жасыма?
Шындық деп салған тайталас
шоқпар боп тидi басыма.
 

Қажыдым ептеп… Дегенмен
қанымда қызу қуат бар.
Атқылап жатқан тереңнен
аласапыран бiр бұлақ бар.
 

Сүйiнiп соның пәрiне‚
қанағат қылмай кеңсе орны‚
келемiн жортып әлi де
жаңғыздан-жаңғыз мен сорлы.
 

Аптықсам‚ алда тiрелердей
аға да маған бiтпеген.
Жығыла қалсам‚ сүйенердей
iнi де маған бiтпеген.
 

Әлсiрегенде‚ ақыл айтар
әкемдi де құдай жалмады.
Алысқан жаудың пәтi қайтар
ағайын менде қалмады.
 

Кәйтейiн‚ тағдыр салғасын‚
илеудей шиыр ирекпен‚
үйiмнiң ауыр арбасын
келе жатырмын сүйреп мен.
 

Бәлкiм‚ бұл жолда болдырып‚
балауыз сынды қирармын.
Жанымның жасын көл қылып‚
жампоздай жырды сыйлармын.
 

Сыйлай алмасам‚ ақ шашты‚
ағатай‚ қатты ренжiме.
Мына өмiр бiздi тоспас-ты‚
тоспас-ты дария сең жүре.
 

Осыны ойлап алыстан‚
еркелiк ептеп iстедiм.
Тентектiк жасап‚ ғарыштан
оралып ұштым құс көлiн.
 

Әйтеуiр‚ Шөмен атамның
шөпшегiмiз ғой деп қуандым.
Iшiнде тағдыр — топанның
жiгермен жанды суардым.
 

Кеудемде ендi бiр күш бар‚
қалайын жырдан орнымды ап!
Мен аяқтамаған құрылыстар
шақырады‚ әне‚ қол бұлғап!
 

Құрсыншы бәрi! Бүгiнiм мен
құшаққа алғы шақты алам.
Жападан-жаңғыз туылып ем‚
жападан-жаңғыз аттанам.
 

Құйрықсыз‚ арты-алды жоқ‚
кәйтемiн‚ деген сөзге ерiп?
…Мен — атылмаған жаңғыз оқ‚
болашаққа тұрған көзделiп.
 

1969 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *