Қазақ ѳнерінің ән жанрына психологизмнің қазақ поэзиясымен қатар енуі соншалықты заңдылық та еді. Оған әулекі отаншылдық, қоғамшылдық үстемдік құрған заманда «мен» деп айтудың ѳзі қылмыс саналатын. Соның салдарынан қазақ ѳлеңі мен әнінен жеке кісінің жан сыры шеттетілген, тіпте оны руһани күнә ретінде қараған дәуірді де біз бастан кешірдік. Тек қана одан бізді сақтап қалған халық әндері болды. Олардың мәтінін заңа заманға ылайықтап қанша жѳндегенмен, мелодиясындағы сыршыл мазмұнды ешкім де ѳзгерте алған жоқ. Халық, қаншама қиын заман туса да, ѳз ата-бабасы шығарған, ѳз руһын білдіретін, бейнелейтін әндерді айтудан бас тартқан жоқ. Әрине, синкретизмнен әлі де болса ірге ажырата қоймаған ол дүнияларда адам жанының терең қалтарысына, ішкі иіріміне, қалтыл-діріліне терең үңілу онша кездесе бермейтін. Жалпы мұндай жағдай басқа да елдердің бастарында болған-ды. Одан тек Батыс Европада басталған романтизм дәуірі құтқара білді. Содан ұлы шеруін бастаған психологизм бізге ѳткен дәуірдің ортасынан бергі заманда ғана жеткен-ді. Бір қызығы, ұлт ѳнеріне онша таныс емес бұл әдісті игеруге, меңгеруге келгенде қазақ ѳлеңі мен әнінде сол алғашқы түпнұсқаға еліктеу, соның ыңғайына бағыну болмай да қалған жоқ. Бұл бір кездегі араб арузын Шарқы жұртының қалай меңгергенін еске салады. Ол ѳлкелерден тыс жатқан қазақ сәһрасында дѳреген поэзия ғана ұлт ретіндегі бояуы мен ѳлшемін сақтап қала білген еді. Енді мынадай жаңа әдісті иңгеруге келгенде бұрынғы қазақ мелосына тән иммунитеттің сыр берген тұсы байқалды. Қазақ әні мен ѳлеңіне бұрындары онша тән емес тосын ырғақ пен ѳлшем кеп кірді. Байрон мен Пушкиннің әсері қазақ поэзиясында қандай болса, Штраус пен Брамстың, Кеңес композиторларының әсері де сондай болды. Қазақ музыкасында вальс салтанат құрды. «Ақмаңдайлым», «Мәһаббат вальсі», «Қазақ вальсі», «Қаракѳз» сияқты әндердің ұлы шеруі басталды. Дәл осы кезде композитор Ѳтеген Ыспанов та «Арал вальсі» деген бір әнді шығарған еді. Бірақ та оны, әннің мәудуаты шағын ауқымда болғандықтан, ол әнді аралдықтардан басқа елдер оншалықты айта қоймады. Содан кейін оның орыс романсын еске салатын «Қарамашы тесіле» деген терең сырға, тұнық лиризмге толы бір әні дүнияға келді. Бұған ѳзі іштей құлай сүйген бойжеткенге жас жігіттің тілмен айтып жеткізуге болмайтын, жалпы үйтіп жатудың керегі де жоқ, қырық құлаш жер қатпарынан мѳлдірей ағып, сыртқа шыққан ақ бұлақша бір терең бір сыры ѳзек болған-ды. Бір қызығы, бұл ән қазақтардың жан дүниясына соншалықты жақын да, соншалықты жат та, алыс та еді. Жақындығы дарынды шайыр Зейнолла Шүкіров жазған ѳлеңдегі мазмұнның сол кездегі қазақ жастарының бастарында барлығы, оларға тәндігі болса, қашықтығы сол сыр, сол мазмұнның аздап «жаттығы», басқаша айтсақ, қазақи еместігі болатын. Сол мәтінге шығарылған сыршыл әуен де кәдімгі қазақ мелосынан қашық жатқан-ды. Одан басқа елдерге тән әуендердің әсері айқын сезілетін. Бұл нәрсе жалпы сол ѳткен дәуірдің алпысыншы жылдарында жаратылған қазақ әндерінің бәріне тән қасиет болатын. Одан Шәмші де, Әсет те, басқа композиторлар да құтылып кете алған жоқ. Одан ѳнердегі ѳз жолын жаңа бастап келе жатқан, консерваторияға «Аралдың «Адайын» арқырата» тартып түсіп, оны бас домбырашы боп бітірген ѳрімдей жас Ѳтегеннің бірден құтылып кете қоюы мүмкін де емес еді. Қалай десең де, сол кездегі музыкалық «мода», жаңа үрдіс сондай болды. Сүйтіп жүргенде…
Консерваторияны бітіріп, Ақтѳбенің мәдени-ағарту училищесінде бірер жыл қызмет істеп, туып-ѳскен жері Аралға қайтып кеп, Мәдениет үйінің білдей директоры боп «шалқып» жүрген Ѳтегенге бірде сол кездері ѳлеңдері дүркіреп шығып жүрген дарынды шайыр, жерлесі Зейнолла Шүкіровтың Тәшкеннен келе жатқан хабары жетеді. Оны қарсы алуға бір топ жас жігіт, қыз-қырқынға қосылып Ѳтекең де вокзалға барады. Содан бір үйде ұлы думан басталады да кетеді. Бұған дейін Ѳтеген консерваторияда оқып жүргенінде ән шығарып, оған сѳз жазуын ѳтініп, Зекеңе бірнеше рет хат та жазған болатын. Бірақ оның реті келмей қойған-ды. Енді ұлы думанның бір тұсында, Зейнолла бұған қарап, тѳс қалтасынан тѳрт бүктелген бір қағазды алады да, ұсынады. Бұл оны ашып қараса, автоқаламның кѳк сиясы әлі кебе қоймаған «Неге, жаным, шығарып сала алмадың» деген ѳлең екен. Жыр тѳгіліп тұр! Сол арада бұл ѳлеңнің жазылу сыры белгілі боп қалады.
Ол кездері Арал, Қазалы тѳңірегінің жастары, неге екені белгісіз, қалталары қалыңдары Ташкентке, қалталары шалалары Шымкентке барып оқуға түсетін еді. Сол кездері Зейнолла Ташкентте емделіп жатқанда, жерлес қыз-жігіттер оның кеулін сұрап келіп тұрады. Шайыр елге қайтарда, олар бір жерде үлкен кеш жасайды. Сонда Зейнолланың қасына Арал аймағының «Қыз Жібегі» саналып жүрген бір ақ құба, әдеміше келген ару қыз кеп отырады. Оны кѳре салы, шайыр жаны дүр ете түседі. Ол аздай, сѳз арасында әлгі «Қыз Жібек» Зекеңе ертең пойызға шығарып салуға келетіндігін айтады. Соған екшіген шайыр ертеңіне перронда тұрған қыз-жігіттердің арасынан әлгі «Қыз Жібекті» іздеп, алаңдай береді. Бірақ қыз жоқ! Олай қарайды, бұлай қарайды,– «Қыз Жібектің» тѳбесі кѳріне қоймайды. Содан шайыр жаны алаңдап, пойызбен Арал жаққа кете барады. Ол осы әсерден күні бойы арыла алмайды. Ақыры бір сәтте… адам жанының терең қойнауынан шымырлай ағып шыққан ақ бұлақша әлгі ѳлең дүнияға келеді. Бұл бір сѳз бен әуеннің табиғи түрде ѳз ѳзінен астасып келген ерекше бір түрі еді. Одан сѳз бен сазды ажырата қою қиын. Ѳлеңді оқысаң, ән айтқандай, әнін айтсаң, оның сѳзін оқығандай боласың. Екеуі бір бірімен етене қабысып жатқан нәрсе. Міне, осындай қымбат дүния аяқ астында Ѳтегеннің қолына тиеді. Бағанадан бері ән айтып отырған қыз-жігіттерді аккордеонды аңырата тартып, сүйемелдеп отырған Ѳтеген… кенет, композитордың ѳзі айтуынша, «бұл жындылықты қойсайшы», аккордеонын кѳтерген күйі сыртқа шығып кетеді. Ол кездері Арал теңізінің толық, арғы жағына кѳз жетпейтін шалқар айдынының жарқырап жатқан кезі. Он тѳртіне кеп толған Ай тас тѳбеден тамылжи ақ сәулесін тѳгіп тұр. Айнала құлаққа ұрған танадай тып-тиыш. Ара арасында Арал теңізінің майда толқындарының жағадағы ақ құмаққа шылпылдай кеп кері қайтып жатқаны кѳзге шалынады. Сол арада аяқ астында ѳз жан сырындай боп кеткен әлгі ѳлеңнің әсер еткені сонша, дембелше келген, домаланған ақ сары жігіттің кѳз алдына шайырмен қоштасып қалуға келмеген әлгі «Қыз Жібектің» бейнесі елестеп, оны «қимаған, қия алмаған» шайыр жанының тебіренісі есіне түсіп, мектепте оқып жүрген кезінде ѳзіне де кѳз қиығын онша сала қоймаған «қыз жібектер» оралып (ол жайында айта қалсаң, Ѳтекең:«Ойбай, жеңгелерің ести кѳрмесін!» – деп, зар илеп қоя береді, – Б.А.), Қаразымды шарлаған дәруіштің кебін кигендей бір күйге тап болады. Бұл А.Пушкиннің: «Минута… и стихи свободно потекут» деп жазғанындай, нағыз саздың да, сѳздің де ѳз ѳзінен еркін ағылып келе беретін бір ғажайып сәті. Мұндай сәт кім кѳрінгенге оп-оңай бұйыра бермейді. Оны арнайы заказ беріп те, бір кѳзе алтын беріп те, қайтадан келтіре алмайсың. Ол орайы кеп, кездесе қалды ма, қармап қал. Оны аулап үлгермесең, ѳмір бойы ѳкінесің. Біздің әлем әдәбияты мен ѳнеріндегі шынайы жәуһарлар деп жүргеніміз, міне, осындай адам түсінгісіз ғажайып сәттердің жемісі ғана. Қалғанының бәрі ақыл-ойдың ойнағы. Мұздай бірдеме. Сол екен, домаланған ақ сары жігіттің бартиған саусақтары аккордеонның клавиштерінде жоғарылы-тѳменді еркін жүгіре бастады. Ойға оралған әлдеқандай сиқырлы саз бастапқыда пернелерден онша келісіп шыға қоймай, қыңырақтап тұрып алғандай да сыңай байқатты. Бірақ келе-келе… шайыр жанын тебіреткен сырлы жолдар, неге екені белгісіз, әлдеқандай, бұған дейін бұның ѳзіне де, ѳзгеге де таныс емес, бұрын-соңды ешкім естіп кѳрмеген соны бір әуенмен астасып, тыңнан ѳріле бастағандай болды. Жас жігітің саусақтары октавадан октаваны қуалай жүгіріп бір ѳткенде, әлгі ойда-жоқта ойға оралған сырлы әуеннің жалпы нобайы мен кѳлемі анықталғандай да болды. Әрине, оның жаратылысы – минор ғана! Бұ жерде мажордың нұрлы сәулесі онша жараса бермейді. Ондай ертеңнен күтер үміт те жоқ. Ташкентте бір жарқ ете қалған «қыз жібектің» енді шайырға да, бұған да кездеспей кетуі әбдән мүмкін. Жалпы шолақ тіршіліктің заңы осы. Ұнатқан жаныңмен бұ тірлікте үнемі кездесе беру мүмкін емес. Ұшырасты ма, ұстай ал. Кездесті ме, қармап қал. Бұл ешқандай да заңға да, зәкүнге де бағынбайтын бірдеме. Ѳмір деген осы ғана. Оның бар мағынасы – кездесу мен ажырасу. Біз соның кәдірін біліп жатырмыз ба? Бүгін бар, ертең жоқ шарқи фәләктың аясында ѳтетін, бір жарқ етіп жана қалған шырақтай адам ѳмірінің ең қымбат, ең асыл сәті осы ғана. Оны ѳнерден басқа ештеме де ұстай алмайды. Философтар оның мән-мағынасы туралы сырғақ сѳзбен айтады да қояды. Оның бәрі мұздатқышқа салып қойған сап-салқын нәрседей ғана. Ал адамның ѳмір сүруі үшін жан жылуы қажет. Ол жан жылуы үлкен ѳнер дәрәжәсына кѳтеріле алған шынайы поэзия мен шынайы музыкада ғана қала алады. Ол ѳнер қалай жасалады, кәйтіп жасалады, қандай тәсілмен жасалады,– ол бір жатқан құпия. Жалпы оның сырын ашам деп үңіліп жатудың қажеті шамалы. Тіпте оның керегі де жоқ. Ондай тылсым сәттер тұғыжымдар мен топыраштарға, «ораздылар» мен «қораздыларға», сарышұнақтар мен шѳмішойлы шалағайларға еш уақытта бұйырмайды. Ол тіпте дарындылардың ѳзіне рабайда бұйыратын қымбат нәрсе. Үлкен дарындар оның мән-мағынасын, кәдір-қасиетін сезіп жатпайды, бар-жоғы соның еркіне бағынып, жұмыс жасайды. Міне, осындай сәтті домаланған сары жігіт те басынан кешті. Ойда-жоқта, Арал теңізінің жағасында, автордың ѳзі айтуынша, «жынды кез ғой», аккордеонды аңырата тартып жүрген кезінде, сыршыл бір ән дүнияға келді. Шынында да, ол «Неге, жаным, шығарып сала алмадың» боп шықты. Содан Ѳтеген әуенді ұмытып қалмайын деп, бір жолдасының үйіне келе сала, құдды «жын қаққандай» боп, нота басқышына ән әуенін тез-тез түсіре бастады. Оны кѳріп, түні бойы бірге шуылдасып, думан құрып жүрген құрбы-құрдастары аң-таң. Бәрі де бас жағы кішкене шѳміш сияқты ноталарға таңырқай қарайды. Әлгі шѳміш тәрізді ноталардың бастарында сыңсып жатқан саз барынан бәрі де бихабар. Содан аздан кейін ойда-жоқта туыла қалған сазды бәрі де үйрене бастады. Әдепкіде жаңа әуен мен сѳздің ѳзара қабысуы оларға тосындау кѳрінді. Оның сыры да бар еді. 4/4 ѳлшемінде жазылған саздың қазақтың қара ѳлеңінің 4–3–4 бунақ пошымында келетін жаңғырған бір түріне сәйкес келе бермейтін тұстары баршылық болатын. Мұндай жағдай жалпы қазақ әнінде бұрын-соңды болып кѳрген емес. Бұл әнді дұрыс айту үшін әншінің қара ѳлеңнің ырғағы мен бунағын ѳзгертіп, «Неге, жаным, шығарыптан» кейін «са-лалмадың» деп, екі сѳзді біріктіріп айтуы керек. Бұ жерде ырғақ та, сѳздің мағынасы да басқаша боп тұр. Мұндай жағдай басқа елдердің әндерінде де баршылық. Мәселен, орыстың «Калинка» деген әні дәл осылайша ырғақ пен музыкалық фразаның бір біріне сәйкес келмегендігінен, оның бастапқы жағы «Калин» деп бір бѳлек айтылады да, соңынан «ка-калин» т.б. боп жалғасып кете барады. Ал орыс тілінде «калинка» сѳзі олайша бѳлшектеліп айтылмайды. Мына жаңа әнде сол жағдай бар. Шындығына келгенде, бұл әннің ѳлшемі де, ырғағы да «Неге, жаным, сала алмадың шығарып» болуға тиіс. Яғни, қазақ поэзиясына бертініректе енген жаңа ѳлшем, 4-4-3 түріндегі жаңа бунақ! Бірақ ѳлең әуеннен бұрын жазылды. Тіпте Зейнолла шайыр оны әнге айналып кетеді деп ойламаған да болар. Бір қызығы, сырлы саздың жанды арбағаны сондай, әнді айтып отырған жастар оны («Ка-калин-ка-калин» дегендей!) аңдаған да жоқ. Оны композитордың ѳзі де аңғарған жоқ. Бар-жоғы адам руһының ғарышқа әуелей ұшқан бір ғажайып сәтін аулап, ұстай алған бір тамаша ән жаратылды! Оның нотаға түскен нұсқасы да қос қанатын қомдап, Қап тауына қарай ұшқалы тұрған текті қыранның қалпын аңғартады:
Жалпы бұл әннің құрылысы қызық. Әуен салған беттен Аралдың жағалауға қайта-қайта кеп соғылып жатқан майда толқынын еске салғандай боп, 1-2-3-2 басқыштарымен құлдилай барып, кері қайтады да, кенеттен субдоминантаға секіріп түсіп, тағы да екі рет иірім жасап, тоникаға кеп уақытша тұрақтайды. Бірақ оның артында ширығып тұрған бір саз бар. Сәлден соң әуен сонысын растағандай боп, бірінші және екінші тактыны қайталап алады да, ойламаған жерден қайтадан құлдилай жѳнеліп, субдоминантаға барып кідіріс жасайды. Бұл мәтіндегі «қара кѳз қадалғанына» дәл келеді. Енді музыкалық лирикалық кейіпкердің жан тебіренісі, күйініші мен қынжылысы екінші октава-сегіздіктің басқы дыбысына жетіп, одан әрі бармай, уақытша тұрағы ретінде доминантаға қайтып кеп, сәл тұрақтайды да, енді қылар еш лажы жоқтығын сездіргендей (түн жарымында құпияға толы «қыз жібегінен» ѳз үйіне лажсыздан қайтып келе жатқан сері жігіттей боп! – Б.А.), әуен бірнеше иірім жасап барып, тоникаға кеп тоқтайды. Бірақ бұл әннің аяқталғаны емес. Бар мәсәлә қайырмада жатыр. Жалпы осы әннің қайырмалы түрінің, негізі мағынаны тыңдаушының есіне қайыра, қайта-қайта салудың маңызы зор. Бұл бір дәл ортаға қағылған алтын қазық сияқты. Ол тағы да «Неге, жаным, шығарып сала алмадың». Лирикалық кейіпкер пойыз жүріп бара жатқанда да: «Таба алмадым, артыма алаңдадым, неге, жаным, шығарып сала алмадың?» – деп күйзеледі. Осы қайырма келесі шумақтарда түрлене қайталанып отырады. Бұл да бір қалыпты қайырмадан жазбайтын қазақ әнінде бұрын-соңды болып кѳрмеген жаңалық.
Лирикалық кейіпкердің жан дүниясы келесі:
Кете бердi жаудырап жанарда мұң,
терезеден кѳзiмдi ала алмадым.
Қалай мәңгi қалмадым осы арада,
кѳлеңкең боп нелiктен жаралмадым?
деген жолдарда тереңдей түседі. Кѳз алдыңа «жанарда жәудіреген мұң», «терезеден кѳзін ала алмай», соңғы жаққа жалтақтай қарай берген кейіпкердің келбеті келгендей болады. Ол сүйіктісінің «кѳлеңкесі боп жаратылуға» да, ѳз ата мекенінен тыс жерде мәңгі қала беруге де қайыл. Нағыз Ләйлә-Мәжнүн! Шынайы мѳлдір сыр!
Келес шумақта лирикалық кейіпкердің жан сыры одан әрмән айқара ашыла түседі:
Кѳп іздедім, кѳп күттім, кѳра алмадым,
кете берді кеудемде кѳп арманым.
Қымбаттым боп мені іздеп келе алмадың,
қимасым боп құшаққа оралмадың.
Енді «жанарда жәудіреген мұңға» «кеудеде кете берген кѳп арман» кеп қосылады. Бұ жерде «мұң» мен «арманның» арасы адам жанында жатқан, шет-шегі жоқ ұлы бір руһани эпопея. Шолақ тіршілікте кімнің бақытты болғысы келмейді? Кімнің ѳмір жолында айнымай, ажыраспай бірге болар жұптысын, жан серігін іздемейді? Теория жағынан қарастырғанда, кез келген кісінің сондай болуға хақысы бар. Бірақ рас ѳмірде үнемі ондай бола бермейді. Міне, осыдан шығып жатқан драматизм қандай күрделі десеңізші!? Ѳмірдің қиындығы да, қызығы да дәл осында жатыр! Әлгі «шығарып сала алмаған» «Қыз Жібектің» кейінінен біреудің «қымбаттысы» болуы бек мүмкін. Бірақ ол мына лирикалық кейіпкердің «қымбаттысындай» еш те бола алмайды. Тағы да А.Пушкиннің: « Я вас любил так искренно, так нежно, как дай вам Бог быть любимой быть другим» деген атақты жолдары еске түседі. Мұндағы жағдай мына әнде де бар. Ондағы «Қыз Жібектің» ѳзін ѳліп-ѳшіп жақсы кѳрген жан серігін қанша тапса да, лирикалық кейіпкер айтқандай, шынайы «қимасы» бола алмасы анық. О бір жәй ғана күнделікті күйбең тіршіліктің бабымен, майда-шұйда есеппен ѳтіп жатқан ағын судай бірдеме. Бұл жайында ұлы Омар Хәййом атам заманда-ақ: «Ин қофалеййе омр аджап мигозәрәд, никуст дәмий-ке бо тараб мигозарәд» – деп, аса данышпандықпен тауып айтқан да еді. Біздікі бар-жоғы сол дана жолдарда айтылған сұрқай тіршілікті тынымсыз қайталау ғана. Біз соған кейінінен опық жейміз. Мынадай тамаша әнді естігеннен кейін, баяғы «шығарып салуға» келмеген «Қыз Жібектің» де, ѳзінің кіммен кездескенін, кіммен қоштасып қала алмағанын сезіп, онысын тірі бәндәға айтпай, ѳмір бойы іштей опық жеуі бек мүмкін. Ал мына шолақ тіршілікте ондайлар қаншама десеңізші!? Сондықтан да болар бүгінгі қазақ әндерінің екісінің бірі «қайдасың» деп зарланып келеді. Оған: «Ойбай, ынтығып, ѳліп бара жатсаң, тез жет! Мен мұндамын!» – деп, жауап берген бір де бір ән жоқ. Бірақ бұл «қайдасың» әбден таптаурын болған, тозған, жұртшылықтың ығырын шығарған жѳн-жосықсыз, мағынасыз қайталау, ескі сүрлеу қана. Ал мына жаңа әндегі «жанардағы жәудіреген мұң» соншалықты сүйкімді, соншалықты ыстық, соншалықты мѳлдір! Ол кісінің ұнжырғасын түсірмейді де, Кеңес заманындағы келеңсіз ұранға салынып, одағай оптимизм мен әулекі отаншылдықтың жетегінде кетіп, әлгі «Қыз Жібектің» бір сәті түскенде «шығарып салатынына» онша сендіре қоймайды да. Бұл ѳмірде кѳп кездесе беретін кездейсоқтықтың бірі ғана. Әлгі «Қыз Жібек» лирикалық кейіпкермен Ташкентте кездейсоқ кездесті, кездейсоқ ажырасты. Ол енді кездейсоқ қайтадан кездесе қалса, бәрі бір алғашқы кездескен сәттегідей «неге, жаным, шығарып сала алмадыңдай» бола алмайды. Оның, қаншама сыртқы жағын боямалап кѳрсеткенімен, алғашқы саф, таза күйіндей болуы мүмкін де емес. Жалпы адамизад, ең асыл мұрадына жете алмаған жағдайда, ѳзін ѳзі алдаумен, болмашыны алданыш етумен ғана ѳмір сүреді. Басқа жол жоқ. Поэзиядағы жалпы лириканың, музыкадағы лирикалық әндердің туылатын тұсы да нақ осы кез. Ѳнерде ондай жәуһарлардың соншалықты аз болатындығы, сирек кездесетендігі күнделікті ѳмірде әлгіндей «қыз жібектердің» соншалықты аз болатындығынан, олардың сирек ұшырасатындығынан. Қалған «кездесу мен қоштасудың» барлығы да қолдан жасалған жалған «жәуһарлар». Бұл да бір руһани экология! Біз кәзір соның зардабын барынша тартып отырған елміз. Біздің бұл қалыпқа түсуімізге Кеңес заманындағы «орыстануымыз» бен Вена мен Лә-Скалаға, Париж бен Мәскеуге кѳзсіз табынуымыз, қазақ халқының табиғатына жат басқа елдердің ѳнерін дәріптеп, қазынаны судай шашып, неше түрлі театр, филармония мен ұлт нышаны сезілмейтін «космополит» консерваториялар ұстап, дарақыланып жүруіміз бірден бір кінәлі. Шындығын айтсақ, кәзір қазақ әні ѳз елімізде ѳгей баланың күнін кешіп отыр.
Ал мынау ән шыққан кез қазақ музыкасының «даладағы ренессансы» басталған тұс болатын. Шындығына келгенде, Европа ѳнерінің шынайы жәуһарлары сондағы Ренесанс дәуірінде жасалды. Одан кейін ол ѳнер іріп-шіріп, ырбаңдаған маймылдың қалпына кѳшіп, рок-, поп-, ертеңдері болашағы жоқ бірдеменің қалпына түсіп кетті. Біздегі секектегендер соның каррикатурасы ғана. Әрине, мұндай ѳтпелі нәрселерге қарап, шынайы ѳнердің болашағынан күдер үзуге болмайды. Қай заманда да, қай дәуірде де болашағым бар деген жұртшылық ѳзінің тѳл ѳнерінен қол үзбеген. Уақытша үзсе де,оған қайтып кеп отырған. Мұны басқаша айтсақ, қай ұрпақтың да ѳз «Қыз Жібегі», ѳз «неге, жаным, шығарып сала алмадысы», ѳз мѳлдір сыры, ѳз ѳкініші мен күйініш-сүйініші бола береді. Сол сәтті ұстай алу – қай ѳнер саласында болмасын, шынайы суреткердің бақыты. Ал ондай бақ сонау алпысыншы жылдары, Арал теңізінің тартылмай, болып-толып тұрған тұсында, консерваторияны бітіре сап, Аралдың шаңдағы бұрқыраған кѳшесінде «аккордеонды аңырата тартып жүрген жынды кезінде» Ѳтеген Ыспановтың басына ойда-жоқта қона қапты. Бірақ басқа қонған бақ құсын ұзақ уақыт бойы ұстап тұра алу деген де бір қиямат. Оны солайша ұстап тұра алды ма, алмады ма, – мен о жағын білмеймін. Бар білетінім, Ѳтекең осы тамаша әнінен кейін мардымды ештеме де шығара қойған жоқ. Шығарса да, олардан композитордың «Аралдың ақ шаңлағы бұрқыраған кѳшесінде аккордеонды аңырата тартып жүрген жынды кезі» онша сезіле қоймайды. Бұл «жынды кезді» кәдімгі жабайы капитализмге тән есепшот ауыстырды деген сѳз.
…Жақында қазынаның бес қабатты тас тамының подвалын «офис» етіп алып, кітап басу шаруасымен айналысып кеткен Ѳтекеңді кѳрдім. Кешелері «аккордеонды аңырата тартып» жүрген, ѳзін ѳзі «жындымыз ғой» дей беретін домаланған ақсары жігіт енді шұнаңдаған ақсары шал бола қапты! Оның «офисінде» аккордеон жоқ, калькулятор мен домбыра бар. Аман-саулықтан соң, мен ағамызға «Қайта-қайта қарамашы тесіле, қай қайдағы түсіп кетті есіме» деген ѳз әнінің алғашқы жолын айтып беріп ем, Ѳтекең маған:
– Мынау кімнің әні? – деп сұрады.
– Ойбай-ау, ѳзіңіз…, – дедім мен таңғалып.
– Шынында, ѳзі… солай екен-ау, – деді домаланған ақсары шал қолымен иегін ұстап, бір түрлі боп ойлана түсіп.
Мен сол арада басыма бір қулық шауып:
– Қап! – дедім.
– Е, неге қап?
– Бүйтіп ұмытып қалғаныңызды білгенде бар ғой, осы әніңізді кәзіргі қара құртша қаптап кеткен музыкальный ұрыларға бір кѳзе алтынға сатып жіберіп, миллионер болатын едім ғой! – дедім қалжыңдап.
– Ѳзінің сатқышын қарай гѳр! Сауда-саттық жасап, қарық қып жүргендей-ақ! – деп, Ѳтекең ыржиды.
Сосын бір кездері Ѳтекеңнің басына қонған «бақ құсы» қайда екен деп, оның о жақ, бұ жағына қарап едім, әлі де ән шығарудан қала қоймаған ағамыздың «жанарынан жәудіреген баяғы бір мұңды» аңлап қалғандай болдым. Кім біліпті, композитордың жан дүниясының терең бір түкпірінде тағы да «неге, жаным, шығарып сала алмадыңның» басқа бір, біз естімеген, біз кѳрмеген соны түрі, соны сазы түу тереңнен шымырлай ағып шығатын мѳлдір бұлақша тымырсып, тыншымай жатқан шығар. Әйтеуір, соның бір күндері сыртқа бұлқына ағып шығатынына сенгім келді…
12.03.2012