Қараймын ақылым iрiп айналама:
жүр талай қызмет қуып қайран аға!
Ұлтаны ұлықтардың болу — мақсат‚
айналып қалу үшiн қаймағына.
Бетiне бұйрық берiп құбылшы деп‚
қуларға жалпылдайды күлiмсiреп.
Дөкейдiң газеттерден атын тапса‚
азаннан жүгiредi шүйiншiлеп.
Етсе оны жақтырмайды қылжақ құрдас‚
қызметiн бiр кезi жоқ бұлдап тұрмас.
Алдайды жеңгемiздi алып берiп‚
дүкенде шүберектi бiр таптырмас.
Содан соң… орқылдап кеп ойнасына‚
сауданың сүңгiтедi қоймасына.
Жыл бойы қатарына жыр қылады‚
бiр жерде сайлап қалса тойбасыға.
Кеңседе… ол қомпайған тау тәрiздi.
Иiс алғыш. Жұрттың бәрi жау тәрiздi.
Тұтынып жүрмесе де өзi мүлде‚
не сөздi жиындарда айтады iзгi.
Гүмпиер от басында қабыландай‚
сөзiнiң әйелге айтар бәрi балдай.
Бiреулер жоғарыдан келе қалса‚
тұрғаны құлдық ұрып‚ жаны қалмай.
Қарайды жәнә сенбей серiгiне‚
қадалар сөз айтпайды кеуiлiне.
Бастықпен карта ойнаса‚ — ұтылады‚
жәнә оның жай жасайды желiгiне.
Тiрлiктi осылайша жете бiлiп‚
бiреудi аға қылып‚ көке қылып‚
бетi жоқ‚ бар құбылғыш бетi — сағым‚
талайлар келе жатыр көтерiлiп.
Бұ не өзi? Әлде ақылдың арығы ма?
Қулар көп құбылғаннан жарыды ма?
Түлеткен төңкерiстер түлкi заман
бара ма қайта түсiп қалыбына?
Қарық боп жаңа iлiмнiң жарығына‚
түкпiрiн ел тiрлiктiң таныды ма?
Компас қып қыз-қызықты алған қулар
түскен бе жын-шайтанның қалыбына?
Ақылым дал. Қауқарым кем iреуге ойып‚
паңқып жүр бiреу тойып‚ бiреу мойып.
…Ұйқы өлген. Көзiм ашық‚ бiр сұмпайы
кеткендей кiрпiгiме тiреу қойып.
1971 жыл