Қара нөсер жауғанда…

Қара нөсер жауғанда‚
малшынғанды мiн демей‚
талай долы дауларда
талай қалдым үндемей.
 

Шамырқанар сағатта
кермал демей‚ кiм демей‚
талай жөнсiз мадақта
талай қалдым үндемей.
 

Бұ немене? Арбасып
жатыр ма ой мен мұңсыздық?
Келедi әлi жалғасып‚
құрғыр осы үнсiздiк.
 

Отырғанның қақ төрде
кем-кетiгiн көремiн.
Айтар соны сәттерде
күрметiле беремiн.
 

Табалдырық жақтағы
сүйем бәндә өнерiн.
Соны мақтар шақтары
күрметiле беремiн.
 

Бұ немене? Сын ашық
айтпас мұным қырсыздық?
Келедi әлi жалғасып
құрғыр осы үнсiздiк.
 

Таппай туған заманын
Сократ үнсiз өше ме?
Маңдайына дананың
жазылған бұл пешене?
 

Мүмкiн емес бұл бүгiн!
Аузын ашсын қарт ғалам‚ —
сол жазуды бiр күнi
өзгертпесем‚ — шарт маған!
 

1970 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *