Ештеме бiлмейсiң ғой, аңқау балам,
жайың жоқ әркiмге бiр жалтаңдаған.
Соғыстан соңғы жылы туған бiзге
еш жағдай болған емес нан таңдаған.
Бүгiнде… сен iшпейсiң шұбатыңды,
бөлмеде шапқызасың сұр “атыңды”.
Iлезде ойыншықты талқан қылып,
қоясың керек қылмай құр ақылды.
Киесiң кейде үлкеннiң етiктерiн,
кiтаптың пәршалайсың не түптерiн.
Аядай бөлмемiзге болдың жинап,
қираған машинаның тетiктерiн.
Шешеңнiң тыңдамайсың әмiрiн де,
әжеңдi мазалайсың кәрi мүлде.
Мойнына, арқасына, мiнгенiңмен,
бiлмейсiң ол байғұстың кәдiрiн де.
Сәт сайын бiрдеңеге ұрынасың,
аунайсың, топыраққа, жығыласың.
Ұрмақ боп туған шешең ұмтылғанда,
әжеңнiң арт жағына тығыласың.
Ұнамай қала ма деп кәрiмiзге,
бармаймыз одан әрi бәрiмiз де.
“Атамның баласымын”, — дейсiң дағы,
қарайсың туысыңдай әлi бiзге.
Киiмiң, шатақ, жатса тазаланбай,
әжеңнiң арқасында жазаланбай,
көресiң жеңешеңдей өз шешеңдi,
көресiң өз әкеңдi өз ағаңдай.
Кей кезде әжең берген әлiппенiң
қиясың қайшыменен әрiптерiн.
Елдегi хат жазам деп ағайынға,
тұр босқа кеше алдырған дәуiттерiң.
Кейде сөз саған айтқан қонбайтындай,
кейiсек, әжең сенi қорғайтындай.
“Азамат болады оқып”, — дейдi сенi,
азамат оқымаған болмайтындай.
Сыйлап бiз сол кәрiнi тоңды айырған,
тәттiнi арылтпаймыз таңдайыңнан.
Шұқыр да, тiрлiк жолы, даңғыл да емес,
қарағым, көресiң де маңдайыңнан.
Қорықпа еш тағдыр менi желкелер деп,
есею естiлерге ерте келмек.
Жүрмiз ғой, айналайын, бiздер сенi
қашанғы әжесiне еркелер деп…
1970 жыл