Халқымызға кеңінен тараған осы бір әннің талай рет дау–дамай туғызғаны тегіннен тегін емес. Шындығына келгенде, қандай да халықтың болмасын тегіне де, геніне де тығыз байланысты боп келетін руһани дүнияны басқа халық ѳкілінің жасай алмайтыны рас. Оны жасағанымен, бәрі бір жасанды екендігі кѳрінеді де тұрады. Ал мына әнде Дудар деген қазақ жігітіне Жагор қызы Мәриямның білдіретін сезімі де, маһаббаты да, тіптен айтатын сѳздері де мүлдем қазақша, Мәриям мүлдем қазақтанып кеткен сияқты әсер халдырады. Бұ жердегі ең бір таңғаларлығы, тѳңкеріске дейін шыққан осы әнде әр түрлі мәдениетке жататын қазақтар мен орыстардың арасындағы айырмашылық, үйлеспес жағдайлар т.б. жѳнінде бір де бір сѳз жоқ. Тым құрымаса олардың ата–аналарының қарсы болғандықтары да байқалмайды. Осыған қарағанда, бұ жағдай орыс орам алғаннан кейін, екі халық бір біріне жақындасып, азды–кѳпті араласып, ѳзара түсініскеннен кейін болған тәрізді. Соның ѳзінде де, қанша жақындасып, бауыр басып кеткенімен, ұлт арасындағы драматизм бола береді. Ал әнде бұл байқалмайды. Бірақ Сәбет заманында, сол кезгі идеологияның ықпалымен, мұны халықтар достығы деп дәріптеп, Мәриямды композитор ғып шығарып, ұлы–шу басталды да кетті. Ол жайында поэма да, опера да жазылды. Талай–талай үлкен жиналыстарда осы жағдай дәріптелді. Соның соңы қазақтардың орысша жазуына әкеп соқты. Бұ жердегі басты қисын, қарапайым орыс қызы қазақша ән шығара алатын болса, қазақтар неге орысша жаза алмауға тиіс дегенде еді. Әрине, бұ жерде Мәриямның еш кінәсі жоқ. Жас адамның бір бірін ұлтына, еліне қарамай жақсы кѳре беруі деген оған дейінде де болған. Осы арада ѳткен ғасырдың алпысыншы жылдары шешен шайыры Раиса Ахметованың: «Болса да ұлтым шешен, елім қазақ»— деген бір ѳлеңі еске түседі. Мұнда үлкен шындық жатар. Тарихта әр түрлі себеппен саяси одақ құрып, бір мемлекет, бір елдің туының астына жиылып, кейінінен тарап кеткен түрлі тайпалар баршылық. Сондай тұстары жасалған әдебиетте жетерлік. Мәселен, 19–ыншы ғасырдағы орыс әдебиетін жасағандар әр түрлі ұлттың ѳкілдері. Оның руһының негізгі орыс халқынан қашық жатқандығы да сондықтан. Бұл, шын мәнінде, орыстың ұлт әдебиеті емес, орыс тілінде жасалған әдебиет қана. Мұның Сәбет дәуіріне де қатысы бар. Әрине, сѳз ѳнерінде әр түрлі тәсілмен мұның бәрін сездірмеуге болады. Бірақ бұл адам жаны мен сезіміне тікелей әсер ететін музыка ѳнеріне келгенде кѳрініп қала береді. Осы тұрғыдан қарағанда «Дударай» әнін ешкім де жатсынған жоқ, керісінше, оны қазақтың халық әні ретінде қабылдады. Сонда Мәриям Жагор қызы осы әнді шығарған ба?
Бұ жерде кѳңілге бір түрлі күдік келтіре беретін жәйт — онымен соңғыстан соңғы жылдары Алматыда арнайы кездескен музыка зерттеушісі Б.Ерзакович жарытып ештеме демейді. Тіпте Дудар деген кім, ол кәзір бар ма, қай жерде тұрады, олардың кейінгі дағдыры қалай болды,— бұ жайында бір ауыз да сѳз жоқ. Егер де шыныменен осындай бір маһаббат бола қалған жағдайда, бәрі неге соншама тұманды, құпия, жасырын бірдеме?
Бір ескерері, осы әні халық ауызнан жазып алған А.Затаевич те ол жѳнінде жұмған аузын ашпайды. Ол бар–жоғы: ««Дударай» — одна из любимейших казахских песен, представленной в «1000 п.» четыремя вариантами, под N114, 475, 533 и 897, а в настоящем сборнике — N130 и 235. Из них приводимый вариант К.(ашаубаева) пользуется наибольшей популярностью», — деп жазады. Ол бірақ та әннің шығу тарихына тоқталмайды. Бұл арада мыңнан астам ән мен күйді жинаған кісінің, әшейінде болмашы бір нәрселерді кеңінен сѳз ғып жатып, мына әнге келгенде ештеме демейтіні қызық–ақ. Ол ѳз алдына. Со кезде бұл әннің қазақ саһрасына кеңінен тарағандығы соншалық, Арқа елінің азаматтарымен қатар, оның бір нұсқасын А.Затаевичке Ғ.Мұратбаев та беріпті. Осында 6 нұсқаның ішінде бүгіндері біз білетін нұсқаға ең жақыны, нота түскен кездегі майда–шұйда дәлсіздіктерді ескермегенде, Ә.Қашаубаевтың аузынан жазып алғаны. Бір қызығы, Мәриям мен Дударай жѳнінде, ол әнді кімнен естігені, кімнен үйренгені, кімнен алғаны т.б. жайында соған заманы жақын тұрған Әміре де тіс жармайды. Егерде ел арасында сирек кездесетін сондай уақиға бола қалса, орыс қызы арнайы ән шығарса, он турасында Әміренің білмейтіні несі? Тіпте бұ жағдай басқаша бола қалғанда да, атақты әншінің ләм–мим демейтіні несі? Керісінше, бұл деген қандай да ѳнерпаздың әнді айтар алдында әңгіме ететін нәрсесі емес пе? Ѳкінішке орай, осы ән жѳнінде кезінде хатқа түскен дерек осымен ғана шектеледі. Рас, кейінгі бір замандарда, ѳткен ғасырдың отызыншы жылдарында қолдан «Стальский», қолдан «Пушкин» жасағанымыз сияқты, қолдан бір–бір «композитор», «кадет корпусын бітірген сал–сері» жасау да, халық әндерін жоқтықтан шыққан жомарттықпен әркімге үлестіріп беру де болмай қалған жоқ. Соның кебін «Дударай» әні де киді. Бірақ та ондай «жаңалық ашқыштардың» шатқаяқтаған дәлелдері мен қисындары ешкімді онша иландыра қоймады. Бұл арада Дударай мен Мәриямның замандастары ашып айтпаған, не хатқа түсіріп дерек қалдырмаған дүдәмалды жәйттің басын аша қоюдың қиын екендігін айта кеткен жѳн. Жалпы оның керегі де шамалы. Ең бастысы, бүгіндері мұның бәріне анық жауап таба алмасақ та, ѳз заманында осындай бір музыкалық дүнияның болғандығына, оны халық арасына кеңінен тарағандығына, сүйтіп оны әу басында шығарған кісінің аты ұмтылып, оның шынайы халық әніне айналып кеткеніне куәміз.
Бүгіндері «Дударайдың» нотаға түскен музыкалық мәтініне қайтадан үңілсек, кѳп нәрсені аңдауға болады. Оның формасы, жасалу жолы мен тәсілі, мелодияның ѳрбуі, әуеннің ѳрістеуі, музыкалық периодтың шумақпен бітіп қана қоймай, қайырмада әрі қарай жалғасуы, интонация мен тембрдің қазақылығы, олардың байырғы әндерімізге ѳте–мѳте тән екендігі, «баяндау», яғни «эпос» пен лиризм элементтерін астасып келіп отыруы, олардың бір бірініе етене кірігіп кеткендігі соншалық, олардың жай кѳзге онша анық боп біліне де бермейтіндігі, бір жарым октаваға жетерлік диапазон, кең тыныс, табиғи мажор әуездігі, кейде үшінші жақ пен бірінші жақтың араласып келіп отыруы маман кісінің ѳзін таңғалдырады. Ең бастысы, Шарқының Ләйлә–Мәжнүні мен Тәһир–Зуһрасының араларында болған асқақ, романтизмге толы маһаббатын қарапайым орыс қызы мен қарапайым қазақ жігітінің басынан кездестіргеніміз тосын жағдай. Әсіресе, «қор болып бір жаманға кеткенімше, алдымнан қазулы кѳр табылсайшы» деген жолдарды оқығанда, Мәриямның кѳңілі мен сезімінің шынайылығына, ықыласының ыстық екендігіне, маһаббатының мѳлдірлігіне еріксіз сенесің. Бұл кѳрсеқызарлық та, жыл ѳтпей жатып суып қалатын сүйіспеншілік те, жорналшы Марат Мәжитовтың әр жағына «ақаңнан» ел қонып қалғанда, Новикова Татьянаға қарай талпынып айтатын ариясы да емес, «он алты–он жетіге жаңа келген» орыс қызының шынайы жан сыры, қалтқысыз кѳңілі! Ѳзі түбі тереңітіп жатқан тұнық бір дүния. Бұ жерде ескеретін басты нәрсе, сол сезімді мына нағыз қазақы әннің шартымен шығарылған дүнияның артығымен жеткізіп жатқандығы. Басқа ұлт ѳкілінің, мың жерінен «қазақтанып» кетсе де, мынадай ѳнер дүниясын шығара қоюы екі талай. Басқаны қойғанда, ѳзімізге бір табан жақын деп жүрген, бірақ қазақы руһы атымен жоқ Олжастың ѳзі, оң жағына отыз қыз, сол жағына сексек қыз отырғызып қойып, әбдән «бапласаң» да, мынадай ән шығармақ түгел, қазақша дені түзу бір жол ѳлең де жаза алмайды. Ал мын әнде Мәриям ондай емес.
Осы арада мыңнан астам ән–күйімізді жинап, халқымызға ѳлшеусіз, ұшан–теңіз қызмет еткен, орасан зор еңбек сіңірген, алтыннан ескерткіш қойса да еш артықтығы жоқ, нағыз интернационал зиялы кісі А.Затаевичтің: «Мелодии казахских песен имеют гармоническую основу и периодический склад, в отношении коего характерным явлаяется двукратное повторение главного предложения, вмещающего в себе четверостишие, вслед за которым песню заключает припев, или короткий, или более или менее распространенный, излагаемый в той же или в побочной тональности Припеву этому, обыкновенно, предшествует широкая, выдержанная фраза…»,— деп жазғанын еске ала кеткен орынды. Бұл, қарапайым тілмен айтқанда, қазақ әндерінің дені ѳлшемі жағынан 11 буынды боп келетін 2 ѳлең жолы мен қайырмадан жасалады деген сѳз. Үшінші, тѳртінші жолда алғашқы екі жол қайталанады. Содан кейін кәдімгі қайырма басталады. Осыған орай музыкалық сѳйлем құрылады. Кѳбіне мұндай әндерде әуен алғашқы екі жолда дамып, ѳрістеп барып, ѳз шарықтау шегіне жетіп тынады. Бұл, тіл ғылымымен салыстырғанда, кәдімгі салалас құрмалас сѳйлем сияқты. Рас, кейде оның сабақтасып кеп, күрделі сѳйлем құрайтын кездері де кездеседі. Бірақ период, қарапайым тілмен айтсақ, музыкалық мәтіндегі абзац онша күрделі бола бермейді. Бұған біздің кез келген әніміз дің құрылысы, жасалу жолы мысал бола алады. Мәселен, «Жайдарман» мен «Сәулем–ай» осы тектес. Біздің кѳп әнімізде куплет–шумақ формасы жиі кездесе бермейді. Тіптен құрылысы мен жасалу жолы жағынан күрдлі деп жүрген «Гәуһартасымыздың» ѳзінің алғашқы үш жолының әуені жәй қайталау ғана, мелодия тѳртінші жол мен қайырмада ғана басқаша ыңғайда дамып, ѳрбиді. «Секіртпе» әні де осы ыңғайда шығарылған. Халық мұндай құрылысы күрделі, диапазоны кең, «қиын» әндерді онша айта да қоймайды. Ал формасы жағынан бұлардан да күрделі, бұлардан да «қиын» «Дударайды» ықыластанып айтады. Бұл ѳз алдына. Мұндай периоды күрделі, алғашқы екі жолда ғана қайталанатын, күрделі сабақтас сѳйлем шартымен құрылған мелодиясы үшінші жолда дамып, қайырмада одан әрі жалғасатын күрделі шығарманы халықтың әнші–композитораларының ѳзінен де таба қою қиындау. Бұл бір. Екіншіден, осындай тамаша ән шығарған белгісі халық композиторының басқа әні неге жоқ? Егер «Дударайды» Мәриямның ѳзі немесе басқа біреу шығарған болса, олар неге композиторлығын әрі қарай жалғастырмаған? Одан тыс, бұл ѳзі бұрыннан бар халық әуені емес пе, оған мәтін қайтадан шығарылған жоқ па деген күдік те туады. Мұндай жағдайдың бола беретіні бізге ертеден мәлім. Тіптен осы әнді Әміреден жазып алған А.Затаевичтің ѳзі әншінің екінші шумаққа келгенде, «Балқадишаның» сѳзін айтқанына таңғалады. Осы арада оның: «…как определить в безбрежнем море казахского песеннего творчества, где оригинал и где его варианты? Услышит казах новую для него песню какого–нибудь акына, понравится она ему, и понесет он ее в свой, может быть, и очень отдаленный ауыл, — понесет таково, как подскажет ему память и чуткость музыкальной воспримчивости, Кое–что перезабудет, кое–что изменит по личному вкусу, подставит другие слова, и вот уже вариант готов!» — дегені еске түседі. Міне, осындай сұрақты музыкалық мәтінге үңілгенде, мыңдап қоя беруге болады.
Кең тынысты ән әуені орташа екпінмен, «Мәриям Жагор деген орыс қызы», — деп асықпай басталады. Дударға ғашық болған Мәриямның ѳз сѳзі емес мұны белгісіз автор үшінші жақтан баяндайды. Содан кейін келетін: «Он алты–он жетіге келген кезі», — деген екінші жолда да баяндау, қыз жѳнінде сыртынан хабарлау, ақпар беру бар. Осыған сәйкес бір бірін қайталайтын осы екі жолдың мелодиясында да лиризмнен гѳрі «эпизм» басым. Сол екі жолға тиесілі, квинта ауқымынан шықпайтын, сабырлы әуенді ұзақтау етіп созуға да, тіпте фермата белгісін қоюға да болады. Мұны әннің хатқа түскн нұсқасына үңілгенде анық кѳруге болады((нотаға түсірген біз, — Б.А.):
Мұнда асықпай басталған әуен доминантаға кеп аз ғана тыныстайды. Содан кейін мелодия доминантадан екінші октавадағы до дыбысына барып, ре–ге жетіп, кері қайтады да, драматизмді күшейте түсіп, «сондағы Мәриямның айтқан сѳзі», — дей келе, таза субдоминантаның қасиеті байқалатын ҮІ басқышқа кеп тұрып алады. Сүйтіп алғашқы екі жол мен соңғы үшінші, тѳртінші жол контраст сияқты боп сезіледі. Бағанадан бері Дудар деген жігітке ғашық болған Мәриям дейтін орыс қызының бар екендігі жѳнінде сырттай ғана мәлімет алған біз енді орыс қызының ішкі сырына, бѳлекше бір интимге куә боламыз. Бізді лиризмі де, ыстық ықыласы да, сүйіспеншілігі де, оның температурасы да анық байқалатын: «Дударайым дудым, бір сен үшін тудым», — деген жолдар бірден бѳлеп ала қояды. Мұндағы «бір сен үшін тудым» деген жол бізге «мен сендікпін ѳлгенше» деген сияқты етене жақын боп естіледі. Оған себеп — әннің үшінші жақтан баяндалуы. Егер ән Мәриямның ѳз атынан, «мен Дударға ғашықпын» т.б. деп басталса, біздің «бұ қалай» деп ойланып қалуымыз да мүмкін. Бірақ осы баяндау қалпы екінші, үшінші шумақта сақтала бермейді. Оларда мәтін үшінші жақтан бірінші жаққа еркін ѳтіп кетіп, ән текстінің бір тұтастығы бұзылып, мелодиядағы «баяндау» ыңғайы, еріксізден, ішкі сырға, интимге, лиризмге ауысып ала қояды. А.Затаевичтің: «… в громадном большинстве казахских песен мелодия и текст не составляет нераздельного целого, не зависят один от другого, и на данный напев казах — свободно распевает разные песни…» — дейтіні де сондықтан. Осы мәтіндегі ала–құлалыққа қарап, бұл әнді шығарған кезде оған әр адамның қатысқандығын, ѳз таңбаларын қалдырғандығын байқаймыз. Сол себепті де бұл жеке бір кісі шығарған әннен гѳрі, авторы әлдеқашан ұмтылып қалған, оны кемелдендіруге талай адам қатынасқан кәдімгі халық әнін еске түсіреді.
Жалпы бұл ән монолог емес. Мәтінде кездесетін «ащы кѳл, тұщы кѳл» деген сѳздерден шығарманың жағрафиясын аңдай қою да қиын. Тек қана «орныңа орыс, қазақ таласып жүр», «қолында Мәриямның ѳткір қайшы» т.б. деген жолдардан замана ыңғайын, уақыт шамасын сезуге болады. Әрі–беріден соң бұлар да шартты. Оларды кейінгі авторлардың қосуы да мүмкін. Бұ жерде ең басты ескерері, бірінші және екінші жолда қайталанатын әуенннің келесі жолдарда ѳрбіп, әрі қарай дамып, қайырмаға жетерде толық каденцияланбай, әлі де жалғасының барлығын сездіріп тұрып алатыны. Содан кейін келетін қайырманың әуені — шумақтағы әуеннің заңды жалғасы. Сүйтіп шумақ пен қайырма ѳзгеше бір куплет формасын жасап, үлкен период ретінде кѳзге түседі. Ал мұндай нәрсе халық әндерінде жиі кездесе бермейді. Бұған қарап отырып, сазгердің композиция жасауда әбден тѳселгендігін, белгілі бір музыкалық фразаны ѳрбітіп, түрлентіп, дамыта алатындығын, секвенциямен таныс екендігін, диатониканың, табиғи мақамның қыр–сырын жақсы білетіндігін, жалпы ән шығаруда тәжірибесінің кѳп екендігін анық байқаймыз. Бұ жерде жәнә бір ескерері, мелодияның соншалықты қазақылығы, орыс мелосының әсерінің жоқтығы. Егер бұл әнді Мәриям шығара қойған жағдайда, ол шығармаға бойына ана сүтімен сіңген әуеннің, тым құрығанда, оның кейбір штрихының, интонацияның, тембрдің т.б. әсер етпей қоюы мүмкін де емес. Мұны ескермегенде, Мәриям Дударға аса «қазақша» ғашық, оның «орысқолдылығы» сезілмейді. Одан тыс, ѳткен ғасырдың бас жағында қазақтардың ѳздері «астыма мінген атым генедушка» деп, «нан сұрап» жейтін орысша білгеніне мақтанып, ауыл қыздарынаа қыр кѳрсетіп жүргенде, орыс романстарына еліктеп, оларға жаңадан мәтін шығарып айта бастағанда, қарапайым орыс қызының қазақ әні мен ѳлеңінің ырғағы мен ѳлшемін осыншама жақсы біліп, қазақ мелосының үрдісімен формасы аса күрделі туындыны шығара қойды дегенге сене қою қиын. Бірақ замана ыңғайына қарай қолдан «Стальский», қолдан «Пушкин», қолдан «Герадот», қолдан «Платон» жасай қоюға келгенде алдына жан салмайтын біздің қауымда бәрі де мүмкін. Біздікі қазақ мелосын зерттеп жүргенде басқа түскен дүдәмалды айту ғана. Бұ жерде, кім шығарса, о шығарсын, формасы күрделі, әуені композицияның осы заманғы техникасының шартымен дами, ѳрби алған, түрі мазмұнына сай, гармониялық негізі мен музыкалық период жасай алатын ыңғайы бар, халқымыздың ән саласындағы бір інжу–маржаны ретінде есептелінетін «Дударай» аттың классикалық дүнияның барлығын мақтаныш еткеніміз жѳн. Оған мына туынды, қай жағынан алсаң да, лайық.
06.12.2011