Кермиық‚ кердең едiң-ау‚
көркiңдi қатыгез шаң қапты.
Күңiрене соққан жел мынау
базарлы бақты алдапты.
Әуелi гүлдей солдырып‚
сылқым саз‚ сезiм саңлақты‚
сәйгүлiктердей болдырып‚
сұлайтын жерiн таңдапты.
Уақыттың озбыр тұяғы
маңдайды қатты шарлапты.
Ысқырып салған ши әнi
ып-ыстық шақты жалмапты.
Жалмапты да‚сезгек ұрыдай
зытыпты аулақ желпiнiп.
Ол аз болғандай бұ құдай
әжiмдi сапты толтырып.
Қойшы‚ ендi оның несiне
қабағыңды түйдiң‚ кербезiм?
Керуен жылдар көшiне
қадалды неге өр көзiң?
Есiңе әлде түстi ме
Бармастың бала бұлбұлы?
Кеудеңдi жарып ұшты ма
бұлдырықтардың былдыры?
Салды ма‚ бәлкiм‚ құстар ән
пәршалап пақыр тiлектi?
Сығымдап сүрме сұтаған
саусағың неге дiр еттi?
Ұқтым ғой жаңа‚ шандозым‚
тымырсып жатқан ойыңды.
Жiгiттiң мендей нарбозын
өртеген алма мойынды‚
өртеген садақ — қастарды‚
өртеген серi саусақты‚
ерiндi жұтқан жасты әлгi‚
ертеңгi күткен бал шақты
қалайша тапа-тал түсте
боямақ болып ұмтылдың?
Жет сезiм — шата әртiске
кеулiңнiң ашты құлпын кiм?
Мейрiмсiз жасап мазағын‚
әжiмдер әлде мұңайтты?
Науша кездердiң базарын
бояуларда деп кiм айтты?
Қой‚ ендi оны тастағай‚
келешектен күдер үзбесең‚
көркiңдi кеткен ластамай‚
көктемнен кеткен iзде сен.
Одан да тағат таппасаң‚
сыңғыр еткендей жүз кесең‚
былдыр еткендей күз де әсем‚
кеулiмнен менiң iзде сен.
Iздей бер‚ талмай iздей бер‚
табуыңа ақыр кепiлмiн.
Сәукелелi қызыл дүзгендер
сыңсыса‚ салып не түрлi үн‚
ұшырасып‚ бәлкiм‚ қалар-ау‚
айқабақ алтын сәттерiң.
Шырадай көзiң жанар-ау‚
ұмытылып ойдан “әттеңiң”.
Оралып бота — қыз күнiң‚
отына пiрлi жылынарсың.
Сүрменiң опасыздығын
сен сонда ғана ұғынарсың.
Сүйiспеншiлiк оңбайды‚
келгенге көрiп басқа жар.
Опа ешбiр ажар болмайды‚
бермесе құдай баста ажар.
Ендiгi жайлау — сары дала‚
сенi алдап кеткен сотанақ.
өзiңдi өзiң алдама‚
кәйтесiң шандырды опалап?
1969 жыл