Тағдыр менi қай жаққа айдамаған…

Тағдыр менi қай жаққа айдамаған,
Алматыда тұрам деп ойламағам.
Жаңғыз ұлдың iлтеуiн тiлесең де,
ырза емессiң iшiңнен, қайран анам.
 

Iлiгердей мен сұмның қанжарына,
көшiп келдiң, қарамай мал-маныңа.
Бөтен елде жүргендей қыдырыстап,
көп қарайсың жатырқап жан-жағыңа.
 

Алып еске кей кезде серiгiңдi,
босатасың әнменен көңiлiңдi.
Баруға да дүкенге қымсынасың,
тiл бiлетiн ертпесең келiнiңдi.
 

Қалды ғой деп қамауда кәрi басым,
кей күндерi ашудан жарыласың.
Мың ұрысып, күнiне мың табысар
абысынның у-шуын сағынасың.
 

Ырзасың ғой, әрине, күтiмiңе,
не шара бар заманның үкiмiне?
Бейiш сынды пәтерде отырғанмен,
ынтығасың тезектiң түтiнiне.
 

Бiр бiрiнен қалада әркiм қашық,
сырласа да алмайсың мауқың басып.
Баламды ермек еткенмен, жетедi ме
қатарыңмен жүргенге қауылдасып?
 

Кейде барып ел жаққа демаласың,
аяйды ма қыздарың сенен асын?
Қыз қолынан шыққанды намыс көрiп,
үйге қайта шыдамай ораласың.
 

Келгеннен соң көңiлiң бұзылады,
күн өтпейдi, мұнда күн ұзын әрi.
“Кәртейгенде, бәйбiше-ау, жер көрдiң”, — деп,
ана жақта ағайын қызығады.
 

Ал сен соның бәрiне сыр бiлдiрмей,
жұрт көзiнше жайнайсың гүл-гүл дүрдей.
Апатай-ай, кәйтейiн, қиналдым ғой,
не iстерiмдi өзiм де жүрмiн бiлмей.
 

1970 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *