Бiреулер баққа құмартып…

Бiреулер баққа құмартып‚
жортып жүр тыным алмастан.
Барады кәзiр кiм артып‚ —
айтады соны талмастан.
 

Өседi кiмдер жақында‚
жақында кiмдер өшедi‚ —
бiледi соның атын да‚
шарлап бiр шықса көшенi.
 

Кiмдермен кiмдер достасып‚
жасырын жақын жүредi‚
кiмдермен кiмдер қастасып‚
астыртын құлақ тiгедi‚
 

кiмдермен кiмдер күнi ертең
моншаға бiрге барады‚
кiмдермен кiмдер бiр көн
қай жерде ойнап қалады‚ —
 

бiледi бәрiн сабазың.
Бiлмесi оның жоқ мүлде.
Шығармас мүлдем наразы үн‚
шебер-ақ сөзге көптiрме.
 

Өсетiн жанды құттықтап‚
күн бұрын қолын қысады.
Жүргендей болып жұртты ықтап‚
қызметiн қылып‚ ұшады.
 

Апырмау‚ бұ кiм? Кiм өзi?
Адам ба‚ әлде басқа ма?
Қайрақтай жылтыр мiнезi‚
өтедi тiлi тасқа да.
 

Көзiнде — шайтан‚ жаны — бұлт‚
құрысын ондай қағынған.
Қуанам сондай жадылық
жүргенге келмей қолымнан.
 

1970 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *