Мың бiр рахмет жауа салған жаңбырға…

Мың бiр рахмет жауа салған жаңбырға!
Табиғаттың бiр нышаны бар мұнда!
Шаңырақтай қолшатырды алдым да‚
мен иiлдiм‚ саған жетiп бардым да‚
жақындадың‚ жымың ете қалдың да!
 

Жатыр жерде жөңкiле ағып лай‚ батпақ‚
сен басасың аяғыңды жәй баптап.
Бiздi көрiп‚ сатырлатып қос қолын‚
тамшы бiткен сала бердi тайрақтап‚
сен басасың аяғыңды жәй баптап.
 

Аяқ асты болды қызық бұл‚ Алла-ай‚
жаңбыр жатыр бiздi шашау шығармай.
Шыға қалсақ‚ бытырадай нұр суы
сабалайды табанда атып жығардай.
 

Дәл осында бiр гәп бар-ау‚ шамасы‚
неге сыртқа шықпайды iштiң аласы?
Қысқа өмiрде қу қамшының сабындай
сыйыспайды неге адамзат баласы?
Әлде татпай жүрмiз бе iстiң тұздығын?
Берекенi осыншама бұзды кiм?
 

Дүния болып табысамыз бiз қашан‚
сол достықты бастасақ бiз бүгiн?
Онда өмiрден өшер ме едi лас‚ күнә?
Әлде бәндә бiршiлiктен қашты ма?
 

Әлде жаңбыр керек пе екен адамды
тығу үшiн бiр қолшатыр астына?
Бiрiгер ме екен аңызда айтқан болса ақыр?
Татулықтан дүния неге сонша тұл?
…Жетпей жүр-ау‚ шамасы‚ аспан аясы‚
жетпей жүр-ау‚ шамасы‚ осы қолшатыр…
 

1969 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *